Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3609 5 пікір 6 Сәуір, 2020 сағат 13:28

Онлайн оқыту туралы көпәріп

2004 жыл болатын. Бір білім шенеунігі шақырды. Шай қойды, бірақ берген жоқ. Өзі де ішпеді. Ұмыттық шайды. Себебі ол Наполеонның жоспарын айтып, мен қоштап үлгерген едім.

Қысқасы ол - облыс мектептерінде неше адам зейнетке кететінін, келесі жылы қай мектепке неше физик қажет болатынын көріп отыратын жүйе жасауға бола ма деп сұрады. Үлкен экранда облыстың картасы тұрса дейді. Онда мектептер тұрса дейді. Солардың төбесінен — неше адам оқиды, қанша адам керек деген сияқты сандар шығып тұрса дейді.

Неге болмасын! Әбден мүмкін!

Бірақ шенеунігің мұның алдында да осы мәселе бойынша ізденген екен. Экономика, орташа компьютер сауаты деген түсініктермен таныс емес бір әумесерлермен жолығыпты. Олар Алматыда тұратын экспаттың дәстүрімен - серверге екі миллион, Oracle-ге лицензияға екі миллион, кодерлерге айына 4 миллион, сосын... әр мектепке Oracle лицензиясына 400 мың депті. Сосын, ай сайын 5 миллион және төлеп тұрасың депті, «обслуживаниеге». Одан шенеунігім шошып кетіпті. Бірақ арзан жолымен істеуге болатынын сезіп жүріпті.

Мұны ... менің ақымды төлесе, тегін шығатынын айтқанымда, көзі атыздай болды.
Тегін деп айтқаным рас еді. Менің архитектурам былай болатын.

1. ЭФНО сияқты толтыруға болатын форма жасап береміз. Мысалы, #1 форма - мектептегі мұғалімдердің тізімі. Оны мектептегі хатшы қыз толтырып... кәдімгі электронды поштаға жібереді! Иә!

2. Біз жақта пошталарды бір бумаға көшіріп тұратын клиент тұрады. Мысалы Thunderbird. Поштаға хат келсе дереу көшіріп алып, бумаға зытырып отырады.

3. Өз кезегінде ол бумаға түскен файлдарды тағы бір программа оқып, базаға енгізіп отырады.

Әрі қарай өзің біл! Картаға шығарып қоясың ба, қағазға басып аласың ба - өз еркің!

3 ай ішінде прототипін жасадым. Әрине, database ретінде өзімнің сүйікті Interbase таңдадым. Мұның алдында бұл жүйені тіпті «Abrams» танкісі мен Мюнхен метросының билет сату жүйесінде тұр деп естігем. Рас-ау дедім. Авариялар жасап, тоқты жорта ажыратып та көрдім: түк болмағандай, тоқтаған жерінен жалғастыра береді енді сабазың!

Презентация жасадым. Мектептен электронды есеп формасын толтырып жіберудің имитациясын жасадым: дос-жарандар мен белгі берген кезде толтырылған форманы поштаға жіберді. Экрандағы картадан жыпылықтап сандар да секіріп шыға берді. Тіпті Алтықарасу мектебіндегі Қатипа интернет болмағасын, форманы флешпен әкелген жағдайды да көрсеттім. Тізімде жоқ поштадан хат қабылданбайтынын да көрсеттім. Қысқасы, файл-сервер архитектурасы өзін керемет жағынан көрсетті.

Бәрін министрліктегі шенеуніктер мен соларға ақыл айтып жүретін мердігерлер бүлдірді. Біз ондайды баяғыда жасағанбыз, ертең өзіміз қоямыз деді. Клиент-сервер екен. Базасы - Informix. Мәңгіреді де тұрады. Құлап қалса, толтырып қойған қырық жолың жоқ болып кетеді. Әйтеуір азабы қанша болса, лоббиі сонша болды. Тоқетері, бір-екі ай айтысып көрдім де, сосын қолымды бір сілтедім.

«Онлайн-оқыту» мәселесі де сол. Метрополия өз әлемінде өмір сүріп жатыр. Презентация кезіндегі ADSL — ауылда қайда, қарақтар. Ауылға — қауға, балта, сүймен сияқты қарапайым нәрсе керек. Бірақ оны он бес жылда әлі түсінбепті. «Енді малды смартфонмен сатуға болады» деп соғып еді бір шенеунік. Білім министрлігі де консультацияға жарымай, сол шенеуніктің деңгейінде қалғаны қынжылтады.

Ерлан Оспанның әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434