Тотайұлы тұрғанда Алтынсарин кім?..
Даңқты Бауыржан Момышұлының жерлестері айды аспанға бір-ақ шығарды. Мынадай жағдайға куә болғанда, олай демеске әддіміз жоқ. Жуалылық атқамінерлер Ыбырай Алтынсарин көшесін өз атымен атамауды ұйғарыпты. Оның орнына есімі елеусіз Сүйінбай Тотайұлының атын таңып беріп отыр. Бұл Сүйінбай қай Сүйінбай, Алтынсариннің аты кімге кедергі келтірді, көше атын ауыстырғанда неге сүйенген? Бұған бас қатырған ешкім жоқ тәрізді. Алған да, өзгерте салған. Ұлы Баукең мұны көрсе, не дер еді, шіркін?..
Бір бұл ғана емес, тұтастай алғанда, әулиеаталықтар атауы ресми тілде айқайлаған көшелерден әлі күнге арыла алмай келеді. Заманы өтіп, атаулары тарих шаңына көміліп кетсе де, Ленин мен Крупскаяның, одан қала берді, Калининнің құрметіне қойылған көшелерден көз сүрінеді. Ал қысылтаяң уақытта белуардан қан кешіп, мұз жастанған тұлғалар есімдері тасада қалып қоюда.
Облыстағы төрт мыңнан астам көшенің 29 пайызы өзге тілдің еншісіне бұйырыпты. Мағына-мәннен жұрдай қалғандар да жетіп артылады. Мәселен, соңғы алты жылда 400-ден астам көше жаңа атауды иемденген. Олардың ішіндегі 28-і ғана – тарихи тұлға мен жер, су атауын алғандар.
Сауыт Махамбетов, Жуалы аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бастығы:
– Сүйінбай Тотайұлы Жуалының Шақпақата ауылында туған әрі қызмет істеген азамат екен. Сол кісінің туыстары мен ауылдастары хат дайындап, аудандық ономастика комиссиясына Алтынсарин көшесін Тотайұлы атымен атау жөнінде өтініш берген. Ономастика комиссиясының бұрынғы төрағасы Мырзахан Ахметов бұл ұсынысты қолдап, көше атын өзгерткен.
Мен ол кезде жұмыс істеген жоқпын. Бұл қызметке жаңадан келдім. Болашақта сол ауылдағы бір көшеге Алтынсарин есімін беруге күш салатын боламыз.
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ, Жамбыл облысы
«Алаш айнасы» газеті 24 маусым 2009 жыл