Қырғызстанның Орынбордағы құрметті консулы Жандар уулу Таалайбек көрші елдің билік өкілдерімен транзит дәлізі жөнінде келіссөз жүріп жатқанын айтты. "Дипломатиялық келіссөз кемінде 20-30 күнге созылады" деген ол.
"Мигранттарға көмектесіп жатқан мейірімді жандар табылып жатыр. Оларға қазір жергілікті тұрғындар, волонтерлар мен қайырымдылық қорлары көмектесіп жатыр", – деп консул орынборлық басылымға пікір білдірген.
Басылым мәліметінше, мигранттар қазір тігілген шатырда тұрып жатыр. Арасында аяғы ауыр әйелдер, зейнет жасындағы қариялар мен балалар да бар.
Бұл осымен орыс-қазақ шекарасына жиналған үшінші топ. Бірінші топтағы 541 адам 7 мамырда шекарадан өткен. Қырғызстанға барғанда, олардың жүзден астамынан коронавирус анықталған. Екінші топтағы 500 адам мамыр айының ортасында шекарадан өтіп, еліне оралған.
Abai.kz