Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3125 0 пікір 14 Қараша, 2011 сағат 06:11

Тұрсын Жұртбай: «Қазақ тәуелсіз болу үшін жаратылған»

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы

Авторы: Едiл Анықбай

Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

- Тәуелсіздік ұғымымен қоса, өміріңізге, балалық шағыңызға саяхат жасасақ... Көпшілік қауым сізді ақындығыңыздан гөрі  алаш­та­нушы деп танитын секілді. Ақын­дықтан алшақтап кеткен жоқсыз ба? Поэзияға қалай келдіңіз?

- Тәуелсіздік - кез келген өспірімнің туа түйсігіне біткен ұғым. Сәбидің өзі еңбектеп алға ұмтылады. Неге? Ол анасының аузына әкелген, қасықтап берген тәттісін өзі алғысы келеді. Яғни тәуелсіз болуға ұмтылу. Бұл - дербес өмір сүрудің формасы сияқты. Қазақтың «Он үште - отау иесі» дегені сол. Әуелі қозы бақтырады, қой бақтырады, ешкі, сиыр бақтырады, ең соңында жылқы бақтырады. Неге? Дербес өмір сүруге бе­йім­деудің әрекеті. Сондықтан да Тәуелсіздік ұғымы кез келген ойлы азаматтың түйсігінде туғаннан нәр алған деп ойлаймын.  

Жас кезімнен әкем, шешем ертегі, ән айт­ты. Маған өмірдің ащы дәмі немесе  мына дүниені көркем қабылдау сол аңыз-ертегілер мен шешем айтқан әннен көкейі­ме түскен сияқты. Біз атамыздың баласы ретінде шешемізге жоламай өстік.  Әлі есімде, бір жолы жалғыз қыстақта шешеміз екеуіміз қалдық. Кеш батады, қараңғы түседі, дүние тып-тыныш, тек қорқыныштан ғана тұрады.  Шешем қазандыққа от жа­ғып, ас қайнатып жатыр... Қасына барып отырдым, қорқа-қорқа алдына жайғастым. Шешем ошаққа қарап отырып, «Ағажай Алтайдай» деген ән айтты. «Ағажай Алтай­дай жер қайдай...» деген кезде көзінен тамшы жас мөлт етіп ағып түсті. Алдында отырған менің бетіме тиді. Бетімнен сызы­лып отырып ерніме келді. Дәмін татып ем, ащы екен. Шешеме қарасам, екі көзінен жас мөлтілдей сорғалап, мұңайып, ақырын  ән айтып отыр.  Сонда  менің   әнге ұйыған көңілімді мұң басып, өзгеше бір дүниеге енгендей, өмірдің ащылығын сезгендей болдым. Өзің айтып отырған өлең, өнер, өмірді түйсіну, жақсылық-жамандықты қабыл­дау сол кезден бастап санама сәуле салған сияқты...

Бір жағы күлкілі, бір жағы шындық... Мен 3-класта шашы ұзы-ы-ы-н, тірсегіне түсетін Жаңыл атты қызға ғашық болдым. Әлгі үшін мектептегі 12 баламен төбелестім. 12-нің ішіндегі Оқас деген жігіт екеуіміз 16 рет жекпе-жекке шықтық. Ол менен бір-екі жас үлкен еді. Ең соңында жеңіске жеттік қой...

1 мамырдың қарсаңы... Әкем, шешем, апайым, қарындасым қырманда болатын. Сол қырманға қант-шай апару үшін маған ат бұйырды. Әлгі атпен күні бойы арлы-берлі шауып, кеудем көтеріліп, кешке жақын жеті-сегіз шақырымдағы қырманға жеттім-ау. Күн өткен болу керек, қатты ауыр­дым. Сандырақтап жатып, дүниенің е-е-е-ң  түбіне ұшып келе жатқандай бол­ғанда  «Ж-а-аңыл» деп айқайлайтын көрі­нем... Арасында - 7-9 мамыр мерекелер. Өзің ауырып жатырсың. Сабаққа бармай қалдым. Сол күндері апайым айтты: «Ақ көйлекті екі адам келе жатыр» деп.  Жаңыл мен Батырхан екенін білдім. Олар есіктен кіре бергенде, күннің сәулесі түсіп тұрған Жаңылдың мойнына көзім түсті. Желкесі аппақ.  Қос өрімді жуан, ұзын бұрымын қиып тастапты.  Содан теріс қарап жаттым. Жаңылдың жылап тұрғаны есімде. Қош, махаббат сонымен бітті ғой...

Біздің жақта, Семей облысы Абай ауда­ны Шыңғыстаудың бөктері,  ең жақсы уа­қыт - көктем мезгілі. Ең жақсы көрініс - тобылғы мен қараған гүлдеген кез. Дүние жасарып, құлпырады. Біз қырға шығып, рауғаш теріп  кетеміз. Қазір полковник-дәрігер  Қабыл Көшербаев, Рымбек Рақы­шев деген жігіттер болды. Солар мені алып шығады, үшеуміз бір төбеге барып, шал­қамыздан жатамыз. Аспанда бұлттар жөң­кіледі, көктемде тырналар қайтады, қаздар ұшады. Әлгілерге қарап, мен сөйлей бере­мін: «Әуеден ұшқан алты қаз, атайын де­сем, оғым аз. Міне, майдан, міне саз» деп, Қыз Жібекті айтып келемін де, Төлегеннің атасымен, анасымен, қарындасымен қош­та­сатыны бар ғой: «Соларға сәлем айт, Қосо­баның түбінде қоса кетті дегейсің, артымда Сансызбай деген інім бар, соған сәлем айт, жесірін жалғыз қалдырмасын» деген жеріне келгенде өзім де жылап жіберемін. Өйткені жалғыз ұлмын, артымда Сансызбай жоқ. «Жаңыл кімге қалады?» деп қиялдаймын... «Әй, аспанда жөңкілген бұлт­тар, сендер, Жаңыл жаққа ұшып барасыңдар ғой, осы сөзімді жеткізіңдер. Ей, қаздар соның қасында көл бар, сендер соған қонасыңдар ғой, осыны айтыңдар» деп сөйлей беремін. Тоқтап қалсам, әлгі екеуі шымшылайды: «Сөйлеші, сен жақсы сөйлейсің» дейді. Мен болсам жыраулар секілді шалқамнан жатып алып, сөйлей беремін. Осы Қыз Жібектің жыры, анамның «Алтайды» айтқандағы көз жасы менің ішіме түйін болып түскен сияқты.  Осыдан ке­ліп Тәуелсіздік идеологиясы   шығады.

Көрген өмір, берген тәрбие, өскен орта, бала­лық шақтағы достарың... Баланың қия­­лынан өткір, таза және аңқау нәрсе жоқ. Сол көңіл домбыраның құлақ күйі сияқты адамды өмірбақи аңсарына айнал­дырып, жетелеп отырады. Ұлы мақсаттар - симфониялық оркестр тәрізді. Оның дирижері - өзіңсің. Дербестігіңді сақтай отырып, соның әуендеріне бағынуың керек. Осы үйлесімді тауып кешкен ғұмыр мағыналы болады деп есептеймін.

5-класқа өттім. Үлкен мектепке ауыс­тық... Әдебиеттен Жәңгір Исаинова атты мұғалім сабақ берді, бізге. Өзі қатал, әде­биетті түсіндірген кезде жанын беріп  айта­ды. Сахнада монолог оқып тұрған сияқты. Әр сөзінде Абайдан, «Абай жолынан» үзін­ді келтіреді. Әрбір үзінділерін жатқа айта­ды. Біз қатты елігеміз. Сол кісі «Жазғы де­ма­лыстағы бір оқиға» деген шығарма жазуға берді. Екі жағымда отырған Қабыл мен Рымбек түртпектеп болмады: «Сен Жаңылды жаз! Жаңылды жаз!» деп. Парта­ның астына төселген газетте тәжіктің бе, өзбектің бе жазушысының аудармасы бар екен. Әлгіде Ділбар деген қыздың аты жазылған екен. «Қош бол, Ділбар!» деп шығарманы жаздым. Қаншалықты көркем екенін кім білсін, әйтеуір, ойымды түсірдім.  Менің фамилиям ол кезде әкемнің атында болатын. Келесі сабақта Жәңгір мұғалім: - Құдагелдин деген кім? - деді.  « - Мен! - Мы­на шығарманы сен жаздың ба? - Иә, мен жаздым. - Болған оқиға ма? - Жоқ, мұғалім» деп едім, қасымдағы екеуі: - Бол­ған оқиға! Шын оқиға! Шын махаббат!» деп айқай салып, дуылдасып кетпей ме... Жәңгір мұғалім: «Ендеше, оқы!», - деді. Мен оқи алмаймын. Былтыр қайтыс бол­ды, кластасым Қаршыға Хамидова деген қыз оқыды. Балалардың біреуі мұңайып қалған, біреуі жылаған сияқты тып-тыныш тыңдады. Бір уақытта Жәңгір мұғалім тұрды да: «Көрдіңдер ме, балалар! Біздің орта­мыз­да Тұрсын Құдагелдин деген болашақ ұлы жазушы отыр. Сөзсіз ұлы жазушы бола­сың! Әуезовтей атағың әлемге тарайды! Бұдан кейін біздің класта жазушы бала бар деп мақтанамыз!», - деді. Бұл сөзді мен 30 кітап шығарған, қазір 60-қа келген жасым­да да естіп көргем жоқ. Сол сөз менің бетімді әдебиетке мүлдем бұрды және алғашқы  өлеңдер сонда келе бастады. «Абай жолына» деген құштарлық арта берді, 5-класта мен Әуезовтің эпопеясын  оқып бітірдім. 6-кластан бастап, әдебиет шығармаларын тек қана «Абай жолы» бо­йынша жазып отырдық. Бір жолы мұғалімге айттым: «Әуезов шығармасындағы жағым­сыз кейіпкер  Әзімхан туралы жазуға бола ма?» деп едім: «Жаз!», - деді мұғалім. «Абай жолы» романындағы - Әзімхан бей­несі. Ондағы ойым, мысалы, Әзімхан су­рет­теліп отырған кезде Тәкежандар, Шәке­лер т.б. қаланың көпестері: - Қазақтың маңдайына біткен жұлдыз ғой. Қазақ, осындай-ақ болсын! Қазағымды ел қыла­мын деген азамат қой,- дейді. Содан кейін Әзімхан сөйлегенде қазақтың астыңғы, үстіңгі, үтірі мен нүктесін қосып отырып: - Тәуелсіздікке жетудің жолдары қандай? Қазақ қалай ел болуы керек?  Малшаруа­шылығы, жер мәселесі - бәрін айтып оты­рады. Сол кездің өзінде үлкен бір елдік идеясы. Әлгі жерді мен қайталап оқи беремін.  Қасымда Оспанов Бекен деген әдебиетке өте құштар бала болды, қазір - инженер.  Соған айтамын. Ол да қостайды. Ал Абай: - Төрешік, жалаң насихатшыл де­ген сияқты кекетіп сөйлейді. Осыны салыс­тыра келіп, М.Әуезов «Абай жолы» рома­нын­да  Әзімхан бейнесін дұрыс шығар­маған.  Әзімхан ел-жұртын ойлайтын адам, - деп шығарма жаздым. Менің ойымша, «Абай жолында» бір өтірік жоқ, бәрі өмірде болған адамдар деп қабылдаймыз ғой. Өйткені «Абай жолының»  оқиғасының әрқайсысының өткен жерін біз көріп, біліп, саяхат жасап жүреміз. Сөйтіп жүрген кезде Жәңгір мұғаліміміз декретке кетті де, орнына сол Жәңгір мұғалімдерге сабақ берген Ақлима апай келді. Ол кісі ернін қайшылап қойып, шай ішіп отырған бәй­бі­ше сияқты «ал, балалар...» деп әңгіме айта­тын, шығарманы талдау қалатын... Оқып келіңдер,- дейді. Ал біз әбден тас-түйіндей болып алғанбыз.  Жаңағы Әзімхан бейнесін қайтадан жазбаймыз ба... Ол кісі тас-талқа­ны шығып ұрысып: «Әзімхан деген кім? Әуезовтен қате шығаратын сен кімсің?» деген сөздер айтылды ғой. Бүкіл класс Ақлима апайға  қарсы шыққаннан кейін, ақырында әдебиет үйірмесінде Әзімхан образы талқыланды. Балалар белгілі, ұйымшыл боласың. Бәріміз бірауыздан: «Әзімхан - жақсы бейне!» демейміз бе... Талас-тартыс болды да кетті. Өзге кластар, мектептің оқу бөлімі қатысты. Сонымен олар: «Әзімхан деген жоқ, ол жағымсыз, оңбаған кейіпкер» деп қаулы қабылдады, бірақ біз қарсымыз. Төкен Ғабдуллин атты математика пәнінің мұғалімі бар еді, дом­быра шертеді, әдебиетке қатысы бар, өлең жазады. Сол кісі айтты: «Мұның түбін білгің келсе, С. Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқы» деді. Жаппай «Тар жол, тай­ғақ кешуді» оқымаймыз ба... Сөйтсек, Әзімхан дегеніміз - Әлихан Бөкейхановтың прототипі екен. Ал енді «Тар жол, тайғақ кешудегі» құжаттарды алып қарасаң, қазақ үшін жан алып, жан берген кім? Алашор­далықтар! Кім? Байтұрсынов! Кім? Мір­жақып Дулатов! Кім? Әлихан Бөкейханов! Оны Сәкен Сейфуллин кекетіп жазады. Ендігі шығарманың тақырыбы «Тар жол, тайғақ кешу» болды. Бүкіл класс болып, оның ішінде Оспанов Бекен екеуіміз шығар­мамызда: «Сәкен де дұрыс жазбаған» демейміз бе... Әуелі класта талқыланды. Класс үдеріп алған. Ақлима мұғалімге бой бермейміз. Одан кейін әдебиет үйірмесінде мектеп бойынша талқыланды. Жоғары кластың оқушылары бізге қарсы сөйлей­ді. Біз Алаш, Алашорда деп айтатын бол­дық. «Міне, кітапта жазылған!» деп келтіре­тін болдық. Айтыс қыза-қыза келіп, мектеп­тің үлкен жиналысында талқыланбай ма... Сол кезде ата-аналар кеңесінің төрағасы Мереке деген үлкен кісі бар еді.  Әсия атты қызы бізбен бір сыныпта оқитын.  Сол кісі басшылық жасап отырып, Тұрсын Құдагел­діұ­лын мектептен шығарды ғой.  Мектеп директоры Мейірханов жоқ болатын, Жәңгір мұғалім декретте, өзгелер ашық қостай алмайды. Біз Алаш деп ілесіп кетіп­піз. Ал Алаштың мұндай заңмен айтыла­тынын жалпы білеміз, бірақ ушығып кетеді деп кім ойлайды?! Сөйтіп, бір айдай мек­теп­тен шығып, сыртта жүрдім. Әдебиеттен 11 «2», бір «5» қойып, қорытындысында «3»-ке шығарды ғой. Ал бұл - болмайтын оқиға. Сөйтіп жүріп, Бердібектің «Менің атым, Қожасын» оқыдым. «Менің өмірімді жазып қойыпты» деп, Бекеңе ренжігенім де есімде. Кейін Бердібек ағаға айттым. Ол кісі күлді. Әлгіндей таластан мектептен шығып жүргенде Төкен мұғалім: «Егер мұ­нан арғы себептерді білгің келсе, С.Мұ­қа­новтың «Өмір мектебін» оқы!» деді. «Өмір мектебін» оқыдық: «Ақкөйлек, ақша­лбар, ақ кастюм,  галстук таққан Мағжан деген буржуазиялық ақын ауылға келді де, маған: - оқисың ба деді, мен оқимын дедім. Онда сені оқытайын деп, мені Омбыға алып барды. Ол буржуазиялық ақын ғой.  Мен буржуазияның дегеніне көнгем жоқ. Тек оқып алайын деп жүрмін.  - Сенің тұратын үйің жоқ қой - деп, қасына бөлмеге алды, жеке төсек бергізді. Өзінің ескі киімдерін берді. Бір күні өлең оқыды:  - Тап, тап - деп, тап-тап бересің ғой. Өлең олай жазыл­май­ды. Өлеңде көркемдік және сезім болуы керек - деп өзінің буржуазиялық өлеңдерін оқыды. Менің оның буржуазиясында жұ­мы­сым жоқ. Буржуазияның ақшасын пай­даланып, оқып алдым. Мағжан - буржуа­зия­лық үлкен ақын. Ал мен тапшыл бол­дым. Тап күйімде қалдым» дейді.   Енді осы айтылғандардан буржуазия деген сөзді алып тастасаң, барлық жақсылықты көрсе­тіп тұрған Мағжан ғой. Біз енді соны шы­ғар­ма қылып жаздық. Сөйтіп, демалысқа шығып, қайтып келгеннен кейін Ақлима мұғалім басқа мектепке ауысты, сол арада Мейірханов директор болып келді, мен қайтадан мектепке қабылдандым.

- Кеңес өкіметінің кезінде Алаш, Алашорда туралы айту емес, ойлау­дың өзі қауіпті болғаны белгілі. Бірақ сіздер Алашпен сусындап, Алашпен өскен екенсіздер. Сол замандағы саясат тұрғысынан келгенде бұл көзсіз ерлік секілді...

-  Былтыр Жәңгір мұғалімге жолығып: «Сіз бізге неге Алаш идеясын кіргізіп жібердіңіз? Осынша қалай талдадыңыз? Себебі не?» деп едім. Жәңгір апайым: «Бізді Ғалиакпар Төребаев солай оқытты ғой. Шығарманы тебіреніп тұрып оқып, жаз­ған адамға еркіндік беру керек деп оқытты. Мен сендерге соны қолдандым» деді. Ал Ғалиақпар Төребаев Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытовтармен бірге оқыған, Семей­дің пединститутында, педучилищесінде сабақ берген, Жас Алаштың мүшесі ғой. Мәселен, өлең жазу, сурет салу - идеяның түрлері. Ойлаған дүниелерін осылай жет­кізеді. Көркем сөзге келуімді осы тұрғыдан қарауға болады. Екі жинақтан кейін архи­в­тегі материалдарға қарап, прозаға, оның ішінде Тәуелсіздікті өзіме жол етіп алдым. Оған ұстаздарым Рымғали Нұрға­лиев, Қайыржан Бекқожин тікелей әсер етті. Сту­дент кезімде көптеген кітаптарды, арнайы бөлімдегі материалдарды солар маған оқытты.

- «Осы біз боданбыз-ау, бағыныш­тымыз-ау, еркін, Тәуелсіз ел болсақ» деген арман болды ма, сізде. Бұл арман қай кезде пайда болды?

- Егер Алаш идеясын білмесем, 5-7 кластағы бізге «Абай жолын» Алаш идеясы тұрғысынан түсіндірер ме еді? Жоғарыдағы Төкен мұғалімдер С. Сейфул­линді, С. Мұқановты оқыту арқылы Алаш ұғымын санамызға кіргізді ме  немесе 1969 жылы І курста жүргенде  ұстазым Р. Нұрға­лиев ең бірінші Сайфи Құдаштың Қонаевқа жазған Мағжанды ақтау туралы хатын маған оқытты. Одан кейін Сәду Машақов пен Сапарғали Бегалиннің, Жүсіпбек Елебеков­тің үйінде жасырулы жатқан Ж. Аймауытов­тың, М. Дулатовтың «Оян, қаза­ғын!», «Ба­қыт­сыз Жамалын», Мағжанның өлеңдерін әкеп оқытты. Оған қоса І курста оқып жүр­ген кезімде ұстазым Қайыржан Бекқожин шақырып алды да: «Менің ұстаздарым бар еді. Олардың алдында қарызым бар еді. Соны ақтайды деп екі студент дайындаған­мын. Біреуі - ауылға, екіншісі ішіп кетті. Мой­нымда аманат қалмасын деп сені шәкірт есебінде алайын, көнесің бе?  Ол ұстаз­дарым: Бөкейханов, Аймауытов, Байтұрсынов, Жұмабаев, Дулатовтар еді.  Күндердің-күнінде бұлар­дың еңбектері шығады, бірақ білетін бір адамды дайындап кету - міндетім» деп мені ұлттық кітапха­надағы құпия, жасырын бөлімге кіргізді. Бір жылдан кейін өзі сынақ алды. Егер Алаш идеясы өтіп кетпесе осы­лай болар ма еді!? Біздің алдымыздағы «ЕСЕП» партиясы, «Жас Тұлпар» бар, тіпті, біздің І курста  «Толқын» атты әдеби журна­лымыз Жаңа Толқын, Алашшыл боламыз, Тәуелсіздікпен күресеміз деген мақсатта құрылған бола­тын.  Архивке әуес болып, бет бұрып кетуі­ме Әуезов арқылы Алаштың идеясын көрсетсем деген нысан себеп-тін. Бұл идея интеллигенттердің жүрегінде мәңгілік жүрді. 86-жылғы көтеріліске алып келген Алаш  идеясының ұшқыны - соның қоры­тын­дысы. Әйтпесе, оқып, немесе құрылыста жүрген балалар  өз беттерімен алаңға барар ма еді!? Менің ойымша, 1986 жылғы көтерілісті тұтандырған себеп-салдар әлі ашылған жоқ. Ең бірінші оның тұтанған жері - Өнер институты. Сол жерде алғаш плакат жазған жігіттер осы күнге дейін бар, бірақ Желтоқсан көтерілісінің қайраткері ретінде аталып жүрген жоқ. Өйткені олар кезінде оның бәрінен бас тартқан. Сол идея тұтана келіп, Тәуелсіздікке жеткізді. Бұл - мәңгілік идея. Бүгін егемен­дікке қол  жет­кізіп, жемісін татып, салтанаты тойланбақ   Тәуелсіздіктің 20 жылдығында иісі қазақтың арыс арманы - Тәуелсіз өмір. Алаштың идея­сы - мәңгілік қазақ елі, оның бостан­дығы. Мақсаты: «Ұлттық Демокра­тия­лық Мемлекет құру. Демек, бүгінгі мақсат та Алаштың мүддесіне бағынуы тиіс. Жер, Жер, Жер және Жер. Жер - Отан. Отанды сатуға болмайды. Ең соңғы нәресте жердің игілігін көріп, өзінің Отаны ретінде сезінгенше жер сатылмайды. Қашан Қазақ елі  Жердің астындағы, үстіндегі  байлығын өзі игеріп, игілігіне айналдырғанша Жер Мемлекеттің меншігінде. Екінші, Жердің астындағы, үстіндегі, аспандағы бар бай­лық, тіпті бір түйір тасқа дейін Алаш азама­тына қызмет етуі керек. Ғылыми-техникалық    деңгейге жеткеннен кейін, артылып, асып жатса, сыртқа шығаруға болады» дейді. Үшінші, қазақ елінде өндірілген бір уыс жүн ең бірінші Алаш елінің өңіріне тоқыма болып киілуі керек. Олар толысып болған­нан кейін, сыртқа шығаруға болады» дейді. Төртінші, мемлекет құрушы  ұлттың діл, тіл, дін үстемдігі болуы тиіс. Бұл -  мемлекеттің рухани портреті. Бесінші, Тәуелсіз ғылымға сүйеніп, дәстүр мен салтқа негізделген ЗАҢ жасау арқылы Жапония сияқты Ұлттық Демократиялық Мемлекет құру».

Қазір елімізде Ғылым туралы заң шық­қалы бері ғылым бұрынғыдан да басыбай­лы болып кетті.  Мысалы, мен ғалыммын, бірақ өз еркіммен ғылыми-зерттеу жұмы­сын жүргізе алмаймын.  «Зерттеу жүргізгің келсе, өзің ақша тап!» дейді. Ондай жансе­біл адам табылғанмен, аз емес пе!? Мүмкін, ондай жанкештілер қоғамтану ғылымында бар шығар, ал жаратылыс­тануды қалай алға қарай дамытуға болады? Олар үлкен-үлкен сынақтар жасауы керек, тәжірибеден өткізу, көптеген құрал-жабдықтар керек. Қайтіп жүзеге асырылады? Бізде қондыр­малы ірі зауыттар бар. Ертең оның бір тетігі сынса, алда-жалда сол елмен немесе кәсіпорынмен шартымыз бұзылып қалса, зауытыңыз босқа тұрады ғой. Сондықтан заң  дәстүр мен салтқа негізделуі тиіс. Мы­са­лы, менің ойымша, Дін туралы Заңның 7-бабын әлі де толықтыру керек: «Біз Имам Ағзамның жолын ұстанған мұсылмандар­мыз. Өзге масһабтар бізге келмейді. Уахаб пен Салафит жолын ұстанғандар біздің талабымызға сай емес. Шектеу қойылады» десек,  нақты және   бірұлттық заң болар еді. Мен көріпкел немесе Қазақ мемлекетіне оппозиционер емеспін. Ешқашан болмай­мын. Қазақ елінің мәңгі тыныштығы, мәңгі жасаған Тәуелсіздігі менің арманыма сай келеді. Сол жолда бөгет, наразылық болма­са екен деп тілеймін. Дін басшылары, сырт­қы, ішкі саясатпен айналысатын азаматтар мен дипломаттар Қазақ мемлекетінің мүд­десін ойлайтын және қорғайтын көзқараста болуы керек.

- Алаш арыстары, қайраткер­лері ұлтқа, халыққа қажетті дүние­лерді сала-сала бойынша кітап етіп жазды. Бүгінгі ел тізгініндегі аза­мат­тарға елі, жері, ұлты үшін қалай қызмет етуіне бағыт-бағдар беретін, мақсат тұтынатын осындай үлгілер бар.

- Егер Алаш идеясы, Алаш партиясы, Алашорда Үкіметінің идеологиясы мен саясатына келетін болсақ, 1990 жылдары бұл партияның бағыт-бағдары, қатысқан адамдары туралы мағлұматтар шықты. Ал олардың идеялары, үкіметтік құрылымы, мақсат-мүдделері осы уақытқа дейін тал­данған жоқ. Мәселен, интернетте пікір ашық білінеді ғой. Сондағы Алаш туралы материалдарға, сұхбаттарға, пікірлерге қарасаң, көпшілігі «Алаш!Алаш!» деп ұрандайды. Тәуелсіз 20 жылда Бөкейханов туралы биыл ғана ғылыми-конференция өтті. Оның өзінде конференциядағы баян­да­машылардың дені таныстырудан асқан жоқ. Айта кету керек,  Бөкейхановтың 5 томдық шығармалар жинағын шығарған Сұлтанхан Аққұлыұлының баяндамасы дұрыс: Ішкі-сыртқы саясатты қалай ұстан­ды? Экономикалық саясаты қандай? Жер мәселесі... Оқулық, оның ішінде термин мәсе­лесіне қайтіп қарады және қалай жүзе­ге асырды? Біз осыларды талқылап, жүзеге асырып кетуіміз керек болатын. Өкінішке қарай, 20 жылда олардың шығар­маларын толық басып шығарған жоқпыз немесе сол тұлғалардың қажетті пікірлерін сараламадық. Тек түрмедегі жауаптарына қарап: «Анаған анау неге қарсы жауап бер­ген? Мен жек көрдім депті ғой. Байтұрсынов Рысқұлов пен Қожановты, Мағжанды менсінбейді екен ғой. Неге?» деп мақала жазамыз. Әй, ол Рысқұлов, Мағжанмен жақ­сымын десе, Қожановты білемін, Мағ­жанды сүйемін десе, онда  үшеуі де сотта­лып кетпей ме?! Бұл - тергеушіге, оларды алдарқату үшін, құртуға сылтау таптырмас үшін ойластырылып берілген жауаптар. Біз кейде осындай абсурдқа барамыз. «Алаш­тап жүрген кімдер?» десеңіз, олар  қазіргі қазақ мектептеріндегі оқитындардың тең жартысы болуы мүмкін. Ал  орысша оқи­тын­дар мен оқығандар Алашты әлі күнге дейін Қазақстанның жауы деп есептейді. Өйткені солай көрсету оларға керек.

-  Тұрсын аға, әрине, мен тарихшылардың еңбегін жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Бірақ сіз жазушысыз, ақынсыз. Сұрамағым, тарихшылардың міндетіндегі жұмысқа араласуыңыздың мәні неде?.

- Менің зерттеулерім - жазушының, азаматтың және Алаштың бір  тұқымының көзқарасы. Алаштың біртұтас идеясын, оның бес принциптерін өзімше қосып шығар­дым. Егер тарихшылар араласса, менің нем бар еді?  Алашты түпкілікті және түбегейлі зерттеуші маман бар. Ол - Мәм­бет Қойгел­диев. Алаш қозғалысы, Бөкейха­нов туралы еңбектер - соның дәлелі. Өкініш­ке қарай, кейінгі 10-15 жылда ол кісі өзінің зерттеу бағытын  толық дәлелдеуге мүмкіндігі бола тұра тосқауыл қойылды ма деп ойлаймын. Біз шырылдаймыз, бірақ ешкім селт етпей­ді. Кеңес өкіметінің кезінде бұл идеяларды отырыстарда қарсылықсыз, ашық айтып отырушы едік. Қазір интелли­генттердің арасында енді-енді айтылып жүр. Биыл жаздағы Бөкейхановқа қатысты ғылыми-конференция ұйымдастырудың  нәтижесін­де мәселелер көтеріле бастады. Бір шенеуніктен Алаш туралы сұрап көріңіз­ші! «Ойбай-ай!» дейді. Алаш идеясы әрбір қазақ азаматының жүрегінде. Кеңестік кезеңдегі қысымда да біздің бойымызда жүрді ғой.  Ол өшпейді. Алаш идеясы -  біз­дің қанымыз суып бара жатқан кезде  қызу беретін түйіршік. Ал Тәуелсіздіктің 20 жылында қазақ ұлтының жеткен жетістіктері көп.  Соншама қиыншылықты көре отырып, сортаң тартып қалған жердің көгергеніндей тамырланып келеді. Қазіргі тамырлар сол жердің астындағы сортаң тұстарды сорып, сонымен  сүрленіп келеді. Дегенмен ащы сортаңның үстіне бұта шығады, түбінде көгорай болады, бірақ  бұл - ауыр процесс. Біз өзіміздің алдымызға қайтадан мақсат қойып, өкіметке деген сенімді, мемлекеттік ұғымды жаңғыртуымыз керек. Кез келген ұлттың арманы - Тәуелсіздік.  Тәуелсіздіктің қадіріне жетпеген ұлт - құл болу үшін жа­рал­ған ұлт. 20 жылдың ішінде біз тапта­лып қалған намысымызды жарыққа шығардық, ояттық. Жасырын кеткен құндылықтары­мызды жариялауға мүмкіндік алдық. Мұның барлығы - ең алғашқы баспалдақ. Яғни, біз екінші сатыға көтерілуіміз керек. Өзіміз идеология ұсынып, сол негізде қызмет етуіміз керек. Мен Тәуелсіз елдің Тәуелсіз ғылымының нәтижесінде Тәуелсіз экономикаға жететін күндер жақын қалды, біз оны көреміз деген сенімдемін. Қазақ - Тәуелсіз болу үшін жаратылған ұлт!

- Тұрсын аға, әңгімеңізге рақмет!

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5533