Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2471 0 пікір 8 Қыркүйек, 2011 сағат 16:36

Ел дамуының елдік сипаттары. Жамбыл облысының Астанадағы көрмесінде айрықша айшықталады

Көрме қыркүйектің 8-9-ы күндері Хан шатырында, Конгресс холда өтеді. Одан кешегі кеңестік кезеңде негізінен аграрлық секторға және химия өнеркәсібіне басымдық берілген аймақ қысқа мерзімде сан-салалы өндірісті өлкеге айналып келе жатқандығын көруге болады. Елбасымыз облысқа өндірістің «тілін» білетін жігерлі жас Қанат Бозымбаевты басшылыққа жібергелі қағаздағы жобалар өңірдегі кәсіпорындарға айналып, өнім бере бастады. Сөйтіп, облыс өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі жөнінен республикада үшінші орынға көтерілді. 
Бұл күнде Қаратаудың фосфориті мен Ақбақайдың алтынын өндіретін кәсіпорындар қайта түлеп, Амангелдінің газы, Шатырқұлдың мысы, Мойынқұм мен Қордайдың граниті, Шолақтаудың мәрмәрі, басқа да толып жатқан құрылыс индустриясының өнімдері жаңадан игерілді. Металлургия кәсіпорындары пайда болды. Машина жасау, энергетика мен тамақ өңдеу өнеркәсібінде нақты қадамдар бар. Бау-бақша мен жеміс-жидекті, картоп пен қант қызылшасын, жүгері мен мал азығы дақылдарын, мал өнімдерін өндіру көлемі арттырылып, әлемдік сапа деңгейіне жеткізу бағытындағы жобалар жүзеге асуда. Бір сөзбен айтқанда, бұл көрме - бүтін Қазақстан табысының бір аймақтағы көрінісі.

Көрме қыркүйектің 8-9-ы күндері Хан шатырында, Конгресс холда өтеді. Одан кешегі кеңестік кезеңде негізінен аграрлық секторға және химия өнеркәсібіне басымдық берілген аймақ қысқа мерзімде сан-салалы өндірісті өлкеге айналып келе жатқандығын көруге болады. Елбасымыз облысқа өндірістің «тілін» білетін жігерлі жас Қанат Бозымбаевты басшылыққа жібергелі қағаздағы жобалар өңірдегі кәсіпорындарға айналып, өнім бере бастады. Сөйтіп, облыс өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі жөнінен республикада үшінші орынға көтерілді. 
Бұл күнде Қаратаудың фосфориті мен Ақбақайдың алтынын өндіретін кәсіпорындар қайта түлеп, Амангелдінің газы, Шатырқұлдың мысы, Мойынқұм мен Қордайдың граниті, Шолақтаудың мәрмәрі, басқа да толып жатқан құрылыс индустриясының өнімдері жаңадан игерілді. Металлургия кәсіпорындары пайда болды. Машина жасау, энергетика мен тамақ өңдеу өнеркәсібінде нақты қадамдар бар. Бау-бақша мен жеміс-жидекті, картоп пен қант қызылшасын, жүгері мен мал азығы дақылдарын, мал өнімдерін өндіру көлемі арттырылып, әлемдік сапа деңгейіне жеткізу бағытындағы жобалар жүзеге асуда. Бір сөзбен айтқанда, бұл көрме - бүтін Қазақстан табысының бір аймақтағы көрінісі.

Әдетте көрме ұйымдас­тырушылар тауарларын жарнамалау немесе туристер тарту сияқты экономикалық мүдделер көздейді десек те, жақсыңды жа­йып салу арқылы еліңе, жеріңе деген мақтаныш сезімін оятудың маңызы аса зор. Тек тауарлар мен туристерден түскен пайданың есебін қолма-қол шығаруға болады. Ал адамдардың кеудесінде оянған мақтаныш сезімінің берерін білгеніңмен мөлшерін болжалдау қиын. Дегенмен Бисмарктың Францияны жаулап алған - Германияның әс­кері емес, мектеп мұғалімдері, ал Ба­уыржан Момышұлының майдандағы ең құдіретті қару танкі де, зеңбірек те емес, жауынгерлердің жан азығы деген сөздері көп нәрсені аңғартады. Демек, тәуелсіз Қазақстан бүгінгі биігіне жерасты және жерүсті байлықтарының молды­ғы­нан ғана емес, сол байлықты игеруге адамдарының дайындық деңгейінің жоғарылығынан қол жеткізді.
Ал әлемде біз сияқты табиғи ресурстары мол халықтар да, мемлекеттер де баршылық. Тіпті кешегі кеңестік кеңістіктен де табылады. Бірақ олардың бәрі бірдей дүниежүзінің ең озық 50 елінің қатарына қосылу міндетін Қазақстандай қысқа мерзімде шешу мүмкіндігіне ие бола алған жоқ. Ол үшін олар алдымен адамдарын бір пәтуаға келтіруі керек.
Өркениеттер құлдырап, империя­лар ыдырағанда, бұрынғы саяси-мәде­ни орталықтардың шалғай шетінде пайда болған жаңа мемлекеттер таңдай­тын жол тарихта төртеу-ақ екен. Азатты­ғын алған елдердің оларды айналып өткені жоқ көрінеді. Тек сол жолдардың қайсысын таңдайтындығы халқы­ның салт санасына, мінез құлқына, ұстанған діні мен ел билеушісінің қабілет қарымына тікелей байланыс­ты екені таяу тарихтың өзінен айқын аңғарылады.
Сол жолдың бірі - ескіңе оралу. Бұны таңдаған қоғам жаңалықты «жау» көріп, бар жақсылықты ескіден іздемекке өткеніне қарай бұрылуды көздейді. Екіншісі - әсіре жаңашылдық (футуризм). Бұл керісінше өткенін менсінбей маңсұқ етіп, жат әкелген жаңаны көшіріп ала салуға пейіл беру. Ал үшінші жол - «өз қазаныңда өзің қайнап», «өз қотырыңды өзің қасыған» бейтараптық. Бұл жолдың бастауында бар жақсылықты көктен тілейтін діни ағымдар жатқандықтан оны әрекетсіздік деп бағалайтын ғалымдар да бар.
Қазақстан бұл үшеуін де қол көр­мей, төртінші - түлеу, жаңару жолын таңдады. Сөйтіп, кейбір көршілерімізге ұқсап, егемендік алуды өткенге оралу деп ұқпай, бауыр басып қалған бұрын­ғы жүйені батыл бұзды. Бірақ тағы бір көршілеріміз сияқты автократтықтан демократтыққа көшудің жөні осы екен деп, ақырында анархияға алып келген әсіре жаңашылдыққа жол бермеді. «Өз байлығым өзіме жетеді» деп басқа әлемнен бейтарап отырған ағайынның да қарасын көбейтпеді. Бірақ содан бері өткен 20 жыл Қазақстан таңдауының дұрыстығын барлық жағынан дәлелдеді. Міне, бұл көрмеден сол таңдаудың нақты жемісін көруге болады. Ал облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жәдігерлері астаналықтарды ел таңдауының терең тамырларына қарай жетелейді.
Астанаға әкелінген ортағасырлық археологиялық-этнографиялық жә­ді­­герлер жерімізде көшпенділер өркениетімен бірге қала мәдениетінің де қарыштап дамығанын тайға таңба бас­қандай етіп баяндайды. Бұл Тараздың айрықша гүлденіп, оған шығыстан да, батыстан да сауда керуендері ағылып келіп жататындықтан, әлем ор­талығы деген мадаққа ие болған кезі. Тараздың экономикасымен бірге ғылым-білімі де дамып, исі түркі, одан әрі ислам мәдениетіне үлес қосқан небір ғұламалар шыққан тұс. Тараздың сұлуларын, батырларын, олардың киген киімдерін, тағынған әшекейлерін, мінген тұлпарларын, асынған қа­руларын, жаққан опа-далаптарын (бұл опа-далаптар Тараздың өзінде өн­дірілген) елти жырлайтын Шығыстың ең ұлы шайырларының өлеңдері осы кезеңде туған. Қытай иірімінен кейін араб-парсы иіріміне түскен түркі ті­лінің болашағына алаңдаған Махмұт Қашқари әйгілі «Түрік сөздігін» осы кезде құрастырған. Оның замандасы, Тараздың егізіндей Баласағұнның тумасы Жүсіп «Құтты білігінде» исламдық-түркілік моральдық қағи­даларды адамдар қарым-қатынасында ұстанатын бір­ден-бір қалтқысыз үлгі ретінде ұсынды.
Қарахан мемлекетіндегідей гүл­де­ну дәуіріне еліміз енді қадам бас­ты. Қысқа мерзімде-ақ әлемнің ең да­мыған елдерімен сауда және мәдени тығыз қарым-қатынастар орнатты. Көне Жібек жолы әуе, автомобиль және пойыз жолдары арқылы қалпына келді. Жедел қарқынмен жүргізіліп жатқан әлемдік стандартқа сай «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының 500 шақырымы Жамбыл облысының аумағымен өтеді.
Хан шатыры мен Конгресс холда­ғы екі дәуірдің, екі түрлі өркениет­тің жәдігерлерін ортақтастырып тұр­ған осы жағдай. Бұл салыстырудан ел билеушілерін де тыс қалдырмайық. Гүлденген ортағасырлық мемлекетті Қарахандар әулеті (927-1212 жылдар) басқарды. Ең алғашқысы Сатұқ хан. Ал бүгінгі тәуелсіздік жылдарында елімізді бір ғана тұлға - Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келеді. Елінің қай жолды таңдағаны кейде билеушісінің амбициясына байланысты болатынына тарихтан мысал көп. Ал біздің Елбасымыздың саясаты ел мүддесінен туындады. Сөйтіп, Қазақстан халқы тарихтың осынау бір өтпелі кезең деген тайғанақтау көпірінен абыроймен өтті. Біз таңдаған түлеу, жаңару жолы бүкіл әлемге қазақстандық жол ретінде танылды.
Бұл жолды таңдауға басымдық берген елдік қасиетіміз, әрине, бір пәсте пайда бола қойған жоқ. Оның міндетті түрде тарихи бастауы бар. Міне, сол бастауды да Жамбыл мұражайының жәдігерлерінің арасынан табуға болады. Шу мен Талас, Алатау мен Қаратау аңғарларынан жиналған осындағы тас мүсіндер түркілер танымынан көп мағлұмат береді. Мұндай мүсіндер, әсіресе, Меркенің үш мың метр биіктіктегі Сандық жайлауында көп. Әрбір 400-600 метр сайын кездеседі. Бір таңданарлығы - еркек пен әйел мүсіндері жұбымен орналастырылған. Әйелдердің қолдарында қос қолдап ұстаған ыдыс бар. Ал Жайсаң жотасында (Шу ауданы) табылған осындай бір мүсіндерде әйелдер сол қолына құс, ал оң қолына тостаған ұстап тұрған көрінеді. Тек бір-екеуінде ғана еркектер сол қолымен қылышын ұстаса, оң қолындағы ыдыстан дәм ұсынады. Ер мен әйелдің тастармен қоршалған аумағы - кеңістігі бар.
Археолог-ғалым Айман Досымбаева бұл тас мүсіндер шоғырына түркілердің Меркедегі ғибадатханалары деп анықтама береді. Сонда біздің ата-бабаларымыз неге табынған, нені кие тұтқан? Құдайым-ау, олардың табынғаны да, сыйынғаны да Адам атасы мен Хауа анасының ұлы үйлесімі емес пе?! Жер бетінде өмір сүремін, көгеремін, өркенімді өсіремін десең, осы үйлесімді сақта деп тұрған жоқ па бүкіл адамзатты әлі күнге дейін арғы атасының есімімен Адам атап келе жатқан бірден-бір халық! Айтпақшы олар пендешілікпен жеп қойған жемісті де күні бүгінге дейін «алма» дейді.
Біз өтпелі кезеңнің өткелінен көшпелі өмірден қалған асыл қасиеттеріміздің арқасында әдемі өттік. Бірақ ол қасиеттер ендігі жерде басымдыққа ие бола ала ма? Әлемдік бәсекеде бұрыннан отырықшы елдерге қарағанда өнеркәсіптік еңбек «өтіліміздің» аздығы білініп қалмай ма? Жастық қашан да түзелетін кемшілік қой. Бүгінге дейін білінбеген соң енді білінбес. Оның үстіне көшпенділер өмір бойы табиғатпен «бәсекелесіп», оның қаталдығын қайсарлықпен жеңе білуге машықтанған халық. Бұл қасиетін отырықшылықтың балаң кезінде-ақ көрсеткен. Жамбыл облысының тек Талас ауданынан ғана 60-қа тарта Еңбек Ерінің шығуы, ал мойынқұмдық - Жазылбек Қуанышбаевтың бұл атаққа екі мәрте ие болуы соның дәлелі.
Жаппай көрініс берген бұл ерлік­тердің төркінінде де «ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген елдік қасиет жатыр. Біздің ауылдарда бір бозбала шаруаның жайын білмесе, кішілері күледі, қатарлары мазақтайды, ал үлкендері ышқындырады. Мұның әсері партия мен кәсіподақ жиналысынан әлдеқайда күшті. Ел жеке шаруа қожалықтарына көшкенде дәл осы қасиеті алғашқы кезде көпшілігінің қолы жетпей қалған кредиттерден артық тиімділік берді. Мен өзім туып өскен Аққұм ауылында жігіттердің алды қойын 5 мыңға, жылқысын 300-ге жеткізді. Ал бір отар қой мен бір үйір жылқы өсіріп отырғандары біраз.
Бірақ ауыл адамдарының малын айдап салып, жайбарақат жататын уақы­ты келмеске кеткен. Біздің өңірде ауыл жұмысының науқаны жылдың төрт мезгілінде де тынбайды. Ерте көктемде жоңышқа, мақсары, арпа, жаздық бидай, жүгері, қант қызылшасын, картоп, бау-бақша, жеміс-жидек кезегімен егіліп болысымен ала жаздай оларды суғарып күтіп баптайды да, маусым айының аяғын ала жиын-терін науқаны басталып, әр дақылдың пісу кезегімен қара күзге дейін созылады. Бұған төл алу, қойдың жүнін қырқу, өрісін ауыс­тыру, емдеу, жем-шөп дайындау, тағы басқа толып жатқан шаруалар қосылады. Мал қыстату да аса сын. Бұл заманда қора-қопсы әзір, техника сай дегенмен олардың шамасы келмей­тін бір шаруа бар, ол табиғатымыздың ерекшелігіне қарай малдарымыздың аяғымен жайылатындығы. Демек, біздің халқымыз қатал табиғатпен күні бүгінге дейін бетпе-бет келуде. Шу мен Талас­тың төменгі бойларындағы, Мойын­құм мен Бетпақтың жиектеріндегі елдер күні бүгінге дейін тұрмыстың осы тәсілімен өмір сүреді. Рас, ол жақтағы бұрын­ғы ірі елдімекендерден ел біраз көшті. Өйткені Кеңес үкіметі бұл өңірлерде малды мөлшерден тыс өсірмек болып, халықты да көп қоныстандырған еді. Содан соң ауылдарда отбасындағы бір ғана балаға орын бар. Қалғанда­ры өз кәсіптерін қалалардан іздеуі табиғи үрдіс. Егер ірі мегополистерде жамбылдықтар көбейіп кетсе, оны біздің өңірде жұмыс орындары жоқ деп түсінбеу керек, облыста тұрғындардың табиғи өсімі жоғары деп қабылдау керек. «Батыр ана» атағын алып, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, «Алтын алқа», «Күміс алқа» таққан аналар саны облыста 20500-ден асып жығылады. Бұл цифрлар өмірге ұрпақ әкелген аналар мен олардың балаларына мемлекет тарапынан, әсіресе, соңғы жылдары көрсетілген қамқорлықтың біздің облысымыздағы көрінісі. Ал мемлекет қамқорлығының қайтарымы Жамбыл өңірінде көптеген облыстан жоғары болса, оның да өзіндік сыры бар. Өйткені мемлекет өз қамқорлығын ала-құла жасамайды. Ала-құлалық отбасылардың ынтасынан шығады. Демек, Жамбыл облысында көпбалалы аналардың баршылық болуы да - ұлттық психологияның жемісі.
Бірақ күні бүгінге дейін тамаша жемістерін берген ұлттық психологияны қалыптастырған көшпелілер өркениеті енді жоқ. Адамзат тарихында пайда болған 21 өркениеттің он төрті өлген екен, соның бірі болды. Ал тірі тұрған жетеудің алтауына (үнді, ислам, православие т.б.) батыс-христиандық өркениет батыл енуде. Өйткені барлық әлем жаңа дәуір­дегі ғылыми-техникалық өрлеуді тек батыс-христиандық өркениет арқылы қабылдады. Сондықтан да ұлттық пен осы батыс-христиандықты үйлестіру бұл заманда барлық өзге өркениеттер мен қоғамдардың бас қатырып жатқан шаруасы. Қазақстан таңдаған түлеу, жаңару жолдары да осы ұлттық пен батыс-христиандық құндылықтарды халқымыздың мүддесіне сай етіп үйлестіруді көздейді.
Еліміздің ашық қоғам құра­тындығын пайдаланып, жөн айтушылар көбейіп кетті. Мұндайдан мыңдаған жылдық тәжірибесі бар миссионерлер алдымен жетіп, коммунизм деген Құдайы күйрегендіктен жан дүниесі жаңа бірдеңе іздеген жерлестеріміздің жүректеріне жат сенімдерді ұялатуға тырысып бағуда. Тіпті қалай жүріп-тұруымыз бен киінуміздің үлгісін де тықпалап жатқандар бар. Дегенмен қоғамымызда сырт ықпалға ерушілер емес, жақсыны қабылдаса да, жаманнан жиреніп, өз таным-тамырын іздеушілер басым. Мұны мен облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Төлепберген бастамашы болып өтіп жатқан «Қазақ келіні қандай болуы керек?» деген тақырыптағы «дөңгелек үстелдер» оты­рыстарына қатыса жүріп байқадым. Жас­тар көшпелі өркениеттің қайтып келмейтінін де, батыс-христиандық өр­кениетті сол күйінде көшіріп алуға болмайтындығын да жақсы тү­сінуде. Сондықтан да қазіргі қазақ мә­де­ниетінің суырылмас қара қазығы қайда қағылған деген сұраққа жауап іздейді.
Сол жауапты оларға Тараз Мем­лекеттік педагогикалық инс­ти­тутындағы «Бауыржантану» орта­лы­ғының жетекшісі, әдебиетші-ғалым Мекемтас Мырзахметұлы ұсынады. Ол біздің мәдениетіміздің қара қазығы Абай, ол қалдырған «Толық» адам ілімі дейді. Адамның өзін-өзі кемелдендіруі ескінің ең інжуін, жаңаның ең жа­ғымдысын алу арқылы жүзеге асады. Ол адам өз тамырын тереңдете білумен бірге жаттың жақсысымен де жанын байытады. Демек, кемелденген адамда бұл екі үрдіс үйлесіммен жүріп, бүгінгі біздің қоғамның проблемасы орнымен шешіледі. Сондықтан да біз қайтіп қазақ боламыз деп құр даурыға бергенше, қазақ болу үшін - адам болу керек екенін ұғынып, Абайдың «Толық адам» туралы іліміне бет бұратын уақыт жетті.
Анау бір жылдары Жамбыл об­лысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетовтың бюджеттен қаржы бөлуге ықпал етуі арқасында ашылған «Бауыржантану» орталығының мақсаты батыр-жазушының 30 томдық шығармалар жинағын шығарумен шектелмейді. Орталықтың мақсаты - Бауыржан Мо­мышұлы Абай сипаттаған кемел адам екенін дәлелдеп, батыр жазушының бойындағы қасиеттерді азаматтықтың үлгісі ретінде ұрпаққа сіңіру.
Таразда тербеліп жатқан осынау ойды еліміздің өзге өңірлерінің оқу орындары да қолдап-қоштап кетсе, одан әрі мемлекеттік бағдарламаға енсе ел дамуына қосар үлесі ұшан-теңіз екенін түсінуіміз қажет-ақ. Керек болса бұл елдігімізге сын. Өйткені біздің қоғамымызға енген жаңа кәсіп - бизнестің де негізінде адамдардың бір-біріне адалдығы мен сенімі жатыр. Бәсеке күшейген сайын арлы адамдардың бәсі жоғарылай береді. Мұның мысалын біздің облыстан да табуға болады. Ұзақ жыл Қырғызстанда еңбек еткен танымал кардиохирург, профессор Сейтхан Жошыбаев еліміз­ге қайтып оралды. Бірақ ол Мемлекет­тік медициналық орталықтардан маған лауазымдық қызмет беріңдер деп атақ-даңқын салмақтаған жоқ. Уақыттың шақыруын үркектемей-қорқақта­май қабыл алып, Тараз қаласынан жекеменшік кардиохирургиялық орталық ашты. Оған қажетті қаржы көздерін де өзі іздеп тапты. Бұл күнде орталықта емделетіндердің географиясы республика аумағынан асып кетті. Дертіне шипа іздегендер бұл орталықты дәрігердің біліктілігі үшін ғана емес, «бармақ басты көз қыстыға» жол бермейтін тазалығы үшін де табады. Профессормен әңгімелескенде байқағанымыз сыбайластыққа бір иығы «бейімдеу» облысымыздың одан аты «шығыңқыраған» саласында осындай бір бейкүнә-періштелікпен қызмет көрсетудің үлгісін жасау ол кісінің өмірлік мақсаты екен.
Сейтхан жоғарыда біз сөз еткен Мерке, Құлан өңірінің перзенті. Халқымыздың ар тазалығы оған ана сүтімен дарып, айрандай ұйыған ауыл тәрбиесімен суарылған. Міне, осылай ұлттық тәрбиенің уызына жарып барып, білім қуып білікті маман болған Сейтханның Бауыржандай адалды­ғы мен табандылығы өркениеттік бәсекеде ең қадірлі қасиет болып шыға келді. Өткен жылдың аяғында ел Президентінің «Алтын сапа» сый­лығын алған оның Орталығына жақында Англияның атақты Окс­форд университеті ғалымдарының ұй­ғарымымен «Еуропалық сапа» халықаралық сыйлығы берілді.
Алып мұхиттай бір тыншымайтын адамзат қоғамының тегеурінді толқындары жеке адамдар тұрмақ, бір тұтас халықтардың өзін сансыратып тастайды. Жұтылып кеткендері қаншама. XV ғасырда Керей мен Жәнібек ханның соңынан ілескен тайпалар қазақ болып ұйысты. Отарлық дәуір бұл халықты езіп, қырып қана қоймай, сол көрсеткен қорлықтарымен одан сайын шыңдап, есейтті. Міне, енді бүкіл қазақстандықтар болып түлеу, жаңару дәуірін бастады. Мерке ғибадатханаларында түркілер табынған символикаларда бейнелегендей біздің халқымыз бүгін де отбасы-Отанының береке-бірлігін сақтап, келген меймандарына ақ көңілін ұсынып, қолынан бейбітшілік құсын ұшырып отыр.

Елен Әлімжан, жазушы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475