Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 2843 2 пікір 18 Сәуір, 2020 сағат 15:44

Коронавирус және азық-түлік қауіпсіздігі

Коронавирус аса қатерлі дертке айналып, жер шарының 180-нен аса елінде  2 млн-нан аса адамда таралып, одан 200 мыңнан аса науқас қайтыс болды. Бүгінгі таңда елімізде  бұл індетке шалдыққандар саны 1500-ден асып, мамандардың болжамынша шектік деңгейге жеткен көрінеді. Қатаң карантиндік шаралар дер мезгілінде іске  асырылуына қарамастан дерт еліміздің барлық аймақтарына таралып үлгерді.

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында сәуір айының бірінші онкүндігінде ауру анықталған науқастар күрт төмендеген еді. Бірақ та оңтүстік мегаполисте бір тәулікте короновирус 178 адамда байқалып, оның 70%-дан астамы дәрігерлер екені белгілі болды. Алматы қаласының 12-орталық клиникасында 200-ден аса медицина қызметкері ауырып жатқан көрінеді. Сонда олар індеттен сақтану шараларын неге орындамаған немесе қорғану жабдықтарымен толық қамтамасыз етілмеген бе?Еемделіп жатқан қаншама адамдарға ауру жұқтырды? деген сұрақтар туындайды. 

Коронавирустың елімізде кең таралып кетуіне жол бермеу үшін мемлекет басшысы қаулы қабылдап, төтенше жағдай жариялап, біраз шаралар іске асырылуда. Қатерлі дертті ауыздықтап, оған шалдыққан азаматтарды емдеуге де орасан қаржы жұмсалып жатыр. Қорғаныс заттары, вирусты анықтайтын тест пен дәрі дәрмектер, мединалық құрал жабдықтар  және т.б. қажеттіліктерге мемлекет бюджетінен жүздеген миллиард қаржы жұмсалды. Дәрігерлердің ерен еңбектері ескеріліп, оларға рухани және қаржылай қолдау іске асырылуда, бірінші топқа жататындардың жалақысына қомыша 850 мын теңге, екінші топқа 425 мың, байқаусызда дертке шалдыққандарға 2 млн теңге төлемақы беріліп жатыр. Өкінішке орай қатерлі дерт жұқтырған дәрігерлер саны тәулік сайын артуда. Бүгінгі таңда олардың саны үшжүзге тақады?

30 наурызда Abai.kz порталында жарияланған «Адам. әлде экономика. Қайсысын құтқару керек деген» деген мақалада белгілі кәсіпкер, әрі саясаткер Марғұлан Сейсенбай: «Экономика қысқа мерзімге шыдайды, бір айдан үш айға дейін. Осы уақытта коронавирусты жеңбесек денсаулық сақтау салаларының жағдайы мәз болмайды, былайша айтқанда дефицит, хаос және өлім санының артуы орын алады. Сондықтан стратегиялық тұрғыдан маңызды, өмірлік қажеттілігімізді қамтамасыз ететін өндіріс орындарының тізімін жасап, олар жұмыстарын жалғастыра беру керек» - деп тұжырымдапты. Ресей ғалымдары коронавирусты ауыздықтауда ең бастысы елдің экономикасы мен қаржы көздері және көпшіліктің қалтасы көтеретін дәрі-дәрмек пен азық- түлік екеніне назар аударыпты. 

Әрине қоғам үшін ең бастысы адам және оның өмірі. Осыған орай елімізде   халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге баса назар аудару керек. Егемен еліміздің тұрғындарының күнделікті қажеттіліктерін қамтамамасыз ету үшін азық-түлік және қаржы, демек төтенше жағдайға төтеп бере алатын  экономика керек, негізгі өндіріс ошақтары қалыпты жұмыс істеп тұруы шарт. Үкімет осыны ескеріп 20 сәуірден Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы біраз өндіріс орындары мен шағын және орташа кәсіпкерлер жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Президент Тоқаев төтенше жағдайға байланысты жолдауында ауылшаруашылық өндірісін қолдауға кәсіпкерлерге 5 пайыздық үстемемен 70 млрд, көктемгі егіс жұмыстарын мезгілінде атқаруға арзандатылған жанармай және басқа қажетті материалдармен  қамтамасыз ету үшін шаруа қожалықтарына 100 млрд теңге қаражат бөлінетінін мәлімдеді. 

Еліміздің оңтүстік өңірінде көктем шықты, егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қала тұрғындарын ет пен сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін шаруа қожалықтары малын төлдетіп, көкөніс және бақша дақылдарын отырғызуда. Бірақ та еліміздің барлық аумағына таралып үлгерген коронавирустың   байланысты ендірілген карантиндік шаралар мен тосын табиғат құбылыстары олардың жұмыстарына біраз әсерін тигізуде.

Жақында көгілдір экраннан оңтүстік өңірде соншама қаржы жұмсап жылыжайда өсірген қияры мен қырыққабатын ешқайда жібере алмай отырған кәсіпкердің мұңын естідім. Ол пайда табудың орнына шығынға бататын болдым деп шарасыздығын жеткізді. Осыдан он тәуліктей бұрын теріскейден соққан дүлей жел оңтүстік өңірге де жетіп, жаңбырдың арты қарға айналды, ауа температурасы -2-3 С дейін төмендеді.

Елімізге әйгілі кәсіпкер, ірі жер иеленуші, егемендіктің алғашқы жылдары Премьер министр қызметін атқарған С. А. Терещенко мырза Аграрлық ғылыми білім Орталығының төрағасы Т. Рахымбековке фейсбук арқылы жіберген суреттерінде Ордабасы ауданында жеміс ағаштары қалыңдығы 10-15 см қар астында қалғанын жазды. Бұл өңірде көктем ерте шығып, жеміс ағаштары гүлдеп, түйін салып үлгергенін ескерсек, демек  биыл мол өнім болмайды. Автор карантинге байланысты Қытай мен Өзбекстан, Түркия мен Иран шекаралары жабық, сондықтан биыл жеміс жидектің бағасы күрт көтерілетініне назар аударыпты. Жамбыл облысында да қар жауып, үсік жүрді. Алматы облысының тау бөктеріндегі бақтар гүлдей қоймағандықтан қардан аса зардап шеге қойған жоқ, ауа температурасы – 2-3 С дейін  төмендеді, демек қауіпті емес. Бірақ та карантиндік шараларға байланысты Алматы қаласының тұрғындары саяжайларына жете алмай отыр. Бұл ірі мегаполистің азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне біраз әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан жаз бен күз айларында көкөніс пен жеміс жидектердің бағасы көтеріліп, тапшылығы сезілуі мүмкін. 

Онбес-жиырма тәуліктен кейін солтүстік өңірде негізгі азық-дәнді және майлы дақылдарды егу басталады. Оған дайындығымыз қалай? Шаруа қожалықтары жанар және жағар маймен, техниканың ауыстырылатын бөлшектерімен қамтамасыз етілді ме? Көбінесе Батыс Еуропа елдерінен әкелінетін рапс пен зығыр сияқты майлы дақылдардың тұқымы жеткілікті ме? Өсімдік қорғау құралдары бойынша Қытай мен Ресей және т.б. елдерге тәуелдіміз, әсіресе арамшөптерге қарсы қолданылатын гербицидтердің жеткілікті ме? «Жау жағадан алғанда бөрі етектен алыпты» дегендей ертеңгі күні үйірлі шегірткелер қаптап жатса, оларды жоюға қолданылатын  инсектицидтер жетікілікті ме? 

Өкінішке орай карантиндік шараларға байланысты шаруақожалықтар біраз қиыншылықтарға тап болуда екен. Олар жайлы бүгін Азық түлік корпорациясының қойшаруашылығы басқармасының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың еліміздің Президенті Қ. Тоқаев пен Премьер министрі А. Маминге фейсбук арқылы жолдаған жанайқайынан білдім. Ол көпшілік шаруа қожалықтары егіс науқандарынан бас тартуға мәжбүр, оның басты себебі тұқым, жанар және жағармай, гербицидтер және т.б. егіс науқандарына қажет материалдарды облыс орталықтарынан жеткізе алмай отырғанына айтты. Карантиндік шараларды қадағалау үшін қойылған блокпостыларда отырғандар неше түрлі құжаттар талап ететінін, жалпылай рәсімделген белгілі бір құжат жоқ екеніне назар аударды.

Коронавирус дертінің таралуы маусым айына қарай біртіндеп төмендеуі мүмкін. Бірақ та індет жыл аяғында немесе келесі жылдың басында қайталанып, зардабы әлде қайда жоғары болуы мүмкін. Осыны ескере отырып екі мегаполиспен қатар, облыс орталықтарында жұқпалы ауруханалар және  дәрігерлерге арналған жатақханалар мен асханалар салынып, іске қосылуы қажет. Оларды қала сыртында оқшау орналастырған жөн деп санаймын. Әрине біз Қытай үкіметі сияқты бір- екі аптада  бірнеше мың адамға арналған аурухана сала алмаймыз. Сондықтан бұл жұмысқа тездетіп кіріскен жөн. Cov 19  анықтайтын оьандық тест жүйе шығарылған көрінеді; оның тездетіп сынақтан өткізу қажет.  Қытай мен Ресей, АҚШ пен Батыс Еуропа ғалымдарының бірлесе дертке қарсы вакцина, ауруға щалдыққандарды емдейтін дәрі дәрмектер шығару қажет. Өкінішке орай отандық фармацевтикалық өндірістің жағдайы мәз емес, дәріханаларда  көбінесе шетел өнімдері сатылады, үлесі 88%. 884 млн АҚШ долларына дәрі дәрмек импортталады екен, бірінші орында Гермапия, екінші - Ресей.

Мұнай бағасының құлдырауы, көптеген ірі өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар және орта бизнес жұмыстарының тоқырауына байланысты мемлекет бюджетіне түсетін салық бір триллион 700 млрд теңгеге азайып отыр. Сондықтан экономиканы құлдыраудан құтқару үшін елімізде қатаң үнемдеу саясатына көшуіміз керек және төмендегі шараларды іске асыру қажет деп ойлаймын.  

-Алматы мен Нұр-Сұлтанда және облыс орталықтарында миллиардтаған қаржы жұмсалатын жобалар мен құрылыстарды тоқтату керек. Мәселен, Алматы қаласында Абай даңғылын Наурызбай ауданы әкімшілігінің орталығына дейін созу үшін жаңа салынған жекежайларды қиратып, жер участкелерін алу үшін 60 млрд тг қаржы қарастырылыпты.

-Спорт пен мәдениет салаларына бөлінетін қаражатты қысқарту, әсіресе айына бірнеше милионн жалақы төлеп шетел легиондарын шақыруды тоқтату керек. 

-Әртүрлі министрліктер мен әкімшіліктерде, Самұрыққазына, ҚазМұнайгаз, ҚазАгро және т.с.с. квазимемлекеттік мекемелерде істейтін шенеуніктердің санын қысқартып, жалақысын шектеу.  

-Табысы мен байлығын оффшорлық аймақтарда жасырып отырған заңды және жеке тұлғалардың қаржысын елімізге қайтарып, отандық экономиканы қолдауға пайдалану. 

-Табысына байланысты жаңа салық жүйесін ендіру керек; мәселен айлық жалақысы 250-300 мың теңгеден асса ұсталатын салық 15%, 500-мыңнан 1 млн аралығында болса 20- 30%-ға дейін жоғарылату. 

-Парламент пен сенат депутаттарының жалақысы мен оларға көрсетілетін  жеңілдіктерді шектеу. 

Мұрат Қойшыбаев 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522