Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4351 0 пікір 15 Қыркүйек, 2011 сағат 16:28

Ұстаз тағылымы

Атырау облысы Исатай ауданының Жанбай ауылында кезінде аты аңызға айналған ұстаз, Нарын өлкесінде оқу-ағарту ісін алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болған, екі мәрте Ленин орденінің иегері атанған Хамидолла Нәубетовтің есімімен аталатын орта мектеп бар. Биыл шаңырақ көтергеніне 80 жыл толатын осы оқу орнында ұлағатты ұстаз Жанболат Қасымұлы Қасымовтың табан аудармай ұстаздық еткеніне биыл қырық бес жыл толған екен. Демек ауыл мен аудандағы өзінің алдындағы аға толқын мен тұстастарының балаларына, немерелеріне сабақ берсе, енді олардың шөберелері өзінен дәріс алуда. Ұстаз бақыты деген де осы шығар... Бұған Жанболат Қасымұлымен әңгімелескенімізде көзімізді жеткізе түстік.

Атырау облысы Исатай ауданының Жанбай ауылында кезінде аты аңызға айналған ұстаз, Нарын өлкесінде оқу-ағарту ісін алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болған, екі мәрте Ленин орденінің иегері атанған Хамидолла Нәубетовтің есімімен аталатын орта мектеп бар. Биыл шаңырақ көтергеніне 80 жыл толатын осы оқу орнында ұлағатты ұстаз Жанболат Қасымұлы Қасымовтың табан аудармай ұстаздық еткеніне биыл қырық бес жыл толған екен. Демек ауыл мен аудандағы өзінің алдындағы аға толқын мен тұстастарының балаларына, немерелеріне сабақ берсе, енді олардың шөберелері өзінен дәріс алуда. Ұстаз бақыты деген де осы шығар... Бұған Жанболат Қасымұлымен әңгімелескенімізде көзімізді жеткізе түстік.

- Жанболат аға, сіздерді ауылдас­тарыңыз «ұстаздар әулеті» деп атайды екен. Әкеңіз Қасым кезінде Хамидолла Нәубетовпен үзеңгілес болған, Нарын өңірінен шыққан ұстаздар шоғырында алдымен есімі аталатын азамат екенін білеміз. Әңгімемізді осыдан бастасақ...
- Әкем 1913 жылы туған еді, ол - Нарын өңірінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, ел құрметіне бөленген азамат. Мен сізге мынадай бір көнекөз қарттардан естіген аңыз-әңгімемді айтайын. Ертеректе Жалмұқанұлы Қарабай атамның үйіне жолшыбай құдайы қонақ келіп қоныпты. Қонағын ойдағыдай күткен Қарабай атам ертеңіне жүруге жиналған жолаушыға жылқысындағы мініс аттарының біреуін ерттеп мінгізіп жіберіпті. Көңілі көтеріліп, қуанышы қойнына сыймаған жолаушы сыйға алған тайпалған жорғасымен әудем жерге барып, қайтып келіпті. Атының үстінде тұрып:
«Барамын жолым болып Алайыға,
Зергерлер мыс қосады қалайыға.
Сыйласаң Қабақай баба елін сыйла,
Ұлдары ат мінгізер талайыңа!
Бала - сүт, немере - қаймақ. Адам­ның баласы - «Жосын», Алланың баласы - «Қасым». Шаңырағыңда атағы жалпақ жұртқа жайылатын, бидай өңді, кең иықты, кербез ұл дүниеге келер, қара тұз езілген суға шомылдырарсың! Ұлыңның атын «Қасым» қоярсың», - деп қол жа­йып, батасын беріп, мінгізген атына қамшы басып, жүріп кетіпті.
Сол құдайы қонақтың батасынан кейін көп ұзамай Қарабай атамның әйелі шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелген. Баланың атын азан шақырып «Қасым» деп қойған. Біз сол бата дарыған Қасымнан тараған ұрпақпыз. Сол ұрпақ - біздер әкеміз туралы қарттардан естелік әңгіме, жылы сөз естіп қалғанда елең ете түсеміз. Жас кезінде сабаққа өте алғыр болған екен. Орта мектепті аяқтаған соң Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласындағы орыс тілінде дәріс беретін екі кластық мектептің мұғалімдер даярлайтын бөлімін, Семейдегі жұмысшылар дайындайтын факультетін бітірген. Бұдан кейін ол Ташкент қаласындағы Орта Азия әскери геодезия институтына оқуға түсіп, оның жоғары кур­сында оқып жүргенде әкесі мен ауыл ақ­сақалдары әрі қарай оқуына ризашылық бер­мей, ауылға шақыртып алған. Содан ол сол кездегі Сартөбе мектебіне оқу ісінің мең­­герушісі болып қызметке орналасады. Бұ­дан кейін Манаш ауылындағы Андреев атындағы орта мектебінің директоры қыз­метін атқарады. Бұл мектептің бұдан бұрынғы басшысы Салық Бөтешкин деген ағамыз еді.
Ұлы Отан соғысы басталған соң 1942 жылдың ақпан айында әкем майданға аттанған. Елге 1944 жылы оралды. Бір қолын майдан даласында қалдырған әкем бейбіт өмірде де ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырып, шәкірттер тәрбиеледі. Өмірінің соңына дейін Андреев атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Ол кезде Манаш ауылында орыс халқының бірде-бір өкілі жоқ болатын. Табанына құлық жағып, қозы қайырған қыр қазағының баласына орыс тілін үйрету оңай шаруа болған жоқ. Әкеміз соғыс салған жарақаттан 1972 жылы 59 жасында өмірден озды.
Бір әке-шешеден біз 10 ұл-қыз дүниеге келдік. Ең үлкені - Маруса апамыз. Бұдан кейін - Мақпуза, Аймангүл, Жан­болат, Бекболат, Бақтыгерей, Есболат, Бақтылы, Нәсіп, Бақберген болып кете береміз. Інім - Бекболат Алматы қала­сында тұрады, мамандығы хирург-дәрігер. Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Қазақстан Рес­публикасы Ден­саулық сақтау ісінің үздігі. Бактыгерей де Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі. Бақберген болса қазір Исатай ауданының әкімі. Кезінде Гурьев пединститутын бітірген. Отыз жылдан аса мұғалім, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарды. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Бүгінде Бақберген екеуміз әке жолын жалғастырудамыз. Менен өрбіген қыздарымның барлығы да осы қасиетті мамандық ұстаздықты таңдаған. Әкем Қасым мен анам Ғайнижамал Ғашиховадан өрбіген ұл-қыздардың бәрі де жоғары білім алып, өз мамандықтарының үздіктері атанып, қазір әр салада еңбек етіп жүр.
- «Әке көрген оқ жонар» демекші, бүгінде өзіңіз де елге сыйлы ұстаз атандыңыз. Жанболат аға, сізді жерлестеріңіз Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі ретінде біледі. Енді өзіңіз жайлы аз-кем айта кетсеңіз...
- Мен сонау сұрқай соғыс жылдары, яғни 1941 жылы Жанбай селосында дүниеге келіппін. Өмір соқпақтары деген қызық қой, кезінде алдымда талай соқпақ, талай таңдау жатты. Бірақ ақыры туған ауылым­да қалуды таңдадым. 1958 жылы орта мек­тепті бітірген соң Гурьевтегі теңіз фло­ты училищесіне оқуға түстім. Ондағылар мені Астрахан қаласына жібермекші болғанда онда барғым келмеді. Содан кейін қазіргі Астана қаласының әкімі Иманғалидың әкесі Нұрғали Тасмағамбетов маған Новобогат ауыл шаруашылығы училищесіне оқуға баруға кеңес берді. Ол оқу орнын бітірген соң ауылда тракторшы болып еңбек еттім. Тіпті Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы қысқа мерзімді курста оқып, «судан құтқарушы-водолазник» деген мамандық та алып шықтым. 1962 жылы әскер қатарына шақырылып, төрт жыл Қиыр Шығыстағы әскери-теңіз флотында қызмет еттім. Владивосток қаласынан Камчаткаға он бір айлық курсқа жіберді. Онда «моторист-электрик» мамандығын игердім. Әскерде жүргенде «Ұлы Жеңістің 25 жылдығы» мерекелік медалімен де марапатталдым.
Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, 1966 жылы елге оралдым. Аудандық әскери комиссариат басшысы, подполковник Досжанов маған «бізге кадр жетіспей жатыр, әскери комиссариатка жұмыска кел» деп қолқа салды. Алайда майдангер мүгедек әкем мені бұл жұмысқа жібермеді. Содан мектепке дене тәрбиесі, бұдан кейін алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналас­тым. 1971 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы әскери училищеге жолдамамен оқуға жіберілдім. Мұнда алты ай оқып, кіші лейтенант шенін алып, ауылға қайта келдім. Сол жылдары мектептегі еңбектен қол үзбей жүріп, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтын тамамдаған едім. Сонымен 1966 жылдан қазіргі кезге дейін Х.Нәубетов атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет жасап келемін. Оқушыларды өз Отанын сүюге, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытында қырық бес жылдық тәжірибем мен теориялық білімімді қолдануға күш саламын. 1987 жылы республикалық педагогикалық оқуға қатысып, жеңімпаз атандым. Мектебіміздегі «Жас мергендер» атты әскери-патриоттық клубының мүшелері бірнеше мәрте облыстық сайыстарда жеңіске жетіп, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Өзім аудандық алғашқы әскери дайындық пәні бірлестігінің жетекшісімін, далалық әскери жиындарының батальон коман­дирі міндетін атқарамын. Әскери шенім - ма­йор, мектептерде мұндай шендегі мұғалімдер қазір жоқ. Мен тәрбиелеген жүздеген шәкірттер бүгіндері республикамыздың түкпір-түкпірінде әр салада жемісті еңбек жүргенін мақтаныш етемін.
- Жанболат Қасымұлы, сіз бір кездері кеңшардағы комсомол-жастар шопандар бригадасына жетекшілік етіпсіз... Осы жөнінде не айтар едіңіз?
- Иә, 1983-1985 жылдар аралығында «Забу­рын» кеңшарында құрылған комсомол-жас­тар бригадасына жетекшілік еткенім рас. Оған мен «Қазақстандағы қой санын 50 мил­лионға жеткізу керек» деген ұран таста­ған коммунистік партияның тапсырмасымен барған едім. Қыс қыстауымыз - қазіргі «Бүр­кітжарыда» отырған Әбен қыстауы болса, жаз жайлауымыз - Батыс Қазақстан облысы­мен шектесетін «24-ші ауыл» еді. Ол кезде кең­шар директоры М.Жұмабаев, парторг М.Егізбаев деген ағалар болатын. Бригадаға ең көп келетін аудандық партия ұйымының хат­шысы Нұржиян Абдолова апай еді. Ол кез де бір жастық шақтың қызықты дәурені екені ғой.
- Сіз елдің қоғамдық жұмыстарына да жиі араласатын ұстаздардың бірісіз. Әрі аудандық мәслихаттың депутаты ретінде қандай игілікті жұмыстарға үлес қосқаныңызды білгіміз келеді?
- Мен екі шақырылымда да аудандық депутат болып сайландым. Әрине, халқым сенім білдірген соң, туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысуым керек деп шештім. Өзімнің тікелей араласуыммен Жанбай ауылына түгелдей газ желісі тартылды. Енді жаңадан су құбырын жүргізу, мал сою пунктін салу, балабақша, ауылдық емхананы күрделі жөндеуден өткізу сияқты шараларды жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінде «Нұр Отан» ХДП-ның мүшесімін.
- Біз өзіңіздей аға ұрпақ өкілдерінің ісін үлгі тұтып, мақтан етеміз. Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталғаныңызды, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі төсбелгісінің иегері екеніңізді білеміз. Ал 2010 жылы ұзақ жылғы ұстаздық еңбегіңіз үшін Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгіге ие болдыңыз. Ел құрметіне бөленген азаматтың жанұясы туралы да біле отырғанымыз жөн болар.
- Мен әлгінде көп балалы отбасында тәрбиеленгенімді айтып өттім ғой. Ал өзімнің Алла берген үш ұл мен бес қызым бар. Бүгінде бәрі де азамат болып, үйлі-баранды болған. Олардан немере мен жиендер сүйіп отырмын. Жұбайым Бердешова Рая Ақтөбе кооператив-сауда техникумын бітірген соң көп жылдар дүкенші, кейін тігін саласында еңбек етті. «Батыр ана» және «Алтын алқа» иесі, қазір зейнеткер. Ұлдарым - Бекберген, Оңберген, Жеңісбектің екеуі мұнай саласында, ал үшінші ұлым облыстық сотта қызмет істейді, ал қыздарым Гүлмира, Маржан, Талшын, Эльмира, Венера тұрмыста, бәрі де жоғарыда айтып өткендей, ұстаздық қызметті таңдаған. Бәрінің де арнаулы, жоғары білімдері бар. Осындай бақытты сыйлаған Аллаға ризамын. Шүкіршілік дейміз. Рая екеуміз 1968 жылы шаңырақ көтерген едік, оған қырық жылдан асқан екен, өзім 70-жасқа толамын, сол екі тойды бірге өткізсек деген ойымыз бар.
- Әңгімеңізге рахмет. Ұлағатты ұстаз өзіңіздей, жапырағын жайған бәйтерек сіздің отбасыңыздай-ақ болар! Ұрпақ тәрбиесіндегі мерейіңіз үстем бола берсін деген тілек айтамыз, ұстаз аға!
Әңгімелескен
Аяпберген САЛИХОВ
Жанбай ауылы,
Исатай ауданы,
Атырау облысы

Ғимади ЖҰМАҒАЗИЕВ, Х.Нәубетов атындағы орта мектептің директоры:
- Хамидолла Нәубетов атындағы орта мектептің ашылғанына биыл 80 жыл толмақ. Білім ордасында оқу үдерісін талапқа сай жүргізуге қазіргі заманғы жағдайлар толықтай жасалған. Компьютерлермен, интерактивті тақталармен жеткілікті қамтамасыз етілген. Сонымен бірге мұғалімдерге, әсіресе ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар туғызылуда. Мектебімізден осы ондаған жылдар ішінде түлеп ұшқан мыңдаған шәкірттер еліміздің көркеюі мен өркендеуіне өз үлестерін қосып, республикамыздың барлық аймақтарында еселі еңбек етіп жүр. Олардың арасынан мемлекет және қоғам қайраткерлерін де, ғалымдарды да, жазушы-журналистерді де, академиктерді де, мәдениет пен өнер жұлдыздарын да табуға болады.
Сондай-ақ мектебімізде ұзақ жылдардан бері шәкірттерін сапалы білім нәрімен сусындатып, оларға саналы тәлім-тәрбие беріп, кейінгі толқын жастарға жалықпай ұстаздық деген қасиеттің ұлылығын үлгі-өнегесімен ұғындырып келе жатқан ұстаз ағаларымыз да баршылық. Мәселен, солардың қатарынан Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі және Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісінің иегерлері атанған құрдастар Амангелді Қапарұлы мен Жанболат Қасымұлы ағаларды ерекше атар едім. Екі аға да табан аудармастан осы мектепте қырық бес жылдан аса уақыттан бері еңбек етіп келеді. Ардагер ағалар биыл екеуі де 70 жасқа толып отыр. Сондай-ақ ардагер ұстазымыз Меңдіғали Қуанов ағамыз да биыл асқаралы 60 жасқа толды. Бұл қуаныштар биыл сексен жыл толғалы отырған біздің мектебіміз бен педагогикалық ұжымымыз үшін үлкен мерейлі мереке болғалы тұр. Мектебімізде қазір 684 оқушы білім алуда. Оларға 83 жоғарғы, бірінші санатты мұғалімдер дәріс беруде. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыз көптеген республикалық немесе облыстық педагогикалық оқулар мен ғылыми-тақырыптық жобалар бойынша байқауларда жүлдегерлер атанып жүргенін мақтанышпен айта аламын.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570