Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2414 0 пікір 24 Маусым, 2009 сағат 22:32

Ұлы ұстаздың ұлағаты

 

 

Қанша жыл өтсе де саяси қуғын-сүргін құрбандары болған ардақты ұлдарын халқымыз ұмытпақ емес. Келешек ұрпаққа үлгі тұту үшін көнекөз қарияларымыз олар туралы жазып та, айтып та жүр. Олардың рухтарына әрқашан тағзым етіп, ескерткіштер орнатылуда. Мұндай игі істердің жалғаса беретіні сөзсіз. Мен де осы қаралы күнге арнап өзіме қадірменді ұстаз санайтын және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған ұлы тұлғаның әлі де ел ести қоймаған, біле қоймаған жәйттерін сөз етпекпін.
С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қабыр¬ғасында жүргенімде өзімді басқаларға қара¬ғанда ересек сезінетінмін. Ол кездегі Үкі¬мет¬тің нұсқауы бойынша жоғары оқу ор¬нына түсу үшін кем дегенде үш жыл жұмыс өтілі болуы шарт, ал менің еңбек өтілім бес жылға жуық болатын. Оның үстіне мен коммунистік партия қатарына өтіп барған¬мын. Сондықтан да шығар, тарих факуль¬тетінің деканаты мені факультеттің курс басшысы етіп тағайындады. Факультеттің қоғам жұмысына да белсене араласып жүрдім. Осындай белсенділігімнен болар, бастауыш партия ұйымының кезекті есеп беру-сайлау жиналысында студенттер арасынан мені факультеттің партбюро мүшелігіне сайлады. Әрине, бұл студенттер арасында болсын, оқытушылар арасында болсын, беделімді біршама көтеріп тастады.
Университет қабырғасында талай тамаша ұстаздардан дәріс алу мүмкіндігі туды. Әрине, аса ірі тарихшы-ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ермұхан Бекмахановтың жөні бір бөлек еді. Оның лекциясын тыңдау үлкен бір ғанибет еді ғой, айтқандарын сүйсіне тыңдағанда миыңа қалай сыйып жатқанын өзің де білмей қаласың. Сирек болғаннан кейін бе, оның лекциясын асыға күтетінбіз. Дегенмен, лекциясында болмаса да парт¬бюро отырысында, партиялық жарна төлеу кезінде дегендей, жиі кездесіп тұратынмын.
Ермұхан Бекмаханов 1952 жылы жаламен 25 жылға сотталып, бір-екі жылдан кейін түрмеден шыққанда жер аударылып, Шу ауданының (Жамбыл облысы) Новотроицк ауылындағы (қазіргі Төле би ауылы) Максим Горький атындағы орта мектепте 3-4 жылдай мұғалім болып істегенінен хабардар едім. Кезекті партбюро отырысынан кейін осы жәйтті және өзім сол жердің баласымын дегенді айтқанымда “Ой, айналайын, Шудың елі, жері тамаша еді ғой, оны мен ешқашан да ұмытпаймын!” – деп ақжарқын көңілін жайып салғаны бар. Осыдан кейін кездескен сайын: “Шудың баласы, амансың ба?” – дейтін болды. Әрине, көрген кезде батылым жетіп қасына бара бермейтінмін. Өмірдің әділетсіз талқысын көп көргендіктен бе, түсі суықтау көрінетін.
Бірде Ресейдің Новосібір қаласының ауруханасында сырқатына байланысты жатқанын естігенбіз. Сол жақта жатып Қа¬зақстан Компартиясы Орталық Комитетінің университетте КСРО тарихы кафедрасы бар, ал Қазақ КСР тарихы кафедрасы болса соның құрамдас бөлімі, сондықтан уни¬верситеттегі Қазақ КСР тарихы кафедрасы таратылуы тиіс деген нұсқауын естіп, науқасына қарамастан, Алматыға қайтып келіп, университетте үлкен жиналыс өткізуге мұрындық болды. Осы жиналыста Е.Бек¬маханов сөйлеп, қазақ тарихына байланысты көп деректер келтірді. Әрине, оның бәрі есте қалмапты, тек есте қалғаны: “Американың бір университетінде Қазақстан тарихын зерделеуге арналған арнайы бөлім бар екен, ал Кеңестер Одағы бойынша Қазақ КСР тарихы кафедрасы біреу-ақ, оның өзі жабылу қаупінде тұр. Бұл кафедра халқымыздың өткен, қазіргі және ертеңгі тарихы үшін аса қажет, кафедраны жабу – сан жылғы қазақ тарихын өшіру деген сөз. Сондықтан мұны жаппау туралы менің пікірімді қолдайсыздар ғой деп ойлаймын”, – дегенде залда отырғандар ду қол шапалақтады. Сонымен не керек, кафедра жабылмай қалды. Е.Бекмаханов өз ұлтына, ұлтының тарихына аса берілген тарихшы-ғалым екенін осы жолы тағы да дәлелдеді.
Е.Бекмаханов жөнінде мынадай оқиғаның куәсі болғаным бар. Кезекті партия жи¬на¬лысында бір коммунистің жеке ісі қарала¬тын болды. Ол Е.Бекмаханов жетекшілік ететін аспирант болып шықты. Аспирант бұған дейін Қарағанды облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып істеген, әйелі, баласы болған. Соған қарамастан, Алматыға келіп, аспирантураға түсіп алғаннан кейін өз отбасын ұмытып, студент қызға бұрылып кеткен ғой. Бар мәселе осы. Әрине, комму¬ниске қойылатын талап бойынша ол партия¬дан шығарылуы тиіс, бірақ біздер олай етпедік. Талқылау барысында біздер жағы оған есеп кәртішкесіне жазылған қатаң сөгіс берілсін десек, екінші жағы партиядан шығарылсын деген ұсыныс жасады. Дауысқа салғанда біздер жағының бір ғана дауысы артық болды.
Партиядан шығарылсын дегендердің барлығы дерлік өзге ұлттар еді. Е.Бекма¬ханов бәрін естіп, көріп отыр, бірақ мәсе¬лені талқылау барысында сөзге шықпады. Дауыс беру нәтижесіне қарамастан, шығып сөйлесін, пікірін тыңдайық, деп комму¬нис¬тер Е.Бекмахановқа қарады. Е.Бекмаханов жайлап қана мінберге шығып, сөзін бастап еді, неге екені белгісіз, әйтеуір сөзі қиыс¬пады. Ақыры қолын бір-ақ сілтеп, орнына жылап келіп отырды. Жылағанда иығына дейін селкілдеп кетті. Зал үнсіз, тып-тыныш. Үлкен кісі әлі жылап отыр. Содан кейін орамалымен бет-аузын сүртіп алып, нық басып мінберге қайта көтерілді. Өз сөзінде әлгі адамның қылмысы коммунист деген атаққа жат екенін айта келе, өзі жетекшілік ететін аспиранты ретінде оның ғылымға бейімі бар талантты екенін ерекше атап өтіп, бұрынғы өз отбасына сөз жоқ қайта¬ратынына, әрі қарай тәрбиелеп соңына дейін жеткізетініне коммунистерді сендірді.
Жиналыстан Е.Бекмахановтың бұл іс-қимылынан еш нәрсе түсінбей, таңқалысып тар¬қастық. Ертесіне үлкен беделі бар бір оқы¬тушыдан: “Е.Бекмахановтың мұнысы несі?” – деп сұрап едім ол: “Біз де еш нәрсе түсінбедік, бірақ оның “Осы дау-дамай қашан қалар екен?” дегенін де естіп қалдым. “Қазақ¬стан¬дағы ХІХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысы” монографиясы үшін не естімеді бұл кісі, ғылым жолындағы қас жауларының оны Қа¬зақстанда хандық орнатуды аңсайды, ұлтшыл деп жала жапқаны, ғылым докторы атағынан айырылуы, ақыры 1952 жылдың 4 желтоқсаны күні “халық жауы” ретінде 25 жылға сотталып, 1954 жылы түрмеден боса¬тылып, жер ауда¬рылуы, кезіндегі әділетсіз дау-таластар, осы¬ның бәрі етінен өтіп, сүйегіне сіңіп, жүйкесін әбден жұқартқан болуы керек”, деді. Е.Бек¬маханов 1966 жылы қайтыс болды.
Мен сол жылы университетті бітіріп, өз ауданыма келгенде мамандығым бойынша емес, қызметке аудандық партия коми¬те¬тінің нұсқаушысы болып орналастым. Бұдан кейінгі атқарған қызметтерім де ауданның экономикалық-әлеуметтік өмірімен тығыз байланысты болды.
КСРО ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіз¬дігін алғаннан кейінгі алғашқы жылдары аудан орталығындағы бес орта мектептің үшеуінің аттары орысша болғандықтан, атаулары өзге¬ретін болды. Осыған байланысты М.Горь¬кий атындағы орта мектебі кезінде “халық жауы” аталып жер аударылып, осы мектепте біраз жыл мұғалім болып істеген белгілі тарихшы-ғалым Ер¬мұхан Бекмахановтың есімімен аталса деп жаңадан құрылған аудан әкімінің орын¬басарына кіріп едім, Компартия кезінде үшінші хатшы болып істеген, аузы сөйлесе қолы бірге қимылдайтын әдетіне басып: “Жоқ, болмайды, ол кім еді сонша, мектеשּׁке Сәкен Сейфуллиннің есімін береміз!” – деп кесіп айтты. Ол кезде ауданда оно¬мастика комиссиясы әлі құрылмаған. Аудан басшысы атынан сөйлеп отыр ғой, мейлі, дедім де үн¬демей шығып кеттім. Аудандық тіл комитеті басқармасының бастығы болып қызмет атқарып жүргенімде 1994 жылы аудандық оно¬мастика комиссиясы құрылып, оның төра¬ғасының орынбасары қызметін қоғам¬дық негізде атқарып жүрдім, іс қағаздарын мен жүргізетінмін.
Аудан жанындағы Шу қаласы әкімшілік жағынан ауданға бірде қосылып, бірде бөлініп жүретін. Соңғы уақытта облыстық мәндегі қала атанып ауданнан тағы бөлініп кеткен. Елбасының 1997 жылғы 28 ақпан күнгі Жарлығымен Шу қаласы ауданға қайта қосылды. Осыған байланысты аудандағы мектептердің аттары қосарланып кетті. Мәселен, С.Сейфуллин есімімен аталатын мектеп аудан орталығында да, ауданға қо¬сылған Шу қаласында да бар болып шықты. Сөйтіп, аудан орталығындағы мектепті Е.Бекмаханов есімімен қайта атауға тікелей өзім ұсыныс жасап, аудан басшы¬лығының арнайы келісімін алдым. Менің жазған-сызғандарым сатылай қаралып, соңында Үкімет жанындағы республикалық Ономас¬тика комиссиясы бекітті. Сонымен, мектеп Е.Бекмаханов атымен аталса деген менің бастапқы ниетім орындалды. Осы рәсімге қатысқан ғалымның зайыбы Қалима апай мен баласы мені құшақтарына алып, рахметтерін жаудырды. Ғалым әруағы риза болсын деймін. Ал Е.Бекмахановтың “Бұл дау-дамай қашан қалар екен?” – деп қинала айтқан сөзі Кеңестер Одағының тотали¬тарлық саясатының салдары екені рас.
Тағы бір айтарым, Елбасының 1997 жылы 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбан¬да¬рын еске алу күні деп жариялау туралы Жарлығында: “Көңіл көтеру, ойын-сауық шаралары болмасын, бұл күн қаралы күн болып белгіленсін”, деп атап көрсе¬тілген еді ғой. Керісінше, қазіргі уақытта бұл күнді той-думанға, тіпті мерекеге айналдырып жібердік. Құрбан болған ата-бабаларымыздың әруақ¬та¬рын да елемей бара жатқан сияқтымыз. Ойланайық! Жергілікті атқарушы органдар да мұны ретке келтірер деп сенеміз.



Әлкен ӘБЕНОВ, зейнеткер. Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы.
«Егемен Қазақстан» газеті 24 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502