Мемлекетшіл интернет-басылымдарды мемлекет те қолдайды
Жуырда әлеуметтік желіде ақын Бауыржан Қарағызұлының жазбасы жарияланды. Ол өкпе мен ренішке, кейіске толы жазбасында еліміздегі ақпараттық саясатты сынға алыпты. Өзі басқаратын http://madeniportal.kz сайтының мемлекеттік тапсырыс ала алмай қалғанын да қынжыла отырып сөз етіпті. Жөн-ақ. Бірақ мемлекеттік тапсырысқа әр үміткер қол созғанымен оған әркім (әр жобаның иесі) еге бола алмайтындығын басқа-басқа, осы Бауыржан мырза жақсы білсе керек еді. Өйткені бұл азамат – қайсыбір жылдары Үкіметпен, оның ішінде Ақпарат министрлігімен әріптес болған адам. Мәдениет министірлігінде де лауазымды қызмет атқарды. Ақын-жазушыларға арналған шығармашылық байқауларды ұйымдастырып, соның басы-қасында жүрді. Сөз жоқ, өзі де талантты ақын. Ал ақынға үйренген соң жирену тән мінез болса керек. Бұл арада біз нақтылап, «бір жобаны бастап, оны игерген соң, ақын адам келесі жобаға өтуді аңсап тұратын сияқты» десек, ақиаттың аулынан алыс қонбаймыз. Өйткені Б. Қарағызұлы осының алдында adebiportal.kz сайтын басқарып, бұл күнде танымал болған медиа-жабаның жұмысын жолға қойды. Содан кейін...кетті. Содан кейін, өзі де, сөзі де өзгерді. Енді ол кеше өзі әріптес болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сыншысына айналды. Иә, сын айту, пікір білдіру – Бауыржанның азаматтық қақы һәм еркі. Баспасөзге байланысты сын осы Abai.kz ақпараттық порталында да жиі шығып тұрады. Бірақ, бұл сайт қашанда «сын – сын болсын, сын шын болсын» позициясынан аумайтындықтан ба, оның сыны қоғамдық пікір тудырып, дұрыс қабылданып жатады. Мейілі, Бауыржанның сынын жеке көзқарастағы адамның сыны деп байлам жасасақ та, азамат аты бар ақынымыз өзі «тілін» тәп-тәуір білетін жаңа-медианың, елімізде жаңадан қалыптасып бастаған азаматтық журналистиканың кем-кетігіне де тоқтала кетсе құп болар еді.
Иә, қазіргі баспасөзде интернет-басылымдардың алар орны ерекше. Жұмыс істеп тұрған сайт, порталдар да аз емес. Оның әрқайсысы өз әлінше ақпарат таратып, түрлі контент ұсынып келеді.
Бірақ сол сайт, порталдардың көбінде кездесетін кемшілік – бір-біріне сойып қаптап қойғандай ұқсастығында болса керек. Қарап отырсаңыз, ғаламтордағы БАҚ-тың бір тобы әнші-бишілердің жүрген-тұрғанын, енді бір тобы «жаға ұстатар» жағымсыз жаңалықтарды аңдып, тек соларды ғана жария етумен шектеледі. Ал кейбір сайттар мұндай «ұсақ-түйекті» жазбағанымен, жылт еткен бір ақпаратты бәрі бір стильде жарыса жариялайды. Оған басқа қырынан қарап, басқаша мазмұн беруді, балама дерек көздерін пайдалануды тіпті де ойламайды.
Оның үстіне, идеологиялық ұстанымы анық емес интернет басылымдар да бар. Белгілі бір топтың, өзге бір елдің сойылын соғатын сайттарды да жоқ дей алмаймыз. Соның бір даусыз мысалы, Ресей баспасөзінде айтылған ойды айна-қатесіз көшіріп алып, қазақстандықтарға ұсынып отырған сайттардың санынан жаңыласыз.
Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Енді осы сайт, порталдардың қаншасы өз-өзін асырап отыр? Шынын айту керек, жеке демеушіге, не жарнамаға арқа сүйеп күн көріп отырған сайттар санаулы ғана. Оның үстіне, түрлі әлеуметік желінің кең қолданысқа енуі интернет басылымдардың тынысын тарылтып жіберді. Баспасөздегі кәсіби деңгейде жазылған шынайы ақпараттан гөрі әлеуметтік желідегі қысыр сөзге сенетін ағайын көп қазір.
Кейбіреулер «әлеуметтік желінің дамуына байланысты дәстүрлі журналистика қатардан шығады» деп жүр. Әлеуметтік желіде аз кем жазба жариялап, өздерін азаматтық журналистиканы жолға қойдық деп санайтындар бар. Бірақ олардың арасында жауапкершілікпен, кәсібилікпен материал жазатындар санаулы ғана. Көбінің жазбасы журналистиканың жүгін көтеру былай тұрсын, қарапайым грамматикадан, сауаттылықтан ада.
Сайттар жекелеген демеуші немесе жарнама беруші болмағандықтан, мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі конкурстарға қатысып, қаржы алады. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жариялайтын конкурс. Бұл конкурсқа қатысудың, оны жеңіп алудың өз талаптары бар. Соған сай келген сайт, порталдар тапсырыс алып, жұмыс істейді. Талап үдесінен табылмайтындар конкурстың жеңімпазы бола алмайды. Ал жеңімпаз болу үшін Ақпарат министрлігінде жең ұшынан жалғасатын әрекет мүлде жоқ.
Жеңімпаз болғың келе ме? Ендеше күндіз-түні тыным таппай жұмыс істе;
Сайтыңның контентін байыт. Оқырманға мемлекеттік тілде мазмұнды мақалалар бер, жылдам ақпарат тарат;
Бүгінгі ақпараттық технологияның даму қарқынынан қалма;
Бәсекеге төтеп беретін бол!
Бұл қарапайым ғана талап түрлері. Осы талап түрелерін өзіңе қой да өзіңді өзің қамшыла. Ең бастысы: «Кәне, көрсетші, қазақ сайты қандай?» – деп сұрағанға біз: «Мынандай!» – деп көрсетуге ұялмайық. Бірін бірі қайталаған, бір бірінен сілтемесіз көшіріп басқан материалдары көзге ұратын сайттар туралы не дейміз? Ұялғаннан төмен қараймыз, әрине!..
2010-2015 жылдар аралығында KazNET-тің қазақ тілді сегменті қарқынды дамыған, қазақ сайттары жаңбырдан кейінгі көктей қаулаған бір кезең болды. Қазақ сайттарының күшеюі еліміздегі ақпараттық кеңістіктің иесі кімдер екенін әйгілей түскен еді. Біз сонда, қарапайым оқырман, «өз тілімізде жылдам ақпарат алып, танымдық, сараптамалық мақалалар оқитын болдық» деп қуанып жүрдік. Өкінішке орай, әп-әдемі басталған жобалар әудем жерге жетпей тоқтап қалды. Ал өзара бәсекелестікке шыдап, қиындықтарға төзіп, ұлттық мүддеден аумаған, айнымаған интернет-басылымдар қазақ ақпарат кеңістігінің төріне оза бастады. Сірә, мемлекет те осындай мемлекетшіл интернет-басылымдарды қолдайтын шығар...
А-бек Қадири
Abai.kz