Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2247 0 пікір 16 Қараша, 2011 сағат 05:00

Фарида Бықай. Мәңгүрт елес

... Ол сезеді. Бірақ түсіне алмай қор болды. Көрші әйелдің неліктен өзін «әй, мәңгүртпісің» деп осылай атағанына әлі де түсіне алмай аң-таң. Үйге кеп, әке-шешесінен сұрап еді, әкесі мырс етіп күлді де: «оқымысты бір қазақтардың шығарып жүрген пәлсафасы шығар, қазақтан дана халық жоқ деп жүргендер де солар ғой, ал қазақша білмеген біздерді өздерінше солай атайтын болыпты ғой. Оған сен қайғырып, мазаңды алма, оған сен кінәлі емессің» - деді. «Өздері сияқты мал бағып, юртада отыра берсін дейтін шығар? Біз емес, олар мәңгүрт елесінде шығар, великий мәдениет қайсы екенін білмейді. Қазақ тілі, қазақ тілі дегенде өңештерін созғанда сондай, сөйлей бер орысша, одан өліп жатқан ешкім жоқ». Әке-шешесінің де айтқандарынан ештеңе түсінбеді. Сонда қайсысы дұрыс айтады? Көрші әйел ме, әлде әке-шеше ме, сол жағын түсіне алмайды. «Балам, сен қазақтың ұлысың ғой, құдай-ау, неге өз тіліңде сөйлемейсің, мені күнде көресің, тым болмаса қазақша амандасуды үйреніп алсаңшы, үлкендерге «ассалаумағалейкүм» дейсің, бұл, балам, «Алланың» нұры жаусын деген сөз, әйел адамдарға да солай амандасуға болады, бірақ сен қазір кішкентайсың ғой, «сәлеметсіз бе?» деп амандаса бер. Мені апай де немесе тәте де, анау үйдегі үлкен кісіні «аға» дейсің» - деді бүгін тағы көрші әйел шақырып алып. Тура сабақ түсіндіргендей болды.

... Ол сезеді. Бірақ түсіне алмай қор болды. Көрші әйелдің неліктен өзін «әй, мәңгүртпісің» деп осылай атағанына әлі де түсіне алмай аң-таң. Үйге кеп, әке-шешесінен сұрап еді, әкесі мырс етіп күлді де: «оқымысты бір қазақтардың шығарып жүрген пәлсафасы шығар, қазақтан дана халық жоқ деп жүргендер де солар ғой, ал қазақша білмеген біздерді өздерінше солай атайтын болыпты ғой. Оған сен қайғырып, мазаңды алма, оған сен кінәлі емессің» - деді. «Өздері сияқты мал бағып, юртада отыра берсін дейтін шығар? Біз емес, олар мәңгүрт елесінде шығар, великий мәдениет қайсы екенін білмейді. Қазақ тілі, қазақ тілі дегенде өңештерін созғанда сондай, сөйлей бер орысша, одан өліп жатқан ешкім жоқ». Әке-шешесінің де айтқандарынан ештеңе түсінбеді. Сонда қайсысы дұрыс айтады? Көрші әйел ме, әлде әке-шеше ме, сол жағын түсіне алмайды. «Балам, сен қазақтың ұлысың ғой, құдай-ау, неге өз тіліңде сөйлемейсің, мені күнде көресің, тым болмаса қазақша амандасуды үйреніп алсаңшы, үлкендерге «ассалаумағалейкүм» дейсің, бұл, балам, «Алланың» нұры жаусын деген сөз, әйел адамдарға да солай амандасуға болады, бірақ сен қазір кішкентайсың ғой, «сәлеметсіз бе?» деп амандаса бер. Мені апай де немесе тәте де, анау үйдегі үлкен кісіні «аға» дейсің» - деді бүгін тағы көрші әйел шақырып алып. Тура сабақ түсіндіргендей болды. Бұл үйге кеп, жүз рет қайталап «ассалама...» - «сәлеметсізбені» үйренбек болса да, тілін бұрап, аузын қисайтып кеп қанша отырғанымен жуық арада қазақша сөздер дұрыс шыға қоймады. Қандай қиын сөздер, кімдер ойлап тапты екен деп ойлады. Бұл өстіп сөздерді айта алмай отырғанда үйге шешесі кеп кірді:

- Ой, боташка, сен не ағылшынға дайындалып отырмысың? Дауысың қатты-қатты шығып кетті, ауырлау шығар айту саған, бұл тілді білсең, сенен күшті адам, сенен білімді адам болмайды, оқы-оқы, боташка,-деп шығып кетті. Бұл қайтадан «асса..ді» жаттауға кірісті. Арасы алты күн өтті дегенде амандасуды жаттап болды-ау, қуанышы қойнына сыймай, көрші подъезде тұратын шалға амандасуға асықты. Шал күндегі әдетінше есік алдында отыр екен. Бұл дайындала бастады. Бір, екі, үш:

- Ассалаумағалейкум! - деді қасынан өтіп бара жатып.

- Өй, сенбісің ей? Бар бол болам, молда бол! Өй саған қазақша амандасуды кім үйретті? Шөп басын сындырайық саған, өй, сиыр көрген өгіздей болмай бері келші өзің! Андағы екі қолыңды маған неге ұсынбайсың, қазақ амандасқанда әуелі қос қолын ұсынбаушы ма еді? Ал, сен базардағы сарт саудагер құсап қасымнан өтіп барасың, сен «ассалаумағалейкум» дегенде мен де қос қолымды ұсынып «уағалейкумассалам» демеймін бе екен, а?

О, ғажап, деп ойлады бұл, неткен ғажап! Шалдың айтқандарының біреуін де бұл ұққан жоқ, шалдың өзі сол жерде отыра қап, әлгі айтқан сөздерінің бәрін тәптіштеп тұрып аударып берді.

- Атың кім еді сенің өзі? Бұл түсінбеймін деп басын шайқады, шал орысшаға аударып бергенде, ұялғанынан жерге кіріп кете жаздады.

- Жанмир, - деді бұл әзер сөйлеп, Жанибек әкемнің аты, Мир деген, шешемнің аты Гүлмираның «мирын» алған ғой,- деді ол мақтанғандай болып.

- Ойлап тапқандарын қарашы ей, бірінен-бірі айрылып қалатындай! Бұ қазақ балаға ат қоюды да ұмытып барады ей! Сенің әкең анау жүрген оқымысты ма? Шешең анау - қызыл шаш қатын ба ей? Олардан туған сен мәңгүрт-елестей қайтіп оңасын?-деп шал қарадай ашуға басты. Бұл селк ете түсті!.. Мәңгүрт елес деді ме тағы? Мен мәңгүрт елестен туғам ба!?.

- Балам, сен қазақсың ғой, сен ана басқа болып өзгеріп жүрген Жанмир әке-шешеңе қарама! Олар енді түзелмейді, солай кеткені кеткен, оларды енді қазақ жасай алмайсың, олардың болмыстарында қазақылықтан ештеңе де жоқ, құрыған! Сені мәңгүрт елесі қып тастаған да солар! - деді шал күңіреніп.

- Тіліңді, салт-дәстүріңді біл, балам!

Шал кетіп қалды, тегі бұған қазақша аударып аудармашы болудан шаршады ма, анау үйдің есігінің алдына барып демін алды.

Бұл түнімен ұйықтай алмады. Қасында жалба-жұлба мәңгүрт елес жүргендей болып, айналасына қарап қорқып жатты. Сол елес келіп қылқындырып, жанын алатындай болды. «Ол сенен бәрін алып болған! Тілің жоқ, салт-дәстүрді білмейсің, болмысың басқа» деп көрші шал айғайлап тұрғандай болды. Бұл айғайлап шошып оянды, шешесі жүгіріп келді.

- Боже мой. Сынок, боташка, господи, успокойся, устал наверное, спокойной ночи тебе, боташка, - деп бетінен сүйіп, қайта кетіп қалды.

Бұл таңертең тұрған соң, көрші әйелді көрді. Жаттап алған қазақшасымен амандасып еді, көрші апай қуанып қалды. Бұл түнде қорқып ұйықтай алмағанын айтты.

- Ондайда балам, «пісіміллә, Алла сақтай гөр» деп  сыйынып жат! Бүгіннен бастап осы сөзді жаттап ал, жарай ма, сосын, күнде ұйықтар алдында қайталап айтып жатасың. Сонда ғана сенің қасыңнан мәңгүрт елес деген бәлекет кетеді, - деді де, көрші әйел:

- Келші сені ұшықтап жіберейін деп, үйінен бір кесе су әкеліп «тфу, тфу, тфу» деп бұның басын айналдыра су бүркіп ұшықтап жатыр. Бойы жеңілдеп қалғандай болды. Сабаққа келді. Мұнда да өзі сияқты балалар қазақша сөйлемейді, басқа тілде амандасып жатыр, басқа бір тілде сөйлейді. Сонда бұлар да мен сияқты... мәң...ттер ме? Бұл солай деп ойлауға қорықты, жо.., жоқ олар емес, жалғыз мен ғана болайыншы, олар болмасыншы ондай деп ойлап отыр. Ойламайын десе... олар да өзі сияқты.

Кешке үйіне көңілсіз келді.

- Мама, мені қазақша мектепке оқуға берші,- деді түнде ұйқыға жатарда.

- Қазақша мектепке? Қой, бұны әкең естімесін! Онда нең бар? Онда білім жоқ дейді! Мұғалімдердің өздері қазақша білмейді дейді!

- Мама, оның бәрі өтірік, өсек! Олар білімді, өз тілдерінде сөйлей алады, олардың білмейтіні жоқ, олар октябрь айын - қазан, ноябрьді - қараша дейді, оған Абай ата өлең шығарған! - деді бұл бар білетінін айтып.

- Саған мұның бәрін мына көрші әйелдің ұлы айтып жүр ме? Олар бұрынғы қазақтар, біз жаңа қазақтармыз, балам, өркениетке жетуіміз керек, батыстың мәдениетін олар түсінбейді! - деді шешесі жақтырмағандай.

Әкесі теледидар көріп отыр екен. Диктор бір қалада көше аттары өзгеріп, өз ата-бабамыздың есімдері қайта оралып жатқанын айтып жатыр. Олар кімдер екен? Мына бір сақалы бар ата кім?  Ана бір батыр кім? Қабанбай, Наурызбай, Бөгенбай, Олжабай, Баян, Гаухар дей ме? Әкесі орнынан тұрып, басқа арнаға қосты. Айтпақшы, жаңағы диктор ағай да «біздің батырларымыз найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, білектің күшімен жерімізді қорғап қалған, ұлтарақтай болса да жерің қымбат, жер сатылмайды» деп жатты ғой. Жерді неге сатады? Сонда біз қайда барып тұрамыз? Кітап оқығысы келді, үйінде қазақша бір кітап жоқ. Әке-шешесі  шетел өмірінің романдарын ғана оқиды. Музыка тыңдайын десе, қазақша ештеңе де жоқ. Көрші әйелдің үйіне барғанда, ол екі көзін тарс жұмып, күй тыңдап отырады. Жылайды, бұған жетер дүниеде әуен жоқ, қандай керемет дейді. Бұл түсінбейді. Жанына әлі жетпейді. Домбыраны көріп, шертейін-ақ дейді, қарап-қарап қойды. Көрші әйел жиі-жиі бауырсақ, жеті шелпек пісіреді. Ал бұның мамасының дайындайтыны бутерброд, саңырауқұлақ жейсің. Кеше класс болып театрға барды. Бұлар түсінбейтін, қиын спектакль болды. Абылайхан деген хан болыпты! Қытай дей ме, орыс дей ме, қорған дей ме, түк ұқсам бұйырмасын. Сарыарқа деп жылады, Сарыарқа деген сөйтсем, қазақтың даласы екен ғой, жусан деген шөп екен, иісі жақсы, ем шөп дейді көрші апай. «Ем шөп дейді, сен ол шөпті көрген де жоқсың, көресің бе, қайдан білейін?» - деп күрсінді.

Екі күндей ұйықтай алмай жүрді. Спектакльдегі анау ата неге қазағым деп айғайлап, жерді құшақтап жылай беред? Неге Қытай дейді? Олар көп, біз сонда азбыз ба? Неге? Мен неге үйде жалғызбын?.. Содан кейін сол Абылайханды көшеден көрді. Қабағы түксиген, қою қара қасты, қара мұртты, еңгезердей аға, бойы тіп-тік,  асқар таудай болып трамвайдың аялдамасында тұрды.

- Абылайханды қара! - деп қасындағы Мишкасы сыбыр ете қалды.

- Сен оны қайдан білесің? - деп бұл аң-таң қалып сұрады.

- Маған қазақ тарихы ұнайды, мен спектакльге бардым, мамаммен, ол - тарихшы, мына әртіс ағаның аты-Мұхтар Манап.- деді Мишкасы.

- Ал, Абылайхан қазақтың ұлы ханы болған, біздің қалада ескерткіш қоятын болса, ылғи барып тұрушы едік қой,- деді тағы Мишкасы.

-Ол ескерткіш біздің Кутузов көшесінде  тұратын болса ғой!-деді бұл армандап. Мишка айтқан Абылайхан болғысы келді. Қабағын түйді. Бойын тік ұстады. Осы жер менікі деп айғайлап жіберді.

Үйге жақындай бергенде, көрші шал көрінді.

- Мен саған мынадай бір кітап тауып қойдым, оқы соны, сосын атыңды да жөндерсің? - деді қарқ-қарқ күліп.

- Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» - деді қарт енді күрт ашуланып. - Сенің әкең сияқты Сәбитжандар толып жатыр мұнда!

... Ол сезеді. Кітапты оқып шыққан соң бәрін түсінді. Менің ғана жалғыз мәңгүрттік елестен арылғаным не керек, мен сияқты өз болмысынан адасып, ажырап қалған кейбір мәңгүрт елестер енді қашан оянар деп жабығып жүрмін. Тілімді үйренемін, салт-дәстүрді білемін, өзгеге еліктемей тек өз болмысымды сақтап, қарапайым қазақ баласы болып өскім келеді деймін өзіме-өзім.

Мәңгүрт деп жазылып кітапта, аңызда ғана қалса екен, балаларымыздың болашағын өзіміз ғана ойласақ, мәңгүрттік елестен құтқарып аламыз, беті аулақ, мәңгүрт... беті аулақ дейік, Жанмирдей жаңа туғандай болып, өз болмысына үңілетін балалардың көбейгені - бұған жеткізбес.

... Ол сезеді. Түсінбей жүріп еді. Көзі, жүрегі,санасы оянғандай болды. Көрші апайы енді бұған бұрынғыдай мәңгүртпісің өзің демейтін шығар? Өйткені, ол қазір «Боранды бекет»!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534