Сенбі, 23 Қараша 2024
Әліпби 3960 6 пікір 26 Наурыз, 2020 сағат 12:23

И мен у: Қайтпек керек?

Тілтанушылар арасында дау боп жүрген қазіргі «и» мен дауысты «у» әрпінің жаңа әліпбидегі таңбасы y және w әріптері болса, не болады? 

Бірінші, бұлар дауыссыз дыбыстың таңбасы болғандықтан алдынан міндетті түрде дауысты дыбыс қосылып жазылады. Мысалы, й дыбысына жуан үндесімде ы, жіңішке үндесімде і, ал у дыбысына жуан үндесімде ұ (әлде ы?), жіңішке үндесімде ү (әлде і?) әрпі жазылады. Жазып көрейік. Түсінікті болу үшін кирилше жазамыз: жыйналыс, ыйық, ыйағный, кійім, ійірім, бій, ұуыс, сұуық, барұу, сыйынұу, кійінүу.

Екінші, бұл жалқы есімдерде де жазылады. Мысалы, Гүлмійра, Әлмійра, Сағыйдолла, Фаузыйа, Мырзағалый, Алдыйар,  

Шындап қарасақ, қазіргі дауысты у әрпі тұрған жерді ұу, үу деп, и әрпі тұрған жерді ый, ій деп «ашып» жазғанда тұрған не бар? Қайта буынға бөлгенде ауытқымаймыз (қы-йын, тұ-уыс, кі-йім, ұ-уық), сөздің түбірін де оңай тауып аламыз (оқы-у-лық, тоқы-у-шы). Әріптер де мәтінде жаппай кездесіп жатқан жоқ. Бірақ гәп осында екен.

Расымен, бұл әріптер қазақ мәтінінде қаншалықты жиі кездесетініне қарап көрелік. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты шығарған «Қазақ сөзформа құрылымының жиілік сөздіктері» атты 2018 жылғы еңбекте қазақ мәтіндеріндегі и әрпінің кездесу жиілігі 24-орында екен, ол барлық мәтіндегі сөздердің 0,5673%-нда ғана кездеседі деген сөз. Бірақ сөз соңында  18-орынға көтеріледі, бұл барлық мәтіндегі сөздердің 1,4807%-нда жазылады деген сөз.

У әрпі тіпті 28-орында, яғни бар мәтіннің 0,2557%-нда ғана сөз басында (сол еңбекте, 17б) жазылады. Бірақ сөз соңында жиілейді, 10-орынға көтеріледі, Яғни барлық мәтіннің 2,7767%-нда у әрпі сөз соңында жазылып жүр екен (еңбекте,19б). Орташа мәлімет Жұбанов А., Жаңабекова А., Д.Тоқмырзаевтың «Қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің статистикалық негіздері» атты (2018 ж) еңбегінде кездеседі. Онда у әрпі жиі қолданылатын 19 әріптің қатарында тұр. Яғни мәтіннің 1,636%-нда кездеседі делінеді. Оның себебі у әрпі дауыссыздың (тау, уық, сауық), әрі ұу, үу тіркесінің (суыр, қу, сауу) де таңбасы болғандықтан. Және тұйық етістік жұрнағы немесе қимыл есім жұрнағы қазіргі тілімізде белсенді болғандықтан. Мәтіннің 2,7767%-нда у әрпі сөз соңында жазылып жүргені сондықтан.  

Және аталған еңбекте түрленім қосымшаларының жилігінде ушы формасы 96 орында, мәтіннің 0,1111%-нда кездессе, уші формасы 111 орында мәтіннің 0,0593 %-н алады (142б), содан кейін 129 орында улі формасы 0,0231 %. Яғни у қимыл есімі және одан жасалған жұрнақтар соңғы уақытта «дауысты у» әрпінің жазылуын жиілетті. Дегенмен, қимыл есімнің қолданылуын есептемегенде, статистикалық мәлімет и мен у әрпі жазылатын сөздер жалпы жиі емес екенін көрсетті.

Қазақ тілі орфографиялық сөздігінде (2013ж) 17 179 сөзде и әрпі жазылады делінген, мысалы, әлди, діни, абиыр, киіз, мәшине, тиеу, ғылыми, ине, ниет, тәрбие, диқан, қасиет, ию, жинау, киіну, ықтимал, имя, қияқ, қөиқу, дүние, қию, кәсіби деген сияқты сөздер. Олардың ішінде төл сөздер де бар, араб, парсы тілдерінен енген сөздер де бар, дегенмен көбі орыс тілінен енген сөздер. 

Бірақ аталған еңбекте әсіресе у әрпінің дауыссызды таңбалау жиілігі, ый, ій дыбыс тіркесін таңбалау жиілігі көрсетілмегендіктен, біз төменде 350-400 бірліктен тұратын әр стильде жазылған мәтіндер бойынша и, у әріптерінің кездесу жиілігін «қолмен» санадық. 

355 сөзден тұратын ғылыми мәтінде 29 рет и әрпі жазылыпты. Олардың 4 ғана (!) қазақ тілінің өз сөзі немесе игерілген кірме сөз екен: тарих, қиындық, жиі, ауытқиды. Қалған 24-і шеттілдік сөздер. Сонда жаңа әліпбидегі і әрпімен термин сөздердегі и әрпін (kino, institut) де, төл сөздердегі і дыбысын (ini, meni, kir) да қатар жаза берсек, арасында ғана кездесетін мына 4 сөзге келгенде шатасу болмай ма? Мысалы, дәл осы тарих, қиындық, жиі, ауытқиды деген сөздерді тарыйх, қыйындық, жійі, ауытқыйды деп, шатастырмай, қате жібертпей жаздырта аламыз ба?

Сол сияқты 427 сөзден тұратын ғылыми мәтінді алғанда, оның 36-сында и әрпі жазылғанын көрдік. Оның ғылыми, мұқият, қасиет, дүние, жиі, биыл, ие, яғни деген сөздерінен басқасы ғылыми терминдер болды. Яғни 28 кірме сөзде и дыбысын бір таңбамен – і әрпімен жазып, арасында осы 8 сөзді ый, ій әріптерімен ғылымый, мұқыйат, қасійет, дүнійе, жійі, быйыл, ійе, ыйағный деп шатастырмай жазуға қанша уақытта дағдыланады екенбіз? 

Ал «Егемен Қазақстан» газетінің соңғы нөміріндегі 350 сөзден тұратын публицистикалық мәтінде 28 рет и әрпі, 58 рет у әрпі кездесті, оның тек кәсіби деген сөзінен басқа 27-сі орыс тілі арқылы енген сөздерде екен. Мысалы, осы жалғыз кәсіби сөзін кәсібій деп жазуды қалай ұмыттырмау керекпіз? 

Мәтіндегі у әрпі тәуекел, сауалнама, ауқымды, зереттеу, әзірлеу, болжау, бағалау, еуразия, тұсау, әлеуметтік (бұл сөз 12 рет қайталанған), асыраушы, қорғау, төлеу сөздерінде дауыссыз у әрпін таңбалап тұр да, кездесу (2рет), туралы (2 рет), босану (3 рет), туған (2 рет), су (2 рет), сақтандыру (5 рет), арылу, айырылу, алушы сөздерінде ұу, үу дыбыс тіркестерін таңбалап тұр. Сонда 58 сөздің 36-сы төл және кірме сөз болса, оның 12-сі дауыссызды таңбалап, 14-і үу, ұу дыбыс тіркестерін беріп тұрса, қалған 22-сі орыс тілі арқылы енген сөздерде. Яғни тағы да 22 рет бір таңбамен жазып келіп, арасында 14 рет ұу, үу дыбыстарын жазудан қалай шатасып қалмайды, мынау тілтанушы емес жалпақ жұрт? 

«Егемен Қазақстан» газеті іскери стильде көбірек жазылатын баспасөз болғандықтан, «Қазақ әдебиеті» газетінен де 399 сөзден тұратын мәтінді қарап шықтық. Сонда мәтінде 47 рет и әрпі, 32 рет у әрпі кездесті. У әрпі қауым, ауызекі (2 рет), аударма, даусыз, аударылса, істеу, сөйлеу, уақытша деген 9 сөзде бір дауыссыздың таңбасы, көру, шешу, басқосу, ахуал, қолданылу, көшу, саясаттанушы, даму, еңбектену, туындау, білуімше, дамыту, болу, толтыру, қуану, көшу, шешу, қалыптастыру, туралы деген 19 сөзде екі дыбыстың таңбасын беріп  тұр екен. Бұл мәтінде у әрпімен орыс тілінен енген 5-ақ сөз кездесті. 

Осы мәтіндегі И әрпімен келетін жиын, зиялы, әдеби (4 рет), әліпби, кәсіби, ғылыми, қиналу, әрине, дүние, иесі деген 13 сөзден басқа 37 сөз орыс тілі арқылы енген сөз болып шықты. Көркемсөзде, «Қазақ әдебиеті» газетінің өзінде 37 шеттілдік сөз қолданылыпты. Мұнда да жазарманның халі жоғарыдағыдай болмақ.

Ал көркем проза мәтініндегі 395 сөздің 23-нде и әрпі, 33-нде у әрпі кездесті. Онда су, суық, жазушы, оқу, судай деген 5-ақ (!) сөзден өзге біреулер, екеуміз, аудан (2 рет), тауық, даусы, сауысқан, ауыл, Мәскеу деген 9 сөзде бір дауыссызды таңбалайды. Ал 14 сөз тағы да шеттілдік сөз. 

И әрпі ылғи, киініп, сирек, жидіген, иә, миым, оқитын деген 7 сөзде ый, ій тіркестерін таңбалап, қалғаны 16 шеттілдік сөзде жазылған. 

Мұндағы айтайын деп отырғанымыз – тілтанымдық әліпбидің бірінші нұсқасымен й үнді дауыссызын төл сөздерде у әрпімен, ал кірме сөздерде і әрпімен таңбаласақ, сондай-ақ у дауыссызын төл сөздерде w әрпімен, ал кірме сөздерде u әрпімен жазсақ, әріпті шығындап қана қоймаймыз, жазарманның қолын екіұшты оймен бөгейміз. Яғни қай сөзде қай әріп және қай сөзде бір әріп, қай сөзде екі әріп екенін білмеу, қате жазу көбейеді. 

Әйтпесе, жоғарыда көрдіңіздер, 300-400 сөзден тұратын мәтін ый, ій, ұу, үу дыбыстарын жазып, «жайылып» кете қоймайды екен. Тек жазарман қай әріпті жазатынын ойланып, дағдарып қалуы мүмкін екен. Жазу автоматизмі бұзылады.    

Оның үстіне жалпы қазақ сөзіндегі жиі қолданылатын және жазылатын ы мен і дыбыс-әріптерін қосыңыз. Қазақ сөздері ең алдымен  а, е дауыстыларынан тұрады, содан кейін үшінші орында ы, сосын і дыбысынан тұрады. Бұл – үлкен көрсеткіш. Бұрынғы қазақ емлелерінде осы дауыстыларды таңбалауды азайту үшін бірнеше ұсыныс болған, оның ең үлкенін Байтұрсынұлының өзі айтқан: “(ы) -  жаны, малы, тары деген сөздерде н,  л - дың, р - дың  соңынан естілетін дыбыс белгісі. Сөздің басында, ортасында қысқа ћәм көмескі естіліп бар жоғы еленбейтін орындарда жазбаймыз. Мысалы, қын, қыр, жылым, қырын деген сөздердің ішіндегі ы-ның барлығы аз сезіледі, хатта сезілмейді деп айтуға болады. Бұл сөздерді ы-ны жазғанда да, жазбағанда да осылай оқимыз. Жазбағанда оқуымызға кемшілігі болмаса, оны жазуға да қажет жоқ. Қаны, жаны, малы деген сөздерде ы-ны жазбай, солай оқи алмаймыз, сөздің аяғында ы-ны жазу қажет” (Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. Алматы: Ана тілі, 1992. 327б.). “ы жазылмағанда сөздің мағынасы бұзылып, кемшілік келерлік болса, жазылсын деп едім. Оқуға кемшілік болмаса, сөздің мағынасына кемшілік келмесе, жазуға жеңілдігі болса ы  дыбысының харіфін жазбағанда не залал көреміз деген ойым еді” дей отырып (Сонда, 386б.), “ы  харфі бас буында ћәм барша бітеу буында жазылмайды. Ашық буында қалмай жазылады. Мәселен, мысық  жазылады ы-сыз, мсқ болып, мысығына деген сөзде ы қалмай мысғына болып жазылады” (Сонда, 151б.) деген орфограмма ұсынады.

Қ.Жұбановтың ойы да А.Байтұрсынұлымен үндес болды: “білек, тыран, ыстаған сияқты сөздерді осылай басқы ашық буында келте дауысты ы,  і-лермен жаза тұрып, пленум, трактор сияқты сөздерді ы, і-лерсіз жазған жеңіл соғар ма еді. Бір буындыда жазып, екі буындыға жазбасақ не болар еді:  біл - блек, қыр - қрау, ыс- стау. Буын айыртуды есепке алма. Қандай емле болса да, соған қарай буын жігін таптыру методикасын шығаруға болады. Мұрын-мұрн/ы, халық-хал/қы  көріп жүрген қиындығымыз жоқ. Сонда, біл мен бледі, қыр мен қру сияқтылардағы ы, і-лердің ойнамалылығы қалайша қиындық көрсетпек?” (Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым, 1999. 138б.).  Немесе “Жеке дыбыс жеке бөліп айтуға келе бермейді. Мысалы, балалар деген сөздің бас дыбысын бөлек айтар болсақ, не  бы деп, не ыб деп қана  айта аламыз. Өйткені, дауыссыз дыбыс пен сонор дыбыс, алдынан, не артынан бір дауысты дыбыс қоспай, өздігінен бөлек айтылмайды” (Сонда, 197б.) дейді: “Жазуды сыңар езу ультрафонетика жолымен жазатын болған соң, естілуі әр жолы әртүрлі, кейде болып, кейде түсіп қалып отыратын көмескі дауыстылардың емлесі мүлде шатысып (асра, жамра, Ахмет, көбрек, ру, рет,  асыра, жамыра, ұру, ірет)” (сонда, 339б.) кетпеу үшін. 1935ж. латын графикасына арналған жобасында мынадай ереже ұсынады: “Ограничить употребление беглого гласного, не обозначая его в письме там, где это не необходимо: а) в начальном открытом слоге, когда за ним следует слог с полным гласным а, о, е, і. Т.е. вместе теперешних: cьlan, cьluv, bьlek …писать: clan, clu, blek. Там, где за открытым слогом с беглым гласным ь следует слог опять с беглым гласным ь, там ь не отпускается: cьrm, blьm, cьlk,  gьrg, sьrg, zьgr (сонда, с.522]; б) во всех закрытых и замкнутых слогах zzar, gpal, galg, ‘cetm, ‘bork, grman, cyms,  blmpaz; в) во всех открытых слогах, где отсутствие букви ь не вызывает другого чтения (сонда, с.523); г) в начале слове перед r, u, і, ь не  отмечается там, где не искажет смысл слова: ru – род, yru – бить (не ruv),  ret, ‘ьretu (іреtу) (сонда, с.523). 

Сөйтіп, бүгінде ы, і дыбыстары біраз сөздерде жазылмайтын емле тұрақтанған, мысалы, рақмет (ырақымет), мемлекет (мемілекет), ресми (іресіми), рас (ырас), лас (ылас), лек (ілек)...

Дәл осы сияқты жазылмағанда айтуға зиянын тигізбейтін тұстарда түсіріп жазуға болатын орфограмма ый, ій, ұу, үу-ге қатысты еді. Енді бұл жерде де жазу экономиясы сақталмайын деп тұр.

Құрметті әріптес! Сөз болған мәселеге жанашырлықпен қарап, даудың қайырлы шешілуіне пікіріңізді білдірсеңіз.

Құралай Күдеринова

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434