Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2194 0 пікір 10 Қараша, 2011 сағат 05:02

Бейбіт Қойшыбаев. Ескі дерт көріністері

Білместікпен астасқан әсіре шамшылдық һәм орынсыз асқақтық әділетсіздікке төте жол салады, абай болайық.... Қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын Астана телеарнасынан жыр алыбы Жамбыл хақында бірер жаңсақ пікір білдіріп қалды. Сол-ақ екен, қарт қаламгер Сағат Арынұлы баспасөз бетінен оған ащы сын айтты. Артынша Арекеңнің өзі және оның намысын жыртушылар сынға қарсы шауып, Сақаңның жеке басын сойыл астына алды.

Сөйтіп, осы екі жігіт ағасы арасында едәуір айтыс туды. Оған жас-кәрісі аралас біраз журналист үн қатты. Бірақ бейтарап көзқараспен емес, күрт біржақтылық тұрғыдан. Олар республиканың түрлі мәртебелі газеттері беттерінен зейнеткер қалам қайраткерімен едәуір шайқасты. Тіпті жас журналистеріңіз де - «облысымызда, қала берді, республикамызда өзіндік орны бар ардақты азамат Арғынбай Бекбосынды» сынағанға төзбей, «өңір журналистерінің құрметті ақсақалын» қорғау мақсатында, «басыбұзық» Сағат Арынұлының ұзақ жылдарғы журналистік қызметінде жол берген кемшіліктерін рахаттана тізбеледі...

Білместікпен астасқан әсіре шамшылдық һәм орынсыз асқақтық әділетсіздікке төте жол салады, абай болайық.... Қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын Астана телеарнасынан жыр алыбы Жамбыл хақында бірер жаңсақ пікір білдіріп қалды. Сол-ақ екен, қарт қаламгер Сағат Арынұлы баспасөз бетінен оған ащы сын айтты. Артынша Арекеңнің өзі және оның намысын жыртушылар сынға қарсы шауып, Сақаңның жеке басын сойыл астына алды.

Сөйтіп, осы екі жігіт ағасы арасында едәуір айтыс туды. Оған жас-кәрісі аралас біраз журналист үн қатты. Бірақ бейтарап көзқараспен емес, күрт біржақтылық тұрғыдан. Олар республиканың түрлі мәртебелі газеттері беттерінен зейнеткер қалам қайраткерімен едәуір шайқасты. Тіпті жас журналистеріңіз де - «облысымызда, қала берді, республикамызда өзіндік орны бар ардақты азамат Арғынбай Бекбосынды» сынағанға төзбей, «өңір журналистерінің құрметті ақсақалын» қорғау мақсатында, «басыбұзық» Сағат Арынұлының ұзақ жылдарғы журналистік қызметінде жол берген кемшіліктерін рахаттана тізбеледі...

Журналистердің осылай ой шарпыстырғандарын көргенде, мен үндемей қалуды жөн көрмедім. Өйткені, менің қынжыла аңғарғаным - Сақаңның сынының ең басты өзегіне  жауап болмады. Сағат Арынұлы Арекеңді тарихта өз орны бар тұлғалар жайында астам сөйледі деп сынаған, алайда Арғынбай Бекбосынның өзі де, оны қорғаушылар да бұл негізгі мәселені «ұмыт қалдырды». Оларға ауызекі әңгімеде байқамай айтылып кеткен қате пайымды түзеуден гөрі, белгілі адам жайында сыни пікір білдіруге батылдық еткен сыншыны «түзеу», оның жеке басын кеміту арқылы тұқыртып тастау - әлдеқайда оңай әрі тиімді екен...

Иә, көрген олқылықтарын көпшілікке жария етіп, ешкімнің бет-жүзіне қарамай сынауда Сақаң алдына жан салмайды. Қарт қаламгердің Тараздағы мәдениет ошақтарынан Абай, Шоқан, Кенен есімдерін алып тастауға  жол бергендермен бірнеше жылдан бері қажымай-талмай күресіп келе жатқаны мәлім. Кезінде әріптестеріммен бірге,  менің де бұл кісінің сын садағына іліккенім бар: қазақ тілді жазушы-журналист бола тұра, «Заңгер» журналында орысша мақалалардың көп болуына жол бергенімізді, іс-қағаздарын қазақ тіліне көшірді деп есептелетін Жамбыл облысына арналған журнал бетінде облыс заңгерлерінің кілең орысша материалдарын жариялағанымызды  мін еткен еді... Бізге әділ сынды мойындау, оны дұрыстаудың жолдарын ортаға салу ғана қалған...

Сағат Арынұлы секілді жеке шапқан қайраткер-қаламгерлердің біздің сыбайластықпен тұтасқан қоғамда әділетке жетуі неғайбыл, оның жұртшылық ішінде дұрыс түсінілуі екіталай.  Өйткені идеяға емес, белгілі бір «қарға тамырлылардың» мүддесіне қызмет етуді көздейтін түрлі сыбайлас топтар өздерінің әлдебір мүшесінің абыройына дақ түсіруі ықтимал бөгде сөзді көтере алмайды. Олар өздерінде ешқандай кемшілік жоқ деп есептейді, бар болса да, оларды бөтендер  көрмеу керек. Сондықтан да, қанша әділ сынағаныңмен, нысанаңның сыныңнан түйетіні - тек сенімен жауласу болып шығады. Нәтижесінде, біріне тиіссең, басқалары саған  араша жабылады.

Байланыстары және сүйенетіндері мықты болғандықтан, сыбайластар астам келеді. Тиісінше, шетінен өте-мөте шамшыл. Ал мұндай әсіре шамшылдар, әдетте, әділет дегенді ұмытып кетеді. Олар ешқашан да «Платон менің досым, бірақ шындық одан қымбат» дей алмайды. Өкініштісі,  әділ төрелік айта алатын жан билік буындарында  да, қоғамда да жоқтың қасы. Дұрысында, олар бар болғанмен, бой көрсетпейді, өйткені - «сен тимесең - мен тимен...»! Тыныш та бақуатты өмір сүруге осы ереже қолайлы...

Жақында жұртшылық санасында көптеген ғылыми-публицистикалық жарияланымдар негізінде бекем қалыптасқан сықылды көрінетін тағы бір ахуалды бұзған тосын мақала жарық көрді.  Қалың қауым  әліптің артын бағар, ал белсенді аз ғана топ, қараңыз да тұрыңыз,  бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бірауыздықпен,  тосын мақаланы терістеуге білек сыбана кіріседі. Дұрысында, Сыпатай батырдың «саяси келбетін - сатқындық» деуге батылы барған қаламгер Садық Смағұловтың өткен-кеткен жолын қазбалап, соңына шырақ алып түсетін болады...  Жоғарыда еске алынған, Сағат Арынұлы бастан кешіп отырған жағдай көз алдымда тұрғандықтан,  бұл да тап солай болар-ау деп, қауіп қылғаннан айтып отырмын. Шынына келгенде, өз басым тура сондай күйді емес, байыпты пікір алмасу, шындықты бірлесіп іздеу әрекеттері орын алғанын қалар едім.

Алайда біздің менталитет, біздің айтысу, пікірталас жүргізу мәдениетіміздің төмендігі, ағайынқуушылық, тек «өз жерін, аймағын» тым жақсы көрушіліктің жалпыхалықтық мүддеге қиянат тигізеріне мән бермейтін діліміз оған жол бермей ме деп қорқамын. Себебі, бұдан бірнеше жыл бұрын тарихи әділеттілік тұрғысынан ой қозғауға қатысамын деп, өзім де талайдың «ұйқысынан айрылуына» себеп болған едім. Қазақ мемлекеттігін нығайтуға күш жұмсаған айшықты тұлғаларды - Әбілқайыр мен Абылайды - біріне бірін қарсы қоймай, әрқайсысын тарихтағы өз орнымен әділ бағалауға шақырғанымызды түсінуге тырысқан жан жоқ, қолына құшырлана қалам алған әсіре-абылайшыл «белсенділер» негізінен біздің жеке басымызды кемітіп, қорлаумен шұғылданған болатын. Тарихи шындықты тек өз «биіктерінен» бағамдаушылықтың салқыны биыл да айқын көрінуде. Мен мұны Абылай ханның 300 жылдығын атап өту қажеттігін өте орынды көтерген және соған байланысты жарық көріп жатқан түрлі жарияланымдардағы біржақты пікірге орай айтам...

***

«Мәдени мұра» іспетті мемлекеттік ғаламат жоба аясында орыс, қытай, парсы, моңғол, түркі дереккөздеріндегі қазақ тарихына қатысты мәліметтер жинастырылып шығарылғаны мәлім. Өзге де тың зерттеулер (әсіресе, И.Ерофееваның еңбектері) жарық көрді. Соларды мұқият зерделеген кісі 18-ғасырда қазақ мемлекетін басқарудың мынандай түрі болғанына келісуге тиіс...

Күрделі геосаяси ахуалда ұлан-ғайыр кеңістікті алып жатқан алып  елді оңтайлы басқару, сыртқы күштерге төтеп беруді қамсыздандыру талаптарына жауап беруі хақ реформаны, үш өлкеге үш хан сайлатып, Тәуке хан жасады. Бұл кезеңді, өкініштісі, кейбір тарихшылар біртұтас қазақ хандығының өмір сүруі аяқталған, бұдан былай оның орнына бірнеше бірліктің - қазақ хандықтарының сахнаға шыққан кезі деп біледі. Яғни бір мемлекет (хандық) үш бөлікке бөлінді деп санайды.

Алайда бұл жаңа құрылым елді басқаруды тиімді жолға салып, тұтастықты нығайта түсудің біден-бір дұрыс жолы еді. Бас хан, ұлы хан, қаһан мәртебесіндегі Тәуке хан ортақ елдік мүддені үш жүздің хандарымен шешіп отыратын. Ол 1715 жылы дүние салғаннан кейін  аға хан, ұлы хан ретінде үш өлкедегі хандардың ішіндегі ересегі әрі беделдісі - Орта жүздің және Кіші жүздің бір бөлігінің билеушісі Қайып хан танылды. Оны бақталастары өлтірген соң, Кіші жүзді және Орта жүздің бір бөлігін билеуші Әбілқайыр хан осы мәртебеге 1719 жылдан ие болды. 1748 жылы Әбілқайыр қаза тапты да, бұл лауазым Орта жүз ханы Әбілмәмбетке өтті. Ол өмірден көшкен 1771 жылы хан тағына Абылай отырып, он шақты жыл аға хан, ұлы хан мәртебесін алып жүрді. 1781 жылы Абылай қайтыс болғаннан кейін, патша үкіметі қазақ ішіне хан сайлаудың тізгінін өзі қолына бекем алғандықтан және қазақтың тұтастығын ыдыратуға ашық кіріскендіктен, ешкім де аға хан аталған жоқ.

Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруге ұмтылған 19-ғасырдың 40-шы жылдарындағы әйгілі Кенесары қозғалысы тарихтың қаһармандық беттеріне айналды. Ал сол ғасырдың басында ұйысқан Ішкі Орда, яғни Ресей империясының тіке өз ішінде, өз аумағы есептелетін жерде шаңырақ көтерген қазақ автономиялық құрылымы - Бөкей хандығы - өркениетке сай ұлттық мемлекет орнатудың үлгісі болды. Жәңгір хан дүние салғаннан кейін Бөкей Ордасы хандық ретінде аталмай, жойылғандай көрінген. Бірақ,  автономияның әкімшілік құрылымы өзгермей, ханның орнына алқа құрылды. Сөйтіп, Ішкі Орданы басқару жөніндегі уақытша комитеттің басқаруымен, автономия, іс жүзінде, совет өкіметі орнағанға дейін өмір сүрді.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланып жатқан биылғы жылда қазақ мемлекеттігі тарихындағы осындай елеулі кезеңдер мен белестерді, тарихта өзіндік орны бар тұлғаларды мейлінше толық және әділ бағасын беріп атаған жөн болар еді.

Мәселен, Абылайдың 300 жылдығымен бірге Әбілқайырдың 330 жылдығын ескеру мәселесі сұранып тұр. Жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізілген Отан соғысын жеңіспен қорытындылап, батыс шекараның бекемдігін күйттеген, қазақтың Жайықтан өзен суы сарқылғанша айрылмайтынын мәлімдеген, «Орынбор өлкесінің І Петрі» Неплюевтің «жеке дұшпаны» және орыс халқының «жауы» атанған Әбілқайыр ханның еліне сіңірген еңбегін әділ таразылау ләзім. Осы тарапта, тарихтың үлкен жанкүйері, негізгі мамандығына байланысты өлкеміздің қиыр-шиырын  көп кезген геолог және картограф Молдияр Серікбаев бұдан біраз жыл бұрын «Ақтабан шұбырынды оқиғасының картасын» сызған еді...

«Бұл картаның жасалуына өзім тәуір көретін бір жазушының ескертпесі  себеп болды, - дейді ол. - Көне карталарда есімі географиялық атау ретінде талай жерден көрінетін Әбілқайыр хан туралы айтып жүретінім бар. Сондай кездердің бірінде әлгі қаламгерім: «Сен неменеге Әбілқайырды айта бересің, ол елімізді бодандыққа байлап берген сатқын ғой», - деп қарап тұр. Мен, шынымды айтсам, әлгі жазушы үшін ұялдым. Неге дейсіз бе? Бұларды біз ұлттың ар-намысы деп есептеуші едік қой.  Егер олардың тарих пен тарихи тұлға туралы пайымдары осындай шолақ та қарабайыр келетін болса, ұлтымыздың соры әлі қалың екен деп ойладым. Содан, әлгіндей беделді жазушылар мен оларға құдайдай сенетін  жалпы көпшілік әзірге мойындай қоймаған, бірақ үлкен тарихшылар зерттеулерінде тарихи бағасын әлдеқашан дәлме-дәл беріп қойған ұлы хан туралы мен де өз қолымнан келетін сөзді айтуға тиіспін деп шештім.   Содан осы карта дүниеге келді».

Оның айтпағы - тарихты бұзбай, өз қалпында оқып-үйрену қажеттігі, тарихи тұлғаларға әділ, адал қарау, ешқайсысын алаламай, өз кезінде елге сіңірген еңбегін бұрмаламай бағалау керектігі.   Өте дұрыс ниет. Біз біліп, я білмей істейік,  тарихи сәттерді өз пиғылымызға бағындырып, жүрегімізге жақын пәлен деген батырымызды дәріптеуге жанымызды саламыз, бірін кемітіп, екіншісін өсірумен шұғылданамыз. Мәселеге кең қарай алмайтындығымыздан, жан-жақты жүргізілген ғылыми зерттеулермен айқындалып-дәйектелген тарихи шындық айдалада қалады. Оған бықпаймыз, ел аузындағы сөздерді жиып, том-том роман  жазамыз. Соларымызды ақиқаттың тап өзі ретінде аузымызды айға білеп сөйлейміз келіп. Өстіп, қарапайым оқырманды ертегімен тәрбиелейміз. Ал мифпен өмір сүруге дағдыланған осындай ахуалда Молдекең картасымен бірдеңе өзгерте алар ма екен?

Алайда ол өзгертуге тырыспайды да. Ол тек елін, жерін, тарихын қадірлейтін қатардағы азамат ретінде өз көзқарасын білдіреді. Және ой-пікірін заманында Әбілқайырға берген халықтың өз бағасымен дәйектейді. Ғалымдардың тұжырымдарына Қазақстанның қазіргі жер бедерінен, көне карталардан тапқан дәлелдерін қосумен ғана шектеледі.  Сөйтіп, Әбілқайырдың қазақ халқының мемлекеттілігін сақтап қалуға сіңірген тарихи қызметіне лайықты бағасын беру жөн деп есептейді.

Жоңғар шапқыншылығынан қазақтың ғасырлар бойы жапа шеккені белгілі. Соларға қарсы күресте әр жылдарда көрсеткен ерліктері үшін даңқты бабаларымыз бүгінде дәріптеліп келеді. Орынды дәріптеледі. Тек екі  жүз жылға созылған сол қазақ-қалмақ шайқастары ішінен - 1723 жылғы жойқын басқыншылық шабуыл тұтатқан қарсылықтардан, қазақтың  ел болып   қалу-қалмау мәселесін шешкен 1726-1730 жылдарғы Отан соғысынан гөрі, басқа кезеңдердегі жергілікті шеңберден аспайтын  жекелеген ұрыстарды ауызға алумен  шектелу бар. Сол жеке шайқастарда халық назарына іліккен батырларды мақтан тұтып шашылып-төгіліп жатқанымызда,  негізгі де  түйінді мәселені  - мемлекеттілігіміздің тағдырын, елдің бірлігін айқындаған айбынды кезең мен оның қаһармандары тасада қалып жатады.

Үлкен ғалымдардың зерттеу еңбектері куә, қазақ жоңғармен екі ғасыр бойы айқасқанда, есте қаларлық жеңістер де, жеңілістер де көп болды. Қазақ елі, ақыры, Аңырақаймен түйінделген азаттық соғысынан кейін ширек ғасыр өткенде ғана, жаудан толық тазартылды. Әйтсе де, солардың бәрі әр аумақтағы ойдым-ойдым, локальды қақтығыстар еді.

Әбілқайыр хан Отан соғысының шешуші кезеңінің бас қаһарманы, қазақ елінің мемлекеттілігін сақтап қалған қайраткер, батыр, қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған адам (Биыл Әбілқайырды бас қолбасшылыққа сайлаған Ордабасы құрылтайына - 285 жыл). Қазақ жасақтары оның бастауымен еліміздің барша аймағында шайқасты. Ірі жеңістерге жетті. Оның еңбегін халықтың өзі тура сол кездің өзінде дәл де әділ бағалап, ел намысын қорғап ерлік көрсеткен майдан орындарына оның атын берді. Сол атаулар көне карталарда, халық жадында күні бүгінге дейін сақталған. Молдекең соларды жаңғыртып, өз картасына түсірді.

Сызбаға қарағанда, Арқада «Қалмаққырылған» деген жер бар, соның үстімен «Әбілқайыр өзені»   ағып жатыр.   Ал    Шу  мен Талас  өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» жатыр. Осында екі «Қалмаққырылған» деген  жер  атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары - азаттық соғысын басқарған аға хан, кіші хан ставкаларының тұрған орнын көрсетеді. Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге  тақауырақта - Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан  «Әбілқайыр жалы»  деген тау атауы сақталған.

Осы картаға, оқырман, сіз де көз салыңыз. Айтылғандардан артық не дәлел керек? Біздің көңіліміз қаншама тарылып, қазақтың 1726-1730 жылдарғы Отан соғысының бас қаһарманының еңбегін мойындағымыз келмесе де, географиялық жер атауларының өзі-ақ оның да, біздің де кім екенімізді көзге шұқып айтып тұрған жоқ па?

Ордабасыдағы жиынға дейін, жоңғарлар басып алған оңтүстіктегі қазақтың астанасын, өзге де қалалары мен көшіп-қонып мал бағып жүрген жер-суын азат етіп көзге түскен батыр - Әбілқайыр хан еді. Сондықтан да ел оны отаншыл жауынгер-хан ретінде танып, қазақтың біріккен қолын басқартты. Сызбада Әбілқайыр 1710 жылы Кіші жүзге және Орта жүздің бір бөлігіне хан болып сайланған Қарақұм құрылтайы өткен  жер де көрсетілген. Әбілқайыр-баһадүрдің басқаруымен болған шайқастар нәтижесі қазақ даласының талай жерінде «Қалмаққырылған» деген атаумен сақталып қалған.

Аға хан әрі бас қолбасшы Әбілқайыр қазақ жерін біртұтас майданға айналдырып, азаттық жолындағы жеңісті шайқастарын жүргізгенде - Абылай әлі балаң бозбала болатын. Ол 30-шы жылдардың ортасына қарай ерліктерімен көзге түсіп, жеке ру-тайпа әміршісі болды.  Әбілқайыр хан өлтірілген уақыттан ширек  ғасыр өткенде барып, Абылай сұлтан хан тағына отырды. Ол Әбілқайыр ханның ұлы Нұралымен құрдас. Әрі оның күйеубаласы. Демек, оларды өзара салыстыру ұят. Кезінде Абылай сұлтан қалмаққа тұтқынға түскенде, Әбілқайыр хан оны құтқаруға әсер еткен, бұл жайында, бүгінгі зерттеулер өз алдына, Шәкәрім де айтады. Абылай Әбілқайырды «біздің аға ханымыз» деп атаған.

Сонымен, 330 жыл ілгеріде өмірге келген Әбілқайыр хан - халықтың еңсесін көтеріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатынан аман алып шығушы, Отан соғысындағы бас қолбасшы, қазақтың ұлттық мемлекеттігін қорғаушы мемлекеттік тұлға. Ал туғанына биыл 300 жыл толған Абылай хан - Әбілқайыр хан  бастаған азаттық соғысын біржолата жеңіске жеткізіп қорытындылаушы, екі алпауыт империя арасында қазақтың елдігін сақтай білген ірі мемлекет қайраткері....

Білместікпен астасқан әсіре шамшылдықтан, орынсыз асқақтықтан ада болайық,  біліммен ұштасқан әділеттіліктің баянды бірлігімізге төте жол ашары кәміл...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Суреттерде:

Әбілқайыр хан. Саяхатшы Дж.Кэстльдің хан ордасында болғанда салған суреті.

Қазақ елін жоңғар басқыншыларынан азат ету картасы (1726-1730 жж.). Картаны жасаған М.Серікбаев

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5511