Сенбі, 23 Қараша 2024
3058 0 пікір 25 Мамыр, 2020 сағат 17:00

«Бұл - саяси жүйені реформалаудағы маңызды қадам»

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға және «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ағымдағы саяси жүйені реформалаудағы маңызды қадам болып табылады.

Партиялық плюрализмді дамыту, оппозициялық институт құру және саяси партияларды тіркеудегі әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында заңдарда партияны тіркеудегі қатысушылардың санын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін қысқарту қарастырылған. Сонымен қатар, сайлау барысындағы партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың үлесін квота бойынша 30%-ға дейін ұлғайту міндетті қарастырылады. Бұл олардың саяси шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Жастардың заң шығарушы және жергілікті өкілді органдардағы өкілдігі жастардың шешім қабылдау процесіне белсенді қатысуы мен оның мемлекеттік басқару жүйесіне араласуының маңызды көрсеткіші болып табылады. «Қазақстан жастары» 2018 жылғы ұлттық баянламаның мәліметтеріне сәйкес, облыстық мәслихаттар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында 29 жасқа дейінгі депутаттар өкілдігінің төмендеу тенденциясы байқалады. Мәселен, егер 2017 жылы Қазақстандағы жас депутаттардың жалпы саны 122 адамды құраса, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 96-ға дейін төмендеген.

Ал әйелдердің саяси белсенділік көрсеткіштеріне келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Парламентіндегі әйелдердің үлесі 21,7% құрайды (Мәжілісте – 25,9%, 104 орынның 27-і; Сенатта – 12,5%, 48 орынның 6-ы). Мәслихат деңгейінде әйелдердің үлесі – 22,19% (облыстық – 15,72%, қалалық – 22,82%, аудандық – 23,70%).

Жалпы алғанда, квоталау саясаты – айтарлықтай кең таралған халықаралық тәжірибе. Арнайы партиялық квоталар Еуропа елдерінде қолданылады, әсіресе Германияда, Норвегияда, Францияда және Бельгияда жиі кездеседі. Бұл нормалар заңмен бекітілген. Айта кетерлік жайт, «позитивті дискриминацияның» тетігі ретіндегі квоталық саясатқа қатысты талас-тартыстар бүгінгі таңда да сақталуда. Алайда, жастар мен әйелдердің саяси шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуының төмен деңгейін ескере отырып, елімізде 30% квотаның енгізілуі әйелдер мен жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын ынталандырады.

Заңдарда қарастырылған бұл шаралар қоғамдық-саяси кеңістікті қайта құруға, партия саласындағы бәсекелестікті арттыруға, сайлау органдарын барынша инклюзивті, теңгерімді етуге бағытталған.

Жанна Каримова, 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ-дың Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404