Сенбі, 23 Қараша 2024
2571 5 пікір 9 Шілде, 2020 сағат 11:55

Халықты үрейге емес, үмітіне қанат бітіруге шақырамыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың телеарна арқылы халыққа жолдаған Үндеуін тыңдадым. Жұқпалы індет салдарынан жақынынан айырылған жұртымыз үшін, дертке дауа таппай елең-алаң күй кешкен еліміз үшін бұл көңілге медеу, жанға жігер, үмітке қанат бітірген Үндеу болды.

Дәл қазір дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы байқалады. «Ашынғаннан шығар ащы дауысым» дегендей, бұл мәселені халық әлеуметтік желіде жиі көтерді, ащы дауысын жеткізді. Осы ретте  Президент өз сөзінде: «Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де толығымен қамтамасыз етіледі» деп атап өтті. Расында, бұл – бүгінгі күннің маңызды мәселесі. Аталған жағдай дер кезінде оң шешімін тапса, біздің алғыстан басқа айтарымыз қалмас еді...

Бүгін еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы да жамағатқа жолдаған Үндеуінде осы мәселеге айрықша тоқталған еді. Бас мүфтидің: «Асыл дінімізде қажет уақытта қажет көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жатады. Сындарлы сәтте науқас жандарға қажетті дәрі-дәрмекті жеткізіп, алғысын алайық. Дәрі-дәрмектің бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермей,  жақсылық жасауға асығайық» деген сөзінің жаны бар.

Ал Мемлекет басшысы дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларға тиісті жаза берілетінін жеткізді. Солар сынақ сәтінде адамнан ақша емес, алғыс алудың қаншалықты сауапты іс екенін білсе, түсінсе екен дейсің.

Қ.Тоқаев күрделі жағдай кезінде ел арасында көптеген жалған әңгімелер тарап жатқанын, сонымен қатар сол теріс ақпарат таратып жүрген арам пиғылды адамдардың әрекеттерін сынға алды. Расында да теріс ақпарат тарату заң мен шариғатты былай қойғанда адамгершілікке жат әрекет қой.

Алла Тағала Құранда: «Әй мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» дейді («Хужурат» сүресі, 6-аят).

Осы ретте халықты үрейге емес, үмітіне қанат бітіруге, қайғыға емес, қуанышқа бөлеуге шақырамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Осы сынақты сабырмен еңсеріп, жақсы күнде жолығуды жазғай. Әмин!

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458