Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3922 0 пікір 29 Қыркүйек, 2011 сағат 16:07

АПАЛЫ-СІҢЛІДЕЙ СЫЙЛАСЫП ЖҮРСЕ…

«Қоғамымыздағы демографиялық түйткілдерді орнымен шешіп, әр отбасындағы бала санын қайтсек көбейтуге болады?» - деген сауал туындаған тұста демографтар және басқа да ұлт жанашырларының тіліне басты себептер қатарында көп әйел алу жөніндегі ұсыныстар орала кетеді. Осыған орай бүгінгі қазақ қауымы екі ұдай пікірде. Бір тобы оны қолдаса, екінші тобы мұндай ұсыныстан ат-тондарын ала қашысады. Тіпті бұған орай заң жобасы ел Парламенті талқылауына бірнеше рет ұсынылып, қабылданбай қалғаны да белгілі. Ал өмір-өзен өз арнасымен алға жылжуда. Яғни шариғи шарттарды ұстанғандар іс жүзінде екі-үш әйелдің басын біріктіріп ұстауға тырысса, екіншілері «бір әйелімді бағып алсам да жетеді» деп келеді. «Көп әйел алуға рұқсат ету ұлтымыздың санын өсіреді» деген идеяны қолдаушы әйелдер де баршылық. Ендеше, отбасының ішкі-сыртқы жағдайына тікелей әсер ететін осынау күрмеуі күрделі сауал жайлы «Шаңырақтың» бүгінгі санында ой бөліскенді жөн көріп отырмыз.

«Қоғамымыздағы демографиялық түйткілдерді орнымен шешіп, әр отбасындағы бала санын қайтсек көбейтуге болады?» - деген сауал туындаған тұста демографтар және басқа да ұлт жанашырларының тіліне басты себептер қатарында көп әйел алу жөніндегі ұсыныстар орала кетеді. Осыған орай бүгінгі қазақ қауымы екі ұдай пікірде. Бір тобы оны қолдаса, екінші тобы мұндай ұсыныстан ат-тондарын ала қашысады. Тіпті бұған орай заң жобасы ел Парламенті талқылауына бірнеше рет ұсынылып, қабылданбай қалғаны да белгілі. Ал өмір-өзен өз арнасымен алға жылжуда. Яғни шариғи шарттарды ұстанғандар іс жүзінде екі-үш әйелдің басын біріктіріп ұстауға тырысса, екіншілері «бір әйелімді бағып алсам да жетеді» деп келеді. «Көп әйел алуға рұқсат ету ұлтымыздың санын өсіреді» деген идеяны қолдаушы әйелдер де баршылық. Ендеше, отбасының ішкі-сыртқы жағдайына тікелей әсер ететін осынау күрмеуі күрделі сауал жайлы «Шаңырақтың» бүгінгі санында ой бөліскенді жөн көріп отырмыз.
Осынау сауал қозғалғанда ойыма ылғи ақ кимешекті әжелерімізден естіген әңгімелер оралады. «Ақ кимешекті» деп баса айтып отырғанымыздың өзіндік себебі бар. Кеңес үкіметі кезінде өмірге келген апаларымыз әрлі-берлі сырғып, қисая берген орамалдарын тіпті болмаған соң желкелеріне қарай жеңіл байлай салып жүруші еді. Ал Қазан төңкерісіне дейін-ақ бойжетіп, бұрынғының үлгісін көріп үлгерген әлгі әжелеріміз болса, мәңгілік жайларына аттанғандарынша бастарынан кимешектерін бір тастамады. Сол кісілер естелік әңгімелерінің арасында өздерінің бір үйдегі бәйбіше мен тоқалға ортақ перзент боп, тел өскендерін айтып отырысатын.
- Үлкен шешеміз балалар тәрбиесімен айналысып, өз шешеміз үйдің тірлігін ұршықша үйіруші еді. Бір-бірімен аса тату болатын, - деген осы тектес ол кісілердің әңгімелері біз сияқты «советтік жас пионерлерге» өтірікке толы аңыз-әңгімедей естілуші еді. Себебі социалистік айналамызда ондай мысал жоқтың қасы болатын. Өсе келе арагідік естігеніміз:
-Пәленше тоқал алмақшы болған екен, әйелі арызданып, партиядан, жұмысынан шығартып тастапты, «тоқал мәселесін тағы қозғайтын болсаң, ендігі жолы көшеге қаңғытып жіберем» депті, - тақылеттес әңгімелер болатын. Сондықтан да әжелеріміздің әңгімелеріне сенбейтінбіз. Советтік ерке әйелдердің қылықтарына ерегіскендей-ақ, бәрібір ақ кимешекті кісілер естелік айтуларын тоқтатпай өтті. Сондай әңгімелердің бірі мынандай еді.
- Байдың бәйбішесі емес пе! Бір күні ше­шем пәуескені жеккізіп, алыс жай­лау­­­да отыр­ған төркініне кеткен болатын. Біраз күн өт­кенде қайтып келді. Кө­ңілі жадыраң­қы. Абысынына айтқан әңгі­месіне біз де құлақ түреміз кеп... «Әкемнің қарашаңырағынан дәм татып отырып ауылда бойжеткен немесе отырып қалған болса да кімдердің тәрбиелі қыздары бар?» - деп сұрастыра бастадым. Біразының үйіне төркіндеп барып, жатып алдым. Қыздарының мінез-құлқын білейін дегенім ғой, баяғы. Ішінде пәлен деген ағайынымыздың қызы көңіліме жақты да, бірден сол үйдегі жеңгеме қолқа салдым. «Біздің үйдегі күйеубалаңызға кіші әйелдікке беріңіз. Сіңлім ғой, өзім бас-көз боламын» дедім. Қыздың өзімен сөйлестім, беттері бері қараған сияқты. Құдай қаласа, алдағы базарда қожайынымды төркініме ертіп бармақпын. Жүзбе-жүз сөйлессін өздері», - деп әңгімесін шерткен анам, айтса айтқандай, бірер аптадан кейін өз ауылының бір қызын әкеме тоқалдыққа алып берді. Екеуінің бір-бірімен «іщәй» дескенін естіген емеспін. «Әпке-әпке» деп жаны қалмаушы еді кейінгі шешеміздің. Апам да оны туған сіңлісіндей көрді. Екеуі жиырмадан аса құрсақ көтерген еді. Соның он бесінен ұрпақ қалды ғой. Мені іздеп кеп тұратын сол бауырларым, - деп ақтарыла сыр шерткен ақ кимешекті әжелеріміздің бірінің осынау әңгімесіне, тіпті бойжеткен, студент кезімде де сенбейтін едім. «Жай бір қияли әңгіме» деп есептеуші едім.

«Дарқан көңіл - иманды жүректерден туындайды»

Сөйтіп жүргенде, жылдар өте келе бір ерекше апамен сапарлас болуды Алла маған бұйыртқан еді. Республикалық «Лениншіл жас» газетінде қызмет атқарып жүрген кезім. Шымкент облысына іссапарға шыққанмын. «Алатау» жүрдек пойызының су жаңа купесіне бас сұққаным сол еді:
- Кел, кызым келе ғой. Мына орын шығар сенікі, - деп көзі көгілдір аспан түстес бір сары апа құрақ ұшып қарсы алып жатты. Үстінде бүрме бел қазақы көйлек. Ұлттық оюы бар темір қапсырмалы қара қамзол. Басында шаршылай салған бөртпе шәлі. «Қ, ғ, ң» әріптерін айта алмағаны болмаса, қазақтың берекелі бір сары бәйбішесі дерсің. Пойыздың қозғалғанына бір сағат өтер-өтпестен әлгі кісі дастарқан жайып, қоржынынан дәмдерін шығара бас­тады. Мен де жол азығымды ортаға қойып, қалысар емеспін.
- Мынау - бал қосылған балқаймақ. Әпкем өстіп дайындайтын. Ежегейдің дәмін көр, кызым. Ірімшік косып кұрт жайғанды да әпкем үйретіп еді, - дейді ол кісі жаны қалмай.
«Шамасы туған әпкесін мақтап отыр-ау», - деймін іштей.
- Апа, әпкеңіз шебер кісі сияқты ғой, сөзіңізге қарағанда.
- Ә, кызым, «әпке» деп отырғаным - күндесім» демесі бар емес пе...
Таңғалысын жасыра алмастан, со­веттік журналист қыздың әлгі жерде көзі бақырайып отырып қалғанын ойша елестетіп көріңіз. Содан сауалдарым да жаңбырша жауды. Ол кісі де шешіле сөйледі. Аты есімде қалмапты. Дегенмен шартты түрде «Мәрия апа» деп атағанды жөн көріп отырмын.
Мәселе былай болған екен. Соғыс жылдары сталиндік қуғынға ұшырағандар легінде бір топ советтік неміс отбасылары Түлкібас ауданының шалғай ауылына бөлінеді. Баланың үлкені осы Мәрия апа болғандықтан, анасы оны қазақ отбасыларынан тамақ сұрап әкелуге жұмсайды екен. Сонда бір қазақ әйелі жомарттықпен оларға күнде жарты табанан беріп тұрған көрінеді. Ол заманда бұл қылық - расында, үлкен мәрттік болатын. Келе-келе Мәрия қыз басқа үйлердің есігін қағып, әуре болмастан бірден осы үйге қайрылатынға айналған екен. Бір күні жылы жүзді әлгі әйел шала орысшасымен Мәрияға ұзақтау әңгіме айтады. Жеті-сегіз бала-шағасы бар көрінеді. Күйеуі соғыстан жаралы боп оралған. «Ол жақсы адам, оған әлі көп бала керек. Сен оған екінші маржа бол. Мен саған жақсы қараймын» дейді. Ұзын сөздің қысқасы, көп ұзамай той болады. Бәйбіше уәдесінде тұрып, Мәрия қызға сіңлісіндей қараған екен. Содан Мәрия тоқал, арасына біржарым жылдан аралатып, бәйбішенің бауырына іңгәлатып, бір-бір сәбиден салады да отырады. «Түн ұйқым төрт бөлінді» деп, оған бола қабақ шытып жатқан бәйбіше жоқ. Мәрия «сіңлісі» тойдыра бір емізіп берсе болды, шақалақтардың қалған бабын өзінен тараған бойжетіп қалған қыздарымен бірге өзі жасай береді. Біз енді «қ, ғ, ң» әріптерін орын-орнына қойып, сол сапардағы Мәрия апаның әңгімесін еске түсіріп көрелік:
-Әпкем екеуміз тату болғандықтан, балаларымыз да бір-біріне бауырмал боп өсті. Менен туған он баланың бәрі де өс­кендерінше, «апа, апалап» әпкемнің бауы­рында жататын. Содан кейін ғана ағалары мен әпкелерінің бөлмелеріне көшісетін. Ол кісіден туған балалар үй тіршілігінде маған таптырмас көмекшілер еді. Жарты ауыз сөзімнен ұғып, ұлдары сырттың жұмыстарын, қыздары асүйдегі тірліктерді әп-сәтте орын-орнына келтірісетін. Он жеті баланың бәрі де әпкемді «апа», мені «мама» деп өсті. Әліге дейін солай. Шүкір, Алматыда алты үйіміз бар. Келсем болды, бәрі де алақандарына салып күтеді. Біріне көмек керек болса, бәрінің де жандары қалмай жүгірісіп жатқаны. Әпкемнен тараған немерелеріміздің де «әжелеп» алдымнан шығып жүргендері... Тағдырыма ризамын. «Тоқалмын» десем, талайлар күледі кеп, оның несі айып?! Түсінбеймін. Шалымды да, әпкемді де өз қолыммен арулап жөнелттім. Жандары жаннатта болсын! Менің әке-шеше, бауырларымның аман қалуларына бір Құдайдан кейінгі сеп болған сол кісілер. Қазақ тілінен бастап, барлық ұлттық дәстүр-ғұрыптарын меңгертті. Олармен бірге ораза ұстап, намазға жығылдым. Жасырын, әрине. Әпкемнің төркіндерімен әлі күнге жақсы араласып тұрамын. Мені «қызымыз, әпкеміздің орнындағы әпкеміз» дейді. Сыйлайды. Осыдан басқа мына дүниеде маған қандай бақыт керек тағы да?! - деген еді қанағатшыл да сабырлы әже. Ұмытпайық! Бұл - Кеңес үкіметінің бар күш-қуаты бойында тұрған 1980-жылдар болатын.
Ол заманда ел ішінде бірен-саран болмаса, мұндай жағдай жоқтың қасы еді. Ал зиялы қауым арасында Шона аға Смаханұлы бәйбіше, тоқалдың басын біріктіріп ұстауға тырысты-ау деймін. Енді, міне, тәуелсіздігімізді алғанымызға қос онжылдық өткен тұста айналамызға қарап, зер сала бағамдасақ, көп әйел алу үрдісі заң жүзінде бекімегенімен, іс-жүзінде талай шаңырақ астында бәйбіше мен тоқал тату-тәтті, бейбіт өмір сүруде. Оның сырын сұрасақ, бұл отбасыларында да болашақ тоқал - күйеудің ғана емес, бәйбішенің де «сұрыптауынан» өтіп, олардың сүйіктісіне айналған екен. Ислам дәстүрімен некелерін қидыртса да, қос әйелдің басы бір қазанға сыймай, екіншісінің шоршып, сыртқа шығып қалғандары да едәуір көрінеді. Мән-жайға қаныға келе білгеніміз, басты себептердің бірі - әлгі тоқалды бәйбішенің басынан бастап жақтырмауында, екеуінің бір-бірін о бастан жек көруінде екен. Ойға қалдық. «Бәлкім, көп әйелі бар отбасыларында келісімнің салтанат құруы үшін тоқалды болашақ күйеуі ғана емес, болашақ күндесінің де, яғни бәйбішенің де бірге таңдасып, тәуір санағаны маңызды шығар?» - деген ой-пікірімізді көзі тірі салиқалы талай әжелермен бөліскенімізде, бәрі дерлік: «Бұл айтып отырғаның жөн сөз. Дарқан көңіл иманды жүректерден туындайды» десті. Себебі өзіміз әңгімелерін тыңдаған, сонау Кеңес үкіметіне дейін бойжетіп үлгерген ақ кимешекті әжелерімізден бас­тап, қызыл империя кезінде тоқалдықты басынан өткерген Мәрия сияқты басқа да апаларымыздың, бүгінгі күндері әпкелі-сіңлідей «бейбіт-қатар» өмір сүріп жатқан күндестердің де айтқан әңгімелері осыған саяды. Жалпы «күндес» деген сөздің шығу этимологиясының өзі жақсылыққа мегзейді. «Күнді бірге кешу, қиындық пен қуанышта да бірге болу» дегенді ұқтырса керек. Уақыт өте келе оның мағынасын бұрмалап алған өзіміз ғой.

Әйелдер арасында
әділдікті сақтау

Адамзат баласын аса қамқор­лығымен жаратқан бір Алла отбасын қалай құру керектігіне нұсқау бере отырып, мәселенің бұл жағын да ұмыт қалдырмаған. Мысалы, Ниса сүресінің 3-аятында: «Егер (үйленгенде) жетім әйелдер жайында әділетсіздік істеуден қорықсаңдар, өздеріңе жаққан басқа әйелдерден екі, үш және төртке дейін үйленіңдер. Сонда егер тең ұстай алмаудан қорықсаңдар, онда біреу алыңдар немесе қолдарыңдағы күңдерің де болады. Әділетсіздік болмауына жақынырағы осы» делінген. Ал енді осы сүренің 129-аятында: «Қаншалық тырыссаңдар да, әйелдердің арасына әсте әділдік жүргізе алмайсыңдар. Ендеше, (біреуіне) мүлде ауып кетіп, өзгесін жіпсіз байланғандай етіп қоймаңдар. Егер түзеліп, сақсынсаңдар, негізінен Алла тым Жарылқаушы, ерекше Мейірімді» деп бұл істі қалай жүргізгені жөнінде пендесінен сұралатыны қатаң ескертілген. Жаратушымыз көп әйел алған азаматтың арқалар жүгін де саралап көрсетіп отыр. Шариғат ғұламаларының кейбірінің дәлелдеуінше, көп әйел алу - рұқсат етілген іс. Оны түсіну және орындау абзал. Бірақ сүннет емес. Ал ғұламалардың келесі тобының айтуынша, бұл - сүннет іс. Бірақ оны сүннетке сай әділ орындау керек дейді. Яғни қасиетті Құранның аяттарында айтылғанындай және Мұхаммед пайғамбарымыз салла Аллаһу әлейһи әссаламның жеке үлгі-өнегесін басшылыққа ала отырып, әйелдерінің әлеуметтік, тұрмыстық, рухани жағынан қажеттіліктерін тең дәрежеде қамтамасыз етіп, олардың біріне ауып кетпестен, араларында әділеттілікті ұстану - міндет. Олай болмаған жағдайда, «ұрпақты көбейту үшін» деп ниет етіп бастаған ісіңіздің қайырынан гөрі кесірі көп болып кетуі ғажап емес... Анығы Аллаға ғана аян.
Тағы бір айта кетерлік жайт: имандылыққа бет түзеп, Ислам жолында білім жинап, Алла разы болатын істерді атқаруға ұмтылып жүрген кейбір жас келіндер мен әйелдер күйеулеріне тоқал алуға рұқсат беріп қана қоймай, иманды, тәрбиелі деген әйел балаларын өздері де бірге іздей жүретін көрінеді. Демек, баяғы ақ кимешекті әжелеріміз айтқан үдерістер қазақ өміріне там-тұмдап болса да қайта орала бастағандай. Себебі ол кісілердің аналары да шариғи білім алған, көзі ашық жандар еді ғой! Шынын айтқанда, қоғамымыздың заңдық салалары бойын­ша көп әйел алуға рұқсаттың берілер, берілмесі немесе қашан берілері беймәлім. Ал, шынтуайтына келгенде, көп әйел алып отырған азаматтарымыздың саны да қоғамымызда біртіндеп өсіп келеді. Бұл - шындық. Оған көз жұмып қарауға болмас. Дей тұрғанмен, ар-ождан, дін бостандығы салтанат құрып отырған қоғамымызда бәйбіше мен тоқалдар өзара келісімде өмір сүріп жатқан отбасыларын кездестірсеңіз, оларға күле қарап, мазақтап, олардың арасына ши жүгірткендей әрекеттерге барудан өзіңізді тыйғаныңыз абзал. Олай етпесеңіз, ұлы Жаратушы тарапынан жолданған бұйрықтарға қарсы келушілерден боп қалуыңыз ғажап емес. Мұндайда «Өз қолыңыздан келмей ме, тым болмаса өзгелерге тілектес болыңыз!» деген қағида орынды айтылған сияқты.

Нұрлытай ҮРКІМБАЙ

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320