Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3274 0 пікір 26 Маусым, 2009 сағат 07:37

Арман ШОРАЕВ, «КТК» арнасының бас директоры: Мен ешқандай қиындықтан қорықпаймын

- Арман Төлегенұлы, сіз бас­шы­лыққа келгелі бері «КТК» ар­на­сының азуы мүжілгендей ме, қалай?
- Менің бұл арнаға басшы бо­лып келгеніме екі жылдың жүзі бол­ды. Өзіме баға беруден аулақпын. Де­генмен сұрағыңызға жауап бе­рейін. Біз қайта осы жылдар ішінде бір­шама игі істер атқарған сияқ­тымыз. Жалпы, коммерциялық те­ле­арна мемлекет тарапынан, бюд­жеттен бірде-бір тиын алып отыр­ған жоқ. Өз тіршілігімізді өзіміз күйт­теп, жарнаманың арқасында жан бағудамыз. Жарнама беру­ші­лер өз өнімін телехабарға орналас­тыр­ғанда ең алдымен әрбір хабар­дың рейтингін, яғни тартым­ды­лы­ғын ескереді. Бұл үрдіс бізге ғана тән емес.
Әйтсе де, мен сіздің «арнаның азуы мүжілді» дегеніңізбен мүлдем ке­лісе алмаймын. Егер күн сайын қа­дағалап отырсаңыз, біз жаңа­лық­тарда келеңсіз жайттарды да, оң іс­терді жан-жақты қамтып, сан­ қи­лы оқиғаларға үн қатуға тыры­са­мыз. Ешқашан нақты дерек пен дә­йексіз біреуді сыртынан қаралап, ғай­баттауға жол бермейміз. Кейде сы­ни дүниелер эфирге шықса, «Сіз­дерге кім ақша төледі?» деп сұ­райтындар да бар. Тапсырыс ар­қылы біреуді «соққыға жығу» менің тә­жірибемде болған емес. Ха­лықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқ­тайтын тақырыптың бәрін қоз­ғаймыз. Журналистерге қойы­ла­тын талап біреу - бұлтартпас дерегі мен дәйегі болсын.
Мен телеарна директоры бол­сам да, әлі күнге дейін өзімді жур­налистер сапынан шығарған емес­пін. Сондықтан көрсетіліп жат­қан әрбір хабарды алдымен жур­налистік сүзгімнен өткізуге ты­ры­самын.
- Сіз бұған дейін журналистика са­ласында табанды тер төгіп, ке­йін­нен «Хабар» арнасында басшылық қыз­метте болдыңыз. Қазақстан Пре­зиденті Әкімшілігінің әлеу­мет­тік саяси бөлімінің бас инспекторы, 2005 жылы Президенттік сайлауда Нұр­­сұлтан Назарбаевты қолдау жө­­ніндегі қоғамдық штабтың бас­па­сөз қызметін басқардыңыз. Осы қыз­­метке қалай келгеніңізге де бір ауыз тоқталып өтсек...
- Маған көмек қолын ұсынып, же­телеп жүрген ешқандай ағам да, кө­кем де жоқ. Қандай да бір жетіс­тік­ке жетсем, бұл өз еңбегімнің ар­қасы, маңдай терімнің жемісі. «КТК» телеарнасын басқаруды ұсын­ғанда, бір аптадай келісім бер­мей жүрдім. Бұған мен ғана емес, ма­ған ұсыныс жасаған жандар да куә. Менің журналистиканы кәсіп етіп келе жатқаныма биыл он тоғыз жыл. Осы жылдар аралығындағы ең­бегімді елеп-ескеріп, осы қыз­мет­ті ұсынған болар.
- Алғашқыда не үшін келісім бермедіңіз?
- Жаңа айтып өткенімдей, есе­йіп, ес жинаған тұстағы өмірімнің ба­сым бөлігі журналистикаға ар­налыпты. «Ендігі жолымды басқа са­ладан іздеп көрейін» деп ой­ланып жүрген кез еді. Бірақ менің бұл таңдауымды өз кәсібіме деген шек­сіз сүйіспеншілігім басып кет­ті.
- Әйтсе де, сіз «өгізді де өл­тір­мей, арбаны да сындырмай» жұмыс іс­теп отырған сияқты әсер қалды­ра­сыз. Осы жылдар аралығында ар­наның кескін-келбетінде, болмы­сын­да, «мінез-құлқында» айтар­лық­тай өзгерістерді байқай қойған жоқ­пын...
- Сіздің мақалыңызға мақал­дап жауап берейін. Мен «Асық­па­ған арбамен қоян алады» деген қа­ғи­даны ұстанатын адаммын. Есі­ңіз­де болсын, екі жыл ішінде бір ар­наны толығымен өзгерту ешкімнің қо­лынан келмейді. Оның үстіне, «КТК-ның» он жеті жылдық тарихы бар емес пе? Мен басшы болдым деп, осы тарихты бір күнде қалай сы­зып тастаймын? Жалпы, өзгеріс жа­сау үшін алдымен мол қаражат қа­жет. Бір шоу-бағдарламаның өзіне қыруар қаржы жұмса­ла­ты­нын білесіз бе? Өкінішке қарай, біз­де ондай ақша жоқ.
Тағы бір айта кететін жайт, біз­дің қазіргі бәсекелестеріміз - отан­дық телеарналар емес, Ресей теле­ар­налары болып отыр. Бұлай деуіме то­лық негіз бар. Өйткені осы күні кез келген көрерменнің үйінде ка­бельді теледидар бар. Ауылда да со­лай. Осы кабель арқылы жұрт Ресей ар­наларын жаппай тамаша­лай­тыны ешкімге жасырын емес. Біздің мақ­сат - өз көрерменімізді өз ау­ди­ториямызға қарай тарту. Ал бұл мә­селені жөнге қою үшін тағы да қар­жы керек.
Әлгі сұрағыңызға қайта орал­сақ, мен сіздің бұл айтқаныңызбен де келісе алмаймын. Мен қызметке кел­мес бұрын телеарнада қазақ жа­ңалықтары ешқашан прайм-таймға шыққан емес.
- Қазіргі уақытта да қазақ жа­ңа­лықтары, жалпы қазақ бағдар­ла­ма­лары прайм-тайм емес, офф-тайм­да орын алып тұрған сияқты ғой?
- Бұрындары «Күндерек» ақ­па­раттық бағдарламасы кешкі са­ғат бестерде эфирге шығатын. Мен оны өзгертіп, 19.30-ға ауыстырдым. Ал «Портрет недели» сияқты қазақ ті­ліндегі сараптамалық «Шарайна» бағ­дарламасы түскі екіде жарық кө­ретін. Біз бұл тенденцияны, яғни қа­зақша бағдарламаларға деген көз­қарасты да өзгерттік. Соның ай­ға­ғындай, наурыз айында «Мәс­са­ған» атты әзіл-сықақ жобасын жү­зеге асырдық Бұл - дағдарысқа қар­­сы шоу-бағдарлама. Рес­пуб­лика са­райында сатира саңлақ­та­ры­ның қа­тысуымен өткен әзіл-сы­қақ ке­шіне халық көп жиналды, ине шан­шыр орын болмады. Жо­баның теле­нұс­қасы да жоғары рей­тин­гке ие бол­ды. Шілде айының ая­ғында осы жо­баның жалғасы іс­пет­тес «Көк­те­бе - 2009» атты жаңа фес­тивальді ұйымдастырып жатыр­мыз. Сіз «Мәс­сағанды» көрдіңіз бе?
- Көрдім...
- Көрсеңіз, айтайын. Міне, осы төрт сағаттық жобаны біз праймға қой­дық. Ал көптеген қазақтілді бағ­дарламалардың офф-таймнан орын алуына оралсақ, өйткені ол бағ­дарламалардың сапасы өте төмен.
- Өткенде біздің басылымда «КТК» арнасындағы қазақтілді бағ­дарл­амалар жабылып жатыр» деген сы­ни мақала жарық көріп еді. Осы ту­расында не айтасыз?
- Телевизия әлемінде бағ­дар­ла­малардың жабылуы да, ашылуы да қа­лыпты құбылыс. Оның аста­ры­нан қандай бір кілтипан іздеудің қа­жеті жоқ. Өз көрерменін таба ал­ма­ған бағдарлама, әрине, жабыла­ды. Кейде уақыты жеткенде рей­тин­гі жоғары жобалардың өзі де өмір сүруін тоқтатады емес пе? Жал­пы, бізде қазақтілді екі, сондай-ақ, орыс­тілді алты бағдарлама жабыл­ды. Осыған қарамастан, «қазақтілді бағ­дарламалар жаппай жабылып жа­тыр екен» деп, дабыл қақты­ңыз­дар. Бұларды жапсақ та, жұртты ертең басқа да тартымды дүниелер­мен қуантамыз ба деген ойымыз бар.
- Келесі маусымнан қандай «базарлық» күтеміз?
- 1 қыркүйектен бастап, «КТК» бүкіл отбасы асыға күтетін ар­наға айналса деген жоспарымыз бар екенін айта кетейін. Бұл үшін нақ­ты жұмыстар іске асырылуда. Осы мақсатпен ақпараттық-сарап­та­малық бағдарламаны жаңа фор­мат­пен шығаруды қолға алмақпыз. Ен­ді «Алаң жұрт» бағдарламасы ай­тарлықтай өзгеріске ұшырайды. Те­леарна отбасылық сипат ала­тын­дықтан, жаңа бағдарламалар эфир­ге шығады. Көрермендерге «Ре­пор­тер» бағдарламасы арқылы жақсы та­ныс Гүлмира Әбіқай қарапайым адам­дардың тағдырын ашып көр­сететін дүниесін ұсынады. Мұнда жур­налистік зерттеу де, сараптама да бар. Басты ерекшелігі - кейіп­кер­лер қарапайым адамдар. Бағ­дар­ламаның атауын әзірге шартты түр­де «Кейіпкер» деп отырмыз. Сон­дай-ақ адам тағдырына қа­тысты «Жүрекжарды» атты жаңа жо­ба дайындалып жатыр. Мұнда та­нымал тұлғалардың өміріндегі ай­тулы сәттер баяндалады. Алғашқы ха­бар Меруерт Өтекешова мен Құ­ман Тастамбековке арналған.
Жалпы, тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемде телевизия көбіне же­ңіл-желпі дүниелермен әуес­те­нуге көшті. Көрерменнің қазіргі сұ­ранысы да осы. Мәселен, сәуір айын­да ресейлік арнадан Д.Пар­фе­нов­тың «Гогольдің құсы» («Птица Го­голя») атты тамаша деректі туын­ды­сы көрсетілді. Бұл жобаға ав­тордың аянбай тер төккені көрініп тұр. Дегенмен осы бағдарламаның рей­тингін көргенде сенеріңді де, сен­бесіңді де білмейсің. Ең төменгі орын­дардың бірінде.
- Бұл жерде Ресей көрермені мен Қазақстан көрерменін са­лыс­тыруға болмайтын шығар...
- Көрерменнің бір-бірінен еш айыр­машылығы жоқ. Мен арнаның бітім-болмысын әдейілеп же­ңіл­детіп жатқанымыз жоқ дегенді мең­зеп отырмын. Көрерменнің талғамы мен сұранысына қарай амалсыз әре­кетке баратын кездер де болады.
- Сонда сіздер сұраныс осылай бол­ды дегенді желеу етіп, көрер­мен­ді «батпақтан» шығарудың ор­нына, қайта сол «батпаққа» өз­де­рі­ңіз итеріп жатқан жоқсыздар ма?
- «Батпақ» деп нені меңзеп отыр­ғаныңызды түсінемін. Бізде кей­бір мәселелермен айналысатын бір­неше мемлекеттік телеарна бар емес пе? Олар сол үшін бюджеттен ақ­ша алып отыр ғой.
- Ау, сонда сіздің азаматтық по­зи­цияңыз қайда?
- Біздің азаматтық ұстаны­мы­мыз - жаңалықтарда. Мәселен, «КТК» арнасының жаңалықтарын өз­­ге басқалармен салыстырып кө­ріңіз. Сонда ғана менің пікі­рі­мнің орынды екендігіне көз жет­кізесіз. Шындап қаласам, сынды сіз­дерге қа­ратып айтуға да болады. «Айқын» мен «Тасжарған» газет­те­­­рін өзара салыстыра алмайсыз ғой.
Жалпы, телевизияға қара­ған­да, баспасөзге әлдеқайда жеңілдеу. Өйт­кені сіздерде отандық басы­лым­дардан өзге бәсекелес жоқ. Ал біз­ге Қазақстанды былай қой­ған­да, Ресейдің алпауыт арналары не­гізгі бәсекелестер. Халық соларды кө­руге ынтығады. Сондықтан, дәл қа­зір бізге ақпарат айдынындағы қа­уіпсіздікті қолға алып, отандық ар­налардың қарыштап дамуы үшін мем­лекет тарапынан қаржы бөлі­не­тін уақыт жеткен секілді.
Сіз жаңа «батпақтан» шыға­ру­ды айтып отырсыз. Бұл тек біздің ға­на міндетіміз емес. Қалың бұқа­ра­ның деңгейін жалпы қоғам бо­лып көтеруге тиіспіз. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» де­ген­дей, «КТК» жалғыз өзі «алысып» еш­теңе тындыра алмайды. «Елу жыл­да ел жаңа» деген. Кеше ғана Тә­уелсіздік алған елміз ғой, бір­тіндеп өз жолымызды тауып, «ең­бек­теген баладан еңкейген қартқа» де­йін тамашалайтын арна да өмірге ке­лер. Әзірше қолдан келгені осы бо­лып тұр.
- Бұл сұрақтың бұрынғы «КТК» бас­шы­ларына да қатысы бар сияқ­ты. Неге сіздер мемлекеттік мере­ке­лерге немқұрайлылық таныта­сыз­дар? Өйткені дәл мереке күндері «КТК -ны» қоссақ, өзге елдің арнасы сияқ­ты әсер қалдырып, көбіне Гол­ливуд фильмдерін ұсынумен ғана шект­еледі. Бұл үрдіс сіз келгенде өз­геретін шығар деп күткенбіз, бі­рақ әлі күнге дейін жалғасын тауып ке­леді...
- Мен бұл сыныңызды да қа­былдай алмаймын. Сіз мереке күн­дері мемлекеттік емес өзге де ар­наларды қосып көрдіңіз бе? Олар мем­лекеттік тілде татымды дүние­лер ұсынып жатыр ма екен? Бұ­рынғы басшылар үшін жауап бер­мей­мін. Бірақ егер байқасаңыз, біз биыл наурыз мерекесіне арнап «Мәс­саған» фестивалін көрермен­дер­ге ұсындық. Ал 1 мамыр күні өзі­міз түсірген «Бақыт есігін аш­қанда» атты жаңа сериал эфирге жол тартты. Мәселен, былтыр 16 жел­тоқсан күні «Көксерек» филь­мі­нің қазақ тіліндегі нұсқасы ха­лық назарына ұсынылды. Айта бер­се, мұндай мысалдар көп.
- Арман Төлегенұлы, тек «КТК» емес, жалпы бүкіл теле­ви­дение саласында тоқырау жүріп жат­қан сияқты әсер аламын. Сіз бұл ойым­мен келісесіз бе?
- Мұнымен келісуге де, ке­ліс­пеуге де болады.. Дегенмен дағ­да­рыстың салқыны тек экономика емес, барлық салаға, оның ішінде телевизияға да әсер ететіні анық. Мә­селен, бұрынғыдай ағылып жат­қан жарнама жоқ. Ақша жоқ бол­ған соң, татымды, тұщымды дүние де түсіре алмайсың. Әйтеуір қолда бар қаражатты ілдәмалап елдің кө­ңі­лінен шығатын жобалар жасасақ дей­міз. Сөзімнің айғағы ретінде биыл жарық көрген «Бақыт есігін аш­қанда» сериалын айтуға болады. Өзіміздің қазақ актерлері ойнады. Ауыл мен қала өмірін қатар қам­туға тырыстық. Күнделікті күйбең өмірде кездесіп жататын жайт­тарды әзіл-қалжың қосып, жеңіл жет­кізгіміз келді.
- Сіз «Алаң жұрт» атты ана­ли­тикалық бағдарламаның жабылып, жа­ңа форматта ұсынылатынын айт­тыңыз. Ал осы жобаның орыс тілін­дегі нұсқасы іспеттес «Портрет не­де­л­идің» тағдыры не болмақ? Оны да жабасыздар ма? Жалпы, мен «Пор­трет недели» бағдарламасын кө­ріп отырғанда, «Время» газетін оқып отырғандай әсер аламын. Сізге бұ­лай сезілмей ме?
- Мен мұндай әсер алмаймын. Ар­турдың (Артур Платонов, «Пор­трет недели» бағдарламасының жүр­гізушісі, әрі авторы) бұл дүниесі жал­пы халыққа керек деген пі­кір­демін. Шынымды айтсам, кейде Ар­турдың айтып отырғаны менің де өзіме ұнамайды. Бірақ мен әлеу­ме­ттің ұстанымын өзімдікінен жо­ғары қоямын. Халық жаппай кө­реді, өзіне керек ақпаратты алып отыр­ды. Бұдан артық не керек? Қа­зақ­стандағы рейтингі ең жоғары бағ­дарлама - «Портрет недели» деп то­лық сеніммен айта аламын. «Мос­ковский комсомолец» га­зе­тінің «все ругают, но все читают» де­ген ұраны бар еді. Дәл солай...

<!--pagebreak-->

- Онда «Наша казаша» жөнінде не айтар едіңіз? Бұл жобаны сынап-мі­неп жатқандар көп...
- «Наша Казашаға» арналған сын-ескертпелерді де естігенмін. Жо­баны дүниеге әкелер тұста-ақ, осын­дай сындар болатынын біл­генмін. Голливуд фильмдерінің бі­рі­нен «Нигером может называть толь­ко нигер» деген сөзді естіп едім. Қат­ты есімде қалыпты. Сол сияқты ша­ла қазақтардың көзін тек шала қа­зақтармен ғана шұқи аласың.
- Жарайды, бұл ойыңызбен ке­лесімін. Дегенмен өзгенің қаң­сы­ғына неге таңсық болдыңыздар?
- «Уды у ғана қайтара алады» де­ген түсінік бар емес пе? Қазір «На­ша Раша» «НТК» арнасында көр­сетіліп жатыр. Ал біз «Наша Ка­зашаны» өмірге әкелдік. Неге? Мен сізг­е түсіндіріп берейін. Жалпы, бұл жо­ба Ресейдің меншігі емес. Ке­зінде осы тектес дүние көптеген ел­дерде жарық көрген. Ал біз өз ұл­тымызға арналған өзімізге жақын дү­ние жасағымыз келді. Меніңше, біз өз кемшілігімізді күлкіге айнал­ды­руға ешқашан қорықпауға тиіс­піз. Өз «сырқатымызды» күлдіріп оты­рып жазғанға не жетсін? Бүгінгі кү­ні бұл жобаның рейтингі «Наша Ра­шадан» екі-үш есе жоғары. Яғни біз­дің көрермен өзінің болмысына жа­қын дүниені көргісі келеді.
Микрофонды қолыма алып, жүгіріп кеткім келеді
- Арман Төлегенұлы, сіздің не­гіз­гі мамандығыңыз - орыс тілі пә­нінің мұғалімі. Журналистикаға қа­лай тап болдыңыз? Бала күніңізден осы кәсіпті армандадыңыз ба?
- Мен Кеңес еліндегі әрбір екін­ші бала сияқты бала күнімде ұш­қыш болуды армандағанмын. Осы ар­ман жетелеп, мектеп бітірген соң, Киев­тегі әскери училищеге құжа­тым­ды тапсырдым. Осы оқу орда­сына бірден қабылдандым да. Не­бәрі он жеті жастағы бозбаламын. Екі­нің бірі ұшқыш бола алмайтыны анық. Таңертеңнен қара кешке дейін жаттығасың. Осының әсері болуы керек, бір күні жүрегім сыр берді. Сосын медициналық ко­мис­сияға шақырып алып, «Арман, сен учи­лищені бітірсең де, бәрібір ұша ал­майсың» - деді. Амалсыз, өмір ағы­сын өзгертуге тура келді. Қол­дан не келеді? Кезінде орыс тілі мен әде­биетін үздік оқыған едім. Ой­лана келе Свердловскідегі Орал уни­верситетіне түстім. Жалпы, мен бала күнімнен облыстық, респуб­ли­калық басылымдарға мақалалар жа­зып тұратынмын. Бір күні Көк­ше­таудағы облыстық радиоға бар­дым. Бастапқыда қызығушылық же­телеп барған еді. Кейіннен штат­қа алынып, сол жерде еңбек жолым бас­талды. Ол кезде Көкшетауда те­ле­визия әлі қанатын жая қой­ма­ған. Радиомен таныстығым осылай бас­талды. Кейде дүкенге барсам, ха­лық дауысымнан танып жата­тын. Ол да бір дәурен екен ғой. Ра­дио­ның арқасында елді мекендерді ара­лап, халықтың өмірімен кеңінен та­ныстым. Жалпы, журналистика қы­зығы мен шыжығы көп маман­дық қой. Осы күнге дейін микро­фон­ды қолыма алып, жүгіріп кет­кім келеді.
- «Генерал болуды арман­да­майтын солдат жоқ», осыдан 12 жыл бұ­рын «КТК» арнасында қарапайым жур­налист ретінде жұмыс істеп жүр­геніңізде, осы ұжымды басқар­сам деген ой туды ма?
- Ондай ой үш ұйықтасам тү­сіме кірді дейсіз бе? Рас, бала кезде мен де жоғары жетістікке жетсем деп қиялдадым. «Жаман сырын ай­тамын деп, шынын айтыпты» де­гендей, 19 жасымда Көкшетау ра­дио­сында жұмыс істеп жүргенімде «шір­кін-ай, елу жасқа толғанымда осы облыстық телерадио кешенін бас­қарсам» деп ойлаған едім. Бұл ар­маныма 29 жасымда жетіп, атал­ған ұжымды басқару құрметіне ие болдым.
- Басқару ісіне жастай ара­лас­қан екенсіз ғой... Журналистер ер­кін шығармашылықтың адамы. Оларды басқару екінің бірінің қо­лынан келе бермейтіні анық. Әріп­тестеріңізбен жұмыс істеуде қандай тәсілді пайдаланасыз?
- Өз-өзіме қалай баға бер­мекпін? Мұны ұжымнан сұрап кө­ру керек шығар? Жалпы, өзіңіз айт­қандай, расымен де шығар­ма­шылық адамдарын басқару оңай емес. Сондықтан кей кезде жұм­сақ­тық танытсам, кейде қатаң да бо­ламын. Әскерде жүргенімде бір рот­аның старшинасы болдым. Бас­қаруды сол тұста үйрендік ғой. За­ман жылжығанмен, басқару тәсілі әлі өзгерген жоқ. Әйтпесе, жұ­мыс­қа қалаған уақытында келіп, қа­лаған уақытында кететін талай сал­қам серілер бар ғой. Олардың да көңіліне қаяу түсірмей, дегенмен та­лабыңды орындатуға тура келеді. Жа­рықтық, Мұқағали ағамыз ер­кін адам болған ғой. Кезінде «Ара» журналында жұмыс істеп жүр­ге­нінде жұмысқа апталап келмейтін кө­рінеді. Бір жолы басшылар қатты ашуланып, «түсініктеме жаз» дейді. Сонда Мұқаң «жұмысқа келмеген се­бебім - келе алмадым» деп жазған кө­рінеді. Сол сияқты, осы кү­ні ме­нің қолымда біраз жұл­дыз­дар­дың тү­сініктемелері бар. Кейде оларға қал­жыңдап «кейін мемуар жаз­­ғанда, міндетті түрде сендердің тү­сі­нік­темелеріңді қосамын» деп ай­та­ты­ным бар. Жалпы, жұмыс іст­еу­дегі ең бірінші қағидам - қа­ра­м­ағым­да­ғы­лармен араздаспай, ынт­ымақ, бір­лікте болу.
- Сіз Көкшетау өңірінің ту­ма­сысыз ғой? Балалық шағыңыз қалай өр­біді?
- Мен Көкшетаудың Айыр­та­уында дүниеге келдім. Әкем марқұм менің жасым сегізге кел­генде қайтыс болды. Үйдің тұң­ғы­шымын, менен кейін екі қарын­да­сым бар.Осыдан екі жыл бұрын ана­мыздан да айырылып қалдық. Үй­дің бас көтерері өзім болған­дық­тан, еңбекке ерте араластым. Анам мен екі қарындасыма қамқор бо­луға тырыстым. Әкем атам мен әжем­нің жалғыз баласы еді. Ауыл­дағы кемпір мен шал да жетім ба­ла­ның күйін кешті. Мен ешқашан пио­нер лагеріне барып көрген емес­пін. Жазғытұры болсын, қыста бол­сын ауылдағы атам мен әжеме асы­ғатынмын. Біз аудан орталы­ғын­да тұратынбыз. Әжемнің қолы ауы­ратын. Ала жаздай екі сиырды өзім сауамын. Сосын қаймағынан айы­рып, айран ұйытамын. Жинал­ған қаймақты қолыммен былғап майға айналдырамын. Майды қа­рынға саламыз. Осылай тынымсыз ең­бектің арқасында бір жазда жеті қа­рын май жинағаным бар. Ара­сында үйдің қыстық отынын да­йын­даймын. Үлкен ағаштарды алып келіп, есік алдында қол ара­мен отынға айналдырамын. Менің ба­лалық шағым осылай өтті. Ең­бек­ке ерте араласқаннан еш зиян­дық көргенім жоқ, ерте ысылдым, ер­те ес жинадым. Бұл өмірде қол қу­сырып отыра беруге болмайт­ы­нын түсіндім.
Еңбек ете жүріп, тез ширадым. Ма­ған енді ешқандай спорт сек­ция­сының қажеті жоқ еді. Ал­тын­шы сынып оқып жүргенімде Көк­ше­тау қаласына көшіп келдік. Бо­йымдағы қара күш осы кезде көп кө­мегін тигізді. Кілең орыстардың арасына тап болдым. Ауылдан кел­ген қарадомалақты олар алғаш­қы­да қабылдамай жүрді. Кешке та­ман бір топ бала жиналып, сабап, ке­теді. Ертесіне аңдып жүріп, әр­қай­сының жеке-жеке «сыбағасын» беріп шығамын. Өйткені қорғай­тын ағам, жаныма демеу болар інім бол­ған жоқ. Он сегіз жыл бір бөл­мелі пәтерді паналадық. Сон­дық­тан осы күні мен ешқандай қиын­дықтан қорықпаймын десем бола­ды. «Бас аман болсын» деген қағи­даны ұстанатын адаммын.
- Отбасыңыз жайында айтып бер­сеңіз...
- Келіншегім - қаржыгер. Үш ұлым, бір қызым бар. Ұлымның үл­кені Дәурен Қытайда білім алып жа­тыр. Айтпақшы, осы Дәуренім оқу­ға түсердің алдында «Балам, егер оқуға түсіп кетсең, мен саған бір көлік әперемін» деп, уәде еткен бо­латынмын. Биыл қысқы дема­лыс­қа келгенінде балам «Әке, ма­ған көлік әпермей-ақ қой. Мен кө­лікті кейін өзім еңбек еткенде ала­мын» деді. Осыны естіп, ұлымның ес­тияр болғанын сезіп, ішім жылып қал­ды. Екінші ұлым Асқар, ерке­тайым Інжу, кішкентайым Әмір.
- Інжу деген есімді кім таң­дады?
- Өзім. Қазақ ырымшыл халық қой. Әжемнің есімі Інжу еді. Әжем сияқ­ты кеңпейіл, ерекше жан бол­сын деген ниетпен осы есімді таң­дадым. Әжем жарықтық расында да ешкімге ұқсамайтын, ауылға қо­нақжайлылығымен аты шыққан жан еді. Ол үйге қонақтар кел­генінде түнде олардың аяқ киімін та­залап қоятын. Таңертең қо­нақтар өздерінің аяқ киімдерін та­нымай, талай шатастырғаны бар.
Көпсінбеймін де, азсын­бай­мын да, осылай құлдырыңдап құ­лыншақтарым өсіп келеді. Қар­тайып отырған жоқпын, тағы да ба­ла сүйсем деген арманым бар. Жал­пы, азаматтың белгілі бір дә­режеге жетуі жан жарына бай­ланысты деп білемін. Менің «ар­қам» мықты. Ешқашан отбасымды ой­лап, жаным ауырған емес. Әйе­лім шаңырағымды ұршықтай үйіріп, балаларға бас-көз болып отыр. Сондықтан осы жетістіктерге әйе­лімнің арқасында жетіп келе жат­қанымды да ешқашан ұмыт­паймын.
- Тағы да айтарыңыз бар ма?
- Барлық әріптестерімді ме­ре­келерімен құттықтағым келеді. Қа­лам­дары ешқашан мұқалмай, қа­зақ журналистикасы қарыштап да­ми берсін!
- Әңгімеңізге рақмет!

 


Мақпал ҚАРАТАЙҚЫЗЫ

«Айқын» газеті 25 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434