Декреттегі еркек
(Әңгіме)
Ауылдағы ағайынымыз істі болып қалыпты. Соның шаруасымен Астанадан әділет іздеп келе жатқан әкемнің хабары өзінен үш күн бұрын жеткен. Вокзалдан күтіп алдым. Әкем жалғыз емес, жанында інісі Ертай аға бар. Жаңа ғимараттың іші бұлың-бұлың. Бір көтеріліп, бір түсіп, үшеуміз қосақталып ұзақ жүрдік. Жан-жағыңның бәрі әйнек, аяғыңның асты да айнадай жалтырайды. Әкемнің аяғы шатқаяқтай берген соң қолтығынан демеп алдым. Әупірім дегенде жылжымалы есікке жеттік-ау. Сапырылысқан жұртпен бірге сыртқа ұмтылдық. Жаңбыр сабалап тұр екен.
- Ойпырмай, тоқ ішекке түсіп кеткендей болып, далаға әрең жеттік-ау!,- деп әкем даңғарадай ғимараттың ұзын-ұзын дәліздерінен әрең шыққанына наразылық білдірді.
- Әлемдік стандартпен салдық деген вокзалы осы ма?,- деп Ертай ағам да көңіл толмаған сыңай танытты.
- Дені сау, аяқ-қолы бүтін біз әрең жол тауып сыртқа шықтық, мүгедек бауырлар мен қарттардың жағдайы не болар екен мында,- деп әкем әлі бұрқылдап келеді.
Тұрақта көзі көгеріп тізіліп тұрған «экотаксидің» бірімен келісіп үйге тарттық. Артқы орындықтағы ағайынды екеуі жан-жақтарына қарап, «мынау – әлгі жаңа мешіті», «мынау – мұражай ғой», «ал мынау – Ақорда»,- деп бір-біріне таныстырып келеді.
- Өздеріңіз қаланы жақсы біледі екенсіздер ғой?,- деген менің таңғалысыма:
- Көк жәшік аман болсын! Бәрін содан көріп, біліп аламыз,- деп қояды. Есілдің үстіндегі көпірге келгенде әкем:
- Е, жарықтық Есіл! Ғасырлар бойы Сарарқаның халқын асырап келе жатқан ұлы дәриямыз!,- деп бетін сыйпады.
Ағай да ырымын жасады. Мен қайталадым. Ұлы өзенге тәу еткендері болар. Көпірден оңға бұрылып, көп ұзамай үйге жеттік. Менің балаларым мен жарым алдарынан далаға шығып қарсы алып, беттерінен сүйгізіп арқа-жарқа болып жатыр. Еттің иісі подьезді алып, қонақ күтіп отырған пәтерге шақырады. Әкем төрге диванда қос жастықты құшақтай жайғасып, біз ауыл-аймақты түгендеп сұрап, жиендері еркелеп жатса да қабағында бір кірбің бар. Көңілі алаңдаулы. Сүт пісірім кезде тиегі ағытылды-ау!
- Ерғанаттың шаруасы тура мен келер кезге қарап қалып па?,-деп.
Астанаға жол алғанын алдын-ала айтса да әкесін күтпей шет ел асып кеткен ұлға өкпесі қара қазандай. Ауылда қырық жыл бала оқытқаннан маңдайына көлденең төрт сызық, езуіне терең екі сызық, көзінің айналасына жыпырлаған көп сызық түсіпті. Менің бала күнімде тарақтап ойнайтын қайратты қалың шашы сиреп, ақ бурылданған. Күнге тотыққан жүзіндегі әр таңба шам жарығымен тіпті анық көрінеді. Қалың қасы түйіліп, ортасын сіріңкенің шырпысындай тігінен қадалған сызықтар ажыратып тұр. Үлкен басында қос құлағы қарақшыдай қалқияды. Дастархан жасап жүріп сол суретті сағынышпен алыстан сипай қарап жүрмін.
- Көке, мемлекеттік қызмет деген солай. Аяқ астынан бір жаққа айдап жібереді, содан кеткенің ұшарыңды жел, қонарыңды сай біліп,- деп менің күйеуім қайнатасына ұлдың кеткен мәнісін ұқтырған болады.
- Аға, несін қамығасыз, ең негізгісі – қайда жүрсе де аман болсын. Өз шаруамызды өзіміз-ақ бітіреміз. Тек Жақсыбайдың баласын тапсақ болды, ол да бір жаққа сапарлап кетпей,- деп Ертай ағатайым сенімді отыр.
Ағасынан бір мүшел кіші, Маңдай мен жанарының маңайын өрмекші торындай әжім із салып, жазда тықырлап алғызғаннан енді ғана өсіп келе жатқан шашы ақ тікенге ұқсап отырғанымен жан-дүниесі әлі баладай. «Әй-күйеу!,- деп қойып Жолдасты сөзбен шымшылап, әзілдейді.
Ымырт үйіріліп, қас қарая әкемнен туылғандар біздің шаңыраққа жинала бастадық. «Жұмыстан жеткенім осы, көке!,- деп кіші қызы келді алдымен бала-шағасымен улап-шулап. Артынша үлкен әпкем де жетті, жездемізге қоса екі немересін алып. Кемпір-шалдың бауырында өскен еркетотай қыз, әкесінің қарындасы сияқты.
- Аға! Ұлдың шаңырағына бармай, қыздың үйіне түскеніңізге жол болсын!,- деп әзілдей келді.
Бәріміздің ортамызда қарқарадай қасқайып отырса да, жалғыз ұлдың жоқтығы жанын жеп, келіннің де кешіккені қанын қайнатып жатса керек.
- Әкем келеді екен,- деген ұл көрмедім. Шешесі пойыздан тосып алады деуші еді мақтанып, Ертай екеуміздің неден жазықты болғанымызды қайдам,- деп қитыға тіл қатты.
Астау толы етті ортаға ала бергенде маңдайдағы жалғыз келін қос ұлын жетектеп табалдырықтан аттады..
- Папа, қош келдіңіз! Мақсат! Асхат! Аталарыңа барыңдар!,- деп аялы жанарынан нұры төгіліп, балаларын алдына сала қайнатасына жақындап қолын беріп, маңдайынан сүйгізді.
Немерелері екі жағынан келіп құшақтай алғанда ғана біздің қара шалдың қабағы ашылғандай болды. Екеуін ұзын қолдарымен орай бауырына қысып, мекіреніп төбелерінен сүйді. Қос тізесіне жайғасқан қос немеренің иісі іс сапарға кеткен жалғыз ұлдың орнын толтырғандай.
Ертесіне әкем мен ағамды алып Жақсыбайдың баласы Ермекті іздеп Әділет министрлігіне тарттық. Сонда қызмет істейді деп, істі болған ағайынына әділет іздеп келді ғой екеуі. Менің журналист болғаным мұндай жақсы болар ма. Әйтпесе, ауылдан келген екі шалмен қызметкерлерін былай қойып, есіктегі күзетшілері де сөйлеспегендей екен. Өздері тексеруден өтіп, телефондарын кішкентай жәшікке қалдырып кіріп жатыр. «Таң азаннан барайық та, ерте қолға түсіріп сөйлесейік, әйтпесе, шаруасы көбейіп қабылдамай қойып жүрер»,- деп келгеннен әкем құлағымның етін жеді. Соның ызыңымен министрлікке сағат сегіз жарымда келгенбіз. Сырттан кірген дәу есіктің алдында тұрмыз. Қызметкерлер өтіп жатыр. Күзетшілер бізге неғып жүрген сандалбайлар дегендей жаман көздерімен қарап қояды. Қабылдауға келгендерге қойған ба, үш-төрт орындық қойыпты. Үлкен кісілерді соған отырғыздым да өзім министр мен орынбасарларының, басқарма басшыларының қабылдау кестелерін қарап тұрдым.
Ермек Жақсыбаевты әкеме ауылдан осы министрліктің бір басқармасын басқарады деп жазып берген екен. Тәп-тәуір қызметі бар адамды оңай табамыз ғой дегенім бекер болды. Қабылдау кестесінен ондай аты-жөн көрмедім. Оң жақта тұрған күзетшіге барып сұрап едім, «ондай адамды танымаймын, сыртқа шығып «рұқсатнама бюросы»,- дегеннен сұрап көріңіз»,- деп жол сілтеді. Әкеме «анығын біліп келейін»,- дедім де сыртқа жөнелдім. «Бірден ол кісіні сұрамайын, журналистік куәлігімді көрсетіп, сол басқармаға барайын»,- дедім де басшының аты-жөнін жазып алдым. Рұқсатнама бюросындағы әйелге басқарма басшысына сұхбат алуға баратынымды айттым. Төлқұжатымды сұрады да, ештеңе демей рұқсат қағазын жазып берді көп жасағыр.
Әкеме:
- Көке, алдымен мен кіріп танысып, сіздерге мынандай рұқсат қағаз жаздырып шығуым керек болып тұр,- деп түсіндірдім де, тексеруден өтіп, телефонымды ұяшыққа қалдырып ішке ендім.
Іздеген басқармам үшінші қабатта болып шықты. Алдымен қабылдау бөлмесіне барып, хатшыдан өзіміз іздеп келген Ермек Жақсыбайұлын сұрадым. Менің аты белгілі бұқаралық ақпарат құралынан келгенімді білген соң қасы-көзі сүзілген әдемі қыз оң жауап берді:
- Ермек Жақсыбайұлы жарты жыл болды демалыста,- деді.
- Осындай ұзақ демалыс бола ма?,- деп таңданыс білдірдім.
- Иә, ол кісі,- деп қыбыжықтап барып,- декреттік демалыста...
- Өзі ме, әйелі ме?,- көзім бақырайып, қыздың аузына қарадым.
- Өзі...
- Қалай?,- дедім, тақымдап сұрағаным ұят болса да.
- Әйелінің орнында,- деп күмілжіп тіл қатты.
Ары қарай тағы бірнәрсе сұрағаным ыңғайсыз болар деп:
- Жеке телефонын беріңізші, ауылдан әкем іздеп келіп еді,- деп шынымды айттым.
- Кешіріңіз, бізге жеке телефон нөмерін беруге тыйым салынған,- деген жауап алған соң, қоштасып жөніме кеттім.
Баспалдақпен түсіп келе жатып әкеме не деп жеткізерімді білмей қиналып келемін. Жанына барғанда:
- Көке, ол кісі еңбек демалысында екен,-деп әрең мәлімдедім.
- Қап, осы үйден шыққаннан бір қырсық айналдырды, атаңа нәлет! Өзі де бір жолы ауыр байқұс екен,- деп істі болған ағайынға қапаланып маған еріп келеді.
Түскі аста жездем келіп қалды аңқылдап:
- Көке, сіздерге шаңырақ көрсетіп жіберейік,- деп.
- Ешқайда бармаймын, кетем!,- деп әкем бұлданды.
- Қойыңыз, «ұлыңыз келгенше кезек пе кезек баға тұрайық,- деп шештік осындағы бажалар. Үлкен қыздың күйеуі болған соң қайынатасына еркін сөйлейді.
- Арнап келген іс бітпеді, ертең ауылдағы ағайынға не бетімді айтам. Жақсыбайдың баласы демалыста, өз балам – шет елде екен десем, олар «немене, күллі өкімет қыдырып кетіп па?»,- деп сенбейді ғой,- деп мойып, ұнжырғасы түсіп қалыпты.
- Не бопты, күздің қарасуығында демалыс алып,- деп келе жатқан жездемді ымдап сыртқа шақырдым.
Балалардың бөлмесіне апарып алып, Ермектің декреттік демалысқа шыққанын айтып едім, алаңғасар жездем:
- Декреті несі? Қатын болып кеткен бе?,- деп дауыстап жіберді. Жеңінен жұлқып:
- Тыныш! Көкем естісе, қан қысымы көтеріледі, түсінбей, мен Ермектің телефонын таба алмай жатырмын. Ең болмаса, сөйлесіп, кеңес алып берейін десем,- дедім, сасқан үйрек артымен жүзеді дегеннің керін жасап.
- Қазір Жоғарғы сотта істейтін Дәулеттен алып берем, бір болса сода болады,- деді де ұлдың төсегіне отыра қалып телефонын шұқылай бастады.
Мен қонақтарымның жайын білмекке төргі бөлмеге жүгірдім. Ағалы-інілі екеуі бәрінен үміттерін үзіп, бір-бір жастық алып диванға жайғасыпты. Жатыстарын көрдім де, демалсын деп есікті ақырын жауып, шығып кеттім. Жездеме қайта келсем, даудырлап біреумен сөйлесіп жатты. Енді асханаға тарттым. Көп өтпей жездем тасыраңдап асханаға жетіп келіп:
- Балдыз, таптым, міне!,- деп қуанып телефонын ұсынды.
Ватсаппен келген Ермек Жақсыбайұлының телефонын өзіме жолдай салып:
- Қазір түскі ас кезі ғой, енді бір жарты сағаттан соң хабарласайын дедім де үйіліп қалған ыдыстарды жуумен айналысып кеттім. «Не деп айтам, қайтіп бастаймын, келіңдер десе барамыз ба?»,- деген ойлармен араластырып жүріп, түскі астан шыққан тау ыдысты жуып, орындарына қойып үлгердім.
Ермек Жақсыбайұлы ағам тұтқаны өзі көтерді. Әкемнің атын айтып едім, бәлендей ынта танытпады. «Ақтамнан, көршілеріңіз. Осындағы Мақсұт Манарбековтың әкесі,- дегенімде барып, ағамды танып:
- Манадан Мақаңның әкесі демейсің бе!,- деп даусы өзгеріп, анықтау шықты,- Мақаң өзі неге хабарласпайды?,- деді.
- Шетелде іс сапарда жүр еді. Үлкен кісілер аяқ астынан келіп қалды. Оның үстіне сізге арнайы жолығамыз деп келіпті,- деп жеделдете жеткіздім.
- Мен қазір жұмыста емеспін ғой,- деді даусы бәсеңдеп.
- Білеміз, түске дейін қызмет орныңызға бардық. Ең болмаса, телефонмен әкеме кеңес бересіз бе?,- деп мен өз бұйымтайымды жанталаса жеткіздім.
- Ол не шаруа екен?,- деп сәл ойланып барып, - Әкесіне телефонмен кеңес бергенімді Мақаң естісе ұят болар. Мен барып амандасып келейін одан да,- деді.
- Уақытыңыз болса, жақсы болар еді,- деп қуанып қалдым.
- Мекен-жайыңды жазып жібер, бір сағаттың көлемінде барып қаламын,- деді.
Ол кісі келгенше әкем жата тұрсын деп оятпадым, есік қоңырауынан өзі тұрып, қол жуатын жаққа шықты. Мен қонақты қарсы алдым. Жіңішке қара мұрт пен иегінің астына жұқалап сақал қойған, ұзын бойлы, сызданып қалған кісі маған:
- Сәлеметсіз бе?,- деп ресмилеу амандасты. Балалар бөлмесінен шыққан жездем:
- О, Ермекжан келді!,- деп даудырлап қолын алып, төрге бастады.
Әкем мен бауырым, жездем мына заңгердің келгеніне сонша қуанып, естері шықты. «Сұрағаның алдыңнан іздемей-ақ табылар дегендей»,- болды десіп қояды. Оның ағамның атын естіп, соның даңқының буымен келіп отырғанын қайдан білсін. Сызданған түрін ішімнен жақтырмай, шәй құйып отырып сөздеріне құлақ салудамын. Өзара ел-жұрттың амандығын сұрасып, үй ішінің хал-жағдайын білісті. Әкем:
- Ермекжан, демалыста болсаң да ұзамапсың, әкеңнің көзін көрген ағаларыңның алдына келгеніңе рахмет, балам!,- деп ризашылық білдірді.
- Аға, мен жарты жылдан бері декреттік демалыстамын,- деді заңгер ойына ештеңе алмай.
- Декреті несі? Әйелдерге бермеуші ма еді ондай демалысты,- деп әкем шошып кетті. Даусы жарықшақтанып жаман естілді. Жанары алайып мысық мұртқа жаман қарады. Жездем мырс етті. Бауырым өзі бақырайған көзі одан әрі алақандай болып, заңгердің жіпсиген жанарына қадалып қалыпты. Ол болса, қадалған жанарлардан ығатын емес, маңдай шашын бір сыйпап қойып:
- Аға, келініңіз «Қазмұнайгазда» істейді. Қазір Ұлттық компаниялардың қызметкерлерінің айлығы жақсы. Бөлімдегілерінің өзі біздің министрден жоғары алады. Келініңіз болса, менен үш есе артық еңбекақы алады. Екінші ұлды босанған соң көп ұзамай жұмысқа қайта шықты. Менің тиын-тебенімді менсінбей, балаңмен өзің отыр, декретті саған жасайық деді,- деп ырсаң-ырсаң етеді.
Маңайындағылардың бірі таңырқап, екіншісі жақтырмай, үшіншісі мысқылдап қарағанымен жұмысы жоқ. Бар жағдайын толық мәлімдеді. Алдындағы майлықпен жіпсіген маңдайын сүртіп алаңсыз отыр. Әкем үлкен үмітпен, ауылдағы ағайынына әділет іздеп келіп отырған Ермек Жақсыбайұлының бала бағып, декретке шығып үйінде отырғанынан жан-дүниесі шошып:
- Сонда енді жұмысқа шықпайсың ба?,- деді. Ертай ағамда үн жоқ, есі шығып кеткендей.
- Жарты жылдан бері отырмын, енді көктемге қарай жұмысқа шығам,- деді заңгер.
- Біз сенен әділет іздеп келіп едік. Ауылдағылардың бәрі Жақсыбайдың баласы Әділет министрлігінде дәу бастық, бір білсе – сол біледі,- деп жіберіп еді,- деп салы суға кетті.
- Аға, сіздің балаңыз біздің төбемізден қарап отыр емес пе?! Қандай мәселені де бір қоңыраумен-ақ шешеді,- дейді заңгер тағы ырс-ырс күліп.
- Мақсұттың ондай құдреті бар ма?,- деп Ертай ағама тіл бітті.
- Болғанда қандай! Мақсұт Манарбекұлының бір ауыз сөзі – бір адамның тағдырын шешеді. Сіздер әлі балаларыңызға шаруаларыңызды айтпағансыздар ма?,- деп енді менің екі әкемді кіналай бастады.
- Шырағым, сенің істейтін жерің – Әділет министрлігі деп аталатын болған соң, әділет іздеп келдік емес пе,- деді әкем дауысын нығызай сөйлеп.
- Аға, сол Әділет министрлігінің де үстінен қарап отыратындар болады. Сіздің ұл дәл сол бөлімді басқарады жоғарыдан,- деп әкеме үйретіп тастады.
- Ауылдағы ағайындар бізді саған жіберді, ең болмаса қандай жұмыспен келгенімізді білсең етті,- деп кейіді Ертай ағам.
Мен өздері оңаша түсініссін деп тездете дастарқанымды жинап залдан шығып кеттім. Ертай ағам ауылдан әкелген қағаздарын үстел үстіне жайып салып түсіндіре бастады. Жездем де өзінің осы отырыста артық екенін сезді де, «балдыз, кешке үлкен кісілерді алып бізге келіңдер»,- деп тапсырма беріп жұмысына зытты.
Заңгер көкеміз үлкен кісілерге көп кеңес бере қоймады, сүт пісірім уақытта ағаларымен қоштасып жөніне кетті. Мен әкемнен шаруаңыз бітті ме деп сұрауға батпадым.
Кеште үлкен әпкемнің үйіндегі басқосуда әкем:
- О, тоба! Үлкендер ата тұрып ұл сөйлегеннен без деуші еді, әйел тұрып еркек бала бағып, декретке шыққанды да көрдік. Қатынының етегіне оралып, табысын мақтаныш етіп отырған ақымақтан кеңес сұрап келіп, іс бітіреді деп отырған біз де ақымақпыз ғой. Жаман әдет жұққыш келеді деуші еді, енді ер-азаматтарымызды қатындары асырап, өздері декретке шығып кетпесе болар еді шетінен,- дегенінен үміті үзілгенін түсіндім. Ағайын сенім артып жіберген іс сиырқұймышақтанып бара жатқан соң әкем ұлының іс сапардан оралғанын күтпей, ауылға қарай жолға шықты.
Сәуле Досжан
Abai.kz