Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 3299 0 пікір 20 Сәуір, 2020 сағат 13:18

Netflix-те не көруге болады?

Карантин кезінде нені оқып, нені көруді бәріңіз де ойластырып, жасап жүрген шығарсыз. Мен өзім көрген Netflix фильмдерін ұсынайын (маған ең ұнаған фильмдер басында):

The Platform – Гальдер Уррутия есімді испан режиссерінің фильмі. Идея шынайы өмірді вертикалды түрмемен иллюстрациялаудан басталған. Қазіргі капиталистік қоғамда ауқатты азаматтар ешнәрседен қиындық көрмей өмір сүріп жатқанда әлемнің басқа бұрышында адамдар аштықтан өліп жатқанын көрсетуге тырысқан. Кинода социалистік идеологияның маңызы мен байлықты адамзатқа теңдей бөліп, тарату (wealth redistribution) принципін үгіттеу элементтері бар. Ал ең соңғы платформада жатқан қызды жоғарыға месседж ретінде жеткізу әрекеті «құдайдың өзі жаратқан әлемінде не болып жатқанынан хабарсыз» деген ойды топшылайды.

The Pharmacist – 4 сериядан тұратын шынайы өмірді суреттейтін деректі фильм. Бұл АҚШ-тағы қазіргі ең үлкен мәселелердің бірі, есірткіні дәрі түрінде саудалап жатқан фармацевтика өндірісінің қылмыстық бизнесін суреттейді. Көріп болғаннан кейін корпоративті капитализмде адам өмірінен ақша маңыздырақ екенін пайымдайсыз. Бұл АҚШ-та Opioid Crisis деп аталады.

The Black Mirror – креативті ойлардың сериал күйіндегі топтамасы. Шыны керек, мұны алғаш көргенімді адамның ойлау кеңістігі сонша кең бола алатынына таң қалғанмын. Әр серия өзінше бір әлем.

Wild Wild Country – шынайы болған оқиға желісі бойынша түсірілген деректі фильм. Бұл құдайды қолдан жасау, яғни білімнің идеологияға айналған тұсын суреттейтін оқиға. Bhagwan Shree Rajneesh есімді үнді табынушылары арасында құдаймен теңестіріледі. Ол капитализмнің шарықтау шегіне жеткенде шынайы социализм келетінін айтыпты. Ал қазіргі социалистік қоғамдар жәй иллюзия. Фильмдегі оқиға Багуанның АҚШ-та қалай жаңа қозғалысты құрғаны және қуғындалғаны суреттеледі.

Mindhunter – шынайы өмірге негізделген фильмдер сериясы. 1970 жылдары FBI ауыр қылмыс жасағандардан сұқбат алу арқылы, олардың мотивтерін анықтауға тырысқан. Солай олар сериалы қылмыскерлердің мотивтерін, жоспарлау мен қылмысқа қалай дайындалатынын анықтауға тырысқан.

When They See Us – АҚШ-тағы құқық қорғау органдарының қара нәсілділерге қатысты қатаң әрекеті, яғни расистік қылмысы суреттеледі. Нью-Йорк қаласында тұратын 5 жасөспірім өздері жасамаған қылмыс үшін сотталып кеткен. Көп жылдар өтіп, олар ақталып шығады. Бірақ олардың түрмеде көрген зомбылықтарын болдырмау, мүмкіндіктерге толы болған жастық шақтағы жоғалтқан уақытты қайтару мүмкін емес.

The People vs. O.J. Simpson – АҚШ тарихындағы ең кереғар қылмыстық істердің бірі. Көптеген америкалықтардың Симпсонның өзінің бұрынғы әйелінің өліміне қатысы бар деп сенсе де, ақталып шығады. Оның ақталып шығуына сол кездегі қара нәсілділердің әділ сотсыз жаппай сотталуына қарсы күш негіз болған.

Dirty Money – қаржы саласындағы сыбайлас жемқорлық, ақша жымқыру сынды түрлі мега оқиғалардың жиыны. Маған көбіне Малайзиядағы ұлттық қордың талануы (The Man at the Top) мен AMG Services (Payday) және Wells Fargo (The Wagon Wheel) оқиғалары ұнады.

American History X – АҚШ-тағы нео-нацистер мен ақтардың өктемдігін қолдайтын ұйымдар жайлы фильм. 1970-жылдары АҚШ-та қара нәсілділердің құқығын қорғау мақсатында сегрегация заңдары жойылды. Бірақ ақ нәсілді америкалықтардың кейбір бөлігі қаралармен өз құқықтарының тең болғанын қаламады. Соның нәтижесінде осындай топтар қалыптасқан. Олар бүгінге дейін бар.

Spy – еврейлердің Сирия үкіметіне тыңшы жіберуін суреттейтін шынайы өмірдегі оқиғаға негізделген фильм. Фильмде негізгі рөлді Борат фильмін түсірген Саша Коэн ойнайды. Дәл сол үшін фильмді көрмей қоймаңыздар. Шынымен, тарихи маңызы бар оқиға.

Unbelievable – коммерциялық емес ProPublica басылымы мақаласы негізінде түсірілген, шынайы өмірге негізделген фильм. ProPublica тілшілері осы мақаласы үшін Пулитцер жеңіп алған. Оқиға қыздарды зорлайтын қылмыскерді іздеу сюжетіне негізделген.

Bikram. Yogi, Guru, Predator – Шынайы өмірге негізделген деректі фильм. Бикрам есімді үнді жігіт Америкаға келіп иоганы мейнстримге айналдырады, яғни жаппай қолданысқа енгізеді. Оның арнайы курстары сұранысқа ие болып, адамдар оның дәрісін алуға қыруар ақашаларын жұмсайды. Расында, мұнда тұрған не бар дерсіз?! Бірақ ол қызға құмар болып, бірнеше қызды зорлағаны анықталған.

Caliphate – террористік ұйымдардың алдын алуға тырысқан барлау қызметі жайлы мен көрген тамаша фильм.

Extremely Wicked Shockingly Evil and Vile – сериялы киллердің ісі жайлы. Қыздармен коммуникация оңай енетін «красавчик» жігіттің қыздарды аяусыз өлтіруін суреттейді. Шынайы өмірге негізделген фильм.

The Irishman – АҚШ-тағы итало-ирландтық гангстерлер мен мобстерлердің классикалық оқиғасы. Әсіресе, ер адамдарға өте өтімді. Бірақ танымал болса да қарт актерлардың басты рөлдерді сомдауы ұнамады.

The Marriage Story – бір отбасының өмірі арқылы бүкіл АҚШ-тағы ажырасу процесін суреттеу. Неге америкалықтар үйленуге асықпайды десеңіз, мына фильмді көріңіз. Себебі ажырасу процесі өте күрделі әрі шығыны көп.

Unorthodox – Нью-Йоркта тұрған кезімде маған қызық болған қауымдастықтардың бірі ортодоксалды еврейлер болды. Олар қазіргі заманның жаңа технологиясын қолданбайды. Үйлерінде теледидар жоқ, балалары қарапайым америкалық мектепке, университетке бармайды. Смартфон ұстамайды. Тек еврейлердің қасиетті Торасын оқып, кәмелетке толғанда бірден отбасын құрады. 6-15 шақты баланы дүниеге алып келеді. Жүріс тұрысы мен киім үлгілері бірдей. Нью-Йорк қаласының ортасында осындай қауымдастық бар екеніне сенбесеңіз, осы фильмді көріңіз.

The Trials of Gabriel Fernandez – Отбасы жағдайында баланың зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы жайлы. Расында адам шошытарлық қылмыс оқиғасы.

Trump. An American Dream – Трамптың кім екенін және оның болмысының қалай қалыптасқанын түсіндіретін фильм.

Babies – Сәбидің дүниеге келгенінен бастап бір жасқа дейін қалай дамитыны жайлы ғылымға негізделген деректі фильм. Әлі көріп бітпедім, бірақ өте дерекке толық әрі пайдалы.

How To Fix a Drug Scandal – есірткіні заңсыз пайдаланған не саудалаған азаматтарды құтқарумен айналысқан лаборанттар жайлы. Олар үкіметтік зертханаларда жұмыс істеген.

100 Humans, Life’s Questions. Answered – позитивке толы, ғылыми эксперименттер топтамасы.

Singularity – жасанды интеллектінің адам баласына түсірер қаупі жайлы sci-fi фильм. Жақын болашақты топшылауға тырысқан, бірақ тым алысқа кетіп қалған сияқты. Десе де, кім біледі?! Мүмкін, менің ойым шарықтауы мына шеңберге жетпей жатқан да шығар?!

3022 – Планетааралық саяхат және ғарыштағы миграция жайлы футуристік фильм.

Жолдас Өрісбаевтың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502