Ленин және Түркі елі
Қазақ мемлекеттігін кеңестік тұрғыда жаңғыртуда шешуші рөл атқарған Совет үкіметінің тұңғыш басшысы Владимир Ильич Лениннің туғанына (22.04.1870) биыл 150 жыл толып отыр. Осыған орай әлем тарихындағы тұңғыш социалистік мемлекетті, Коммунистік Интернационалды құрушы, белгілі бір мерзім бойы дүниені дір қақтырып тұрған кеңестік империяның көрігін тұтатушы аса көрнекті революционер жайында бірер сөз айтпақпыз.
Ресей Империясының монархын тақтан тайдырған 1917 жылғы Ақпан революциясына орай эмиграциядан Петроградқа жеткен бетте Ленин «буржуазиялық революцияны социалистік революцияға ұластыру» ұранын көтеріп, уағыздады. 1917 жылғы 25 қазандағы (7 қарашадағы) Қазан төңкерісін ұйымдастырып, басқарды. Мемлекеттік думаның Комитеті жасақтаған және Құрылтайшы жиналыс өткенге дейін ел басқару тізгінін ұстатқан Уақытша үкіметті ол жария еткен Ресей Республикасының Уақытша Ресей Кеңесімен (Предпарламентпен) қоса құлатты. Сол күні ашылған ІІ Бүкілресейлік жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің съезінде «қажеттігі жөнінде большевиктер үнемі айтып келе жатқан социалистік революцияның жасалғанын» хабарлады. Съезде жер-жердегі биліктің советтерге берілуі талап етілді, алғашқы совет үкіметі құрылып, Ленин оның – Халық Комиссарлары Кеңесінің (Совнаркомның) төрағасы лауазымына сайланды. Құрылуы Лениннің басшылығымен осылай басталған жұмысшылар мен шаруалар мемлекеті (Ресей Советтік Федеративтік Социалистік Республикасы, 1922 жылғы 30 желтоқсаннан – Советтік Социалистік Республикалар Одағы) дамудағы ірі жетістіктерге, қиындықтар мен жеңістерге, қайшылықтар мен бұрмалауларға, қасіреттер мен қуаныштарға толы жетпіс төрт жыл өмір сүрді.
1991 жылы КСРО ыдырап, одақ құрушы республикалар жеке-жеке тәуелсіз ұлттық мемлекеттерге бөлініп кетті. Басқа да одақтас республикалар тәрізді, Қазақ Советтік Социалистік Республикасы да 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы деген атпен өз мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Ал кезінде дүниені дүр сілкіндірген, сөйтіп әлемнің алтыдан бір бөлігінде айдарынан жел есіп дәурен сүрген таптық мемлекет жойылған соң, оның тұғырының әділдігіне күмән туды. Осы Кеңестік империяның тұғырын сомдаушы Владимир Ленин елді басқарған алты жыл ішінде әлемдік пролетариат көсемі ретінде өте жоғары бағаланған болатын. 1924 жылғы 21 қаңтарда дүние салғаннан кейін беделі айрықша шарықтап, оның жеке басына табыну мысалдары адам айтқысыз дәрежеде өрістеген еді. Алайда тоталитаризм айыпталып, қуатты одақтың құрылымы шытынай келе, төбеге көтерілген құндылық жерге түсірілді. Ондаған жыл табынып келген нысанымыздың табиғаты, көсеміміздің қызметі қайта бағалау үдерісіне ұшырады. Қатаң ревизияланып, жастың да, кәрінің де санасында мәңгі озық үлгі іспеттене алаулаған есімі күрт басқа реңк алды.
Ленин партиясы – Ресей социал-демократиялық жұмысшы (большевиктер) партиясы – кадеттер партиясы орталық комитетінің алғаш құрылғаннан совет өкіметі жапқанға дейінгі мүшесі, либералдық қайраткер, жазушы Ариадна Тыркованың сөзімен айтқанда, болашақ «қатыгез биліктің іргетасы» болып 1917 жылы қайта құрылды. Ариаднаның ойынша, бұған гимназиялас құрбысы, өз арманын Лениннен тапқан, оны жар ғана емес, көсем деп таныған, оның адал, жан-тәнімен берілген қажымас көмекшісі Надежда Крупская сенімді пікірлестер мәйегін жинау арқылы жәрдемдескен. Шынында да большевиктер партиясы 1920-шы жылдардың басынан бір партиялық жүйеде өзінің империялық сипатына сай жеке-дара саяси билік жүргізді. Ұзамай Совет Одағының Коммунистік партиясы деп аталып, құрылымы федерациялық тұрпатты танытатын, «тәуелсіз мемлекеттер одағы» екеніне шүбә келтірмейтін елді іс жүзінде автократиялық режимде жұмыс істейтін унитарлық мемлекетке айналдырды. Сондықтан да жақсы идеяны құрдымға кетірген партия ретінде әшкереленіп, 1990 жылғы наурызда биліктен тайдырылды. Тиісінше марксшілдік-лениншілдік ілімнің негізін қалаған, социализм мен коммунизм құрудың теориясын жасап, оны жүзеге асырудағы практикалық іс-әрекетті бастап берген ойшыл және күрескердің қызметі мен адамзатты дамытудағы тарихи рөліне берілген баға қайтадан қаралды. Бұрын жасырылып келген неше түрлі зымиян да зұлым істер жайлы деректер жарыққа шығып, ұлы төңкерісшіл енді жағымсыз тұрғыда сипатталды. Қара бояулы «лениниана» пайда болды. Орайы кеп қалғандықтан, жоғарыда еске алынған либерал Тыркованың естеліктерінен бірер мысал келтірейік. 19-шы ғасырдың соңына қарай Ленин Шығыс Сібірге жер аударылып, көптеген басқа аумалармен бірге Минусинскіде тұрғаны белгілі. Тыркованың бауыры да сонда боп оралып, Ленин туралы мынандай әңгіме айтқан екен... Ол бұрынғы жер аударылған халықшылдарды дөрекі түрде «ешкімге керексіз қоқысқа» балап, «болашақ оларға емес, социал-демократтарға тиесілі» дейтін көрінеді. Оның сонда тұрып жатқан аумалар мен олардың дәстүрлерін елемей, менсінбеушілік көрсетуі айдалғандардың бірінің Минусинскіден қашып кетпек боп, ұсталып қалғанында айрықша танылыпты. Әдетте қатарынан біреуінің қашқаны үшін жер ауып келгендердің бәрі полиция алдында жауап беретін де, қашқынға ақшалай не аяқ киім беріп көмектескенді полиция жазасынан құтқаруға тырысатын. Лениннің бұл тәртіпті көзіне де ілмеуі салдарынан қашқынға жәрдем көрсеткен аума екі айға түрмеге жабылған екен. Сондықтан айдаудағылар Ленинді жолдастық сотқа шақырады. Сонда Ленин жолдастық сотқа барып, өзінің олардың сотын «тән алмайтынын» және «пікірлеріне түкіргені бар» екенін көздеріне айту үшін ғана келгенін аян етеді... Ариаднаға аумалар арасындағы осы бір кішкене дүрбелеңді күле отырып әңгімелеген бауыры сөзін: «Сұм адам бұл Ленин. Оның көзі де қасқырдікіндей, суық, ызғарлы», – деп түйіндеген-тін. Бауырының осы әңгімесі Женевада құрбысы Крупскаяның үйінде мейман болғанында есіне түседі. Надежданың ері Владимир Ульянов Ариадна үшін көптеген эмигрант журналистердің бірі ғана болатын. Оның партиясы да, өзі де мұны аса қызықтырмайтын. Өйткені сол шақта социал-демократтардан (эсдектерден) гөрі социалист-революционерлер (эсерлер) жұрт аузында жүретін-ді. Әсіресе эсерлердің ішкі істер министрі Вячеслав Плевені өлтіруі өрекпіген көңілді айрықша толқытып, әлдебір құпиялығымен өздеріне тартып тұратын. Ал эсдектерді Ариадна «іш пыстыратын дүмшелер» деп ұнатпайтын еді, олардың террорды қолдамайтыны мәлім-тін (бірақ олар бұл көзқарасында билікке келгенге дейін ғана тұрды)... Сол эсдектердің серкелерінің бірі, құрбысының күйеуі Ленин аян еткен бұқараға әсер ету тактикасы Ариадна үшін утопиямен ағайындас, қияли, ал диалектикасы – жансыз, өлі пайымдау секілді көрінген. (Сонда ол Надяның жұбайынан «болашақта темірдей диктатор, күллі Ресейді билейтін самодержец» шығар-ау деп болжай да алмаған еді). Бірақ әңгіме-дүкен барысында Владимир әйелінің құрбысын либерализмін, буржуазияшылдығын бетіне басып мазақ қылды. Ариадна да қарап қалмай, марксшілдерді, сонымен бірге, әрине, өзімен пікір таластырып тұрған Ленинді «адам табиғатын танымайтындықтары» үшін, «барша жұртты казармаға қуып тығуға құмартатын аракчеевшілдік құлқындары» үшін сын садағымен атқылады. «Ленин азулы даукес болатын, – деп еске алды Тыркова кейін, эмиграцияда жазған естеліктерінде, – оның үстіне менің сөздерім оның қытығына тиді, ызаландырды. Ол еріндерін ажыратпай жымиды, моңғолдікіндей көздері аздап сығырая түсті, күлкісі зәрлі, кекесінді уыт төгіп тұрды. Жанарынан өткір, жайсыз, суық от жылтылдады». Екеуінің қызу айтыс-тартысы соңында Ленин тістене езу тартып: «Қарап тұрыңыз, сіз сияқтыларды біз шам бағандарына асып қоятын боламыз», – деді. Онысын сол кезде қолапайсыз әзілге балаған Ариадна күліп жіберіп: «Жоқ, мен сіздің қолыңызға түспеймін», – дегенде, Ленин салқын ғана: «Оны біз әлі көрерміз», – деп ызғарлы жауап қатыпты. Естелігін Ариадна мынандай оймен аяқтайды: «Өзі ойлап таппаған жексұрын теорияның ізбасары, билікқұмар әзәзіл сезімі бойын кернеген, бәлкім, басқа да көптеген жын-шайтан ерік-жігерін билеген осы доктринер сол кезде-ақ өзінің мұздай жан дүниесінде өзгеше ойлайтындарды түгелдей қырып-жоюды көздейтін қорқынышты ой қорытып жүр деген күдік басыма қайдан келсін. Ол көп нәрсені алдын ала жоспарлаған екен. Өзінің басты сүйеніші болатын ЧК-ны құрып алу жөніндегі идеяны ол сол шақтан ойластырып жүруі ықтимал». Кадет, жазушы Ариадна Тыркованың бұл естелігі большевизмнің Қазан төңкерісінен кейін орын алған көптеген екіжүзділігінің сыры оның көсемінің көзқарасында жатқанын аңдатқандай-тын. Дегенмен азамат соғысы жылдарында жүргізілген лениндік «Қызыл террор» саясатына, советтік билік кезінде айтылмай, бертінде ашылған барша көзбояушылықтарға, қылмысты теріс деректерге қарамастан, зерттеушілердің дені күні бүгінге дейін оны дүние жүзі тарихындағы ең көрнекті революцияшыл мемлекеттік қайраткер деп біледі.
Егер оның қызметіне өз тарихымыз тұрғысынан көз салсақ, пролетариат көсемінің Дала және Түркістан өлкелерін жаңаша дамытуға елеулі ықпал еткені анық екенін мойындаймыз. Осы ретте Лениннің біздің аймағымыздағы ұлт мәселесін шешу ісіне қалай қарағанына аз-кем шолу жасайық. Баршаға мәлім, ІІ Бүкілресейлік советтер съезінде Уақытша үкіметтің құлатылғаны хабарланып, советтік орталық билік органы сайланғаннан кейін шығарылған алғашқы «Бейбітшілік туралы», «Жер туралы» сынды әйгілі декреттерді Ленин өз қолымен жазды. Халкомкеңес 1917 жылғы 2 (15) қарашада «Ресей халықтары құқтарының декларациясын» қабылдады. Құжатқа ол өзі патша заманында «ұлт мәселесі жайынан кітап жазып жатқан тамаша грузин» деп атаған серігі, қазіргі Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Иосиф Виссарионович Сталинмен бірге Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы ретінде қол қойды. Сол қараша айында совет өкіметі атынан Предсовнарком Ленин мен Наркомнац Сталиннің қолымен «Ресей мұсылмандарына, Поволжье (Еділ бойы) мен Қырым татарларына, Сібір мен Түркістанның қазақтары мен өзбектеріне (киргизы и сарты), Закавказье (Кавказ сырты) түріктері мен татарларына, Кавказ шешендері мен таулықтарына, Ресейдің патшалары мен езушілері мешіттерін, ғибадатханаларын қаусатып, иланымдары мен әдет-ғұрыптарын аяқ асты еткендердің бәріне» үндеу жарияланды. Большевиктер ел билігін қолға алғаннан кейін іле-шала жария етілген сол үндеуде: «Сіздердің иланымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз бұдан былай азат және қол сұғуға жатпайды деп жарияланады... Сіздердің өздеріңіз өз елдеріңіздің қожайыны болуға тиіссіздер», – делінді. Олардың өз өмірлерін өздері және өз қалаулары бойынша құрулары қажеттігін айтты. «Сіздердің бұған хақыларыңыз бар, өйткені тағдырларыңыз сіздердің өз қолдарыңызда», – деп шегелеп көрсетті. Алайда нақты іске келгенде, Декларацияда және арнайы Үндеуде уәде етілген Ресей халықтарының, Шығыстағы түрк халықтарының құқтары большевизм пұрсат еткен деңгеймен шектелетіні айқындалды. Большевиктер партиясы жаратылысынан империялық партия еді. Ол бірінші кезекте таптық мемлекет құру, таптық негізде әлемдік революция жасау мәселелерін жүзеге асыруды басты мақсаты еткен-тін. Ал ұлт мәселесі соған тәуелді, бағынышты, ерулі, екінші кезектегі міндет ретінде ғана ескерілетін. Яғни нөмірі бірінші большевик Ленин ұлт мәселесіне басты мақсатқа жету үшін қолданылатын тактикалық тәсіл ретінде, еріксіз есепке алынуға тиіс жәйт ретінде ғана мән беретін.
1918 жылғы наурызда үкіметбасы Ленин ұлт комиссары Сталинмен бірге Алаш-Орда делегациясын қабылдады. «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшелері Жанша мен Халел Досмұхамедовтер тапсырған Екінші Жалпықазақ съезі құжаттарымен таныса келе, құрылған қазақ автономиясын мақұлдады да, байыпты келіссөз жүргізді. Олардың Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, автономия құрылымын советтік рельске ауыстыру жобасын жасауына мүмкіндік берді. Сәуірдің басында Сталин Семейдегі Орталық Алаш-Орда басшысы Әлихан Бөкейхановты төте желіге шақырды, сөйлесуге келген Халық Кеңесі төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовқа Досмұхамедовтермен арадағы келіссөздің түйінін айтып, қойған шарттарын хабарлады. Сол күндері Совнарком мәжілісі Лениннің төрағалығымен делегация ұсыныстарына сәйкес Орал земствосының жұмысына байланысты шешім шығарып, Алаш мекемелерін кеңестік негізде қайта құруға қажет қаржы бөлді. Бірақ Ленин мен Сталин соларының бәрінен тез айныды. 1917 жылғы 13(26) желтоқсанда жергілікті лениншіл большевиктер Қоқанда жарияланған Түркістан автономиясының Ташкенттегі мерекесіне келген жұртты оқшашармен тасадан атқылап қанға бөктірген болатын. Одан Лениннің көмегімен Мәскеуден эшелон-эшелон қарулы күштер алдырып, 1918 жылғы ақпанда Қоқанды да, онда орын тепкен автономия үкіметін де тас-талқан еткен. Сонда орталықтан апарылған қызыләскерлер қолымен бірнеше күн бойы халықты қырғынға ұшыратқан қылмысты бүркемелеп, өлкеге советтік автономия беру арқылы жуып-шаю үшін Ленин Ташкентке Халкомкеңестің Түркістандағы Төтенше комиссары лауазымымен Пётр Кобозевті және Ұлт істері жөніндегі комиссариат атынан Юсуф Ибрагимов пен Ариф Клевлеевті жіберген. 1918 жылғы сәуірде, Досмұхамедов делегациясы Мәскеуден көтеріңкі көңіл-күймен аттанғаннан кейін, бәлкім, сол тұста Семейден поштамен келген Алашорда шартын қарастыру барысында мәселеге кешенді түрде қарап, өзара келісіп алу нәтижесінде шығар, жер-жердегі советтік өкілдерге: «...Буржуазиялық-ұлтшылдық топтар автономияны өз бұқараларын қанаудың құралы ету үшін талап етуде, олар орталық совет өкіметін мойындай отырып, сонымен бірге жергілікті советтерді мойындағысы келмейді, олардың өздерінің ішкі істеріне араласпауын талап етеді», – деген түсіндірме жолдады. Сол себепті жергілікті бұқараға совет билігінің тиімділігін ұғындыру қажеттігін айтты. «Қазақ территориясының, Түркістан өлкесінің... автономиясын жариялау жобаланып отырғанын» хабарлады. Дала өлкесіндегі еңбекшілерді «өздерінің досмұхамедовтерін мойындарынан сыпырып, түсіріп тастауға» шақырды.
Ұзамай Лениннің Ташкентке жіберген уәкілдері өлке автономиясын Түркістан Кеңестерінің кезекті съезінде жариялауды дайындауға кірісіп, съездің ашылар күнін белгілеген. Осыған орай Ленин мен Сталин Ташкенттегі «Түркістан өлкесінің Советтер съезіне, Түркістан өлкесінің Халкомкеңесіне, Ибрагимов пен Кливлеевке» жеделхат жолдап, орталық өкімет олар жариялайтын автономияны қолдайды деп сендірді және оны Мәскеумен келісе отырып рәсімдеу жолын көрсетті. Өлке Кеңестерінің 5-ші съезі 1918 жылғы 20 сәуірде жұмысын бастады, 251 делегаттың жартысына жуығы («оянып келе жатқан тузем пролетариатының» 120 өкілі) тұңғыш рет жергілікті халықтардан сайланды. Бұған разы болған жергілікті делегаттар «орыс пролетариатының мұсылман пролетариатымен қол ұстасып келе жатқанын мұсылмандардың түсінгенін», өздерінің соларға ілесетінін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме жайындағы хабарды қуана қабыл алған Ленин мен Сталин Совнаркомның советтік негіздегі өлке автономиясын қолдайтынын айтып, шұғыл үкіметтік жеделхатпен жауап қайтарды. Жеделхат 22 сәуірде съездің кешкі отырысында оқылды. 30 сәуірде «Түркістан өлкесі федеративтік совет республикасы болып жарияланды».
1919 жылғы 10 шілдеде Ленин Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің Ережесін мақұлдады. Қатарына қызыл партизан және советтік қайраткер Бақытжан Қаратаев (1907 жылы 2-ші Мемдума мінберінен қазақтардың жер-суын қорғап, патша үкіметінің переселен саясатын қатты сынап сөйлеген сөзі өзінің назарына ілігіп, үзінділерін аграрлық мәселеге арнаған еңбегінде пайдаланған демократ) пен советке дұшпан боп келе жатқан Алаш-Орданың совет жағына шыққан беделді басшыларының бірі Ахмет Байтұрсынов енген Қазревкомның алғашқы құрамын қанағаттана бекітті. Сол жылғы қыркүйекте Михаил Фрунзе басқарған Түркістан майданының әскерлері ақтардың қоршауын бұзып, Түркреспублика мен Ресей арасындағы байланысты қалпына келтіргеннен кейін, ВЦИК пен Совнарком Түркістан істері бойынша арнайы комиссия құрып, Ташкентке жіберді. Түрккомиссия Лениннің Түркістан большевиктеріне жолдаған хатын ала барды. Онда көсем: «Түркістан халықтарымен дұрыс қарым-қатынас орнатудың енді Ресей Социалистік Федеративтік Республикасы үшін аса зор, бүкіләлемдік-тарихи мәні бар» екенін айтып, партия мүшелерінен «Түркістан халықтарымен іс жүзінде жолдастық қарым-қатынас орнату, ұлыорыстық империализмнің күллі қалдықтарын... түбірімен құртуды көксеген біздің тілегіміздің шынайылығын іспен дәлелдеу» мәселелеріне бар күш-жігерлерін жұмсауын сұраған болатын. Бірақ Түрккомиссия мұсылман коммунистерінің республикадағы басшы органдарда басымдыққа ие боп бара жатқанын байқап, олармен «жолдастық қарым-қатынас орнату» және өлкедегі «ұлыорыстық империализмнің қалдықтарын» жою мәселесіне мән бермей, Түркістан Республикасындағы басты саяси және мемлекеттік билікті өз қолына алуға ұмтылды. Түркреспубликада Түркаткомның аты ғана қалып, іс жүзінде бар билік Түрккомиссияға өтіп бара жатты. Сондықтан Тұрар Рысқұлов бастаған жергілікті коммунистер 1920 жылғы қаңтарда Түрккомиссия мүшелерінің қатысуымен өткен өлке партия комитеті съезінде мемлекеттік бірлік атауы – Түрк Республикасы деп өзгертілсін, өлкедегі барлық партия ұйымдарын біріктіретін Түрк халықтарының компартиясы құрылсын деген қаулылар қабылдатты. Бұл шешімдерді өмірге енгізбеу әрекеттерінің басында Владимир Лениннің өзі тұрды. 1920 жылғы мамырда ол Кремльдегі қабылдауына келген Түркреспублика делегациясының басшысы Тұрар Рысқұловқа большевик ретінде қателескенін мойындатты. Бірақ делегацияның Түркістан халықтары бірлігінің шарттарын дәлелдеуі және сондай бірліктің нәтижесі орталық билікке қолайсыздық туғызуы ықтималдығы көңілін күпті қылып, өлкені ұлттық тұрғыда жеке-жеке межелеп-бөліп жіберу жайында серіктеріне құпия түрде тапсырма берді (ұлттық-мемлекеттік межелеу науқаны ол қайтыс болғаннан соң жүргізілді, түркістандық коммунистер 1924 жылы Орта Азияда жаңа ұлттық республикалардың түтін түтетуін «Ұлы Ленинге қойылған ең тамаша ескерткіш» деп бағалады). Осы уақытта Ленин Қазревком әзірлеген Дала өлкесінің автономиясы мәселелерін қарастырған-ды. Ол автономия шектерін анықтауды көздеген мәслихаттардың біразын және сол тақырыпқа арналған Халкомкеңес мәжілісін өзі басқарды. Қазақ автономиялық республикасын құру жайындағы ВЦИК пен Совнарком декреті жобасын мақұлдап, сосын 1920 жылғы 26 тамызда Предсовнарком мәртебесімен тарихи құжатқа қол қойды (осы Декреттен басталған, одан 1936 жылы Ресей ішіндегі автономияға одақтас республика мәртебесі берілуіне ұласып, 1991 жылы қол жеткізілген тәуелсіздіктің тұғырына айналған кеңестік қазақ мемлекеттігіне биыл жүз жыл толады)...
Кеңес үкіметінің тұңғыш басшысы Владимир Ильич Лениннің беделі автономиялық Қазақ, Түркістан республикаларында да, Қызыл армияның көмегімен хандықтары жойылып, республикаға айналған Бұхара мен Хорезмде де жоғары болды. Бұл республикаларда да сол шақтарда өзбек, тәжік, түрікмен, қарақалпақтармен бірге қазақтардың едәуір бөлігі тұрған-ды. Совет үкіметі Хорезм Республикасымен 1921 жылғы 4 наурызда әскери-саяси келісімшартқа отырып, оның тәуелсіздігі мен толық дербестігін мойындаған болатын. Соның өтеуіне, Хорезм Халықтық Кеңес Республикасының үкіметі 1922 жылғы ақпанда, арнайы тағайындалған Еңбек орденімен Ресей Федерациясы Халкомкеңесінің төрағасы Ленинді алғашқылар қатарында марапаттады. Бұл оған бүкіл өмірінде берілген жалғыз мемлекеттік награда еді. Ленин Хорезмнен басқа ешбір елден, тіпті өз мемлекетінен де ешқандай марапат алып көрмеген екен. Есесіне 1924 жылы оның есімі Совет Одағында өте беделді болған жастар мен балалар ұйымдарына берілді. Ленин комсомолы деп аталған коммунистік жастар одағы Ленин партиясының ізбасары ретінде танылды. Ал Ленин комсомолының ізбасары – миллиондаған қызыл галстукті жеткіншектерді біріктірген Ленин атындағы пионер ұйымы деп саналды. Ең балауса буын, бастауыш сыныптардың шәкірттері пионерлер қатарына қабылданғанға дейін алғашқы идеологиялық тәрбие баспалдағынан октябряттар, яғни Қазан төңкерісінің бүлдіршін-төлдері санатында өтетін. Барлық одақтас республикалардағы жас ұрпақ осылай, Ленин есімімен тығыз байланысты ұйымдарға кеңестік империя тарағанға дейін мүше болып, коммунистік рухта тәрбиеленді. Мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, басқа елдердегідей, бізде де бұл идеологиялық бірлестіктердің бәрі тарқатылып, қоғамдық өмірдегі мәнін жойды. Қазіргі таңда Лениннің аты мен ісі ұмытылуға жақын. Кезінде ықпалы күллі түрк еліне тиген, соның ішінде біздің де еліміздің қалыптасуында елеулі рөл атқарған, адамзаттың жарқын болашағы жолындағы күресі мен қызметінің ағы да, қарасы да мол болған осы қайталанбас қайраткерді туғанына бір жарым ғасыр толуына орай осылай еске алғанды жөн көрдік.
Бейбіт Қойшыбаев,
жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.
Abai.kz