Жексенбі, 1 Наурыз 2026
Аласапыран 227 0 пікір 1 Наурыз, 2026 сағат 11:18

Иранның рухани көсемі Әли Хаменей опат болды

Сурет: ВВС сайтынан алынды

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи 28 ақпанда таңертең АҚШ пен Израильдің Тегеранға соққысы салдарынан қаза болған. Оның қазасын жексенбіге қараған түні Иран билігі ресми түрде растады. Елде 40 күн аза тұту – қаралы күн жарияланды.

Иранды енді президент және сот төрағасынан құралған кеңес уақытша басқаратын болды

Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот билігінің жетекшісі және конституция сақшылар кеңесі мүшелерінің бірі Иранды уақытша басқарады.

Аятолла батыс БАҚ жазғандай жер астына тығылмаған. Керісінше Қауыпсіздік кеңесінің жиналысына қатынасқан. Бұл туралы Иран ресми ақпараты оның жұмыс орнында қаза тапқанын баса айтты. Онымен бірге Әскери бас қолбасшы, Сақшы корпусының басшысы, Қауыпсіздік кеңесінің ақылшысы қатарлы лауазым иелері қаза тапқан. Оның қызы мен күйеу баласы да опат болған.

Саид Әли Хаменеи 1939 жылы Иранның қасиетті қаласы Мешхедте дәстүрлі діни отбасында дүниеге келген. Ол алғашқы жылдары жүйелі ислам білімін алып, кейіннен Ислам революциясын басқарған аятолла Хомейнидің басшылығымен Құм теологиялық семинариясында оқыған. 1960 және 70 жылдары ол үкіметке қарсы әрекеттерге қатысқаны үшін алты рет тұтқындалып, түрмеге жабылған.

Иран Ислам революциясы кезінде Хаменеи Революциялық Кеңестің мүшесі болып тағайындалды. Пехлеви әулеті құлатылғаннан кейін ол Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды және қысқа мерзімге Революциялық гвардияның қолбасшысы қызметін атқарды. Кейінірек ол Тегеранда жұма намазының жетекшісі болып белгіленді.

1981 жылдың маусым айында ол сөз сөйлеу кезінде қастандық әрекетінен аман қалды, бірақ оң қолы біржола сал болып қалды. Сол жылдың қазан айында ол Иран президенті болып сайланды және 1989 жылға дейін қызмет етті. Президент ретінде ол елді Иран-Ирак соғысы кезінде басқарды.

1989 жылдың маусымында Хомейни қайтыс болды. Хаменеи оның орнына Сарапшылар конференциясы ұсынған Жоғарғы Көшбасшы болды. Ол қорғаныс және ядролық бағдарламаларды дамытуды жақтады және Иранның геосаяси ықпалын кеңейту үшін Таяу Шығыстың бірнеше елінде «қарсыласу майдандарын» қолдады. Қатаң халықаралық санкциялар мен ішкі экономикалық қысымға тап болған ол ұлттық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізуге тырысып, «қарсыласу экономикасы» стратегиясын ұсынды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар