ҚМДБ Әбдіғаппар Смановтың жаназасы туралы не дейді?
Қазақстанда коронавирус пандемиясының таралуына байланысты көпшілік жерлерге жиналуға тыйым салынған. Осы себепті белгілі дін қызметкері Әбдіғаппар Смановтың жаназасына жиналған көпшіліктің видеосы әлеуметтік желіде біраз талқы болды.
29 маусым күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы карантин кезіндегі діни рәсімдердің атқарылуы жөнінде ереже бекіткен. Оған сәйкес, жаназа намазына аз адам жиналуы қадағалануы тиіс.
Hola news сайтының мәліметінше, Смановтың жаназасына 800 адам жиналған көрінеді.
Ал, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов аталған жайтқа қатысты пікір білдіріп, жағдайды бақылауда ұстау мүмкін болмағанын айтыпты.
«Мұндай көпшілік жиналатын жерлерде азаматтардың өзіне деген жауапкершілі маңызды. Иә, біз ауданды жаба аламыз. Бірақ, қандай себеппен? Төтенше жағдай режимі енгізілмеді, біз кедергілерді алып тастауға мәжбүр болдық. Сондықтан бұл мәселені бақылау өте қиын», - деді ол.
Ал, күні кеше ҚМДБ жаназа намазына 30 адамнан артық жиналуға болмайтынын мәлімдеді. Біз аталған жайтқа қатысты ҚМДБ өкілдерінен пікір сұраған едік.
«Қазақ халқы торқалы той мен топырақты өлімде төбе көрсетуді өзінің міндеті санайды. Тойда тілек айту немесе кісі қайтқанда оған бір уыс топырақ салу – салтымызға сіңген ғұрыптың бірі.
Алайда адамның ғұмыры – Алланың аманаты. Оған адал болу – адамдық борыш. Немқұрайлы қарау – қауіп пен қатерге апарады. Сондықтан елдегі барша жамағатты осы бір қиын кезеңде барынша сақтануға, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға шақырамын.
Өздеріңіз тарихтан жақсы білетіндей, Абай Құнанбайұлы Семейге келген бір сапарында шаһарда жұқпалы індеттің тарап жатқаны жайында жайсыз хабар естиді. Бірінші кезекте, Абай халыққа жаназа рәсімдерін өткізуге қатысты бірқатар өзгеріс жасауды түсіндіру керегін ұқты. Міне, осы тұста ол өзі білетін Сармолла есімді молданы шақырып, оған халық жұқпалы аурудан сақтану үшін жаназа, хатым, астарды аз адаммен өткізуді жұртқа түсіндіру керегін жеткізеді. Сармолла: «Қаза болған адам үйіне, жаназаға халық аз жиналсын. Мәйіт шыққан үйге көп адам келмесін. Ол үйде ас ішу, халыққа тағам тарату, жетісін, қырқын жасау уақытша тоқталсын!» деген сөзін жеткізеді.
Бүгін елордада өткен брифингте Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осылай деді. Расында, бүгінгідей сын сағатта сезімге берілмей, адам көп жиналатын орынға бармаған абзал. Сұрап алған дерттің шипасы болмайды деуші еді... Құдай сақтасын. Алла елге амандық берсін. Жұма қабыл болсын!»,- деді ҚМДБ өкілдері.