Ардақ Нұрғазыұлы. Жұмекен Нәжімеденов – уақыттың тұңғиық тереңіндегі көл
Әр халық өз рухына мәңгілік мекен іздейді. Дегенмен, басталуы ғана бар сапар үшін, ғасырлар қойнында жоғалып кетпеудің бірден-бір талғамы сәт сайын кідіріп соңына қайырылу, көштің көз ұшына ұзап кеткеніне қарамастан сары жұртқа-ата жұртына қарайлап қарау, содан көз жазып қалмау, басталған бұл сапардың шегі түптің-түбінде сол ата жұртқа қайтып оралу екеніне шын сену.
Батыстықтардың ғасырлар қойнында адасып қалғанына қарамастан, Греция мәдениетін, онда да Гомердің «Илиада» мен «Одиссеясын» өз мәдениеттерінің түп қазығы, мәйегі деуге құштар келетінінің де себебі осында. «Жыр құдайы Муза ғашық болып, сол ғашықтық көзінің болатын алып, оның орнына ғасырлардан ғасырларға талмай жететін үн берген», - деп аңызға айналып кеткен соқыр жырау, осыдан 28 ғасыр бұрын «төгілген жапырақтарға ұқсап ғасырлар» деп 27 мың 803 тармақ келетін жырды біздің жырау бабаларымыз сияқты, күнді-түнге жалғап жырлаған деседі. Батыстықтар бүгінде осы үнді бар ынтасымен естігісі келеді. Олар өз бойларынан осы үннің жаңғырығын елестеткісі бар.
Әр халық өз рухына мәңгілік мекен іздейді. Дегенмен, басталуы ғана бар сапар үшін, ғасырлар қойнында жоғалып кетпеудің бірден-бір талғамы сәт сайын кідіріп соңына қайырылу, көштің көз ұшына ұзап кеткеніне қарамастан сары жұртқа-ата жұртына қарайлап қарау, содан көз жазып қалмау, басталған бұл сапардың шегі түптің-түбінде сол ата жұртқа қайтып оралу екеніне шын сену.
Батыстықтардың ғасырлар қойнында адасып қалғанына қарамастан, Греция мәдениетін, онда да Гомердің «Илиада» мен «Одиссеясын» өз мәдениеттерінің түп қазығы, мәйегі деуге құштар келетінінің де себебі осында. «Жыр құдайы Муза ғашық болып, сол ғашықтық көзінің болатын алып, оның орнына ғасырлардан ғасырларға талмай жететін үн берген», - деп аңызға айналып кеткен соқыр жырау, осыдан 28 ғасыр бұрын «төгілген жапырақтарға ұқсап ғасырлар» деп 27 мың 803 тармақ келетін жырды біздің жырау бабаларымыз сияқты, күнді-түнге жалғап жырлаған деседі. Батыстықтар бүгінде осы үнді бар ынтасымен естігісі келеді. Олар өз бойларынан осы үннің жаңғырығын елестеткісі бар.
Поэзия деген уақыттың ізін сезіну, сезінгенде де «шабыттай жеңіл, табыттай ауыр» сезіну. Бұл тіпті де оңай шаруа емес. Өткен ғасырда батыстықтардың Нобель сыйлығын едел-жедел екі рет Греция ақындарына беруінде де осындай тереңге тартқан сыр жатыр. Кешегі грециялықтар мен бүгінгі батыстықтар үшін уақыттың өзі Гомер. Гомер - ғасырлардың тағанында жатқан алып көл. Одан тарап жатқан миф, аңыз, ертегілер - көлдің жағаға шапқан асау толқыны. Уақыттың тұңғиық тереңіндегі сол көлді мәңгі сөнбейтін шырақтың жайнатып-жарқыратып тұрғаны анық. Бұл тұжырымға бүгінгі батыстықтар таласпай-ақ келіседі. Ол - адамгершілік рух, уақыттың уысында тұрғанына қарамастан қасиетті нұры бүгінгі дәуірге де талмай жетіп тұрған алау...
Ғасырлардың қойнында жүндей түтілсе де бүгінге жеткен қазақтар үшін, әсіресе Ж.Нәжімеденов үшін уақыт деген-топырақ. Ақынның өз сөзімен айтқанда уақыт деген - «Менің топырағым». Оның да тереңінде мифтер мен аңыздар, ертегілер сақталған. Онда да біздің қайта оралуымызды күтіп, тамырымыздың тереңге тартуын тосып, тұнып көл жатыр. Ж.Нәжімеденов үшін ол көлдің тереңінде өз халқының көкірегінде мәңгілікке қалған топырақтың рухы-дала тағылымы жатыр.
Соңғы екі ғасырда қазақтар уақыттың созылып, орнынан жылжымастай баяулап қалғанын жан-тәнімен сезді. Ж.Нәжімеденов жасаған дәуірде минут, секунд сайын жаңалықтар ашылып, адамзат ғарышқа қадам тастап жатқанына қарамастан, уақыт тіпті тоқтап қалғандай еді. Қазақтар үшін тіптен солай болатын. Уақыттың мұндай екі жақтылы сипат алып иілуін ΧΧ ғасырда Т.С.Элиот (1888-1965), Октавя Пас (1914-1998), Ж.Нәжімеденов (1935-1983) сияқты ұлы ақындардың бәрі дерлік сезінді. Олар өздерінің жырларымен, үнімен уақттың созылып барып тоқтап қалғандай болуын немесе қарапайым айтқанда уақыттың «өлуін» аңғартты. Олардың бәрі де байырғы грециялықтардың «ұшқан жебе қозғалмайды» деген сөзінің тереңіне шөкті. Олардың жазу стилінде, өлеңдерінің формалық қалыптасуының өзінде уақыттың осы иілген қасиетінің қайшылықтағы бірлігі сақталды. Олардың жырында дәуірдің айқын ен-таңбасы бар. Олардың жыры өздеріне дейінгі әдебиетте қалыптасқан үлгілерге де, «измдерге» де, стильдерге де мүлде ұқсамайтыны да содан. Бұл тұрғыдан алғанда олардың қай-қайсысы да өзге қаламдастарына қарағанда өз дәуіріне ең жақын барған, өз дәуірін шынайы мәнінен дәл тани алған ақындар. Содан да олар тың стиль жаратушылар.
Ж.Нәжімеденов - артық кемі жоқ, томаға тұйық өмірдегі, бір қалыптан шыққан, өлшемге түсірілген қоғамдағы жағрапия, тарих (аты тарих, заты саяси догма) оқулығын түзуші өзінің «Топырақ» өлеңіне қыстырма етіп, «ескі иланым еді» деп шағын кіріспе берген. Осы кіріспеде ақын адам өмірге шыр етіп келген сәтінде, сол адамның өмірден озғанда жататын жері белгі беріп қалады дейді. Осындағы «шыр етіп өмірге келу» мен жердің «бұрқ етіп көтерілуінде» екі түрлі уақыт кезеңі өмір сүріп тұр. Алдыңғысында әлде бір сапардың басталуы бар. Дегенмен одан сен адам өмірін ұзақ сапарға шыққан көш ретінде сезінесің, көш болған соң оның басталуы да, аяқталуы да болады, ендеше ол бір сапар. Онда уақтты да меңгеруге болады. Міне, бұл уақытқа қатысты бірінші түрлі түсінік. Уақыт туралы екінші түсінік - «жер бұрқ етіп көтеріледі» деген сөзден туындайды. Жер бұрқ еткенде жоғарыдағы уақыттың жаңа қыры жарқ етіп көрінеді. Бұл адам үшін меңгеруге, ауыздықтауға болмайтын мүлдем жат дүние, жаңа уақыт, әуелгі жалғастық емес, қайта уақыттың кідіруі. Адам баласы ойлап жете бермейтін жоғарыдағы болмыстан басқаша болмыстың белең беруі. Немесе өтпелі өмірдің, «мың күн сынбайтын өмірдің бір күн сынған» әлгі екінші беті.
Бұлар уақыттың уысындағы екі түрлі болмыс, уақыттың бірін-бірі қаптаған екі түрлі келбеті. Қарапайым адамның танымында уақыттың мұндай қиысуынан қашанда «бұйырмыс», «жазмыш» деген түсініктер, ақын сөзімен айтқанда ұғымдар пайда болады. Адам баласы ескермегендей көрінгенімен, жеңіл ғана айта салатын осы сөздің түбінде қорғасындай ауырлық жатады. Ғасырлар бойында жан иесінің қыр соңынан қалмай келе жатқан оны Ж.Нәжімеденовтың «кәрі ұғым» дейтіні де содан. Осы тұстан Ж.Нәжімеденовтың пайымы жаңа биігіне көтеріледі. Ол уақыттың уысынан шығып кететін жаңа бір мүмкіндіктің бетін былай ашқан.
«Бұйырмыс» та, «жазмыш» та -кәрі ұғым,
Қалай ата-бәрібір ғой, бәрібір.
Қай жерде адам, ырыс таптың, құт құрап,
Қай жерде, адам, маңдайыңа бітті бақ,
Қай жердің де өз тағдыры бар шығар,
Топырағыңа біткен тағдыр- мықтырақ. . .
«Топырақ»
Өлеңдегі «Топырағыңа біткен тағдыр-мықтырақ.» деген осы жол Ж.Нәжімеденовтың «Тамыр мен жапырақ» деп келетін ой желісінің арқауы сияқты. Бұл ақынның табиғатындағы ғасырлар бойында үзілмей келе жатқан ұлттық дүние танымның өзгелердің өртеп, қиратып, дала төсіндегі балбалдардан барын салып өшіргеніне қарамастан «Топырақ» деген осы сөзге сіңе отырып бойға тараған ұлттық рухтың тепсіп шығуы. Бүгінде Еуразия кеңестігі деп аталған, біздің ата-бабаларымыз бірнеше мың жылдан бері жасап келе жатқан айдынды осы өлкенің бізге, біздің тәніміз бен жанымызға сыйлаған сыйы сол-тек өзімізге ғана тән болмыс, уақыт, өмір, өлім, ерлік, елдік, бауырмалдық турасындағы ешкімге ұқсай бермейтін өзгеше дүние таным.
Біздің үйдің алдында тұрды жалғыз қара ағаш,
Бір көктемде көктемей қалды әлгі ағаш жалаңаш.
Отаушылар қаланың көктемейтін ағашын
өтіп жүр-ау байқамай мына ағашты, шамасы?
Жапырақ жоқ басында
Көлеңке де жоқ онда.
Жалғыз өзі алып тұр бір үй салар алаңды,
Не пайда, деп сөйледім, осы ағаштың адамға.
-Інім,-деді бір аға ақ мұртының астынан,-
Рас, бұның бұтағы баяғыда-ақ қаңсыған.
Айналаның бәрінен пайда іздеуге тырыспа,
Шығыны жоқ,
Ағашты өз тамыры тұр ұстап.
Қарағаштың тасқа өскен қартайғанын сын ғып-ақ
Қартаюға бола ма?!
Қайың, талдың сыбдырлап
Көгергені, көкешім, осы шалдың арқасы!
Шыбықтарды қорғаған сол қартыңның қаңқасы,
Сыйлаған жөн қарттарды,
Жас шыбықтар көп төмен
Мынау қара топырақтың қабағынан көктеген,
Қарағаштың осынау балағынан көктеген.
Иілмейді сондықтан жел-дауылға әлек боп,
Сескенеді сезімсіз балталыдан ғана еппен.
Құлайды ғой өзі де-сән бұзады шал қанша,
Тұрғаны да тұқымы тамыр тартып алғанша.
Құлай қалса қазір бұл дауыл ұрып шын ұлып,
Анау ағаштардың да көбі кетер жығылып.
Құласа егер мықтылар -
Құлайды ғой дұрыстап,
Ал, әзірше мұны да мықтылығы тұр ұстап! . . .
«Менің топырағым»
Бұған дейін әлемде аз кездесетін рухани байлық - қазақтың 5000-нан артық домбыра күйлерінен тұратын мол рухани қазынаға аса ден қойған Ж. Нәжімеденовтың бұлай жазуы тіпті де тегін емес. Сонау шумерлерден, қассақтардан қазақтарға дейін «Қасиетті ағаш» туралы миф өмір сүріп келеді. Шумерлердің сына жазуында осы «Өмір ағашы» денесінен бұтақтар көктеп шығатын әйелқұдай бейнесінде сүреттеледі. Ал қассақтар сол «Өмір ағашына» табынған. Таулы Алтайда, Пазырық бесінші қорғанынан табылған ежелгі бұйымдардың қатарында матаға түсірілген, ұзын киім киген құдай әйелдің отырған бейнесі кезігеді. Оның тізесінен жапырағы қаулаған «Өмір ағашы» өсіп тұр. («Шумерлер, Скифтер, Қазақтар» Асан Бахти). Көк түркілер болса осынау наным-сенімді өз тіршіліктеріне, сайын дала төсіндегі болмыстарымен бірлестіре отырып, уақыттың екі жақтылы сипатын терең түсіне отырып оны өздеріне тән өмір философиясы етіп тұлғалағанда, былай бейнелеген:
Биікте көк тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуінің арасынан адам
Баласы жаралған.
Адам баласы үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемін қаған отырған.
Отырып, түркі халқының ел-жұртын
Қалыптастырған, иелік еткен. . .
«Күлтегін ескерткіші»
Күлтегін жазуындағы осынау жолдар тіршілікті басталуы мен аяқталуы болатын сапар деп қана қарамайды, онда аққан уақыттың жасырын қыры да бар деп біледі. Тіршілік дегенің өзі уақттың жалғастығы, уақт деген өзен немесе мәңгілік жөніндегі бұлжымас сенім, атадан балаға, бабалардан кейінгі ұрпақтарға жалғасып жататын рухани болмыс, жан дүниенің үзілмес үндестігі деп түсінген Көктүркілер.
Аспан мен жер жаралғанда, екеуінің ортасынан тіршілік жаралған. Тіршілік дегенің тамырдан жапыраққа дейінгі бір сапар. Оның бойында көктегі күн тәңірінен нәр алған, топырақтың тереңінде жатқан Бабалар рухының қаулаған күші сақталған. Қазақтың аңыз ертегілерінде жапан түзде өскен жалғыз ағаштардың, алып бәйтеректердің көптеп кездесетіні де, қазақтың далада өскен жалғыз ағашты, мола басында өскен ағаштарды қасиетті санап, оған шүпірек байлайтыны да әне содан. Тіпті қазақтың қыпшақ тайпасының пайда болуы туралы аңыз да сол ағашқа қатысты болып келеді. Өткен ғасырларда жасаған Бекет батыр турасындағы қисада «Әкесі оның ағаш - еменді балтамен шаппа -деп айтты» деген жолдар кездеседі.
Ғасырлар шүңетінен бері келген қазақтың дүние танымындағы тіршілік, өмір турасындағы бұндай түсінік бізге, біздің жан дүниемізге екі кезбені-біріне бірі ұқсамайтын, алайда бірін-бірі толықтап, кемелдендіре келіп қазаққа тән жан дүниенің негізін қалаған екі кезбені - Қорқыт пен Асанқайғыны сыйлаған.
Жұрттан асқан ақылды, алдағыны болжағыш Қорқыт бір жерде тұрмай, үнемі дүние кезіп, тіршіліктегі жақсы-жаманды көріп, салмақтап, сынап, байыптап, біле жүреді. Біреу кәрі, біреу жас, біреу бақытты, біреу бақытсыз, біреу қыршын жас күйінде өледі, енді біреу қартайып өледі. Жас туылып өмірге келеді, кәрі өліп өмірге қош айтады. Неге бұлай? Қорқыт міне осы сұраққа жауап іздейді. Ол қанша ойланса да бұған жауап таппайды, тіпті өлім түсіне кіре береді. Бір күні түсінде Қорқыт желмаясына мініп, жапан түзде кезіп келе жатса алдынан көр қазып жатқан бір топ адам кездеседі. «Бұны кімге қазып жатырсыңдар?», -деп сұрайды Қорқыт олардан. Сонда көр қазып жатқандар «мұны Қорқыт әулиеге қазап жатырмыз», -деп жауап береді. Содан сескенген Қорқыт дүниенің екінші шетіне жан сауғалайды, әлгі көрден қашады. Бетпақ шөлді де, дәрия-көлді де, түгел кезеді, қайда жүрсе де, қайда барса да өзіне көр қазып жатқандарды кездестіреді. Содан ақыры Сырдарияның жағасына келіп тұрақ табады. «Елімнің қайғысына мыңда бір дауа осы болар» деп Сырдың суына кілемін төсеп, қобызын тартып отырып өмірден өтеді. Қазақта «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген қанатты сөз бар. Бұл «Өмір өтпелі» деген танымға басқаша түсінік береді. Өмір өтпелі, дегенмен ол ағып жатқан өзен сияқты ғана емес-ол болжаусыз, басталуы болғанымен қалай аяқталары белгісіз сапар. Тіршілік уақыттың уысындағы желде жалт-жалт еткен шыраққа ұқсайды. Оның кенеттен жалп етіп өшіп қалуының өзі әлгі сапардың жалғаса беруінен, өмір өзеннің арнасынан тасып кетпеуінен әлде қайда мүмкіндірек. Дегенмен біздің ата-бабаларымыз өмірдің мұндай «өтпелілігін» «адам өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» деген бір ауыз сөзге жыққан. Әне содан да өзіне ғана емес, ұрпағына, еліне мәңгілік мекен - «жер ұйық» іздеген Асанқайғының кеше мен бүгінгі қазақ даласында, сонау Алтайдан Атырауға дейінгі жерде табаны тимеген, аталы сөзі қалмаған жер жоқ.
Қорқыт пен Асанқайғы біздің санамызды кезіп жүр және мәңгілік кезе береді де. Біз өмір мен өлімнің қатынасын, тіршіліктің мәнін соның таразсымен өлшейміз, соның талғамы мен өмір сүреміз, қатгез болмыспен бетпе-бет келсек те, қамшының сабындай ғана өмірдің мәнін сезсек те, оған қабақ шытпастан қасқайып қарсы тұра аламыз. Біздер әне осылайша «біз қайдан келеміз, қайда барамыз? Біз кімбіз?» деген сұрақтың шешуін тапқанбыз. Ж.Нәжімеденов та бұдан қағыс қалмаған.
Біз де «қашып» жүрміз әзір көп көрден,
Көп жайлардан басымыздан өткерген;
Дәрігердің қолтығында-ақ дірілдеп,
Жеткен шақта бір індет
Түйемізден біз-дағы
Бір түсерміз түбінде.
Осыны ойлап-тағы да ой көп, көп түрлі-
Отыр едім;
Көрші жеңгей кеп кірді,
Ас үй жаққа қарап бірер жөткірді,
Сонан соң: «оттық керек еді»деп күлді.
Сергіп қалдым жеңілейе күрсініп,
Жеңешеме шырпы керек бір сынық!
Неткен ғажап, тұрмыс, сенің мұқтажың,
Неткен рахат сенің қамың, тіршілік.
«Қорқыт баба»
Міне бұлар менің Ж.Нәжімеденов поэзиясына - теңіздің өзі емес, тамшысына үңілгенде көргендерім. Одан қасиетті туған жердің күнге қақталған топырағының дәмі сезіледі. Оның түбінде ұлттық поэзиямыздың сарқылмас қайнар-көзі жарқырап, жайнап жатыр.
«Абай-ақпарат»