Мәмбет Қойгелдиев. Тіл – ұлттың жаны
«Қазақстан тарихшылар қауымдастығының» президенті, тарихшы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы басталған интернет-конференцияның соңғы сауалдарына жауап қатып, конференцияны аяқтап отыр.
Мәмбет Қойгелдиев мырза қызметтік сапарда болғандықтан, жауаптарының сәл кешігіп жарық көруіне байланысты оқырмандардан кешірім сұраймыз.
«Абай-ақпарат»
«Қазақстан тарихшылар қауымдастығының» президенті, тарихшы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы басталған интернет-конференцияның соңғы сауалдарына жауап қатып, конференцияны аяқтап отыр.
Мәмбет Қойгелдиев мырза қызметтік сапарда болғандықтан, жауаптарының сәл кешігіп жарық көруіне байланысты оқырмандардан кешірім сұраймыз.
«Абай-ақпарат»
«Қазақтың өзін қор, орысты зор санау психологиясы» жөнінде. Отарлық кезеңнің санада қалған қалдықтары. Өз тәжірибемнен айтсам, орыс мектебін бітірген, орыс тілді мамандардың артықшылықтарын байқамаппын. Ал тілді меңгеру, яғни ақпарат, мәлімет алуға болатын тілдерді игеру адамға артықшылық беретіні рас. Тарих ғылымына байланысты айтсақ, мынадай жағдай байқалады. Қазақ тілін терең меңгермей азаттық қозғалысы тарихына қатысты зерттеу еңбегін жазу өте қиын. Жазуға болатын шығар, бірақ ол жүрекке жететін нанымды дүние болып шықпайды. Тіл - ұлттың жаны. Мәселен, Мағжанның шығармаларын терең түсінбей, қалайша Алаш қозғалысы жөнінде еңбек жазуға болады? Маған бұл мүмкін еместей көрінеді. Алаш қозғалысы тарихына қалам тартып жүрген орыс тілді әріптестерім бар. Олардың еңбектерін оқығанда бір нәрсенің жетіңкіремей тұрғанын байқаймын. Сол сияқты Алаш қозғалысы тарихына қатысты басқа тілдерде жарық көрген еңбектерді білу, сіздің жазған жұмысыңыздың бай, тартымды, тереңірек болып шығарына септігі тиері хақ.
Алаш тарихы мен әдебиетін зерттеу ісінде жүрген Тұрсын Жұртбай мен Дихан Қамзабекұлының еңбектерін үлкен қызығушылықпен оқимын. Олар мәселеге жазушылық немесе әдебиеттану ғылымы тұрғысынан келгенімен, көп жағдайда мен айтпаған мәселелерді айтып, мен көрмеген нәрселерді байқап, көріп жатады. Бұл ғылымды байыта түсетін жағдай. Аталған азаматтар алаштану саласында білек түріп, нәтижелі еңбек жасап жүрген ғалымдар. Алаштану бәрімізге жететін тақырып.
«Қазақ тілін ит сияқты түсінетін ұрпаққа» байланысты. Иншалла, балаларымның үшеуі де қазақ мектебінде білім алған. Немереміз де қазақ мектебін де оқып жүр. Ағылшын тілін меңгеруде. Орыс тілінде жақсы сөйлейді. Байқауымша, ана тілін сыйлайтын, ана тілін құрметтеу зиялылықтың ең басты көрінісі деп білетін буын қалыптасып келеді. Балаларыма әдеби ана тілінде сөйлеу кісіліктің белгісі екендігін ылғи да айтып отырамын. Оларда бұл ұстанымды қабылдаған сияқты.
Осы ретте мынадай пікір білдірсем деймін. Біз қазір өсу жолында тұрған мемлекеттік ұлтпыз. Сондықтан ана тілін сыйлайтын әрбір азаматқа ішкі сенімділік, күнделікті жүріс-тұрыста ана тіліне, ұлттық мәдениетке сүйенген биік парасат қалыптастыру қамында болғанымыз қажет-ақ, жарасады. Осындай сенімділікті ұл-қыздарымыздың бойына сіңірейік. Олар ана тілінің күш-қуатына сенетін, оны әдеби тіл ретінде меңгерген ұрпақ болып өссін. Абайды, Махамбетті, Мағжанды, Мұқағалиды үлкен ләззатпен жатқа айтатын азаматтар болып өссін. Бүгінгі біздің негізгі міндеттеріміздің бірі - осы болса керек. Басқаша айтқанда, кезінде жеңіліс тапқан, дағдарысқа ұшыраған ұлттық мәдениетіміз бен құндылықтарымызға жаңа серпін беру қамында болайық. Егер біз осы міндетті тиесілі дәрежеде орындай алсақ, онда өлмейміз, өскен елдердің қатарында боламыз. Осы ретте қолымызға тиген мемлекеттігімізді дұрыс пайдалана білейік. Мемлекеттік тәуелсіздігін игере алмаған, оны дер кезінде пайдалана алмаған халықтың тағдырын құшпайық.
«Алашордалықтарды айыптау ісіне қатысты материалдарды жарыққа шығару» жөнінде. Бір-екі шәкірттеріммен бірлікте осы істің соңында жүрмін. Нәтиже шығып қалар деген үміттемін.
«Мағжан ақынның өмірінің соңғы жылдары» жөнінде. Маған таныс құжаттар бойынша Мағжан ақын 1938 жылы,11 ақпанда ішкі істер Халкомы Комиссиясының шешімімең ату жазасына кесілген. Кесімнің орындалғаны жөнінде анықтама да тіркелген. Басқа версияға жол беру үшін нақты дәлелдер қажет. Ондай дәлелдер әзірге байқалмайды.
«Ғылыми тарихқа негізделген танымдық телехабар жасау» жөнінде. Пікіріңіз жақсы екен. Ондай бағдарлама қажет-ақ. Өкінішке орай, мұндай жауапты істі бастап, жүргізуге тура қазір уақытым жоқ. Бастаған істі аяқтау керек.
Көшпелілік жөнінде. Қазақ даласындай табиғи ортаға бейімделген, сіз бен біз білетін көшпелі өмір енді қайтып оралмайды. Әр нәрсенің өз уақыты бар, әр нәрсе өз уақытында қастерлі. Мал шаруашылығының бүгінгі заман мен жағдайға лайық бейімделген түрін дамыту - бұл басқа мәселе.
Дін туралы заңға байланысты. Мұндай заңның негізінде халықтың дәстүрлі діни сенімдеріне деген құрметтің жатқаны дұрыс. Ол халыққа деген құрметтің көрінісі. Біздің елде мұсылмандық парызды өтеуге қажет алғышарттарды қалыптастыруға болады. Ал тура қазіргі саяси жағдайдан хабарым шамалы.
Құл-Керім Елемес бауырым! Өзіңнің биязы қалпыңды, ақындық талантыңды жоғары бағалайтын бауырларыңның бірімін. Ал сіздің атсалысуңызбен жарық көрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» (Алматы, «Жалын», 1996, 464 б.) арнайы ғылыми талдауға мұқтаж еңбек. Тарих, филологиялық және дәрігерлік тұрғыдан зерттеуге алынса құба-құп болар еді. Мүмкін пәнаралық тұрғыдан осы мұраны талдауға арналған конференция немесе дөңгелек үстел өткізу қажет шығар? Қалай болғанда да оны «жабулы қазан» күйінде қалдыруға болмайды.
Желтоқсан-86 оқиға ма, ереуіл ме, көтеріліс пе? 86-ның желтоқсан қазақ тарихындағы ұлт-азаттық көтерілістерінің жалғасы, кеңестік кезеңдегі көрінісі. Ол жөнінде мен 11 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында жаздым. (Қараңыз: «Қазақстан тарихы» 2011 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан, 65-70 беттер) Оқулықтың 67 бетінде Қ.Рысқұлбековтың суреті өмірбаянымен берілген.
Сол сияқты «Орал-91 қыркүйек оқиғасы» да болашақта Қазақстан тарихынан өз орнын алатындығына сенемін.
Ең соңында айтарым, пікір алысу барысында оқырмандар тарапынан қойылған кейбір сауалдарға жауап бере алмадым. Қойылған барлық сауалдарға жауап беру үшін көп уақыт қажет. Жұмыс басты пендеміз ғой! Компьютерлік тексте түрлі себептерге байланысты граматикалық қателіктер кетіп жатты. Ол үшін кешірім өтінемін.
Өздеріңізге зор құрметпен Мәмбет Қойгелді.
"Абай-ақпарат"