Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 6106 25 пікір 24 Сәуір, 2020 сағат 12:27

Қазақ қашан өз байлығы мен өндірісіне еге болады?

Zona.kz сайтына жарияланған Әлихан Сабыровтың «Орыстардың үдіре көшуі республиканың байырғы тұрғындары үшін нені білдіреді?!» (Что означает массовый исход русских из Казахстана для коренного населения республики?!) атты мақаласы оқыған жанды бей-жай қалдырмайды.

Орыс ақпараты ылғи жазып-сызып жүрген осы мәселені кеңінен қарпыған Әлихан Сабыров былай деп жазады:

«Өздерін Қазақ еліндегі социализмді орнатумен байланыстырғандардың басым бөлігі баяғыда-ақ, есі барда елін тапты. Енді капитализм орнап жатқан шақта өзгелер де түре қопарыла көшуге қамдана бастады. Таяуда Posredi.ru «Қазақстандағы орыстардың жаппай көшуі» (Массовый исход русских из Казахстана) деген тақырыптағы мақала жариялады.

Оның әп-бісіміләсі: «2019 жылдың соңында ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың доғарысқа кетуіне байланысты басталған орыстар мен орыс тілділердің ауа көшуі жалпыбұқаралық сипат алды. Оның үстіне Қзақстанды тек орыстар ғана емес, орыс тілді қазақтар да тастап кетіп жатыр. Ең бастысы жоғарғы білікті орта дәулетті жандар басқа елден бақыт іздеуде», деп басталады.

Одан ары аталған мақалада төмендегідей уәждар айтылады: «Қазақстанда орын алған бұл көшуді тек бірыңғай экономикалық факторлар түрткі болған «табиғи үрдіс» деп атау өте қиын. Ресми дерек бойынша статистикаға жүгінер болсақ, Ресейге: 2016-да –23,5 мың, 2017-де – 26 мың, 2018-де – олардың саны 30 мыңнан асып жығылған. 2019 жыл тіпті «рекордтық жыл» – осы жылдың тек алғашқы үш тоқсанында 34,2 мың адам қазақ төлқұжатын ресей паспортына айырбастады. 2019-дың соңғы айлары үдіре көшудің көкесін көрсетті.

Қалай болғанда да орыс және орыс тілді тұрғындардың жаппай көшуі тек толастай түсетін болады», дейді.

Бұның барлығы экономикалық себепке келіп тіреледі, нақтылай айтсақ, материалдық құндылық басты рөлде ойнайды. Ресей, әм Қазақстан – ендігі жерде капиталдың елдері. Сол себепті ұқсастық бар. Бұл әрине түсінікті. Қанша дегенмен айырма да жоқ емес. Қазақстан – ең бастысы, шетелдік капиталдар елі. Тағдыр солай болды. Ал, Ресей – отандық капиталы үстем ел. Дәл осы мәнінде өзін ұлы ұлттың нәсілімін деп санайтын орыс адамы шетелдіктердің алшаң басып жүруін хош көрмейді, сол себепті өздерінің тарихи отанында жалғанды жалпағынан басқысы келеді.

Осылайша, бір кездері «Қазақстанның орыс-славяндары һәм еуропалықтары түре көшсе не болады?», деп долбарланатын жайт енді шындыққа айналды. Бірақ, бұл бумерангі болып қазақтарға да тиді. Жетекші интеллектуалды-өндіргіш күш әм эволюциялық дамудың шешуші факторы болып саналатын (тіпті қазір де сандық әм сапалық кемуіне қарамай үстемдікке ие болып отырған) орыс-еуропалықтардың басым бөлігінен айырылудың кесірінен, Қазақстан бұрынғы бет-бейнесі мен өз-өзіне деген сенімділігін жоғалта бастады.

Басқаша қалай болмақшы, неліктен қазақ қалалары, әсіресе ауылдарындағы еңбекке жарамды екі қолға бір күрек таппай отырған жүздеген мың адамдары бар елдің сырттан шетелдік ондаған мың білікті жұмысшылар мен техникалық мамандарды жұмысқа алуы ең өзекті мәселеге айналды?! Егер біз сонда сырттан үздіксіз ағылатын өзгелерді жұмысқа тартатын болсақ, онда топырлап келетін гастарбайтерге орасан зор үміт артқанымыз ба?

Экономикамыз соңғы жылдарда тым қауырт дамып, шапшаң әм жылдамдата өсті. Соған сәйкес білікті жұмыс күшіне деген сұраныс еселеп арта түсті. Сол себепті, оны сырттан адам шақыру арқылы жабу тәжірибесі күнделікті өмір салтына еніп, берік орнықты.

Тұтастай алғанда, экономиканың өнімді секторында осы күнге дейін байырғы ұлт өкілдерінің үлес салмағы жоққа тән. Өйткені, экономиканың жоғары қарқынмен өсуі онда істейтіндердің бақ-қуаттылығын танытады.

Байырғы тұрғындардың көптеген өкілдері соңғы жылдары заманы түлкі болса, тазы боп шала алмай, дағдылы өмір салты мен мінез-құлық үлгісін күрт өзгертуге  мәжбүр болды. Тап осы жағдайда көпшілігі қанша төлесе де, таусылып бітпейтін несие қамытын мойынына ілді. Дәл қазір несиеге сеніп шалқып өмір сүру: мұнай бағасының құлдырауы мен дағдарыстық жағдайдағы тәжтажалға байланысты біржола келмеске кетіп, қайтіп күн көремнің жаңа бас ауруын туғызды.

Қарапайым алаш жұртшылығы арасындағы жаппай бас көтерушілік наразылығы – осы процестің тікелей салдары. Олар шақшадай бастары шарадай болып, сіркелері су көтермей, өздерін өмірлік нәпақадан қағылып отырмыз деп санайды.

Қалай десек те, қазақ жұрты тап қазір қолдан келер мүмкіндіктері мен пендауи су ішерлігінің арқасында ғана нағыз өмір сүруді бастады. Өз еліңде жүздеген мың екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздарың болса да, алыстан ат арытып ондаған мың жұмыс қолын шақыру дегеніміз – жердегі жұмақ социализмді орната алмағандығымыздан, демек аяғынан қаз-қаз тұрып келе жатқан капитализмге өзгелер – басқа жақтан келетін адамдар ғана қажет деген сөз.

Сонымен қазір қалыптасып отырған жағдай сүреңі былай: бұрындары өздерін Қазақстандағы социализммен байланыстырғандардың басым бөлігі ауа көшіп кетсе, енді олардың орнын басып, бізде орнатылатын капитализмді құру үшін көптеген жат жұрттықтар ағыла көшіп келетін болады. Ал, қазекең тап осы жағдайда тағы да өз елінде тесік қазанның қақпағын ұстап жетім баланың күйін кешіп қала береді».

Түйін. Әріптесіміз орынды проблеманы көтеріп отыр. Яғни, қазақ техникалық зиялылары мен кәсіби жұмысшылары басым ұлт болмай, өзгенің жеміне, ал, еліміз өз ұлтының –  тозағы мен өзгелердің – жұмағына айналады. Бала кезімізде Жақанбай деген ағамыз қазақ тілі және өзге пәндерден екі мен үшке оқып жүрген Сансызбай деген шәкіртіне физикадан «5» қойып педкеңеске түскені бар-тын. Сонда физикадан беретін өзге мұғалімдер «әзер үлгеріп жүрген балаға «5» қойдың», деп бас салғанда Жақаң өзімен бірге алып келген электр үтігін шашып тастап, осыны құрастырыңдаршы деген еді. Шөпжелке әйелдер құрай алмаған соң, Сансызбайды шақырып құратады да, «Сендер физиканы қалай болса-солай оқытуды білгенмен, оның заңдылықтарын шәкірттеріңе күнделікті өмірде ғұмыр бойы пайдаланылуын еш  үйрете алмайсыңдар», - деп есікті тарс жауып, шәкіртін жетектеп шығып кетіпті. Сол Сансызбай қазір Аягөз қаласында депода білікті маман.

Алысқа бармай-ақ, қазақ сөзінің жілігін шағып, майын ішкен қаламгерлерімізге қатысты әңгіме қозғар болсақ. Тіпті көз майын таусып жазған кітабын өткізе алмай, жерлес, көз таныс әкімқараларды жағалап жүрген қария қаламгерлеріміз қаншама!? Егер олар заманауи полиграфиялық өндірістің тілін білсе, кітап сатылуының теңгені құнсыздандыратын инфилацияға қатыссыз өтімінің ретін білсе, техникалық оқулықтардағы терминдердегі руссизм мен американизмдердің айтылуы мен жазылуын қазақиландырып кірме сөзге аударудың жөн білсе, қазақ әнін бизнеске айналдырып, дәулеттерін дөңгелеткен, қазақ іші түгіл шетелден тыңдарман тапқан сазгерлер мен әншілеріміз сияқты еліміздегі 48 мың кітапхананы ғана емес, 9 миллион оқырманды да сауын сиырына айналдырар еді-ау!

Техникалық ұлт болмағанымыздан қазақ кітабы бағасы шарықтайтын, кімнің кітабы шығуын орыс тілді биілік анықтайтын елге айналдық! Қағаз жоқ дейміз, оның біздегі су тегін шикізаты күзде үйіліп, көктемде өртенетін сабан суарылмалы емес, күн-райлы егін егетін Шығыс пен Солтүстікте өндірістік қажетке жарамай рәсуә болып жатыр. Кезінде екі қаламгер бауырымыз сабаннан қағаз шығаратын шағын зауыт ашпақшы болып, ашпаған есігі, баспаған табалдырықтары қалмағантын. ЭКПО-ға шашқан ақша есепке алынбай, отандық өнімді шығаруға көк тиын қимағандық қабырғаға батады. Әттең-ай, әттең...

Жаман ұлт жоқ, тек техникалық әм техникалық емес ұлттар ғана бар. «Қазақ қашан өз байлығы мен өндірісіне еге нағыз қожайынға айналады?» деген сауал көзі ашық жұртты мазалайтыны хаһ.

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

25 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371