Мозерге - «5», Шыжан мен Алексейге - «2»!
Әлгінде АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозердің карантинде қазақ тілін үйреніп жатқан видеосы елшіліктің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
«Бүгінде қазақ тілі адамдар арасындағы күнделікті қарым-қатынас тіліне айналғанын көріп отырмын», - деп жазды елші. Сөйтіп қазақ тілін үйренуге бар күшін салатынын айтты.
Мозер мырза бұған дейін қазақтың бас ақыны Абайдың өлеңдерін оқу эстафтасын қабылдап, ұлы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін ағылшын тілінде оқыған болатын.
Сонымен қатар, биыл наурыз айында барша қазақстан халқын қазақ және ағылшын тілінде ұлыcтың ұлы күнімен құттықтады.
Айта кетейік, Уильям Мозер АҚШ Сенатының шешімімен 2019 жылы 2 қаңтарда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі қызметіне бекітілген.
Ол 2017 жылдың қаңтар айынан бастап осы қызметке тағайындалғанға дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің Шетелдегі дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын пайдалану жөніндегі бюро директорының міндетін уақытша атқарушы болған. Мозер мырза 2011-2015 жылдары АҚШ-тың Молдовадағы елшісі қызметін атқарған.
Ал, осы жылдың ақпан айында елшіліктің сайтында АҚШ-тың Орталық Азия бойынша 2019-2025 жылдарға арналған стратегиясы жарияланды.
Сонымен қатар, Мозер мырза «Азаттық» сайтына сұхбат беріп, Тәуелсіздік алған кезеңнен бері АҚШ Қазақстанға 30 миллиард доллардан астам инвестиция құйғанын, сонымен қатар ол АҚШ-тың Қазақстанда тек мұнай-газ саласы бойынша жұмыс істеп жатпағанын, Америкадан Қазақстанға технология саласында, ауылшаруашылық, пайдалы қазбаларды игерумен айналысатын бірнеше компания келгенін айтқан болатын.
Ал, бұған дейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған Джон Кролл да хал-қадірінше қазақ тілін үйренуге тырысқан. Мәселен, ол 2017 жылы ең қастерлі мереке Тәуелсіздік күнімен елімізді қазақ тілінде құттықтады.
Сонымен қатар, ол 1-мамыр мерекесіне орай, елшілік қызметкерлерімен бірге еліміздің Әнұранын орындаған еді.
АҚШ елшілері қазақтың төл мерекелерінде Қазақстанның мемлекеттік тілінде құттықтау айтып, қазақ тіліне, ол арқылы қазақ ұлтына құрметін көрсетіп отырады. Рас, мұндай әрекеттердің астарында саяси астар да жоқ емес. Десе де, әкіреңдеп сөйлеп, доқ көрсете нұсқайтын кейбіреулерден гөрі, дипломатиялық қарым-қатынастың мұндай формасы елішілік симпатияны оятатыны және рас. Бұлар ғой, АҚШ-тың өкілдері. Ал, іргедегі көршілер ше?
Қытай елшілігінен қазақ тіліне деген мұндай ілтипатты байқамаймыз. Мәселен, қазіргі елші Шыжан Сяо өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында ақпараттың денін орыс тілінде жазады.
Жалпы, қытай елшісі қазақ баспасөзінің бас тақырыбына жиі ілігеді. Мәселен, өткен жылы Шыжан мырза Жаңаөзендегі қазақ жұмысшыларының наразылығы туралы пікір білдіріп, «өз билігіңе сенімсіздік білдіріп отырған сендердің естерің дұрыс па?», деп ел-халыққа есіре сөйлеген. Бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызды.
Сондай-ақ ол, қазақ жастарының қытай тіліне деген қызығушылығы жоғары деңгейде, деп есептейді. Ал, өткен жылдың қыркүйек айында Шыжан Сяо астаналық 4 мектепте қытай тілі оқытылатынын айтып, мектептерге 27,5 млн. теңгеге қытай тіліндегі кітаптар мен оқу құралдарын алып берген.
Және, елшінің Шыңжаңдағы қазақтардың ұсталғаны туралы ақпарат жалған деп сөйлеуі де қоғамда біраз сынға іліккен еді.
Ал, 6-наурыз күні ол әлеуметтік желідегі парақшасында Сайрагүл Сауытбай ісіне қатысты дипломатия талаптарына қайшы жазба жариялаған болатын.
«4 наурызда Вашингтонда Сайрагүл Сауытбай Мемлекеттік департаменттің режиссерлығымен әлдебір ерлігі үшін белгісіз бір сыйлықты алыпты. Бұл – Қытайдың ішкі ісіне араласуға бағытталған көпе-көрнеу арандату. Шараның өзі бастан аяқ қызықсыз цирк болғанымен, Вашингтонның түпкі арам ойын әшкерелеп берді.
«Батырға» байланысты айтарымыз, ол Қытайда да, Қазақстанда да қылмыскер деп танылған. Оның ерлігі – отанын сату, өзін, отбасын асыраған елге қара күйе жағу. Егер ерлік жасағыш болса, Шыңжаңдағы несиесін жаппай ма? Ол өзінің геосаяси циркте қандай рөл атқарып жүргенін түсінбейтіні өкінішті»,- деп жазды.
Қытай елшісінің кейбір мәселелерге қатысты мұндай агрессиялы қарым - қатынасы қоғамның ҚХР-ға деген теріс көзқарасын қалыптастыратыны рас. Ал, Сяо мырзаның қазақ тілінде сөйлеп, қазақ мәдениетіне көрсеткен құрметін БАҚ беттерінен байқай алмадық.
Еліміз үшін тағы бір маңызды көрші – Ресей. Елші Алексей Бородавкин мырза әзірге қазақ тілінде сөйлеп әуреленбеді. Ол: «ел басшылығының өзі орыс тілінде сөйлейді», депті. Сондықтан, қазақстандағы орыс тілінің позициясы бәсеңдемейтініне өте сенімді. Және ол билік басындағылар өз араларында ғана емес, Қазақстан халқына үндеуінде орыс тілінде жасайтынын айтыпты.
«Қазақстанда қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп барады деп алаңдайтындарды түсінбеймін: бұл табиғи әрі дұрыс процесс. Бірақ, бұл орыс тілінің позициясы әдейі бәсеңдетіліп немесе шек қойылып жатыр дегенді білдірмейді. Мәселен, нақты мысал келтірейін. Ел басшылығы орыс тілінде сөйлейді, тек өз араларында ғана емес, Қазақстан халқына үндеу жасаған кезде де»,- депті Бородавкин мырза.
Біз еліміз үшін маңызды деген үш мемлекеттің елшілерінің сөздерін салыстырып көрдік. Елдестірмек елшіден екенін ескерсек, осы елшілердің қарым - қатынасы арқылы сол мемлекеттерге деген қоғамдық көзқарас қалыптасатыны белгілі. Сәйкесінше, АҚШ, Қытай, Ресейдің де Қазақстанға деген көзқарасын осы елшілердің әрекетіне қарап бағамдауға болады. Дәлірек айтсақ, алғашқы екеуі мен соңғы екеуінің Қазақстанның мемлекеттік тіліне деген ұстанымы - олардың Қазақстанға, қазақ халқына деген ниет-көңілін, әуелі саяси пиғылын аңғартса керек.
Түйін. Сонымен, АҚШ елшісі Қазақстанның мемлекеттік тілін, қазақ тілін үйрену үшін арнайы сабақ алып, оқып жатыр екен. Ендеше, әзірге Мозерге - «5», Шыжан мен Алексейге - «2»! дейік, алдағысын тағы көре жатармыз...
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz