Өзбекстанда карантин 1 тамыздан кейін де жалғасуы мүмкін
Өзбекстанда карантин 1 тамыздан кейін де жалғасуы мүмкін деп мәлімдеді елдің денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Баходир Юсупалиев.
"Біз карантин шараларын 1 тамызға дейін создық. Бұл індеттің инкубациялық кезеңі 14 күнге созылатынына байланысты. Егер осы уақытта вирустың адамнан адамға таралуы тоқтайтын болса, карантин шаралары 1 тамызда аяқталуы мүмкін", – деді Б. Юсупалиев.
Бірақ ол егер науқастар саны өсіп, қайтыс болғандар саны көбейсе, карантин мерзімі созылатынын ескертті.
"Тек соңғы аптада коронавирус 3 мыңға көбейді. Жағдай қиындап барады. Қазір біз барлық ауруханаларға науқастарды жатқызып жатырмыз. Бұл дегеніңіз қатерлі ісік, жүрек және өзге де қауіпті аурумен ауыратындар дер кезінде ем қабылдай алмауы мүмкін. Сол себептен денсаулық саласы күйремеуі үшін, карантин мерзімін ұзартып, қатайтуымыз керек", - деді вице-министр Баходир Юсупалиев.
Өзбекстанда COVID-19 вирусы 13 193 адамнан анықталып, 61-і қайтыс болған. 7852 науқас емделіп шыққан.
Abai.kz