Улы ауа жұтып жүре береміз бе?
Бір еврей «Қазақтың кейінгі ақылын алтынға айырбастаса алар едім» деген екен. Жасыратын несі бар, әуелі бүлдіріп, соңынан жөндеу сүйекке сіңген дертке айналды. Астана салдық. Су ағатын арықты ұмытып, енді міне жүзіп жүрміз. Жол жыры, айқай-шумен басталып аяғы құмға сіңген судай құрдымға кететін бағдарламалар мен жобалар: айта берсек әңгіме көп. Айтып-жазудан жағдай түзелер болса баяғыда-ақ ұшпаққа жетер едік! Тыңдап жатқан тірі пенде жоқ, жаманатқа қалмай-ақ тыныш жүрейін десең тағы амал жоқ...
«Нұрлы жол» темір жол вокзалы төңірегіндегі «Астана сәні» тұрғын үй кешенінде тұрып жатқанымызға екі жылдай болды. Нақты мекен-жайымыз – Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі 53-үй. Қала әкімшілігі жариялаған мәліметтерге қарағанда алдағы уақытта қарқынды дамитын аудандардың бірі осы аймақ көрінеді. Құба-құп. Қуаныштымыз. Құдайға шүкір, бос жатқан жер көп. Толық мүмкіндік бар. Қарамыз көбейіп, байланыс жақсарып, инфрақұрылым дамып, мектептер мен балабақшалар ашылып, бағдарлы көліктер көбейіп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Тек...
Дәл қасымызда «Промышленный» тұрғын үй алабы орналасқан. Өткен жылғы қала әкімімен болған кездесуде бұл мәселе айтылудай-ақ айтылды. Алтай Көлгінов мырза қолға аламыз деп уәде берген. Бірақ... «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, силикат кірпіш зауытының улы ауасы төзімімізді түгесіп, тынысымызды тарылтты.
Рас, бір кезде бұл аймақ қала сырты болған шығар. Бірақ қазір жағдай басқа. Айнала талай тұрғын үй салынды, алда әлі қаншасы салынады. Біраз уақыт қойғандай болып еді, у құсуын қайта бастады. Әсіресе желсіз күндері тыныс алу тіпті мүмкін емес.
Қала – жастардың қаласы. Қала берді, астана... Аула толы қара домалақ бала. Қарасаң көз сүйсінеді. Бәріміз мұнда солар үшін келдік. Ұрпағымыз дұрыс білім алсын, заман көшінен қалмасын деп... Және солар үшін өмір сүріп жүрміз. Ал олардың жұтқан ауасы – мынау!.. Ертеңгі күні денсаулығы қандай болады?!
Тоқтала кетер жайт, зауыт көбіне түнде жұмыс істей ме, күндіз айтарлықтай ештеңе байқалмайды. Есесіне, қараңғылық түсе қолқа қабар иіс жайлайды. Иіс болғанда да, сондай бір жағымсыз – улы иіс. Айтсаң – аузың жазықты, айтпасаң...
Түсінеміз, қауырт тірлік көп, мәселе – шаш етектен. Ақыры ақылдаса келе, улы ауа жұтып отыра береміз бе, тиісті орындарға тағы бір ескертейік. «Адам айтса сен» деген. Жас жігіт. Білікті басшы, уәдесінде тұрар дедік!..
Әйтпесе... Жарайды, оны кезінде көрерміз!..
Бір топ тұрғындар атынан – Тұрмағанбет Кенжебаев.
Ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.
Abai.kz