Сәуле Мешітбайқызы. Қатеден көз ашпаған қазақша оқулықтар
Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов: « ...отандық оқулықтарды жасаушылар мен оның авторлары баспагерлермен бiрге шығармашылық iзденiсте екенi байқалады. Бiрақ та жаһандану дәуiрi жаңа талаптар қоюда. Сондықтан да қазiргi заманда баға жетпес капитал - бiлiм екенi сөзсiз, ал оны жақсы оқулықтар мен кiтаптарсыз көз алдыңа елестетудiң өзi қиын. Соған байланысты қысқа мерзiмде оқулықтар басып шығаруды дамыту үшiн оның пәрмендi құқылық базасын жасау қажет. Сапасыз оқулықтардың үлгiлерi олардың мазмұнын жариялы түрде талдау үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң веб-сайтына орналастырылатын болады. Оны жасаушылардың, авторлардың, сарапшылардың, баспагерлердiң, полиграфистердiң, бiр-бiрiмен қарым-қатынасын жоғары деңгейге көтерген жөн. Бұл орайда талапты күшейте отырып, олардың толыққанды жұмыс iстеуi үшiн қажеттi жағдайларды жасау керек. Оқулықтарды жасауға қатысатын мамандарды материалдық жағынан ынталандыру жүйесiн қайтадан қарастырған жөн»
Сөз басы
Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов: « ...отандық оқулықтарды жасаушылар мен оның авторлары баспагерлермен бiрге шығармашылық iзденiсте екенi байқалады. Бiрақ та жаһандану дәуiрi жаңа талаптар қоюда. Сондықтан да қазiргi заманда баға жетпес капитал - бiлiм екенi сөзсiз, ал оны жақсы оқулықтар мен кiтаптарсыз көз алдыңа елестетудiң өзi қиын. Соған байланысты қысқа мерзiмде оқулықтар басып шығаруды дамыту үшiн оның пәрмендi құқылық базасын жасау қажет. Сапасыз оқулықтардың үлгiлерi олардың мазмұнын жариялы түрде талдау үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң веб-сайтына орналастырылатын болады. Оны жасаушылардың, авторлардың, сарапшылардың, баспагерлердiң, полиграфистердiң, бiр-бiрiмен қарым-қатынасын жоғары деңгейге көтерген жөн. Бұл орайда талапты күшейте отырып, олардың толыққанды жұмыс iстеуi үшiн қажеттi жағдайларды жасау керек. Оқулықтарды жасауға қатысатын мамандарды материалдық жағынан ынталандыру жүйесiн қайтадан қарастырған жөн»
Сөз басы
Отандық оқулықтардың сапасы жөнінде жағымсыз қоғамдық пікір қалыптасып отыр. Бұл ахуал еліміз егемен болған жиырма жылдың ішінде төл оқулық өндірісінің белгілі бір деңгейге көтеріле алмағандығының көрінісі. Әуелгі жылдары оқушылар қазақ тіліндегі сапасыз оқулықтың қиындығына үнсіз келісті, уақытша жағдайға балады; бірқатары біртіндеп орыстілді сыныптарға ауысты.
Бертін келе жағдайға ата-аналардың көзі жетіп, өз деңгейлерінде наразылық білдіріп жатты да, ақыры бұл мәселе биліктің жоғарғы деңгейіне де жетті. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханов талай рет парламент мінберінен оқулықтардың қатесін көрсетіп, ел алдында оқулық мәселесінің ушығып кеткенін жария етті. Бұл аталмыш мәселенің аса күрделі әрі саяси сипат ала бастағанын көрсетті.
Сенатор Қуаныш Сұлтанов үкіметке депутаттық сауал жолдауына мәжбүр болды. «Әсіресе бастауыш кластарға арналған танымдық оқулықтар, орта, жоғарғы кластарға арналған тарих, әдебиет, дүниетаным тағы басқа оқулықтар мазмұны жағынан бала, жасөспірім үшін түсініксіз, тартымсыз, дарынсыз жазылғаны туралы шағым, арыздар да жеткілікті. Олардың көпшілігі баланы оқуға ынталандырмайды, қызықтырмайды» деп атап өтті сенатор. Осылайша елде мектеп оқулықтарына түрлі деңгейдегі талдау мен сараптама жасайтын тұлғалар көбейді. Мұның себебі не?
Біздің ойымызша, елдегі білім беру саласында жалпы алғанда, қазақ тілді оқулықтармен қамту жүйелі түрде қолға алынбаған. Аталмыш мәселе жоғарғы білімге де, орта және арнаулы білім беру деңгейіне де, Бастауыш білім беру сатысына да тән болып отыр. Соның салдарынан оқулық мәселесі Білім беру саласынан мемлекеттік ауқымға шығып кетті.
Мұндай жағдайда оқулық мәселесін шешу үшін авторларды кінәлау жеткіліксіз. Жағдайға барынша тереңірек үңіліп, сапалы Оқулық өндірісін жолға қоятындай жүйелі тетік ойластыруымыз керек. Ол тетік сапалы оқулық жазылып шығатындай үдеріске жол ашуы тиіс.
Сөз ортасы
Айтарымыз дәйекті болуы үшін Ж.Қ.Балтабаева, М.Қ.Солтанғазина,Ф.С.Лекеровалардың авторлығымен әзірленген 3 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығын (1,2 бөлім) қарапайым ата-аналық тұрғыдан сараптайық.
І. Оқулықтағы қателер
Авторларға өзіміздің бәсеке болатындай сарапшы-маман ретінде емес, ата-аналық көзқараспен ғана қарағанымызды ескерте кетуді жөн санаймыз. Шын мәнінде аталмыш оқулықты талдай отырып, мұғалім мен оқушының қатысымен болатын сабақ үдерісінің сапасын жақсарту тұрғысынан оқулықты бағалауды ұйғардық.
1. 1-бөлімде 39% пайыз материал дыбыстарды қайталауға арналған. Бірақ мұндағы жаттығулар мазмұны грамматикамен ғана шектелген.Баланың дыбысты меңгеруге одан сөз жасауға бағытталған дағдысын дамыту жағы кемшін.
2. 27-бет 4-жаттығу: метаграмма сөзі Түсіндірме сөздікте жоқ. Жаттығу шарты түсініксіз.
3. 32-бет, 2-жаттығу: экология, экскаватор,экватор, эмблема сөздері Түсіндірме сөздікте жоқ, оны мұғалімге жүктеу дұрыс емес, оқулықта болуы керек те, оны ата-ана да түсініп, баласына ұқтыратындай мүмкіндік болуы керек.
4. 34-бет, 1-жаттығу: локомотив сөзі Түсіндірме сөздікте жоқ.Сөйлем мазмұндары қарабайыр, танымдық мазмұны жоқ. Мысалы, 3- сөйлемді былайша құраған тиімдірек: Паровоз - өткен ғасырдағы вагон сүйрейтін теміржол машинасы.
5. 40-бет 2-жаттығу: жаттығу шарты қарабайыр, механикалық жұмыс қана талап етіледі, оқушыны шығармашылық ойлау дағдысына итермелемейді.
6. 45-бет, 1-жаттығу: жиһангер сөзі Түсіндірме сөздікте жоқ.
7. 47-бет, 1-жаттығу: мәтін мазмұны ақпараттық, танымдық мазмұнға құрылмаған.
8. 48-бет,3-жаттығу: жаттығу шарты дұрыс емес, «мәтінге ат қой» делінген, «мәтінге тақырып ойла» деген жөн.
9. 86-бет,2-жаттығу: жаттығу шартының бірінші бөлігі артық: «Сөйлемдерді оқып, сөйлем мүшелеріне талда».
10. 87-бет, 5-жаттығу: жаттығу шарты дұрыс емес, «сөйлемдерді толықтырып жаз» делінген, «Сөйлемге айналдыр» деген жөн.
11. Жаттығуларда оқушының Тілін дамытуға арналған жаттығулар жоқтың қасы, әсіресе, баланы сөйлетуге итермелейтін жаттығу шарты байқалмайды.
12. Түсіндірме сөздік толық емес.
13. Жалпы, жаттығуларда пәнаралық байланыс аз. Мысалы, математика пәнімен байланыс байқалмайды.
14. Оқулық мұғалімге көп салмақ артады, көмекшілік, серіктестік мазмұнынан гөрі жүктемесі басым.
2-нші бөлім
15. 20-бет 3-жаттығу Суворов сөзіне түсіндірме жоқ.
16. 26-бет 2-жаттығу: қырман сөзіне түсіндірме жоқ.
17. 26-бет 3-жаттығу: қырықтық сөзіне түсіндірме жоқ.
18. 30-бет 2-жаттығу: 3,4сөйлемдердің тыныс белгісі дұрыс қойылмаған. Мынадай сөйлем бар: Үйде ешкім жоқ бір сәтте Алмас осы қуанышын ауылға жеткізгісі келді.
19. 43-бет 4-жаттығу: Эзоптың кім екендігі түсіндірмеде жоқ. Оның қажеті бар ма?
ІІ. Сапатамадан туындайтын Ұсыныстар
1. Оқулықтағы жаттығулар тақырып аясынан тыс міндеттерді де атқаруға, оқушы тілін дамытуға қатысуы керек: Дыбыстарды меңгеруге арналған жаттығулар оқушыны сөйлету, сөйлеуді қабылдау, әңгімеге араласу, байқау жүргізе білуге дағдыландыруға құрылғаны жөн.
2. Жаттығу шарттары анық, нақты, түсінікті, қысқа, қарапайым сөйлеммен берілгені дұрыс;
3. Түсіндірме сөздік Глоссарий түрінде сәйкес бетте берілгені ыңғайлы;
4. Термин және атау сөздер оқушының жас ерекшелігі мен таным мүмкіндігіне сәйкес таңдалуы тиіс;
5. Жаттығудағы сөйлемдер оқушыға қызықты, танымдық, ақпараттық мазмұнда болғаны абзал;
6. Жаттығулар оқушыны шығармашылық жұмысқа, тіл дамыта ойлауға итермелейтіндей және қызықты сипатта болғаны абзал;
7. Мәтінге құрылған жаттығулар оқушы жасына лайық тақырыптар мен материалдарға құрылуы керек;
8. Жаттығулар пәнаралық байланысты барынша қамтығаны мақұл.
ІІІ. Қорытынды
Ж.Қ.Балтабаева, М.Қ.Солтанғазина, Ф.С.Лекеровалардың («Алматыкітап» баспасы, 2010 жыл, 120 бет, суретті) 3 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының 1-бөліміне сараптама жасай отырып, төмендегідей қорытындыға келдік:
1. Оқулықтағы жаттығу сапасы әлі де жақсарта түсуді талап етеді, әсіресе, қалалық жағдайдағы оқушылардың тілін ұстарту мен дамыту жағы баса назарға алынғаны жөн болар еді.
2. Оқулық 3 сынып оқушыларының жасына сай оқу, жазу, сөйлеу, тыңдау дағдыларын дамытуды негізгі мақсат етуі керек.
3. Оқулықтан грамматикалық жаттығуларды барынша азайта отырып, оларды аталған мақсатқа жетуге бағыттаған тиімді.
4. Жаттығулар мынадай критерийлер бойынша құрылғаны абзал: оқушыға қызықты,өмірмен байланысты, танымдық, ақпараттық мазмұнда және шарттары мен сөйлемдері нақты, түсінікті, қабылдауға жеңіл болуы, шығармашылыққа итермелеуі.
5. Оқулық мұғалімге - серіктес, оқушыға - жұмыс құралы болатындай сипатта әзірленсе, нұр үстіне нұр.
Сөз соңы
Біздің ойымызша, оқулық сапасын көтеру үшін жазылған оқулықтарды сараптау мен талдау жеткіліксіз шара. Мемлекеттік тілдегі сапалы оқулық шығару үшін оған деген нақты талап пен критерийлер, авторлардың алдына мақсат пен міндет барынша айқын да нақты қойылуы керек және соған сәйкес мерзім мен жағдай жасалғанда ғана белгілі бір нәтижеге жетеміз. Сондай-ақ, болашақ оқулық авторларын таңдау мен іріктеу,тіпті, оларды белгілі бір дайындықтан өткізу мәселесі де жеткілікті қарастыруы керек еді.
Жуырда 7- арнадағы «Профессиональный разговор» көрсетімінде Білім министрі оқулықтардың бұрынғы бір сатылық жүйенің орнына үш сатылы талдаудан өтетінін айтқанда іштей қуанғанымыз рас. Бірақ кейбір авторлардың өңірлерде Білім басқармаларының жетегімен ұстаздар ортасына шығып, оқулықтарын талдауды сценаримен жүргізетіндігі мәлім болды.Алайда, ол шынайы емес, жай ғана мәселені сипалату еді. Мұғалімдер өздерінің шынайы сындарын айта алмады, оны білім жүйесінің ұлықтары айтқызбады. Демек, бұл жүйе сырқаулы деген сөз, нағыз халықтық, жанашыр сараптама жасайтын жүйе емес. Тәуелсіз сараптамаға орын жоқ, бұрынғы авторлар мен көзіқарақты ұстаздардың дауысы еленетін, екшелетін орын жоқ. Ең болмаса осы салаға арналған сайт ашып, барлық сын-пікір мен сарапты соған жинауға болар еді ғой. Тым болмаса авторларды халықпен ашық кездесуге жүйе неге икемсіз?
Қорыта келе, біз көтерген мәселеге министр мырза бір оралып, қазақша пікірін айтуын сұраймыз.
«Абай-ақпарат»