Әсия Төлесованы 10 тәулікке қамау жөнінде шешім шықты
Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты қоғамдық белсенді Әсия Төлесоваға қатысты бұлтартпас шара қолдану туралы сот отырысы өтті.
6-маусым күні Алматы қаласында өткен митинг кезінде Әсия Төлесованың полиция қызметкеріне қол көтерген видеосы таралған. Осының негізінде ІІМ оған қатысты ҚК "Билік өкілін қорлау" және "Билік өкiлiнің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін одан кек алу мақсатында өмiрiне не денсаулығына қауiпті емес күш қолдану" бабы (378, 380) бойынша іс қозғалғанын хабарлаған болатын.
Аталған баптар бойынша, 8,1 млн теңге айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жіберу немесе 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту не 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Ал, 10-маусым күні онлайн форматта өткен сот отырысына Әсияның адвокаты Әлімжан Оралбай, анасы Жанар Жандосова қатысты. Судья Жанар Жандосоваға онлайн сотты монитор арқылы түсіруге рұқсат еткенімен, оны көпшілікке көрсетіп, жария етуге судья тыйым салған.
Судья Төлесоваға үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастыратын бап бойынша айып тағылғанын, бірақ айрықша жағдайда сот қамауға алу жөнінде бұлтартпау шарасын қолдана алатынын айтты. Төлесованы екі айға қамауға алу жөнінде негіз жоқ екенін айта келе судья іс материалдарында Төлесованың жаңа қылмысқа баруы мүмкін екенін көрсететін деректер бар екенін келтіріп, оны 10 тәулікке қамау жөнінде шешім шығарды.
Айта кетейік, Әсия Төлесова бұған дейін бірнеше қарсылық шараларына қатысқан белсенді. Ол 2019 жылы Президент сайлауының алдында Алматыда өткен марафон кезінде "Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін" деп жазылған плакат ілгені үшін 15 тәулікке қамалған.
Abai.kz