Лидер
Бағзы бабамыз: «Көш бастау қиын емес, қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын», - деген екен. Төңкерілген мұхит толқынындай өзгермелі 21-ғасырда топ жарып, ел бастау оңай болмады. Бір жағы «ормандай орыс», екінші шеті «қиқымдай қытаймен» іргелес жатқан ұлысын ешкімге кіріптар қылмай, салиқалы саясат ұстай білу - кемел ойды, көсем мінезді қажет етті. Буыны қатаймаған мемлекеттің әр қадамын бағып отырған үй сыртында кісі көп. Табаның сәл тайып кетсе, іштей күлетіндер қаншама! Елбасының жанкешті еңбегіне тағы бір зер салайықшы. Алмағайып уақытта Егеменді елдің бас жібін бекем ұстаған халықты тығырықтан алып шыққан қажырының өзі неге тұрады.
Бағзы бабамыз: «Көш бастау қиын емес, қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын», - деген екен. Төңкерілген мұхит толқынындай өзгермелі 21-ғасырда топ жарып, ел бастау оңай болмады. Бір жағы «ормандай орыс», екінші шеті «қиқымдай қытаймен» іргелес жатқан ұлысын ешкімге кіріптар қылмай, салиқалы саясат ұстай білу - кемел ойды, көсем мінезді қажет етті. Буыны қатаймаған мемлекеттің әр қадамын бағып отырған үй сыртында кісі көп. Табаның сәл тайып кетсе, іштей күлетіндер қаншама! Елбасының жанкешті еңбегіне тағы бір зер салайықшы. Алмағайып уақытта Егеменді елдің бас жібін бекем ұстаған халықты тығырықтан алып шыққан қажырының өзі неге тұрады.
Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық қатты күйзеліске түсті. Алдымызда екіұдай жол тұрды. Бір жақсысы - Президентіміз өз ойын көршілерден жасырып ұстаса да, мақсат тұтқан жолдан тайған жоқ. Алысты болжай білетін көрегендігін көрсетіп, сонау 1992 жылдың өзінде-ақ Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының Стратегиясын жариялады. «Қазақстан - 2030» Стратегиясы соның дәлелі. Біз бүгін еліміздің әлем алдындағы абыройы мен мәртебесі, дәулеті мен сәулеті сай мемлекетке айналғанын осы стратегиядан бастасақ болады. Алысты болжаған мұндай өміршең құжат әлем елдерінде некен-саяқ. Тәжірбиелері Малайзия, Қытай елдерінде ғана қалыптасқан. Алғашы елең-алаң шақта Елбасының өзі: «Халқым, осы нарық жолын таңдадым, бұл сапарда қиыншылық көп болады, төзуге тура келеді. Ал нәтижесінде біз тиімді экономикалық жүйе жасаймыз, соның негізінде тұрмысты жақсартып, өркениетті елдердің қатарына қосыламыз. Мен сіздерді осы жолмен жүруге шақырамын», деген болатын. Сөз-ақ десеңші! «Алдымен - экономика, сосын - саясат» деген даму сатысына аяқ салды.
Тәуелсіздік жылдары деп осы бағытты берік ұстап, экономикада іргелі реформалар жүргізіп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен ел тұрмысын жақсартуға сатылап болса да біртіндеп қол жеткіздік. Ұлтжанды азамат алдымызда қандай асулар тұрғанын, ол белестерді абыроймен бағындыру үшін үлкен мүдде қажет екенін сезіне білді. Күн-түн демей бейнет шегудің нәтижесінде еліміз өркениеттің жолына түсті. Ғасырға бергісіз іс атқарылды. Оған шыдаған да бар, шыдамаған да бар
Сөзіміз нақты болу үшін дәлелге жүгінейік: 1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын. 2011 жылдың 1 қарашасына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті. Бүгінде Қазақстанның халықаралық резерві 60 миллиард долларға жуық қаржыны құрайды. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім шығарамыз. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26-сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді.
Тәуелсіздік алған елдің реформалары тек экономиканы дамытумен шектеліп қалмайды. Біз ашық қоғам құрып, либералды демократияны таңдадық. Соған сәйкес конституциялық реформа, саяси реформа шеңберін ұлғайтып, өз бағытымызды таңдап, тауып келеміз. Жүргізілген реформалар өз жемісін берді. Өнер, ғылым, білім жолында үлкен жетістіктерге жеттік. Ұлтымыздың айтулы азаматтары әлем сахнасында өз жетістіктерін көрсетуді үрдіске айналдырды.
Жаңадан шаңырақ көтерген жас мемлекеттің алдында биік-биік асулар тұрды. Реформаларды ұтымды жүргізу үшін озық елдердің тәжірибесін үйрену қажет те еді. Мемлекет басшысы шырқау Еуропаға құлаш ұрмай, Азияда қоңсы отырған елдерге көз салдық. Соның бірегейі - Малайзия. Елбасы: «Өзінің халқы, этностық құрамы жөнінен және басқа да көптеген өлшемдері бойынша бізге ұқсас еді», - деп айтқаны бар. Малайзия бүгінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең дамыған және өркениетті, ауқатты ел. Және әлемдегі озық технологиялы, электронды өнімдерді аса ірі экспорттаушы мемлекет. Малай елінің бағын ашқан Махатхир Мохамад - 1997-1998 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азияны шарпыған қаржы дағдарысынан елін еңселі алып шыққан бірегей тұлға. Ол 22 жыл Премьер болған кезде малай елінде электроника, компьютер бөлшектері мен ең жаңа технологиялар өндірісінің жетекші орталығына айналды. Ол басқарған жылдары экономиканың даму үрдісі мен халықтың әл-ауқаты қауырт өсті, Халықаралық валюта қоры елді даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың кепіліне айналдырды.
Бүгінде әлемде қуатты мемлекетке айналған Сингапур елі де бізге жаңаша реформасымен үлгі болды. Сол елді дағдарыстан алып шыққан, өркениет жолына түсірген ірі тұлға Ли Куан Ю. «Өмір үйренуден тұрады», - дейді. 30 жыл ішінде шағын жарты аралды экономикасы қуатты елге айналдырды. Мұндай көрнекті тұлғалар әр мемлекетте болды. Атап айтсақ: ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Ұлыбританияда - Оливер Кромвель, Германияда - Бисмарк, отандастарын тар тығырықтан соны сүрлеуге, жаңа жолға сап алып шыққан АҚШ-та - Франклин Делано Рузвельт, Францияда - Шарль де Голль секілді озық ойлы қайраткерлер болған.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты жоғарыда айтылған көрнекті тұлғалармен салыстырған кезде Елбасының жаңа, тосын қыры ашыла түсері кәміл. Әйтсе де Президенттің өзінің ұстанған сара жолы бар. Тұралап қалған елді тығырықтан аман-есен алып шығу кез келген жанның маңдайына жазыла бермейді. Осы кезде ел тізігінін бекем ұстаған Елбасының салиқалы саясаты ұлы көштің түзу жолда келе жатқандығын айқындап берді.
Біз келтірген "Азия асқарлары" кітабының түйінді тұсында былай делінген: "Әлемде қандай да бір елдің өркендеуін бір адамның есімімен тікелей байланыстыратын жайлар онша көп емес. Әдетте, олар өздерінің ерекше жаратылысының арқасында қоғамдық күштерді жаңа мемлекеттіліктің негізін құруға жұмылдыра алған және туған еліне әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алып берген көрнекті тұлғалар болып келеді". Осынау тау тұлға Махатхир Мохамад біздің мемлекетімізді "ұлы ел" деп атайды, Елбасымызды "Менің Нұрсұлтан Әбішұлына деген сенімім зор. Ол өз елін қиындықтан алып шықты", - деп бағалайды, ал бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру мақсатымыз туралы: "Бұл міндет Қазақстанның қолынан келеді", - деп ашық айтады.
«Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөз бар қазақта. Сол сияқты нағыз басшы, шынайы көсем әуел баста өзі үшін емес, елі үшін туады, елі үшін өседі, елі үшін өмір сүреді, елі үшін қызмет етеді. Артқа бұрылып, жиырма жыл бұрынғы Қазақстанға көз салыңызшы. Жиырма жыл буыны қатпаған жас жігіттің жасы ғана. Өте аз уақыт. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің арқасында түске кірмес жетістікке жеттік. Ауызға алмас асудан астық.
Сол уақытта алда жаңа мемлекет, жаңа заң, жаңаша өмір құру міндеті тұрды. Бұл үшін жоғары оқуды бітіріп, жоғары қызметтерде жұмыс істеу жеткіліксіз еді. Халқымыздың маңдайына көптен күткен тәуелсіздікпен бірге дүниеге келген өз ұлтының ұлтжанды ұлы Нұрсұлтан Назарбаевты тағдыр ел тізгінін ұстауға лайық деп шешті. Жаңа елге - жаңа басшыны тарих туғызады. Мысалы, Түркия көсемі Мұстафа Кемал Ататүрк.
Ататүрк өз халқын өрелі биікке шақырса, Назарбаев өркениетке шақырып келеді. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында дөңгеленген дүниені дүр сілкіндіретін жаппай қырып-жоятын қарудан құтылды. Қазақстан Семей ядролық полигонындағы ядролық қарудан бас тартып, бейбіт жолда өмір сүретін ел екенін әлемге әйгіледі. БҰҰ-ға мүшелікке өтті. Жаңа демократиялық Конституциясын қабылдады. Ұлттық валюта - теңге дүниеге келді.
Түркия тәжірибесіне тағы да зер салайық. Ататүрк өзінің алдындағы көсемдердің ел басқару ісіндегі қателіктерін толық ескеріп, алдымен ел экономикасын нығайтуды қолға алды. «Жаңа Түркия мемлекетін әлемде лайықты орынға көтеру үшін қандай жағдайда болсын, алдымен ұлттық экономикамызды түзеп алу керек», - дейді. Елдегі толқу мен көтеріліс, әлемдік дағдарыс Осман империясы кезіндегі сыртқы қарыз мөлшері жас мемлекетті тығырыққа тіреген еді. Мұстафа Кемал Түркияны еуропаланған ел жасау мақсатында ең әуелі экономиканы көтеруге көп көңіл бөлді. Экономикасы нашар мемлекет үшін ең қажет нәрсе қаржылық тәуелсіздік екенін түсінді. Осылайша, 1923 жылдың ақпан айында Ізмір қаласында «Экономикалық конгресс» шақырылды. Конгресстің мақсаты ұсақ-түйек кәсіпорындардан елдегі шикізатты өндіретін ауқымды өнеркәсіпке көшіп, мемлекеттік қаржы орталығын құруды көздеді.
Осыған ұқсас салмақты шешімді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та қабылдады. 90-шы жылдардың басында ауылдағы жұрт малдан айырылып, қаладағы дүкен сөрелері бос қалған. Халық ахуалын көтеру ауадай қажет болды. Жер байлығы мол болса да, оны өндіріп дамытуға қаражат жоқ. Елде мұнай қоры жеткілікті. Ал мұнай десе - АҚШ та, Еуропа да аяғынан тік тұратыны белгілі. Президент бір сөзінде: «Әдетте мұнай не байлық әкеледі, не қиянат жасайды. Сондықтан елдегі мол мұнай қоры жүру үшін тек тарту құбырлары ғана емес, саяси шешімдер де керек», - деді. Елдегі мұнай көздерін шетелдік инвесторларға беруге бел буды. Күмәнді әрі жауапкершілігі мол шешім. Елбасының көрегендігі мұның да сәтті боларын алдын-ала болжап білгендей. Шетелдік инвесторлардың қойған бәзбір талаптарын ескеруге тура келді. Нәтижесінде сала жанданып сала берді, банкке қаржы құйылды, жағдай дұрыстала бастады.
Қазақстан қарыштап өскен сайын дамудың қиын сатысына аяқ басты. Еліміздің БСҰ (Бүкіләлемдік сауда ұйымы) қатарына өтудегі ғаламдық ұмтылыстары ғажайып. Елбасы: «Ғаламдық әлемде бәсекеге қабілетті мемлекет болуымыз керек!», - деп 2011 жылғы Жолдауында ғылым мен білімге басымдық беріп, баса назар аударуға шақырды.
Біртуар ұлағатты тұлғаларға қазақ кенде болған жоқ. Үлкен мектеп үлкен адамды жасау үшін қажет. Біздің мектептің негізін салушы ұстаздарымыз осыны ескерген болуы керек. Қазақ халқының басына тәуелсіздік бақытын сыйлаған, соңғы жиырма жылдың көлемінде көптеген оң өзгерістер дүниеге келді. Егеменді ел болып дүние жүзіне танымал болдық. Алғашқы асудан астық.
Тәуелсiздiктің арқасында бұрын жоғалтқан асыл қазыналарымызды таптық және өшкеніміз жанды. Қоғамның құрылымдық сипаты ғана емес, тұтастай ойлау жүйесі жаңғырды. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраты Тәуелсіздік келді. Ата-бабаларымыз қанын да, жанын да аямай, қанша арпалысса да жете алмай кеткен осынау қастерлі мақсатқа біздің ұрпақ ХХ ғасырдың аяғында қол жеткізді. Әлем жұртшылығы халқымыздың дербес елдігін таныды. Мұның өзі қоғамдағы орнықты саяси ахуал жағдайында халықтың басым көпшілігінің рухани жаңаруы арқасында жүзеге асты.
«Адамдардың ой-санасын бір сәтте өзгерту мемлекеттің қолынан келмейді, бірақ мемлекет өзгерістер процесін, маңызды ақпаратты халыққа жеткізу жолымен және де ең бастысы, өзіндік молшылыққа бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыру жолымен жеделдетуге қабілетті. Адамдардың жаңа дүниетанымы қалыптасқанша ондаған жылдар қажет болады» - деген еді Елбасы.
XXІ ғасырда ғылымның қоғамдық маңыздылығы артты, жалпы орта бiлiм, жоғары бiлiм, үздiксiз бiлiм берудi ғылыми әдiснамалық, әдiстемелiк тұрғыдан қамтамасыз ету қажеттіліктері пайда болған тұста, дүниежүзілік қауымдастықтың жасампаздық және ғаламдық тенденцияларын талдап, байыппен қарап, іс-тәжірибеге енгізу өзекті мәселеге айналды. Егемендікке ие болған жас мемлекеттің өзін әлемдік аренада көрсетуі мен өзінің күш-қуатын дәлелдеуі үшін бүкіл елді, мемлекетті басқаруда ерекше тұлға, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекет басына келуі ел үшін, халық үшін, болашақ үшін маңызды, қайталанбас тарихи оқиға болғаны аксиома.
Ғылым мен білімнің дамуы да осы ел тәуелсіздігінен басталды. Тәуелсіздікке ие болған жиырма жыл ішінде Қазақстан мемлекеті жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, өзгермелі әлеуметтік-жағдайда жаңа қазақстандық қоғам дүниеге келді. Жалпыадамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжiрибенi, сан ғасырлық мәдени дәстүрлердi ескере отырып, бiлiм беру мазмұнын жаңғыртуда, білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізуде Елбасының еңбегі орасан.
«Жұртқа білім, үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің басты құралы - кітап. Қазақ ортасында білімнің жайылуына, әуелі оқу үйрететін орындары сай болуы керек, екіншіден, білім беретін кітаптар жақсы болуы керек», - деген еді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Сол бір ұлағатты өсиетін ұрпағы ғасыр ауысқан тұста қайта жаңғыртты. Жоғарыда аталған университеттер қатары бізге де жетті, ондағы аты әлемге әйгілі ірі тұлғалар бізде де бар. Еліміздегі Президенттік университет шетелдік білім беру тәжірибесімен теңесіп, өзінің алғашқы түлектерін тәрбиелеп жатыр. Студенттерімен дидарлассаң, жанарынан жалын шарпыған алдағы күнге деген зор сенімнің ұшқынын көресің, құдды болашақ Ньютон, әмбе жаңа заманның Архимедімен сөйлесіп тұрғанға сенгің келеді. Жүзі бал-бұл жанған алғыр жастан - келешекте Альберт Энштейн, Галилео Галилей және т.б. секілді ұлы, ұлты сенген ұлағатты тұлғалар шықса деген арманым бар. Бүгін біз ғылым мен білімді әлемдік деңгейде қайта түлеттік. Елбасымыз 2011 жылғы Жолдауында нұсқағандай, білім мен ғылымға баса көңіл бөлдік, соған қарап бұл арман орындалуы тиіс деп сенемін.
Мемлекет тәуелсіздігін алып, өз басына жеке шаңырақ көтерген тұста Елбасы қаншама ауыр міндетті арқалағаны белгілі. Соның барлығын аса үлкен қажырлылықпен атқарып, елді күйреуден гүлденуге алып шықты. Бұл жолда Нұрсұлтан Назарбаевты әлем ірі тұлға, үлкен саясаткер деп таныды. Елімізде осындай ірі тұлғалар қатары көбейсе деп ойлаймын.
Мемлекетті дағдарыстан алып шығудың жалғыз жолы экономикалық өрлеу мен білімнің гүлденуі, деген Президент аталмыш салаларға баса назар аударды. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің барлығы осы жолды ұстанғаны рас. Тіпті қай заманда, қай ғасырда болсын, білім мемлекеттің басты қуаты болғандығы бүгінде тарихтан белгілі. Сонау ескі замандардың өзінде қазақ даласынан құлдыққа сатылып барып Мысырда хандық құрған Бейбарыс сұлтан өзі құрған мемлекетіне білімнің нәрін сеуіп, бүгінгі Сирияның негізін қалады емес пе! Ендеше, сондай мемлекет Бейбарыстың баба елінде гүлденуі ақиқат. Ерте кездердің өзінде дамыған мемлекеттер мен патшалықтарда ең алдымен ілім-білімге, сонан кейін барып қорғаныс саласына орын берілген екен. Мемлекеттер тарихында алдымен қару сайманын сайлаған ел еш уақытта алысқа ұзап көрмеген. Оған дәлел боларлық мысалдар тарихта жеткілікті.
Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылы айтқан сөзі ұлтымыз бен мемлекетіміздің іргесін бекемдей түсумен қатар, қарышты қадамға бастайтын жол. Осы жолды сабақтастыра отырып, білімі жағынан қарыштап алға кеткен мемлекеттерден үйренуді бастаған біздің ел ендігі тұста өзінің білім тұрғысынан алып қарағанда 20 жылда оң нәтижесін бере бастаған тәрізді. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамалары тың серпін берді. Президент тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық білім ошақтарын қайта жаңару ісінен басталған ірі жоба жоғары оқу орындарының білім сапасын арттырумен қатар, оқу орындарына білікті әрі білімді шетелдік ұстаздар тарту мәселесі қолға алынған еді. Сонымен қатар, әлемнің үздік оқу орындарына жастарды көптеп жіберу мәселесі уақыт тезіне түсті. Осылайша сапалы білім мен заманауи талаптар бойынша тәжірибе жинақтаған жас мамандар қазірдің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша қызмет атқара бастады. Шет мемлекеттердегі жоғары оқу орындарымен студент алмасу жүйесі қолға алынды. Бұл жүйені мемлекет қолдап отыр. ТМД-ға қатысушы елдердің білім саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңестің төрағасы Василий Стряжиевтің сөзіне қарағанда, аталмыш жүйе бойынша жұмыс жасауға қазірдің өзінде жеті мемлекет дайын екендіктерін айтуда. Сонымен, кез келген жоо студенті өзі таңдаған отандық университетте магистратураға түсіп, бір жыл білім алғаннан кейін келесі жылы қалаған білімін шетелдік университетте жалғастыра алады. Осылайша студент екі жерден білім алып, қос мамандық иесі атанбақ. Бұл жүйе бірнеше жылдың ішінде оң нәтиже береді деген нақты сенім бар.
Білім - экономиканың бастау бұлағы. Әрине білімнің өзі, ғылымның көзі. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап білімнің болашағы ұлтымыздың болашағы деген қағиданы ту етіп, осы салаға ерекше қамқорлық жасап келеді. Мемлекеттің енді ғана басын тіктеген сонау бір ауыр жылдардың өзінде «Болашақ» бағдарламасын құрып, жастарымызды шет елдерде оқыту мәселесін қолға алған болатын. Президент жаңа технологияның небір кереметтерін жасап, алдыңғы қатарға шыққан мемлекеттермен ынтымақтасып, тізе қосып жұмыс жасау ісін қолға алды. Әрине, бұл құтты қадам.
2010 жылы Елбасының Корея мемлекетіне жасаған екі күндік сапары күтпеген жерден үш күнге созылып кеткендігі белгілі. Мұның себебі білім экономикасы. «Білім экономикасы» - дәл осындай атауға ие таңғы шық елінде министрлік бар. Құлаққа оғаш естілгенімен, ол мемлекеттің құпиясы да осында жатса керек. Сапардың үшінші күнін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Корей мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесуден бастап, ондағы білім саласындағы барлық жетістіктерді және мемлекеттің қамқорлығы мен талаптары жөнінде егжей-тегжейлі мағлұмат алған еді. Беделі биік университеттің құрметті ғылым докторы атанып, кеудесіне алтын белгі тақты. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев «біз алдағы кезде екіжақты экономикалық ынтымақтастықта, негізгі назарды ғылымды қажет ететін инновациялық жобаларды жүзеге асыру ісіне ауыстырмақпыз. Бұл ретте Оңтүстік Кореядағы университеттер мен қазақстандық жоғары оқу орындарының зерттеу институттары орталықтарының өзара тығыз іс-әрекет етуі маңызды», дей келе Президентіміз кореялық ғылыми қоғамның назарын Астанадағы Жаңа университетпен ынтымақтаса жұмыс істеу мүмкіндігіне аударды. Елбасы Астанадағы университетте әлемнің көптеген елдерінен мамандар дәріс оқитындығын ескеріп, олардың қатарынан Корея профессорларын да көргісі келетіндігін айтқан еді. Бүгінде сапар барысындағы келіссөздер өзінің оң нәтижесін берді.
Бүгінде таңғы шық елінің жоғарғы оқу орындарында жүзден астам қазақстандық жастар білім алуда. Былайша қарағанда аз да емес. Алайда Президент «Болашақ» бағдарламасының аясында Кореяда білім нәрімен сусындайтын жастар санын екі есеге арттыратынын айтты. Ол жақта жастар тек ағылшын тілінде білім алуы болашақтағы отандық білім саласының бір ізге түсуіне өзіндік септігін тигізбек. Әрине, бұл мемлекеттік тілді ысырып тастап шет тіліне бір жола көшу деген ұғымды білдірмейді. Керісінше, қарышты дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін солардың тілінде ілім ізде деген сөз. Бұл туралы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «тіл - құрал» деп бір ауыз сөзбен тұжырым жасады емес пе. Міне, сол себепті де Назарбаев Университетінде дәріс тек ағылшын тілінде өтеді.
Ал тағы бір ауқымды бастама 12 жылдық білім. Елбасы бекіткен білім беруді дамытудағы мәселе 2005-2010 жылдарға арналған 12 жылдық білімге көшу бағдарламасын көздеп, экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнының құрылымын жаңарту деп мәлімдеді. Президентіміздің көздеген мақсаты жоғары оқу орындарының еуропалық аймағына кіру, білім мен ғылымның өндіріспен бірігуін, еңбек нарығының еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыратын және білім беру саласындағы үздік әлемдік тәжірибеге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізуі.
Қазақстанда білім берудің сапасын жоғары дәрежеге жеткізу халықаралық талаптарға сай болуына байланысты, әлемдегі озық университеттердің рейтингісіне ұмтылу. Жоғарыда айтқан жаңа Университет осыған дәлел болып тұрғаны анық. Әлемдік білім аумағына түсудің алғашқы қадамының бірі - Назарбаев Университеті. Елбасымыздың көздеген басты мақсатының негізгісі елорданы білім мен ғылымға толыққанды бейімдеу, яғни келешектегі жоспар бойынша Қазақ елінің ұлттық брэндіне айналдыру.
Қазірдің өзінде Университет әлемнің 30 үздік жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. Университет студенттерге 500 білім беру грантын бөлді. Жалпы, бұл таланттарды анықтау мақсатында бөлінген қаражат. Білім ордасы халықаралық деңгейдегі университет болуына байланысты студенттер ұлттық не халықаралық дәрежедегі зерттеушілер мен ғалымдардың білім алуына мүмкіндік жасалған.
Халықаралық стандарттар бойынша 2020 жылға қойылған талаптың бірі - тәуелсіз ұлттық аккредитациядан өткен жоғары оқу орындарының үлесін 30 пайызға жеткізу. Яғни, әлемнің ең үздік Гарвард, Сорбона, Карлов университетінің қатарына ену. Еліміздің білім жүйесінің даму үрдісін шетелдермен салыстыратын болсақ, көзделген мақсаттарға жету үшін қыруар жұмыс қажет. Білім жүйесін дамыту барысында реформа болғанымен, біздің елде АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Қытай сияқты елдеріндегідей реформаның болмағаны бәрімізге анық. Оған мысал келтіретін болсақ, Жапонияда да ғылымның маңыздылығына назар аударған. Ғылыми-зерттеу институттарынан ғалымдарды шақыртып дәрістер оқыту болса, АҚШ-та оқушылар 9-сыныптан бастап дифференциялдық сипат алады. Ал Германияда оқушылар өздерінің қабілеттеріне қарай жалпы мектеп, реал мектеп немесе гимназия мектептерінің бірін таңдайды. Бұл гимназияның ерекшелігі дифференциялды пәндер жүйесін ұсынатындығында. Қорыта келсек, барлық дамыған елдерде 7-сыныптан бастап-ақ, дифференциялдық білім беру іске асырылып, оқушылардың өздеріне пән таңдау мүмкіншілігі берілген. Бұл - өздерін дамыған мемлекеттер қатарына қосатын елдердің ұстанымы.
Қазақстан әлем назарында жас, дамушы ел ретінде ғана емес, саясат пен экономикадан тәжірибесі мол мемлекет болып танылды. Елбасының ұтымды саясатының арқасында осындай деңгейге жетіп отырмыз.
Қазақстан 1993 жылдан бері 150 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетел инвестициясын тартуға қол жеткізді. Бұл бүкіл Орталық Азия аймағының экономикасына салынған инвестицияның 80 пайызын құрайды. Сәуегей сарапшылар болжаған көптеген күйреу кезеңін айналып өткен Қазақстан экономикасы әлемдегі жедел дамып келе жатқан экономикаға ұласты. 2007-2009 жылдары еліміз әлемдік қаржылық дағдарыстың салдарын ойдағыдай жеңе білді және рецессияға ұшыраған жоқ.
Жиырма жыл ішінде қоржынымыз толып, несібеміз арта түсті. Тәуелсіздіктің түйдек жылдары нәтижелі болды. Қазақстанда адам басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 1994 жылғы 700 доллардан 2010 жылы 9000-нан астам долларға өсті. Бұл алдын ала болжанған мерзімнен 5 жыл бұрын жүзеге асып, басқа мемлекет көрсеткішіне қарағанда әлдеқайда қарқынды орындалды. Бұған бір жағынан елдегі мұнай, газ, табиғи уранның орасан зор қоры да ықпал етті. Алайда, мұндай жетістіктерге жету үшін, ең алдымен, батыл экономикалық реформалардың және саяси тұрақтылықтың барынша мүмкіндік бергендігі ақиқат.
Елбасы мемлекет дамуы үшін бірнеше маңызды реформалар жасап шықты. Солардың негізгілері «Қазақстан-2030», «Қазақстан- 2020» стратегиялық бағдарламалары бүгінгі таңда қарқынды жұмыс істеп, айтулы нәтижелер беріп жатыр. «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің ақысы пайыздық мөлшерде жыл сайын өсіп отыр. Мысалы, педагог қызметкерлердің лауазымдық жалақылары 2009 және 2010 жылдары 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға өсірілді. 2008 жылдан бастап педагог қызметкерлерге базалық лауазымды жалақының 100 пайызы мөлшерінде өтемақы төлемдері есептелетін болды.
2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мұғалімдердің біліктілік категориясына төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды, өндірістік оқыту шеберлеріне қосымша ақы енгізілді. ЮНЕСКО есебіне сәйкес 2008 жылы Қазақстан білім беруді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде төртінші орын алды. Ал Назарбаев бастаған біздің ел білім саласында білікті, әрі ұтымды жол таңдады, ол - өзгенің озық тәжірибесін негізге ала отырып қазақстандық үлгідегі оқыту тәжірибесі. Бұл үрдіс тек білім саласында ғана емес, барлық отандық өндіріс және индустриялды экономикалық бағытта жұмыс жасау деген сөз. Қазақстан білім мен экономика саласында әлемдік өркениет көкжиегінен елестейді.
Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.