Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3198 0 пікір 3 Қараша, 2011 сағат 06:38

Әмiр НҰРТАЙҰЛЫ. Уахабизмнiң жоғын жоқтап, мұңын мұңдағандар Саят Ибраевты соттатып тынды

СОТТАН КЕЙIН ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ОСЫНДАЙ ПIКIР ҚАЛЫПТАСТЫ

СОТТАН КЕЙIН ЖҰРТШЫЛЫҚ АРАСЫНДА ОСЫНДАЙ ПIКIР ҚАЛЫПТАСТЫ

Техника ғылымдарының докторы, профессор Саят Ибраев – тек Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелге де кеңiнен танымал ғалым. Әйгiлi Гумбольт қорының шақыруымен С.Ибраев Германияда 5 жыл жұмыс iстедi. “Гумбольт қоры тек Нобель сыйлығының иегерлерiн ғана шақырушы едi. Осының өзiнен-ақ шетелдiктердiң қазақ ғалымын өте жоғары бағалайтыны көрiнiп тұр емес пе?!” деп кезiнде бұл жөнiнде қазақ газеттерi жазды да. С.Ибраев докторлық диссертациясын 28 жасында қорғады. Бес тiлде сөйлеп, жаза алады. Дарынды ғалымның еңбектерi ғылыми ортада өте жоғары бағаланады. Мiне, сол Саят Ибраев жуырда ғана 12 жылға сотталды. Үкiмдi Алматы қалалық қылмыстық iстер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты шығарды. Осы үкiмнен кейiн ре­дак­циямызға хат жазушылар да, хабарласушылар да күрт кө­бейдi. Бұлардың арасында ғалымдар да, студенттер де, зейнеткерлер де, қарапайым еңбек адамдары да бар. Бәрiнiң сұрайтыны: “Саят Ибраев не үшiн сотталды? Соның ақиқатын, анығын бiлгiмiз келедi”. “Жас Алаш” газетi оқырмандардың сұранысына ешуақытта бейжай қараған емес. Өйткенi оқырман – қоғамның құбыланамасы. Осы тұрғыда бiз С.Иб­раевтың сотына бастан-аяқ қатысқан бiраз адамды әңгiмеге тарттық.

Абзал Құспанов, С.Иб­раевтың адвокаты, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесi:
– Саят Ибраевқа мынадай айыптар тағылды: 1) ҚР ҚК-нiң 235-бабының 3-бөлiмi. 2) 126-баптың 3-бөлiмi. 3) 125-баптың 3-бөлiмi. 4) 102-баптың 2-бөлiмi. 5) 164-баптың 3-бөлiмi. 6) 337-баптың 3-бөлiмi. Ең бiрiншi қадап айтарым, Саят Ибраевтың кiнәсiн тергеу орындары да, осы сот барысында мемлекеттiк айып­таушылар да қанша тырысқандарымен, дәлелдей алмады. Қазақтың “Аққа Құдай жақ”, “Өтiрiк пен шындық арасы төрт-ақ елi”, “Iшi таза болмаса, iсi та­за болмайды”, “Шындыққа өлiм жоқ” деген нақылдары бар емес пе, осы нақылдардың өмiршең­дiгiн С.Ибраевтың соты да растап бердi.
Адам айтам деп айтпайды ғой, iшiң толып кеткеннен кейiн ерiксiз айтасың. Менiң осы заң саласында қызмет iстеп жүрге­нiме 10 жылдан асты. Бiрақ, бұрын-соңды дәл осындай әдi­летсiздiктi, жөнсiздiктi көрген де, естiген де емеспiн. Бейiм­бет Майлин ұсталғанда Ғабит Мүсi­репов айтқан екен ғой “Бейiмбет жау болса, мен де жаумын!” деп. Заңгерге көңiл-күйдiң ықпалында кетуге болмайды десек те мен де “Саят қылмыскер болса, мен де қылмыскермiн!” деп бар даусыммен әрi үлкен жауапкер­шi­лiкпен айта аламын.
сматулла Әбдiғап­пар және онымен байланысы бар деген 9 адам 2010 жылдың 21 тамызында ұсталды. Ал Саят бұлардан 1,5 айдан кейiн тұтқындалды. Тергеушiлер тобы Саятқа “Сен бiзге керек емессiң. Сен бiзге “Бұдан былай сопылық жолды ұстанбаймын. Одан бас тартам. Мен адасып жүрiппiн...” деген қолхат бере ғой” дейдi. С.Ибраев бұдан бас тартады. Өйт­кенi, С.Ибраев Ясауи ұс­тан­­ған сопылық жолға ерiккен­нен, не болмаса зерiккеннен келген жоқ. Осы жолды, яки Ясауи мен Шәкәрiм ұстанған жолды ұзақ зерттеп, әбден көзi жетiп, көңiлi сенiп, сонан кейiн барып келген. Ендi табан астында қалай бас тарта қояды?! Оның үстiне Саят Ибраев Исматулла Әбдiғап­парды қорғау коми­тетiн құ­рып, оған араша түсуге ұмтылды. Мiне, осыған ере­гесiп құқық қорғау орындары С.Ибраевты да тұтқындайды.
Мұны бiр деңiз. Екiншiден, жасыратын түк те жоқ, өткенде “Время” газетi жазды емес пе “Қазақстанда уахабистер тек көшеде ғана жүрген жоқ, парламентте де, билiк сатыларында да отыр” деп. Осы рас. Әрине, мұны дәлелдеу өте қиын. Өйт­кенi уахабистер де, салафиттер де еш жерде тiр­кел­меген. Мiне, осылар президент әкiмшi­лi­гiне сопыларды жеккөрiнiштi етуге тырысып, әртүрлi сөз таратып, өсек-аяңды бұрқыратып өрбi­тiп жүр. Бұл, сөз жоқ, белгiлi бiр дәрежеде сотқа да ықпал еттi ғой деп ойлаймын. Мәселен, прокурор С.Ибраевқа 12 жыл сұрады. Сот оны үтiр-нүктесiне шейiн өзгерiссiз қалдырып, Саятты 12 жылға соттады. Осымен қатар бұл – сотқа жоғары жақ араласып отыр деген сөз.
Ендi С.Ибраевқа тағылған басты-басты айыптарды талдап-талқылап көрелiкшi. С.Ибраев 19.05.2010 жылы “АБЖАД” интеллектуалдық клубында сөйлеген сөзiнде “қа­зiр елiмiзде уахабиттер, салафиттер, басқа да “иттер” қаптап кеттi” деген бiр ауыз сөзiмен дiндер арасында алауыздық туғызған және оның салдарынан ауыр жағдайлар орын ал­ған-мыс. Одан кейiнгi тапқан дәлелдерiн айту үшiн айыптау қорытындысынан сөзбе-сөз үзiндi келтiргендi жөн көремiн: “Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы және қылмыстықтың қоғамдастықтың қатысушысы С.Ибраев, қылмыстық қоғамдастықтың басшысы И.Әбдiғап­пардың нұсқауымен, тергеумен анықталмаған адамдармен, күшпен ұсталып отырған жә­бiр­­ле­нушiлердiң, көпшi­лiк­тiң арасында өзiнiң оқуында уағыздалатын дiни жаулықты топтық дiни рәсiм “Зiкiр” және адептер арасында “Обык­новенный вахабизм” бейнефиль­мiн ұжымдық көрсету кезiнде уағыздау арқылы уаха­биттер­дiң дiни сезiмiн қорлаған” де­лiн­ген. Осы шұбалаңқы сөз­дер­дi қандай қазақ жазғанын бiлмеймiн, әйтеуiр, менiң зорға дегенде түсiнге­нiм, ҚР ҚК-нiң 337 және 164-бабымен, яғни уахабиттердiң дiни сезiмiн қорлап, дiндер арасында алауыздық туғызды деп Саят Ибраевқа айып тағу­ға 3 нәрсе негiз болған екен, олар:
1. “АБЖАД” интеллектуалдық клубында “Уахабит, салафит, басқа да “иттер” қаптап кеттi” деген бiр ауыз сөзi;
2. Зiкiр салуды уағыздағаны;
3. “Обыкновенный вахабизм” бейнефильмiн ұжым ара­сында көрсеткенi.
Ендi осы мәселелердi жеке-жеке саралап көрелiкшi.
1. №3007 санды 01.04.2011 жылғы сот психологиялық-филологиялық сараптама негiзiн­де дiнтанушылық сараптама жүргiзген С.Энчбай 23.09.2011 жылғы сот отырысында өзiнiң бөлiгiне қатысты сараптамадан толық бас тартты. Яғни, “дiнаралық алауыздық туғызды” деп айып тағуға бiрден-бiр негiз болған сараптама өз күшiн автоматты түрде жойды.
Осы сараптаманың филологиялық бөлiгiне жауапты сарапшы Д.Рабилов сот отырысына келмедi, алайда оның сараптама қорытындысын терiс­ке шығаратын қорғау тарапынан сотқа 2 филология ғылымдарының докторы, 1 ғылым кан­дидаты және 1 жазушы шақыртылды. Атап айтқанда, Б.Қорғанбек, Д.Кенжетай, ғалым М.Мырзахметов, жазушы Д.Әшiмхан мырзалар сот отырысында С.Ибраевтың “Уахабиттер, салафиттер, бас­қа да “иттер” деген сөйлемiн­дегi “иттер” сөзiнiң теңеу емес, көптiк жұрнақ екенiн жан-жақты дәлелдедi және жазбаша да пiкiрлерiн сотқа бердi. Өз ке­зе­гiнде сарапшы Д.Рабиловтың ешқандай ғылыми атағы жоқ, тек филология факультетiн 2007 жылы тәмамдағаны туралы дипломы ғана бар екенiн айта кеткiм келедi. Демек, психологиялық-филологиялық сараптама толығымен заңсыз болуы себептi С.Ибраевқа бұл тұрғыда айып тағу еш мүмкiн емес.
2. Саят Ибраев зiкiр рәсiмiн салатынын ешқашан жасырған емес. Зiкiр салу – сопылық iлiмге ғана емес, жалпы исламда бар екенi, оның iшiнде қасиеттi Құран хадистерiнде де айтылатыны туралы басқа емес, айыптау жағынан шақырылған куә А.Дәуренбековтiң өзi де айтып кеткен болатын. Сөйте тұра, егер адамдар зiкiр салатын болса, ол қалайша уахабит­тердiң дiни сезiмiн қорлауы мүмкiн екенiн айып­тау­шы жақ ешкiмге “түсiндiре” алмай-ақ қойды.
3. Қорғау жағының куәла­рын айтпағанның өзiнде айыптау тарапынан келген жәбiрле­нушiлер мен куәлардың өздерi “Сенiм. Бiлiм. Өмiр” РҚБ-нiң Алматы филиалында “Обыкновенный вахабизм” бейнефиль­мiн көрсеткенi туралы ешқандай мәлiмет бермеген. Демек, бұл – ешбiр дә­лел­сiз Саят Ибраевқа жағылған негiзсiз жала. Айыптау қорытындысынан мынадай үзiндi оқиын: “Астана қаласының ССО ӨҒӨЗ сарапшыларының №3303 санды 27.09.2010 жылғы қорытындыларына сәй­кес, №№33,34 объек­тiледе “СБӨ” РҚБ Астана филиалынан алынған “Обыкновенный вахабизм” сюжет­терiнде дiн­аралық жаулықты және араздықты қоздыру белгiлерi барлығы анықталған. Осындай бейнежазбалар “СБӨ” РҚБ Орал, Семей, Ақ­төбе, Қызылорда, Ақтау, Алматы, Түркiс­тан және Шымкент қалаларындағы филиалдарында да уағыздалған”, – дейдi. Ендi мына қызықты қа­раңыз, Саят Ибраевқа оның филиалынан жоғарыдағы бейнежазба табылды деп қылмыс­тық iс қозғалады, айып тағылады, ал басқа филиал басшыларына қатысты осындай қылмыстық iстер неге қозғалмаған? Олар ешқайда қашқан жоқ, барлығы да тергеу барысында куә ретiнде жауап берген. Осы жағдайдың өзi айыптау тарапының әйтеуiр Саят Ибраевқа жеке-дара қалайда жала жабудың барлық амалын қолданғанын көрсетедi.
Жоғарыда аталғандардан басқа, уахабиттердiң дiни наным-сенiмiн қорлаған, сол арқылы дiндер арасында алауыздық туғызды, нәтижесi ауыр салдарға әкелiп соқты деп қылмыстық iс қозғалғанымен, iс бойынша бiрде-бiр сол уахабизм өкiлi не тергеу барысында, не сот отырысында арызбен жүгiнбегенiн де атап өту керек. Яғни, ҚР ҚIЖК-нiң талаптарына сәйкес, олар, яғни уахабиттер жәбiрленушi деп танылмаған.
Осы орайда, 05.10.2011 жылғы сот отырысында куә ретiнде жауап берген мекемеаралық тергеу тобының жетек­шiсi, полиция полковнигi М.Құ­мар­беков адвокат Ш.Байжановтың “Уахабиттердiң құқығы бұзылса, олар неге жәбiрлену­шi ретiнде танылмаған?” деген сұрағына, Құмарбеков: “Бұл жерде жәбiрленушi болып Қазақстан Республикасының Үкiметi танылады”, – деп жа­уап берген болатын. Алайда артынша ол “Мен олай деген жоқпын” деп өз сөзiнен өзi жалтарғанын бәрiмiз көрдiк, естiдiк. Мұның бәрi аудиожазбада жазулы тұр.
Қазақстан бойынша уахабизм немесе салафизм атауымен бiрде-бiр дiн тiркелмеген, яғни ондай дiн ресми түрде жоқ екен. Бұл жөнiнде сотта қорғау тарапынан куә ретiнде шақыртылған теология ғылымдарының докторы, ҚР прези­дентi жанындағы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшесi, ҚР Дiн iстерi Агенттiгiнiң бас сарапшысы, “Ясауитану” орталығының директоры, Түркiс­тан қазақ-түрiк халықаралық универси­тетiнiң профессоры Досай Кенжетай: “Уахабизм немесе салафизм деген өз алдына бөлек дiн табиғатта жоқ, олар ислам дiнiнiң iшiндегi бiр саяси ағым болып есептеледi” – деп жауап бердi. Дәл осындай жауапты теология ғылымдарының докторы, дүниежү­зiне танымал ғалым, Жапониядағы Киото университетiнiң профессоры Бахтияр Бабажанов та айтты. Ол кiсiден жауап сот залында орнатылған бейне құрал арқылы on-line жүйесiн­де алынған болатын.                
Сонда уахабизм дiн болмаса, дiнаралық алауыздық қа­лай­ша туындауы мүмкiн? Неге тергеу органдары мен прокуратура Қазақстанда тiркелме­ген, бүкiл дүние жүзiнде қасиеттi ислам дiнiне “Террористер дiнi” деп күйе жағуға себеп болған уахабизм деп аталатын дiни-саяси ағымның жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды? Әл­де Құмарбековтiң “Жә­бiр­­ленушi – Қазақстан Үкiметi” деуiнде бiр сыр бар ма? “Әр кәллада бiр қиял” дегендей, Құмарбеков мырзаның ойында не болғанын бiлмеймiн, алайда қолданыстағы Қылмыстық заң­нама талаптарымен алып қарайтын болсақ, Саят Ибраев­қа тағылған айыптар дәлел­ден­беуiне байланысты толығымен ақталуға жатады деп есептеймiн.
Ал ендi Саят Ибраевты ҚР ҚК-нiң 235-бабының 3-бөлiмi­мен айыптау (ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы) – мүлде абсурд. Иә, иә, абсурд.
Ұйымдасқан қылмыстық құрылымдарға қатысты қылмыстық теорияда да, тәжiри­беде де белгiлi бiр қалыптасқан ұғымдар бар. Шетелдiк ға­лымдарды айтпағанның өзiнде бұл жөнiнде ресейлiк және қазақстандық ғалымдар көп­теген зерттеулер жүргiзiп, ұйымдасқан қылмыс ұғымы мен оның негiзгi белгi­лерiн, оның iшiнде қылмыстық қоғамдастықтың (синдикат, мафия) белгiлерiн әлдеқашан анықтап кеткен. Олар мыналар:
– Материалдық базасы (үл­кен ақша қоры) болуы.
– Басқарудың алқалы түрi­нiң болуы, яғни қоғамдастықты статусы бойынша өзара тең бiрне­ше адам басқарады;
– Қоғамдастықты әдетте, бұрын бiрнеше рет соттал­ған адамдар ғана құра алатындықтан, “Воровская традиция” салтын ұстану және оны бұз­ғандар үшiн жазалау шараларының болуы;
– Иерархиялық сатыдағы жүйе құрамында бiрнеше топтар, өңiрлiк немесе шетелдiк байланыстары, басшылық құ­ра­­мы, оққағарлар, ақша қорын (кассаны) ұстаушылар, “үкiмдi” орындаушылар және т.б. болуы.
– Қызықтыратын объектi­лерi туралы әртүрлi қайнар көздерден алынған ақпараттық базасы болуы шарт. Осы айтылған белгiлердiң жиынтығы қылмыстық қоғамдастық деп атауға негiз болады.  
Ал тергеу органдары “Се­нiм. Бiлiм. Өмiр” РҚБ-не қатыс­ты үлкен ақша қорын, яғни кассаны анықтаған жоқ. Тiптi осы бiрлес­тiкке қатысы бар, оның басшы құрамындағы адамдардан ақша қоры тұр­мақ, жiбi түзу қымбат бұйымдар да таба алмады. Оған дәлел қылмыстық iс құжаттарындағы 34-35 бумасындағы мәлi­меттер. Онда “Сенiм. Бiлiм. Өмiр” РҚБ-не және сотталушылардың материалдық жағдайына қатысты бүкiл мә­лiметтер, банкте ақшасы, жерi, автокөлiктерi бар ма, түгел сұраған. Ал бұлардың қай-қайсысының да (оның iшiнде менiң қорғауымдағы Саят Ибраевтың да) материалдық жағдайы оңып тұрғаны шамалы болып шықты. Қазақтың “не күлерiм­дi, не жыларымды бiлме­дiм” дегенi де осындайда айтылса керек. Тергеушiлердiң қисынсызды қиыстырған, бiр-бiрiмен он қайнаса сорпасы қосылмайтын нәрсенi күштеп қосақтаған тiрлiгiне, шынында да, қайран қаласың. Бiр сөзбен айтқанда, менiң қорғауымдағы Саят Ибраев қылмысы үшiн емес, тек қана ұстанған идеясы үшiн сотталды!

Шынқуат Байжанов, С.Ибраевтың адвокаты, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесi:
– Мен өзiм Саят Ибраевтың адвокаты болғандықтан оның балалық шағынан бергi өмiрiн түгел зерттеп бiлдiм. Сонда мен бiр нәрсеге анық көз жеткiздiм. Саят Ибраевтың бойында мал табайын, мүлiк жинайын, билiкке қол жеткi­зейiн, атаққа кенелейiн, саясатқа араласайын немесе тағы да басқа күйбең мақсаттардың бiрде-бiрi жоқ. Тап-таза ниетпен, риясыздықпен, елiне еңбек сiңiргiсi келген альтурист азамат. Қай салада жүр­се де қазақ үшiн пайда iздеп жүредi. Техника ғылымындағы жетiстiк­терiн сол саланың үлкен-үлкен ғалымдарының, профессор, ака­демиктерiнiң аузынан естiдiм. Сол ғалымдардың айтуынша, Саяттың техника ғылымдары, машина жасау саласындағы бiлiмi де бiздiң қазақстандық ғалымдардан көш iлгерi. Шетел­дiктердi қызықтыратын неше түрлi жобалары бар екен. Жобаларын қыруар ақшаға да шетелге сатпай қойған. Сондағы ойы – еңбегiнiң жемiсiн алдымен қазақтардың өздерi көрсе екен деген үмiтi. Екiншiден, Саят­тың рухани iлiмге деген iзденiсi де кеше басталмаған. Мәскеуде оқып жүрiп Абайдың өлеңдерiн, қара сөздерiн түгелге жуық жаттап алған. Оны мен әкесiнiң өз аузынан естiдiм. Үшiншiден, Саяттың сопылық iлiмдi қолдаушылардың арасынан табылуы да кездейсоқтық емес. Ол сала­физм­нiң мемлекетке айтарлықтай қауiп төндiретiнiн осыдан он жыл бұрын ескерттi. Ол бұған дейiн де әлемдiк философия ғылымын, шығыстық, батыстық дүниетаным мәселе­лерiн бұрыннан-ақ зерттеп жүрген едi. Әл-Фарабидi пiр тұтып, өзiн Қаныш Сәтбаев пен Ақжан Машани сынды ғалымдардың ғылымын жалғастырушы болсам деген мақсатпен жiгер­лен­дiрумен болған. Ендi сол ғалымды бiз түрмедегi қанi­шер мен түрлi қылмыскер­лер­дiң арасына апарып отырғызып қоймақпыз. Тiптi Сталин де ғалымдарды түрмеде шiрiтпей, түрлi зертханаларда ұстады ғой. Саят Ибраевтың бұл жұмыстарынан ешкiм, ешқандай кiнәрат, заңсыздық таба алмайды және таба алған жоқ. Соттағы тағылған айыптардың барлығы – жала, қара күйе. Мәселен, Евгений Жов­тистi алайық. Ол абайсыз жасаған қылмысы үшiн төрт жыл­ға сотталды. Күйетiн жерiмiз, Саят Ибраевта сол абайсыз жасалған қылмыс та жоқ қой. Бiреуге байқаусызда қиянат келтiрген жоқ. Яғни ол салафизмге, уахабизмге қарсы келгенi үшiн сотталып бара жатқ­ан адам. Ал судьялар iстiң мәнiн жете түсiнбестен шешiм шығарып жiбердi. Құқық қор­ғаушылар Саят Ибраевқа қа­тыс­ты түрлi айыптауларды ойдан құрастырды. Саят Ибраев тап-таза адам деп толық айта аламын. Ол “салафизм, уахабизм қазақ үшiн, мәдениетiмiз бен дәстүрiмiз үшiн зиян” деген пiкiрiнен қазiр де, сотталып бара жатса да бас тартпайды.
Ендiгi үмiт тек Жоғарғы сотта. Жалпы, мен Қазақстанның сот жүйесiне сенемiн. Өзiм жиырма жыл осы салада қызмет етiп жүрiп, талай әдiлдiкке қол жеткiзе алдым. Алайда дәл қазiргi жағдайда, сопыларға қатысты iсте бұл мүмкiн емес. Себебi бұл жоғарыда отырған базбiр шенеу­нiк­тердiң, уахабизмдi, сала­физмдi қолдайтын ықпалды күштердiң саяси тапсырысы болып отыр. Ондай тапсырыстарды тек Жоғарғы сот қана әдiл тарқата алады. Ал мен Жоғарғы соттағы азаматтардың әдiлдiгiне, олардың тарихи жауапкершiктi салмақтай алатынына сенемiн. Ал алдағы уақытта болатын Алматы қалалық кассациялық сот кешегi соттың шешiмiн дәл сол қалпында қайталап беретiнiне менiң еш шүбәм жоқ. Себебi ол өз қолын өзi кеспейдi, өзi­не-өзi қарсы келмейдi. Мәселен, кеше Саят Ибраевты 12 жылға кескен судья Қалмұха­ме­довтiң өзi де сопылардың кiнәсi жоқ екенiн түсiнiп отыр. Бiрақ қолынан келер шара жоқ. Себебi бұл iстiң үкiмiн оған алдын ала дайындап берсе керек. Ал ол үкiмдi өзгертiп жi­беруге судьяның күшi жет­пейдi-ақ. Бұл, әрине, тапсырыс берушiлердiң күштiлiгiнен болып отыр. Яғни ендiгi үмiт – Жоғарғы сотта. Ал егер ол да шалыс басатын болса, Саят Ибраевты тарихтың өзi ақтайтынына менiң қылдай күмәнiм жоқ.

Ләззат Ибраева, С.Ибраевтың әйелi:
– Саятты он екi жыл бас бостандығынан айырып, мүл­кiн тәркiлеп, жазасын қатаң тәртiп­те­гi түрмеде өтеуге үкiм шықты. Бұған ендi не айтарымды бiлмеймiн...
РФММ-ды алтын медальмен, М.Ломоносов атындағы Мәскеу университетiн қызыл дипломмен бiтiрген, техника ғылымдарының докторы, профессор, алыс-жақын шетелдерге танымал ғалым, Қазақстанның механика және машина жасау ғылымы саласындағы бiлiктi маман, III шақырылған Алматы қалалық мәслихатының №9 округi бойынша депутат, бiрнеше рухани-танымдық бағдарламалардың авторы және жүргiзушiсi, туған халқымыздың ұлы ойшылдары мен ағартушыларының iлiмiн насихаттаушы Саят Ибраевты Алматы қаласындағы ауданаралық мамандандырылған соты осылайша ешқандай дә­лел­сiз, негiзсiз, алдын ала дайындалған үкiм арқылы 12 жылға соттады. Бiр жылға жуық со­зыл­ған тергеу әрекеттерi, 3 айға созылған сот тергеуi, үй­ге тiнту, ұялы телефонын тыңдау, барлық жазылған мақала, оқылған лекция­ларын тыңдау, басқан iзi аңдылып, соңынан қалмай ерiп жүргендегi бар тапқаны – 2010 жылдың 19 мамырында “АБЖАД” интеллектуалды-танымдық клубы отырысында айтқан: “Уахабит, салафит, басқа “иттер” қаптап кеттi” деген бiр ауыз сөзi. Осы сөз үшiн ҚР ҚК-нiң 164-бабы бойынша “дiнаралық араздық туғызды” деп те соттауға болады екен.
Сот тергеуi кезiнде атақты исламтанушы Бақтияр Бабажанов пен философия және тео­логия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай тарапынан “уахабизм – дiн емес, ол – дiни-саяси ағым” деген пiкiр айтылды. Егер уахабизм дiн болмаса, онда қандай дiндердiң арасында араздық туып отыр? Сұрақ па? Сұрақ. “Иттер” деп вахабизм өкiлдерiнiң ар-намысын қорлады” дейдi. Ал бұған сараптама жасаған сарапшы – 2007 жы­лы ҚазҰУ-дiң филология фа­культетiн бiтiрген Д.Рабилов деген бiреу. Бiрақ филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахмет, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Салқынбай, филология ғы­лым­дарының кандидаты, доцент Б.Қорғанбек және өзге де тiл ғалымдары “иттер” сөзi бұл жерде теңеу емес, көптiк жұр­нақ екенiн ғылыми түрде дәлелдеп берсе де, еш еске­ру­сiз қалдырып, тапсырыспен жасалған сараптама қорытындысына сүйенiп, өрескел үкiм шығарылды.
Сонда бұл не? Айтпаса, шындықтың атасы өледi. Саят Ибраевты осы баппен соттау арқылы бүкiл дүниежүзi, пре­зи­дентiмiз­дiң өзi бас болып күресiп жатқан уахабизмдi сот үкiмiмен өз алдына “бөлек дiн” дәрежесiне көтердiк. Бiр қызығы, “мен – уахабпын, менiң ар-намысыма тидi” деген бiрде-бiр жәбiрле­нушi жоқ. Сонда бұлар кiмнiң құқығын қорғап, жазықсыз ғалымды қылмыскер деп танып отыр?
Саятқа тағылған тағы бiр сорақы айып – 235-баптың, 3-бөлiмi. Яғни қылмыстық топтың жетек­шiсi, қылмыстық қо­ғамның (мафия) белсендi мү­ше­сi болған деген жала. Профессор құрған “қылмыстық топ”. Бұған елдiң бәрi күледi...
“Өз қара басым үшiн ештеңе тiлемеймiн, соқырдың тiлегенi – екi көзi, бiздiң тiлек бiреу – елге болса...” – дейдi Саят өзi жазған қолжазбаларында. “...22 жасымда Мәскеу­дiң университе­тiнiң аспирантурасында қалғым келмей, Саған асыққанмын, Туған жер! “Көп қарыз мойнымызда өтелмеген” деп Қасым Аманжолов айтқандай, жаным қысылып, арқа-бас терлеп, қайтсем Саған көмектесiп, қызмет қылсам деп келем...” деп жазыпты тағы бiр қолжазбасында.
“Бүкiл жастық қуат-жiге­рiмдi, жалын ғұмырымды арнауға лайық жол iздегем. Германиядан Елге асыққанда да, Канадаға бармай қалғаным да Елге пайдам тисе, Қазақстан қуатты мемлекет болса, мен соның төрiнде емес, босағасында бiр пайдамды тигiзiп тұрсам деп тiлегем... Ендi менiң қолымнан елге дұға-тiлек тiле­ген­нен басқа, ештеме келмейдi, кешiргiн менi, кеше гөр, Туған жер! Саған тағы да жан аямай қызмет қылуға асықпын мен!” – деп өз сырын қағаз бетiне түсiрген Саят бiр атаның ғана баласы емес, бүкiл елдiң азаматы. Осындай азаматты қалайша “қылмыскер” деген атқа лайық көруге болады?! Қарға баласын “аппағым” дейдi, ал аппағымызды “қара” десек, бiздiң кiм бол­ғанымыз?!
Ойдан-қырдан қырнап, жасанды үкiм шығарылғаны айдан анық. Жалған үкiмнiң бiржолата күшiне енуiне жол бермеуге елбасыдан, ел азаматтарыннан көмек сұраймын. Көмектесiңiз­дер!
Саятқа сот үкiмi шыққаннан кейiн (25.10.2011 жыл) «Саят Ибраевты қорғау комитетi» құрылды. Бұл комитет қалың жұртшылықтың ақ-қараны өз­де­рi айырып отыруы үшiн интернеттен «ibrayev.kz» сайтын ашты. Мұнда С.Ибраевқа қа­тыс­ты мәлiметтердiң бәрi бар.

Кенжетай Досай, ҚР прези­дентi жанындағы Қауiпсiз­дiк Кеңесiнiң мүшесi, ҚР Дiн iстерi агенттiгiнiң бас сарапшысы, “Ясауитану” орталығының директоры, Түркiстан қа­зақ-түрiк халықаралық университетiнiң профессоры:
– Ясауи дүниетанымының негiзiнде сопылық жатыр. Сопылық – басқа танымдардан ерекше исламдық дүниетаным формасы. Сопылық ешқашан ислам­ға сырттай да, iштей де оппозициялық сипатта болған емес! Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезiнде қорғаушысы бола бiлген. Суфизмнiң iшкi мәнiн ашып түсiндiруге бiр мақала түгiл, зерттеушiнiң өмiрi де жетпейдi. Сондықтан сопылықтың сыртқы қырына қарап-ақ оның мұсылмандық тарихындағы орнын тануға болады. Мысалы, тарихта моңғол шабуылына қарсы – куб­раийа, крестшiлерге қарсы – шазилия, орыстардың отарлауына қарсы – ясауиа, нақшбандиа, қалмақтарға қарсы – нақш­бандиа, Африкада француз импе­риа­листерiне – сенусийа, тижанийа, ағылшындарға қар­сы – сухрауардийа тариқаттары үздiксiз соғыс жүргiз­ген.  Көрдiңiз бе, сыртқы дұш­пан­дар­ға сопылық тариқаттар қалай қарсы тұрған?!
Қазақстанға зiкiрден келе­тiн қауiп жоқ. Сопылық жолды тұтын­ғандарды соттауға, жазғыруға, айыптауға болмайды!

Әмiр НҰРТАЙҰЛЫ.

http://www.zhasalash.kz/kukyk-zan/5783.html

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369