Жұма, 8 Мамыр 2026
Алашорда 147 0 пікір 8 Мамыр, 2026 сағат 14:28

Тау тұлға – Жүргенов туралы бірер сөз...

Сурет: el.kz сайтынан алынды.

ТЕМІРБЕКТІҢ ТУҒАН ЖЕРІ – БАСЫҚАРА ҚОПАСЫ!

Сөзіміздің арқауы болмақ Жабасақ өңірінің  тарихы тереңде. Әуелі бүгіндері ауылдық округтің атауын иленіп отырған есімге қысқаша тоқтала кетейік.

Жабасақ Тәленшіұлы  осы төңіректі ертеректе жайлаған дәулетті кісі екен. Шамамен 1760-1840 жылдары Ырғыз бойында өмір сүрген дейді (қараңыз: Ырғыз ауданы энциклопедиясы, 184-бет; Әйтеке би ауданы энциклопедиясы, 157-бет; «Жаңалық жаршысы» 1992.06.27). Кіші жүз Шөмекей руының Бозғұл аталығынан шыққан. Ауқатты, елге қамқор, бай адам болған екен.

Жабасақ өңірінде мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек  Жүргенов, алғашқы кәсіби скрипкашының бірі – Әлім Алмат, Социалистік Еңбек Ері – Алтынбек Әкімжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Рысжан Ілиясова, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев, әнші, сазгер Данияр Сағынтаев, т.б. дүниеге келген.

Жүргенов Темірбек Қараұлы  1898 жылы 1 қазанда қазіргі Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы территориясындағы (бұрын 1971 жылға дейін Ырғыз ауданы қарамағында болған) Басықара қопасы деген жерде туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Орта Азия мен Қазақстанда мәдени революция жасаған түркі жұртына ортақ тұлға. Кеңес үкіметін орнатып, нығайтуға белсене араласқан. Әкесі Қара Жүргенұлы ауқатты, елге беделді болған көрінеді.

Осы жерде айта кетер нәрсе бар. Оны да баяндап өтейік.

Темірбек Жүргеновтің туған жері турасындағы анық деректер бұрмаланып жүр. Кейінгі жылдары оны Қызылорда облысында дүниеге келді деушілер шықты.  Архивтеріндегі деректерді ешкім жоққа шығара алмайды. «Темірбек Жүргенов» атты кітапқа енгізілген тарихи құжаттар мұны жоққа шығарады (қараңыз:325, 328-329, 334-335, 341-342, 355, 382-беттерінде), Солардың бір қатарын атап өтейік:

1)Моя автография;

2)Личной листок по учету кадров;

3)Анкета арестованного;

4) Определение №4 н – 921021/ 16 Военная коллегия Верхного суда СССР;

5) Дәметкен Ермекованың(Жүргенова) – Тыныштыққа жазған хаты;

6)Темірбек Жүргеновтің паспорты.

Аталған бұл құжаттардың қай-қайсысы да «Темірбек Жүргенов 1898 жылы Ырғыз ауданында туған» деп «Қызылорда жақта дүниеге келген» деген дәлелсіз сөздерді теріске шығарып тұр.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

 

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылдық округіне қарасты территориясында Жүрген әулетіне қатысты жер-су атаулары, белгілер күні бүгінге дейін сақталған. Атап айтсақ, Басықараның қопасы делінетін жер, соған тақау орналасқан Темірбектің арғы атасы Жәрімбеттен тарайтын Сарықасқалар қорымы. Бұған Шөмекейдің осы аталығына жататын Үдербай есімді кісінің Бибібатима атты қызынан туған, Жүргеновтерге жиен болып келетін аққұмдық Байниязов Айдархан ақсақалдың (1929-2022) мына сөзі де: «Темірбектің бабасы Қуаңның бәйбішесінің мүрдесі Толыбай сайы мен Қызылжар сайының қиылысқан тұсындағы Ақсу деген үлкен төбенің басында, ол жер «Бәйбіше қорымы» аталады», – деп тағы бір айғақты беріп тұр (Қараңыз: Кәртен Б. Қас үлектен туған кәтепті...// 27.11. 2014. aqtobegazeti.kz).

Жүргеннің бір ұрпағы, Темірбектің немере ағайыны Нұржан Жұдырықұлының бұл дерегі де айтылған пікірлердің, келтірлген мәліметтердің ақиқаттығын одан әрі бекітіп тұр. Оның баяндауынша, аталары жазда Басықара қопасы, Тышқанбай (қазіргі Аққұм ауылы) саласын, Жантай деген жерді жайлап, Қарақұмды қыстаған.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қуаң Әленұлы 6 мыңдай жылқы, 40 мыңдай қой біткен аса дәулетті кісі болыпты.

Қуаңнан – Жүрген, Тұрған, Дәгір.

Жүргеннен – Жұдырық (шын есімі-Ақсақал.), Сырлыбай (Қара), Қазыбай, Дүйсенбай, Еңсебай.

Ақсақалдың бойы шағын болғасын, халық – Жұдырық атап кеткен. Сырлыбайды бір сыншы  кісі «адамның ақ-қара бастысы екен. Мұның қорқытпайтыны болмас» дегенін естіп, халық «Қара» деп атап кеткен дейді. Қазіргі Жабасақ ауылдық округіне қарасты Шілікті жайлауын кейін жұрт «Басықара қопасы» деп атап кетіпті. Ертеде Кенжеқара болысына қараған.

Т. ЖҮРГЕНОВТІҢ ҚЫЗМЕТІ

Темірбек Жүргенов 1920 жылы КПСС мүшелігіне қабылданады. Орыс-қазақ бастауыш мектебін(1913), Перовскідегі Суханский атындағы орыс-қазақ училищесін(1917), Орынбор жұмысшы факультетін (1923), Орта Азия мемлекеттік университетін (1927) бітірді. 1918 жылы Торғайда шығатын «Қазақ мұңы» газетінде жұмыс істейді. Советтердің Торғай облыстық съезін дайындап, өткізуге ат салысты. 1919 жылы Ырғызды ақ гвардияшылар мен алашордашылардан азат етуге және уезде болған бай-кулак көтерілісін басуға қатысты. Кенжеғара болыстық ревком хатшысы, 1920-21 жылдары Ырғыз уездік равком хатшысының орынбасары және оның хатшысы, Ырғыз уездік атком хатшысы. 1924-26 жылдары ҚАССР-нің Түркістан республикасындағы толық праволы өкілі, Қазақстан мен Түркістан ОАК мүшесі. Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық-мемлекеттік жағынан бөліну ісіне белсене қатысты. 1926-29 жылдары Ташкенттегі Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1929-33 жылдары Тәжік ССР-інің қаржы халкомы, Өзбек ССР халық ағарту комиссары. 1933-37 жылдары ҚАССР халық ағарту комиссары. БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің және оның бюросының мүшесі (1933-37).

Жүргенов – маркизм-ленинизм шығармаларын қазақ тіліне тұңғыш аударушылардың бірі. Орта Азия мен Қазақстандағы мәдени құрылыстың тарихына да көңіл бөлген.

Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.

Жарияланған шығармалары: «КСРО мен Қазақстанды әкімшілк-шаруашылық жағынан аудандарға бөлу мәселесі», Қызылорда, 1927; «Орта Азия мен Қазақстанда мәдени революциясы», А., 1935; «Қазақстанда сауатсыздықты жою жұмысы туралы» А., 1936 (Қараңыз: Қазақ совет энциклопедиясы, 4-том, 531-бет; Ақтөбе энциклопедиясы. 441-бет).

ТЕМІРБЕКТІҢ ШАПАҒАТЫ

Темірбек Жүргенов – білім беру ісін өркендетуде үлкен қызмет қылған үлкен тұлға. Оның «Годы работы Казахского высшего педагогического института» (Ташкент, 1928 г.), «За ликвидацию недочетов в работе школе» (Большевик Казахстана, 1935, №4), «Задачи школ Казахстана в новом учебном году» (Большевик Казахстана, 1935, №9) еңбектері бар екен.

Тағы да әрі қарай дәлелдер келтірейік, былай дейді онда: «Т.Жургенов особое внимание уделял строительству школ. Этот вопрос он старался решить за счет бюджета и предприятий, колхозов. …С 1933 по 1939 гг. правительством было направлено на строительство школ в животноводческих район 113106,5 тыс. рублей, на которых было построено 2614 школ. В 1936 году в Алма-Атинской области силами трудящихся было построено 550 школ. В 148 районах Казахстана 936 новых школ на 87915 учебных мест и пристроено 427 классных комнат на 19735 учебных мест. Планом на 1936 – 1937 учебный год было задумано строительство 31 городской школы на 12300 мест, 14 интернатов, 46 аульно-сельских школ на 7200 учебных мест. Все это позволяет говорить об активном участии Т.Жургенова в решении вопроса строительства школ, расширении материально-технической базы школьного образования в республике, — дей келіп мынадай қорытынды жасайды, — …в период работы Темирбека Жургенова на посту Народного комиссара просвещения КазАССР с 1933 по 1937 г.при его непосредственном участии казахстанская система народного образования за короткий срок оформилась как единое целое и достигла больших успехов в своем развитии. Так, в 1937 году в республике насчитывалось 21 высшее учебное заведение, 85 техникумов, в которых обучалось 7369 студентов и 23517 учащихся, из которых казахов соответственно 3971 в вузах и 11355 в техникумах. По республике около 1,5 млн человек обучалось в школах, вузах, на различных курсах. Осуществить полностью свои идеи Т.Жургенова не удалось, так как он был необоснованно репрессирован как «враг народа» (Қараңыз: Темірбек Жүргенов. 104, 107-беттер).

ЖАБАСАҚТАҒЫ ТЕМІРБЕКТІҢ МЕКТЕБІ

Т. Жүргеновтің туған өңірімізге тигізген шапағаты да былай делініп қағазға түскен: «...Қазақстанның оқу-ағарту ісіне Темірбек Жүргенов басшылық жасаған тұста Ырғыз ауданына қарасты Жабасақ, Сарыбұлақ ауылдарында да мектептер салынған... Осыған қатысты мына мәліметті зейнеткер Қуаныш аға Алтынбаев (1943 ж.т.) бүй деп баяндаған-ды: «Әкем Әбіш Елеусінов 1909 жылы туған, 1991 жылы дүниеден өтті. 1937 жылдан 1957  жылға шейін ел басқарған адам. Сарықопа, Үшінші бесжылдық, Қарақай, Жиырма жылдық Қазақстан, Ленин колхоздарының басқармасы болды. 1957 жылдан кейін ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Жабасақ өңірінің шежіресін жақсы білетін еді. Әңгіме қылатын тарихының бірі – Жабасақтағы мектеп. Әкем: «Жақсы білем. О кезде жасым жиырма бесте. Мына мектеп Темірбек Жүргеновтің нұсқауымен салынды. Бастауышқа жобаланған еді. Құрылысы 1934 жылы басталды. Тұрғызу жұмысына Досмағанбет, Қарасақал Серікбай (тағы біреуінің есімін Қуаныш аға ұмытыпты.-Б.К.) деген ағаш шеберлері басшылық етті. Қостанайдың Аманқарағай аталатын орманды жерінен дайындап тасыды бөренелерді. Құрылысқа елдің адамдары да жұмылды»,  – дейтін. Бұл білім орнында сауат ашқан Байназаров Айдархан (1929 ж.т.), Жұмахметов Тәштілеубай (1932 ж.т.), Кенжеғұлова Сәлима (1932 ж.т.) деген аға-апаларымыз сау-сәлемат  жүріп жатыр. Үшеуі де ұзақ жылдар мұғалім болды. Мұнда мен де оқыдым. 1961 жылы он жылдықты осы мектептен бітірдім. Жүргенов салдырған бұл жай 1976 жылға дейін қызмет етті. Құрылысының сапалығынан осы күнге шейін жақсы сақталуы. Қабырғаларының қалыңдығы бір метр. Өкініштісі, қазір қаңырап, азып-тозып  бос тұр, қамқорлыққа алынса деймін тарихи ескерткіш ретінде» (Қараңыз: Кәртен Б. Қас үлетн туған кәтепті...// 27.11. 2014. aqtobegazeti.kz).

Т. Жүргеновтің нұсқауымен Жабасақта салынған мектептің жобасы Ленинградта жасалынып бекітілген дейді. Пішіні «П» әріпіне ұқсас. Қабырғасының қалыңдығы – 1 метр, биіктігі – 4 метр. Төбесі қызыл қаңылтырмен жабылған. Мектеп құрылысын халық арасынан шыққан атақты Досжан, Ермекбай, Серікбай, Өксікбай, Досмағанбет деген шеберлер жүргізген.

Мектеп алғашқы директоры – Нұралы Қашқынбаев. 1953 жылы мұғалімдер саны 18-ге жеткен. Талай дарын өсіп жетілген.

Сөз соңында айтайық дегеніміз – бұл мектеп тарихи мұра ретінде қорғалып, бір-екі жылдықта реставрация жасалып, қалыпына келітірілмесе мүлде жойылып кету қауіп төніп тұр.

Асқар Рақымжанұлы,

Ақтөбе – Жабасақ – Шілікті (Басықара)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2112
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1606