Көрінбейтін жаудан қалай қорғанамыз?
Мына бір қанатты сөзді көбіңіз білесіздер: «Адам-пенде өзі танымайтын нәрсеге дұшпан болады» деген.
Олай десек, дәл қазіргі кезде кеселімен әлемді жаулап «пандемия» деп ат алған ауру тудырғыш вирус туралы біз не білеміз? Ол жөніндегі дүниежүзілік ақпарат тасқыны сол вирустан да көп тарап жатыр. Алайда, дәл осы «жаудың» не екені, оның табиғаты қандай екені, қалай тарап, қайда өсіп-өнетіні жөніндегі «ғылыми-көпшілік ақпараттың» өте аздығы байқалады. Сол үшін осы вирус деп аталатын «көрінбейтін жау» туралы аз ғылыми мағлұмат айта кетсем, дұшпанды танудың қорғануға да пайдасы тисін деген ниет деп білерсіздер.
Осыдан үш жүз елу жылға таяу уақыт бұрын яғни 1673-жылы Голландиялық өнертапқыш Левенгук өзі жасаған үлкейткіш шыны арқылы тамшы судан «кішкентай жәндіктерді» яғни біз қазір «бактерия» деп атайтын тіршілік иелерін алғаш ашқан еді. Сөйтіп, Бактерология деген ғылым саласы осыдан бастап дамығаны сонша, адамзат қазір бактериялардың түрлі-түрлі пайдалысын шаруашылыққа қолданып, ауру тудыратынына қарсы вакцина дайындап, ауыртқан кезде жазып алатын қаншама түрлі антибиотиктерді де жасап қойды.
Айтайын дегенім, осы «кішкентай жәндіктердің» түрінің сонша көптігі. Жер бетінде омыртқалы, омыртқасыз деп үлкен екі топқа бөлінетін көзге көрінетін кішкентай, өте үлкен алып қаншама жәндік-жануарлар бар екенін Биологиядан білеміз. Ал, бактериялардың түрі осылардан 25 есе көп! Ал, санының шегі жоқ десе болады. Бактерия қолайлы жағдай туғанда әр бір жиырма минутте екі есе көбейеді. Мұны былай түсінуге болады, жалғыз бактерия осылай өскенде жер бетін он күнде толық жаба алады!
Содан да, бактерия жер бетінің бүкіл түкпірінде тіршілік етеді. Бір грамм топырақта үш миллиардқа дейін, өзеннің бір сантиметр куб таза суында жүз мыңнан кем емес, үлкен қалалардың ауа тозаңының сантиметр кубы сайын судағыдан сәл ғана аз осы бактериялар «сайран салып» жүреді. Жауын тамшысында ғана өте аз, не болмауы мүмкін.
Бактерия тіпті, мұхиттың ең терең тас қараңғы түбінде де, жүздеген метр тереңнен атылып шығатын артезиян суларда да, жер асты мұнай құрамында да, оттай жанған сахара құмдарында да, антариктиканың мұз-жартастарында да кезіге береді.
Ал, адамның өз денесінде де түр-түрі қаптап жүр. Оның адам денесіне қызмет ететін пайдалысы да, дене әлсіреген кезде бас салып ауру тудыратын түрі де қатар тіршілік етуде.
Мәселен, тоқ шегіміздегі бактерияның микрофлорасы бізді жылумен қамтамасыз ететін энергия көзі әрі жеген азығымыздың ең соңғы қалдығын қортатын ең пайдалы түрі. Ал, жұтқыншақ безіндегі стрептококк деген бактерия «ангина-тонзиллит» деген денсаулыққа зиянды созылмалы аурудың қоздырушысы.
Міне, осылайша біздің бүкіл денеміз бактериялардың «квартирасы» десе де болады. Бет-жүзіміз, шашымыздың арасы, бүкіл денеміздегі терілердің тесіктері, қол, саусақ, тырнақ асты, ауыз, мұрын қуысы... қойшы бактерия мекендемейтін бір жер таба алмайсыз!
Мұны неге айтып отырсыз, бактерияның вирусқа қанша қатысы бар, деген сұрақ көкейіңізге туып келе жатқан болу керек. Өйткені, осы көзге көрінбейтін екі жәндіктің өзара байланысы ауру тудыратын вирустан қорғану жағынан өте қатысты екенін түсіндіру үшін айтып едім. Енді, соған келеміз.
Бактерияның ең кішкенесі 2-4 микрон, ал ең үлкені 40 микрон болады. Бір микрон деген миллиметрдің мың да бір бөлігі екенін ойласаңыз, бактерияның қаншалықты кішкентай екеніне таңқаласыз. Сөйте тұра бактерия бір жасушалы кәдімгі жәндік, өз-өзінің өзгеше түрі бар, көбейеді, өз жауынан сақтанады... деген секілді.
Ал, бізге «жау болып тиіп жатқан» вирустың көлемі қандай? Орыстың бір вирусолог ғалымы оны адамдарға түсінікті болу үшін былай салыстырыпты: вирусты бір тиындық дөңгелек деп көрсек, ең үлкен бактерия оның жанында Мәскеудің «Динамо» деген стадионындағы футбол алаңындай депті. Яғни, вирус бактерияны өлшейтін өлшемнен мың есе кіші миллимикрон деген өлшеммен мөлшерленеді екен. Мәселен, мидың менингит ауруын қоздыратын вирусы 30 миллимикрон, ал темекі жапырағын шыбарлайтын вирус бұдан екі есе кіші, аусыл қоздырғыш вирус 8 миллимикрон ғана.
Міне, вирус осынша кішкентай болғандықтан да ғылымда белгілі болғанына жүз жылдан ғана асты. Яғни, 1892-жылы Ресей ғалымы Дмитрий Ивановский ұзақ уақыт жасаған жанкешті тәжірибенің нәтижесінде «темекі жапырағын шыбарлап» ауыртатын кеселдің бактериядан да кішкентай «белгісіз жәндіктен» екенін тапты. Бірақ, оны ең зор үлкейткіш микроскоппен де көре алған жоқ. Тек қана, ауырған темекі жапырағынан алынған сөлді ерекше нәзік сүзгімен көп қайта сүзу арқылы сондай жәндіктің бар екенін дәлелдеді.
Осы вирусты тек қана электрондық микроскоп іске асқан соң көргенде яғни 200 мың есе үлкейткенде көзге түсетін қарындаш пішінді «тірлік иесі» болып шықты. (Адамзат алдындағы осындай ерен еңбегі үшін кейін болса да Ресейдің Вирусология институтына Ивановскийдің атын берген екен.)
Алайда, Вирусология ғылымы оп-оңай қалыптаса салған жоқ. Көптеген биолог ғалымдар вирусты жәндік емес, күрделі химиялық зат деп атады. Өйткені, вируста жасуша-клетка жоқ еді. Вирустың бүкіл түрі өте күрделі протейн белоктары мен нуклейн қышқылынан құралады. Протейн белогын вирустың қабы десек, нуклейн қышқылы оның өзегі саналады.
Мәселен, темекі жапырағын ауыртатын вирус таяқшасының ішіндегі нуклейн қышқылының ұзын молекуласын ерекше тәсіл арқылы жеке суырып алғанда ол «жәндіктік» қасиетінен дереу айырылып, әншейін химиялық заттарға айналып шыға келген. Вирус кезіндегісі секілді бірінен-бірі көбейетін, өз түрін сақтайтын, ортаның кері әсерінен «қашатын» қасиетінен айырылып қалған. Бұл ғажап тәжірибе, қалай десе де, вирустың ең қарапайым жәндік екенін көрсетіп берді.
Сонымен қатар, вирустың өзегін құрайтын нуклейн қышқылы оның негізгі қасиеті, тірлік белгісі екендігі де анықталды.
Осындай, қаншама зерттеулердің нәтижесінде сонша жүз жылдан бері адамзатты талай қырғынға ұшыратып кеткен «тұмау-грипп вирусының» түр-түрі белгілі болды. Бауырдың жұқпалы дертін тудыратын вирус түрлері де әбден танылды. Сөйтіп, вирусология ғылымы медицина саласының бір қанаты болып, одан сақтанудың, емдеудің жолдары да жолға қойылып келе жатқан еді.
Вирусологияның ең негізгі жаңалығы вирустардың паразит жәндік екендігін ашқаны. Осыған байланысты вирустарды негізгі үш топқа бөледі: Қазір өсімдік текті 200 түрлі вирус анықталған. Ал жануар және адам текті врустардың да түрлері сол шамада.
Былайша, айтқанда вирустар тек қана тірі, жанды организмде ғана тірлік ете алады деген сөз. Осынша түрлі вирустар өз «таңдаған өлкесінде» ғана тірі бола алады. Мәселен, өсімдік текті вирустың жануар мен адамға қатысы жоқ. Алайда, жануар текті вирустар адамға жұға алады. Ал, адам текті вирустың да адам денесінде «жақсы көретін» арнайы жерлері бар. «Сарсүзек» яғни гепатиттің «с», «в» т.б. түрлері тек бауырға кіріп соны бүлдіреді. Грипп вирустары кеңірдек, бронхларда тез өседі деген секілді...
Енді, вирустар қайтіп таралады, қалай жұғады дегенге келейік. Мақаламыздың бас жағында топырақта, ауада, суда... қаншама бактериялардың болатынын айттық. Міне, ауру тудыратын вирустар уақытша осы бактерияларды «көлік» ете алады. Көздеген жеріне жеткенше біраз уақыт «өзінен үлкен» осы жәндікті паналай тұрады деген сөз. Тұмау-грипп тудыратын вирусты медицинада «Тыныс жолдарының жедел тұмауы» (ОРЗ) яғни ауа-көпіршіктері арқылы жедел таралатын вирустық жұқпалы ауру деп атайды.
Былайша айтқанда, грипп-тұмаумен ауырған адамның түшкірік, жөтелі, сөйлегені арқылы айналаға шашыраған вирустар ауадағы бактерияларға жабысып басқа сау адамдарға тасымалданады деген сөз. Ауадағы бактерияға жабысқан мыңдаған жаңа вирустар басқа адамдардың тыныс жолына, мұрын қуысына, ауызына, жұтқыншағына кіріп келеді. Кіріп келе сала жаңа вирус енді, адамның өзіне қолайлы жері саналатын тамақ, мұрынның кілегей қабатына жабыса бастайды.
Алайда, адамның арнайы қорғанысқа арналаған кілегей қабаттары жаңа шабуылдаушы вирустарды «хош келдің!» деп, құшағына алмайтыны анық. Ең бірінші кезекте, түшкіру арқылы «кіріп келгендерді» қуып шығу амалы іске асады. Одан, аман қалған вирустарды кілегей қабаттың «ерітіп жіберуші» сөлдері іске жегіліп жоюға кіріседі. Одан да аман құтылып кеңірдекке қарай қашқан вирустарды «жөтел» деген рефлекс қақырықпен қосылып қуып шығуды қарастырады.
Сонымен қатар, сырттан «вирус» деген жау кіріп келгендігі бүкіл денеде ерекше түйсік арқылы жарияланып иммундық-жүйе яғни денедегі Ішкі Істер қорғанысы қарсы шабуылға дайындалады. Сөйтіп, лимфадағы, қандағы қаншама «арнайы түйіршіктердің» сандары әдеттегіден молайтып, қорғанысқа дайын тұрады. Мұндай табиғи «SOS»-тың ең алғашқы белгісі дене температурасының ерекше қызуы арқылы білінеді.
Бірақ, қауіпті вирус денеге кіре сала ондай «SOS» жарияланбайды. Яғни «жасырын» кезең деген болады. Бұл денеге кірген вирустың адаптацияға түсіп күш алғанша «бұғып жатуы» десе болады. (Шетелден ауырғанын білмей келгендер осы кезеңде қалғандар).
Ал, қазіргі таралып жатқан «коронавирус» осы грипп-вирусына өте ұқсайды. Көпшілік тығыз жиналған жерде тез таралуы, үлкен қалаларда көбеюі бұл вирустың да ауа-көпіршік арқылы, ауадағы бактерияларды «көлік» ететінін дәлелдеп тұр. Және, жұққан адамдардың да ең әуелі тыныс жолын бүлдіруде. Сол себептен де, үлкен қалалардағы көшелерде ауқымды дезинфекцияларының жүргізілуі ауадағы және басқа заттардағы бактерияларды қырып-жою арқылы вирустардың жолын кесу болып табылады.
Ал, вирустарды жұқтырған адамдар болса оны әлі жетпеген жерге «тасымалдаушы» деген сөз. Сол себептен де, індетті одан әрі таратпаудың, қоғамды сақтаудың бірден-бір жолы «Карантин тәртібін» орнату екені анық.
Адамзаттың соңғы Елшісі (с.а.у.) де: «Індет таралған өлкеден шықпаңдар әрі індет таралған өлкеге бармаңдар», деген хадисін қазір эпидемиология ғылымы жан-жақты дәлелдеп қойғаны тегін емес.
Осыған сәйкес, бұл індеттен жеке адамның ең тиімді сақтану жолын да осы сүннетке байланысты етіп айтсақ бүкіл адамға түсінікті болар деп, үміттенеміз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұсылман адам қайда жүрсе де дәретпен жүрсін», деген мағынадағы хадисін аманат еткені, мына дүниеде пәле мен індеттен сақтанудың бірден-бір жолы екенін көрсетіп тұрған секілді.
Күніне бес рет, кейде одан да көп рет алынатын дәреттің төрт парызы, біз жоғарыда айтқан дененің ашық жерінде жүретін бактерияларды жуып, тазартып тұратын ғажап ғибадат екені анық.
Ал, дәреттің сүннеті саналатын тамақ, ауыз қуысын әр жолы үш реттен қарғара арқылы шаю, мұрын қуысын да кеңсірікке дейін үш реттен шаюдың қаншалықты маңызды екендігі мақалада айтылған мәселені ұққан адам үшін өте түсінікті шығар.
Өйткені, өте таза тұрған мұрын қуысы мен тамақ қуысы шаң басқан, кір басқан қуыстан артық екені, індетке қарсыласу қабілеті жоғары болатыны белгілі емес пе!? (Мәшинеңіздің бітелген май-филтрін ауыстыратыныңызды еске алыңыз!)
Ұлы Жаратушы әрбір адамның мұрын, тамақ қуысында ғажайып қорғаныс жүйесін жаратып қойғандығы, біздің тағып жүрген маск-тұмылдырықтан артық екенін сәл ойланған адам ұға алады дейміз. Осындай қарапайым, ақша жұмсалмайын, арып-шаршамайтын тиімді бір сақтануды мұсылман ретінде, бұрынғы дәргер ретінде отандастарыма айтуды өзіме міндет санадым. (Басқа сақтану, емделу жолдары жеткілікті айтылуда)
Ал, қазіргі ақпаратта көп жазылып жатқандай қария адамдардың бұл індетке тез шалдығуы олардың мұрын, тамақ кілегей қабаттарының кәріліктен жұқарып әлсіреуі және иммундық-қорғаныс жүйесінің де азаюы деп ұғу керек.
Және, бір пікірді қоса кетсем деп, едім. Осыдан жүз жылға таяу уақыт бұрын грипптің тағы бір пандемиясы таралған кезде әлдебір физик ғалым «Бұл грипп күннің радиактивтігіне байланысты күшейіп тұр, күн активтігі азайған кезде тоқтайды» дегенде, надан көпшілік «аспандағы күннің жердегі ауруға қандай қатысы бар?» деп, мазақ қылыпты. Бірақ, бұл ғылымда қазір дәлелденіп қойған құбылыс. Қазір де, осындай врустың өршуі, дүниежүзінде ауа-райы катаклизмдерінің күшеюі жер шарның магнит өрісінің ауытқуынан деген болжамдар да айтылуда. Расында, шексіз әлемді бір-бірімен Ұлы Жаратушының себептер заңдылығы ұстап тұрғанын қалай жоққа шығара аласыз...
Сондықтан, кейбір саясаткер-блогерлердің «Бұл қытайдың бактерологиялық соғысы» дегені ғылыми сауатсыздығы. Жанды вирусты қойып, адамзат технологиясы әлі күнге күрделі белоктарды да құрастыра алған жоқ. Сонда, Жаратушының ғана күші жететін жаһандық құбылысты «қытайлар басқарып жатыр» деу тым күлкілі нәрсе.
Қайта, Исламтанушы ғалымдардың «Бұл Ұлы Жаратушының адамзатқа жасаған ескертуі, көптеген хикметі бар ғаламдық құбылыс» деуі әлдеқайда ақылға қонымды секілді.
Абай Мауқараұлы,
жазушы-журналист.
Abai.kz