Жұма, 2 Қазан 2026
Саңлақ 223 0 пікір 2 Қазан, 2026 сағат 12:45

Қазақ боксы және төрешілік дағдарысы

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақ жанкүйерлерінің жүйкесін сынаған кезекті төрешілік дау орын алды. Қазақстан бокс федерациясы (ҚБФ) ұлттық құрама көшбасшыларының қатысуымен өткен екі бірдей жартылай финалдық жекпе-жек нәтижелеріне түбегейлі қарсы шығып, World Boxing халықаралық ұйымына ресми протест жолдады.

Бұл жолы әділетсіздік құрбаны болғандар – 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен әлем чемпионы Наталья Богданова мен 55 келідегі саңлағымыз Махмұд Сабырхан.

Рингтегі тартыс пен қағаздағы қателік

Наталья Богданова үндістандық тәжірибелі былғары қолғап шебері Ловлина Боргохайнмен айқасып, барлық үш раундта тең дәрежеде жұдырықтасса да, төрешілер жеңісті 3:2 есебімен қарсыласқа берді. Дәл осындай ұятты сценарий Махмұд Сабырхан мен филиппиндік Карло Паалам арасындағы кездесуде қайталанды.

Махмұдтың жекпе-жегінде шешуші сәттердің бірінде қарсыласы ереже бұзғаны үшін ринг төрешісі тарапынан ұпайы шегерілді. Алайда, есеп кестесіндегі қайшылықтар мен төрешілердің біржақты бағалауы қазақ боксшысының финалға шығуына кедергі келтіріп, қола жүлдемен шектелуге мәжбүр етті.

Федерацияның қатаң ұстанымы: Қазақстан бокс федерациясы бұл шешімдерді «ашық әділетсіздік» деп бағалап, халықаралық конфедерация мен World Boxing ұйымына ресми шағым түсірді. Федерация өкілдері спортшыларымыздың рингте басым түскенін және бәсеке тағдырын әділ емес бағалау шешкенін қатаң мәлімдеді.

Әлемдік бокстағы жүйелік түйткілдер

Әуесқой бокстағы төрешілік мәселесі – жылдар бойы ушығып келе жаткан ауыр дерт. халықаралық ұйымдар (АИБА/IBA мұрасынан жаңадан қалыптасып жатқан World Boxing жүйесіне көшу кезеңі) әділдік пен ашықтықты уәде еткенімен, әлі күнге дейін субъективті бағалау мен «кабинеттік шешімдер» спортшылардың көп жылдық еңбегін бір сәтте күлталқан етіп жатыр.

Екі дүркін әлем чемпионаттары мен халықаралық ареналарда мойындалған Махмұд Сабырхан мен Наталья Богданова сияқты саңлақ боксшылардың бұлайша сыртқа қағылуы – қазақ боксының беделіне қарсы бағытталған қадам емес, жалпы халықаралық бокс жүйесінің әлсіздігін көрсетеді. Регламент бойынша төрешілер шешімінің кейін қайтарылмайтыны белгілі болса да, ҚБФ-ның бұл қадамға саналы түрде баруы – болашақтағы осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін ашық демарш, үлкен наразылықтың көрінісі.

Азиада бәсекесінде қазақ боксшыларынан тек екі спортшы – Төрехан Сабырхан мен капитан Айбек Оралбай ғана финалға жолдама алды. Ал Бүгін Төрехан Сабырхан Азия чемпионы атанды.

Бұл көрсеткіш бұрынғы үстемдік пен алтын тұғырлардан көріну дәстүріне сызат түсіп жатқанын, халықаралық төрешілік институттарына деген сенімнің түпкілікті шайқалғанын аңғартады.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 437
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 682