Нұрлан Геройхан. Алаяқтар алшаңдап жүре бере ме?
Қоңыр күз сырт қарағанда жайма-шуақ көрінгенімен, ірі қалалардағы «өз үйім - өлең төсегім» дейтін тұрақты орны жоқ баспанасыз жандар үшін өте қарбалас мезгіл. Баспанаға зәру адамдардың көбі мегаполистердің маңына шоғырланатыны белгілі жайт. Әсіресе, Алматы мен Астана қалаларында суық түспей, орынжай табу үшін жанталас басталатыны әркімге аян. Аталмыш қалалардың жоғарғы оқу орындарына түсіп, бірақ жатақхана тапшылығын сезінген студенттер, үкілеген үміттерін арқалап келген жас отбасылар, әсіресе құрылыс компанияларында еңбек ететін жұмысшылар жайлы пәтер іздеп қара суық түскенде сансырайтындары түсінікті жағдай. Осындай сұранысты пайдаланып, жұртты аяусыз сан соқтырып кететін алаяқтардың әрекеттері де соңғы кезде жиі бой көрсетіп жүр. Біреудің қалтасын қағып дәніккендердің дәл осы күздің алғашқы айында айлары оңынан туады екен.
Сөзімнің айғағы ретінде бірер күнде қоңырау шалған танысымның жанайқайы дәлел бола алады. Жұмыс бабымен Алматыдан Астанаға қоныс аударған ерлі-зайыпты Асылжановтар келе сала жарнама газетін алып, пәтер іздей бастайды. Олардың да іздегендері алдынан кездесе кетеді. ..

Жылу маусымының басталатын және студенттер мен жұмысшылардың Астанаға ағылатынын ескерген әккілер жалға берілетін пәтерлерді қожайындарынан қолжетімді бағаға алса да, үстіне екі еселеп оларды қайта тапсырады. Сондықтан болар, жарнама газеттерінің бәрінде дерлік бір бөлмелі пәтердің құны орта есеппен 70 мың теңгені көрсетсе, екі бөлмелі пәтер 100 мыңнан кем түспейді. Жас отбасы үшін бұл әрине, қалтаға ауыр салмақ. Дегенмен бір аптаға жуық пәтер іздеген Асылжановтар бір бөлмелі пәтерді коммуналдық қызметін қоса есептегенде 45 мың теңгеге өткіземін деген хабарландыруды оқиды.
Аталмыш хабарландыруда көрсетілген ұялы телефон нөміріне хабарласады. Телефон тұтқасын көтерген әйел ілтипатпен жауап беріп, тез арада Ресейге көшетін болғандықтан пәтерін арзан бағаға тапсырып жатқанын айтады. Сөйтіп, пәтер жалдаушылар сол күні-ақ әйел айтқан мекен-жайға барады. Бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан екі бөлмелі пәтер екен. Бір бөлмесінің есігін құлыптап, жалға тек бір бөлмені ғана беретіндігін айтыпты. Сол уақыт аралығында есіктің қоңырауы соғылады. Келгендер де олар секілді кезекті пәтерді жалға алушылар екен. Кішкентай сәбиі бар жастар да пәтерді ұнатады. Кең, таза, бағасы да қол жетімді пәтерге қызыққандарын айтады. «Тез арада біз пәтерді алмақшы болып, күйеуімізбен келіскелі тұрғанбыз. Сол кезде пәтердің қожайыны сіздерден кейін келген жастар пәтерді алмақшы болды, жарты сомасын қалдырды, сондықтан айып етпеңіздер» деген әйелдің сөзі көңілімізді құлазытып жіберді. Сөйтіп сыртқа шығып не істерімізді білмей тұрғанда жаңағы әйел ұялы телефонымызға тағы хабарласты» деп Әйгерім еске алады.
Оның баяндауынша, әйел пәтерді жастардың қымбатсынып ақшаларын қайтарып алғандықтарын айтып, Асылжановтарды қайта оралып, пәтерді алулары үшін алдын-ала ақы (задаток) тастау керектігін айтады. Сөйтіп, екеуі жаңағы үйге қайтып келеді.
Әйел бір айлық пәтер ақысының бір бөлігін қалдыруларын сұрайды. Бұлар әйелдің сұраған ақысын береді. Одан құжат сұрағанда жол жүру билеттерін алу үшін беріп жібергендігін айтады. Жас отбасының тек бір аптадан кейін ғана көшіп келе алатындықтарын айтады. Оның себебін жүгін тасымалдап әкететін көліктің тек бір аптадан кейін ғана келетіндігін түсіндіреді. Арада бір апта өтіп Әйгерім қоңырау шалса, пәтерді жалға берем деген әйелдің ұялы телефоны сөндірулі. Сөйтіп кешке өздері болған мекен-жайға келеді.
Пәтер есігін қанша қақса да ешкім ашпайды. Сөйтіп тұрғанда көршісінің біреуі бір күннің өзінде бірнеше адамның осылайша келіп кеткендіктерін айтады. Ал пәтер иесінің кім екенін, онда кімдер тұратындығынан ешқайсынының хабары жоқ екендігін жеткізеді. Алданған жастар жаңағы үй қарайтын ПИК-ке барады. Үй кімнің атына жазылғандығын анықтап, пәтер иесіне қоңырау шалады. Телефон тұтқасын алған пәтер қожайыны: «Сіздер бірінші адам емессіздер маған хабарласып тұрған. Тіпті санынан жаңылдым. Мен пәтерімді тәуліктік уақытқа өткіземін. Сіздерге көмектесе алмаймын» деп мәселеге немқұрайлы қарап, телефонды тастай салады. Полицияға хабарласқан жапа шеккендер ол жақтан да мардымды әрекет көрмейді. Бір сағаттан асып әрең дегенде жеткен полиция қызметкерлері еш көмектесе алмайтындықтарын айтады. Олар әдеттегі оқиға секілді салғырттық танытудан әрі аса алмаған.
Сонымен, нағыз «іс бітті, қу кетті» дегенннің кебін киіп, ақшасынан айрылған жас отбасы сан соғып қала береді. Олар бір ғана отбасы болса ғой. Бірнеше адам, тіпті топ-тобымен айдың-күннің аманында тірнектеп жинаған нәпақасын қас қағым сәтте жоғалтып отыр. Алдап соққан алаяқтар болса, еш жазасыз әлі тайраңдап жүр. Ал, оған тосқауыл болып, алданып жапа шеккендерді мүсіркеп жатқан полиция жоқ. Не істемек керек?!
«Абай-ақпарат»