Қол беріп амандасуды тоқтатайық...
САҚ-тың шақырумен Түркістан өңіріне асығыс барып келдім. "Түркістан құпияларын" түсіріп жатырмыз. Алла бұйыртса бір-екі айда көрерменге ұсынылмақ. Ол туралы әлі де жазармыз.
Бұл жолы амандасу тәртібі туралы. Түркістанда облыс пен қала басшыларынан бастап бірталай халық індетке ұшыраған. Бірақ сақтану шаралары әлсіз. Қай жерге барсаң да қос қолын ұсынып, одан қалды құшақтап амандасады. Алыстан бой сақтаймын деп жеккөрінішті боласың. Мына мақаланы наурызда жазған екенмін. Індеттің 1,5-2 айдан кейін асқынатынын жазыппын. Қайта ұсынып отырмын.
Қол беріп амандасуды тоқтатайық
Қымбатты достар !
Мен сіздерді Наурыз мейрамымен де құттықтаған жоқпын. Шынын айтқанда көңіл күйім болмады. You tube -те мына қытайвирусы туралы не бар түгел оқып шықтым. Қазақта «ауру айтып келмейді» деген бір сөз бар, бұл індет осыдан үш-төрт ай бұрын бас көрсетті де, қазір әлемді жайлады, Еуропаның дамыған Италия, Испания сияқты елдері бұған еш шара жасай алмай, өлген адамдарын крематорий пештеріне тасып үлгере алмай жатыр. Біз болсақ шекараны әзер деп жаптық, мүмкін, әлдебіреулер әлі де саңылау тауып әрлі-берлі саудасын жасап жүр. Оның үстіне күні бүгінге дейін әуе қатынасын жапқан жоқпыз, кеше ғана Президент шектеу туралы айтты. Ендеше біздің арамызда бұл ауруға шалдыққандар толып жүр деген сөз, иммун жүйесі мықтылары жүре береді, вирус үш күнде мемлекет бойынша екі еселеніп шыға келеді. Егер карантин болмаса ауру саны геометриялық прогрессия жолымен бір жарым айда бүкіл халықты қамтиды. Медицинамыздың жағдайы әркімге де аян, сын көтермейді, жайшылық уақытта дәрігерге бір ай бұрын жазылмасаңыз сізге ем жоқ. Кәдімгі қарапайым тұмша (маскі) қазір емге табылмайды, осыдан екі жұма бұрын айттық, әлі жоқ, жаңа ғана аптектерді аралап келдім.
Бұл індет бірнеше жолмен тарайды - соның ішінде көп тарайтын жолдары ауа және қол алысу арқылы. Қазақта біз ескере бермейтін бір сөз бар- ол бой сақтау делінеді, яғни дистанция ұстау. Мен көп уақыт осы ФБ-та жаманнан бой сақтау қажеттілігі туралы жазып келдім («Жақсы мен Жаман»), енді аурудан бой сақтауды, қорғануды үйренуіміз керек. Ерте уақытта біздің ата-бабаларымыз оба шыққан үйді Құдайға тапсырып, жұртта тастап ауыл-ел болып басқа жаққа көшіп кетеді. Этнографиялық әдебиеттен оқысақ оба шыққа үйден бір адам жақындаса саулары садақтарын кезеніп, жақындатпайды, тіпті болмаса атады. Бұл мыңдаған жылдар небір жұқпалы ауруды бастан өткізген, талай рет қара шыбындай қырылған халқымыздың амал жоқтықтан жасайтын шарасы.
Енді қол алысып амандасу туралы. Бұл біздің ежелгі дәстүрлеріміздің ішінде қаншалықты барын айта алмайын, бірақ сәлемдесудің негізгі түрі емес. Ертеде хан-сұлтандарына, төрелеріне қазақ қолын кеудесіне қусырып, алыстан «Алдияр, хан ием» деп сәлемдеседі, олар болса сәлемдескен жақтың жасы үлкенінің иығына алақанын тигізеді, қожаларына «Алдияр, тақсыр» дейді. Қазақтың жасы қатар, сыйлас азаматтары бірін-бірі көптен көрмесе қол беріп емес, кеуде түйістіріп амандасады. Қазіргідей күнде көрпі жүрген адамын құшақтап, көрісіп, бір -бірінің қолын сілкілеп жатпайды. Амандасқан уақытта сүйісу ол заманда қазақтың еркегі түгілі әйелдерінде де болмаған, тек бойжеткен қыздар ғана бір-бірін жақсы таныса, жақын туыс болса, көптен көрмесе амандасқанда беттен сүйеді. Қоштасқан уақытта қол беру, немесе адамды жерлеу кезінде қол беру деген тіпті де болмаған, ол үлкен айып болып есптеледі.
Қол беру қазақ арасында үш жағдайда қолданылады:
-Біріншіден, пірге қол беру, яғни діни ғұрып шеңберінде, өзіңнің ұстазыңды таңдап алсаң соған қол беру;
-Екіншіден, сауда, не айырбас жасаған екі адам, алыс-беріс болған соң «мә, береке, бер қолыңды» деп уағдадан таймасқа бір-біріне қол беріседі;
-Үшіншіден, екі жақ бір дау болып, содан кейін не өзара, не би алдында салауат айтылып, қарындас болып, бітімге келетін болса бір -бірімен енді дау шығармасқа уәде етіп қол алысады.
Амандасқанда қол беру бізден тым ерте замандарда бөлініп кеткен жапон халқында жоқ, қандай жағдайда да кеудесіне екі қолын қусырып, басын иіп амандасады. Күнгей қазағының «келін сәлем» деп жүргеніне үқсайды, шындығында бұл сәлем түрі ертеде ер азаматтардың бір- бірімен амандасуынан бүгінгі күнгі сақталған түрі. Күні кешеге, яғни ХХ ғасыр басына дейін Арқа қазағында қайын жұртына келген күйеу қыз жеңгелеріне, ата-енесіне осылай тәжім жасайтын. Нағыз келін сәлем оң тізесін бүгіп, оң білегін тізесінің үстіне қойып, алақанын жоғары қаратып салынады. Бұл байырғы дәстүрді қиыр батыста адай, қиыр шығыста қызай келіндері әлі де қолданып жүр.
Сонымен біз ежелгі дәстүрімізге қайта оралайық, бір-бірімізге қолымызды алып жүгіргенді қояйық. Мен ондаған жылдар қай оқу орнында жұмыс істесем де студенттер мен жас ғалымдардан талап ететінім осы. Алыстан оң қолыңды кеуде тұсыңа апарып «ассалаумағалейкүм» десең болды, айналайын, маған одан басқа ештеңе керек жоқ деймін. Расында да біреуінің алақаны терлеп тұрады, оны былш еткізіп саған жаға салады, біреуінің қолында жарасы болады. Жалпы қол беріп амандасу гигиенаға еш келмейтін, Еуропада ортағасырлық қараңғылық кезінде, рыцарлар ішінде өрістеп кеткен сәлем түрі. Міне, қолымда қаруым жоқ деген белгі. Совет заманында біздің бәріміз теңелдік те қол беріп амандасу қазақ ішінде міндетті болып шыға келді. Қазақ қол беріп амандасуды міндеттемейді, ең бастысы дауыстап, батыл амандасу шарт. Этнографияда дауыстап сәлем беруді вербалды қарым-қатынас түріне жатқызады, біз де соған көшкеніміз дұрыс.
Жамбыл Артықбаевтың желідегі жазбасы
Abai.kz