Бұл Оралда болған еді
Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл. Осы тәуелсіздікке ұлтымыз оңай жеткен жоқ. Арғыны айтпай-ақ, берідегі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын алайық. Бұл тарих еншісінен өз орнын тапты. Халқымыздың қанша қиындық көрсе де рухының биік екенін, оны ешкімнің өлтіре алмағанын танытқан сондай тағы бір оқиға өткен-тұғын. Бұл күнде ол онша ескеріле бермейді. 1991 жылы қыркүйек айында Оралда казактардың қазақ жеріне енгенінің 400 жылдығын тойламақ ниетпен ақылға қонымсыз іс-әрекет жасалған болатын. Бұл қазақ халқы үшін елдігі мен ерлігі сынға түскен тағы бір сәт еді. Мұнда да жастарымыз ешнәрседен қаймықпайтын халықтың ұрпағы екенін дәлелдеді. Бұл оқиғаға да биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай, Батыс Қазақстан облысының сол кездегі имамы, облыстық мәслихаттың депутаты, бұл күнде Шымкент қаласындағы Әкбар қажы Шәкірбай мешітінің имамы Зейнолла АХМЕДОВПЕН әңгімелескен едік.
- Бәйдібек ауданына бара қалсаңыз, алыстан менмұндалап Аппақ Ишан мешіті көрінеді. Сіз осы Ишанның ұрпағысыз. Әңгімеге кіріспес бұрын өз ата-тегіңіз туралы қысқаша айтып кетсеңіз...
Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына биыл 20 жыл. Осы тәуелсіздікке ұлтымыз оңай жеткен жоқ. Арғыны айтпай-ақ, берідегі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын алайық. Бұл тарих еншісінен өз орнын тапты. Халқымыздың қанша қиындық көрсе де рухының биік екенін, оны ешкімнің өлтіре алмағанын танытқан сондай тағы бір оқиға өткен-тұғын. Бұл күнде ол онша ескеріле бермейді. 1991 жылы қыркүйек айында Оралда казактардың қазақ жеріне енгенінің 400 жылдығын тойламақ ниетпен ақылға қонымсыз іс-әрекет жасалған болатын. Бұл қазақ халқы үшін елдігі мен ерлігі сынға түскен тағы бір сәт еді. Мұнда да жастарымыз ешнәрседен қаймықпайтын халықтың ұрпағы екенін дәлелдеді. Бұл оқиғаға да биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай, Батыс Қазақстан облысының сол кездегі имамы, облыстық мәслихаттың депутаты, бұл күнде Шымкент қаласындағы Әкбар қажы Шәкірбай мешітінің имамы Зейнолла АХМЕДОВПЕН әңгімелескен едік.
- Бәйдібек ауданына бара қалсаңыз, алыстан менмұндалап Аппақ Ишан мешіті көрінеді. Сіз осы Ишанның ұрпағысыз. Әңгімеге кіріспес бұрын өз ата-тегіңіз туралы қысқаша айтып кетсеңіз...
- Әкем Мәулен, оның әкесі Сүннетулла, оның әкесі Аппақ Ишан. Сонда Аппақ Ишан менің бабам болып келеді. Ол бар өмірін бала оқытуға арнаған. Сол мақсатта медресе салып, шәкірттер оқытқан. Олардың арасында Жезқазған, Ақтөбе, Қызылорда, Әулиеата, Ташкенттен де келіп оқыған жастар болған. Қазір медресенің бір жағы мешіт, бір жағы Мәдениет министрлігіне қарасты мұражай. Ел басына төнген зобалаң біздің әулетті де шарпыды. Бай, молда деп Қазан төңкерісі кезінде тоз-тозын шығарғандардың ішінде бабамды да, үлкен ұлы Әлеудин қариды да түрмеге жабады. Бабам Аппақ Ишан 1931 жылы Павлодардың түрмесінде, ұлы Краснояр өлкесінде қайтыс болады. Осыған қарамастан біздің әулетте баладан балаға имандылық, Аллаға сенушілік деген қағидаттар мирас болып келеді.
- Өзіңіз де діни білім алдыңыз...
- Иә, «Дін - апиын» деп қылышынан қаны тамып тұрған уақыттың өзінде әке-шешем мені Бұқарадағы «Мир-Араб» діни медресесіне 1979 жылы жіберді. Қазақстаннан 4-5 жылда 1 бала ғана оқитын. 3 қазақ баласы 1986 жылы бітіріп шықтық. Діни білім алғанымның арқасында өлімнен аман қалғаным бар. Мені сонда оқып жүргенімде әскери борышымды өтеуге 1981 жылы шақырып, бірден Ауғанстандағы соғысқа жіберді. 16 жауынгер Пәкстан жағына тұтқынға түсіп қалдық. Екі жігіт Құранды білетіндіктен аман қалдық, қалғандарының тағдыры белгісіз.
- Сонымен, казактар оқиғасына ойысайык.
- Әскери борышымды өтеп, елге аман-есен оралған соң, 1986 жылы медресені бітірдім. Сонан кейін Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына имам етіп тағайындалдым. 1991 жылы қыркүйек айы болатын. Кешкі 5-тер шамасында мешітке Амантай қажы айқайлап кіріп келді. Үстінде аппақ киімі, қолында ақ таяғы бар. «Микрофонды бер, Оралдың ұйықтап жатқан қазақтарын айқайлап ояту керек. Кубань казактары өздерінің қазақ жеріне басып кіргеніне 400 жылдығын атап өтпек. Ал, біздің қазақ халқы ұйықтап жатыр» - деп өзін қоярға жер таппай айқайлап жүр. Көшеде лезде 600-700-дей қазақ жиналып қалды. Милиционерлер сырттай бақылап жүр. Алғашқы күні казактар 250-300-дейге жетті. Бастарында папаха, үстерінде жасыл мундир, кеуделеріне түрлі орден-медаль тағынған, белдеріне қылыш асынған. Бәрі сап болып тізіліп жүр. Гармошкамен әйелдері ән салуда. Кешкісін тарады. Бізде жиналыс өтуде. Ертеңіне таңғы сағат 10-да жергілікті тұрғындар жинала бастады. Казактар да кешегіге қарағанда көбейген. Сағат түс қайта 4.30-да Оралға Алматы - Мәскеу пойызы тоқтады. Шымкент, Қызылорда, Жамбыл, Алматыдан мінген қазақ жастары көптеп түсті. «Аруақ», «Алаш», «Азат» деген жазуларды ақ шүберекке жазып, маңдайларына байлап алған. Бір-бірлерін танымаса да, шұрқырай амандасуда. Дәл осы сәтте Мәскеу - Алматы пойызынан да Кубань казактары түсіп жатты. Осындай жан-жақтан жиналғандар 2-3 күн бойы лег-легімен келіп жатты. Ортаны милиция, солдаттар бөліп тұрды. Казактардың басшылық ететін атамандары бар. Орал көшелерінде 5-6 қатардан сап түзеп, қылыштарын аяқтарына тигізе сарт-сұрт жүреді. Әйелдерінің гармонмен қазақ халқын қорлап айтқан өлеңдерін естігенде, қаның басыңа шығады. Қала күңіреніп кетті. Ортада алаң, оның бір жағында - облыстық партия комитетінің ғимараты, екінші жағында - шіркеу. «Орал, Семей, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Павлодар қалаларын біз, Кубань казактары, басып алғанбыз. Соның 400 жылдығын тойлаймыз. Келесі жылы дәл осы уақытта 401 жылдығын атап өтеміз. Сенбесеңдер, Солженицынның айтқандарын оқыңдар» деп шіркеуден шығып алаңда орыс попы сөз сөйледі. Осы кезде жастар арасынан суырылып шыққан оралдық ақын қыз Айсұлу Қадырбаева ызалы кекпен олардың попына қарап: «Сендер үшін бұл той болса, біз үшін қаралы күн. Бұл жерлердің бәрі ата-бабамыздың қанын төгіп қорғап қалған атамекені. Билетпейміз де тойлатпаймыз» деп қорғасындай салмақты ойлар айтып, сөйлеген кезде жиналған жастар толқып кетті. Әлгіндей рухқа толы сөздер өлген адамды да тірілткендей еді. Оның үні де, тайға таңба басқандай сөйлеген сөзі де патриоттық сезімді онан сайын оятты. Мұнан соң Жасарал Қуанышәлин де тамаша сөйледі: «70 жыл бойы сендердің бодандарың болдық, енді кетіңдер» деді ол. Мұнан соң мен шығып, екі жақты да бейбіт түрде келісіп тарауға шақырдым. Мұнан кейін де көптеген ақсақалдар, соғыс ардагерлері, партия қызметкерлері «өрт тұтанбасын, қойыңдар» деп басу айтып, бірінен соң бірі сөйлеп жатты.
Үшінші күні сағат 11-12 шамасы. 6 мыңға жуық қазақ жастары темір жолдың бір бетінде, 2,5 мыңға жуық Ресейден келген және жергілікті казактар екінші бетінде тұрды. Екі жақ та «Омега» және «Зенит» әскери зауыттарына қарай жылжыдық. Осы сәтте Айсұлу маған келіп: «Әруақтарға арнап құран оқыңыз» деді. Құран оқуға «Уазиктің» үстіне шығып бара жатқанымда Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы Қабиболла Хабенұлы Жақыпов: «Ұзақтау оқыңыз» деп құлағыма сыбырлады. Менің сонда таңқалғаным Құран оқылғанда 6 мыңдай қазақ жастары сілтідей тынды. Қанша «Дін - апиын», «Құдай жоқ» деп үйреткенімен, жастарымыздың Құранды сыйлайтынын, әруақты қадір тұтатынын байқадым. 20 минуттай оқыдым. Әйтеуір екі жақ та аман-есен тарқаса екен деп амандықты тілегендер көп еді. Олардың бірі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәжімедин Есқалиев пен Қабиболла Жақыпов. Екі азамат та күндіз-түні ұйқы көрмей жүгіріп жүрді. Мақсаттары - қантөгіс болмаса екен дегендік. Жастардың қайсысына қарасаңыз да қандары қайнап, көздерінде нұр ойнақтайды. Басымдағы сәлдемді алып, теміржолдың үстіне тастадым. Балалы әйел де орамалын қойды. Міне, жастар тағы осы жерде ағарғанды, бас киімді сыйлайтынын, ата-дәстүрді бойларына сіңіргенін көрсетті. Теміржолдың арғы бетіне лап қоймай, ернеуінен асайын деп тұрған судай тұрып қалды. Бәріміз екі жақты да ынтымаққа шақырудамыз. Бірақ, олардың айтқан әндерін естіген жастар қаны қайнап, ақыры тұра алмады, лап қойды. Бас киімдерімізді дереу алдық. Екі жақта сарт-сұрт ұрыс басталып кетті. Оларда қылыш, біздің жігіттер қолдарына не түссе сонымен ұруда. Машиналар өртелуде. Жарақаттанғандар екі жақтан да көп болды. Менің сол жақ иығыма тас тиіп, шапанымды жыртып жіберді. Қанша дегенмен, біздің жігіттер көп қой, олар жеңілетінін біліп, қаша бастады. Атырау, Маңғыстау облыстарынан қосылмақ болған жастарды Жайық өзенінен өткізбепті. «Қойыңдар, жігіттер» деп микрофонмен айқайлап жүрмін. Сондағы қойыңдар деп жүргеніміз екі халықтың арасына сызат түспесе, ушығып кетпесе екен дейміз. Ертесіне қаладан 60-70 шақырымдағы разъезден пойызбен казактарды шығарып салды. Міне, сонда қазақ жастары елін, жерін сүйетінін, салт-дәстүрге адалдығын, әруақты, Құранды сыйлайтынын, намысты екенін, рухының биіктігін танытты. Олардың ешқайсысы өлімнен тайсалып тұрған жоқ еді. Орал қаласының басшылары да екі жақтан қан төгілмесе деп жанын салып жүгірді. Әсіресе, Қабиболла Хабенұлы Жақыпов азаматтық танытты.
Түсіне білген адамға Тәуелсіздік біздің елімізге оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан ол бізге қымбат әрі шексіз қуаныш. Сол кездегі жалындаған өршіл жастар қазір 40-45 жасқа жетті. Шын мәнінде солар нағыз ерлер еді. Олардың арасындағы Айсұлу, Жасарал және тағы басқа қыз-жігіттердің ерлігі Тәуелсіздіктің 20 жылдығында ескерілуі керек деп ойлаймын.
Бұл әңгімені оқырмандар Тәуелсіздіктің бағасын біле түссін деп айтып жатырмын. Оралда осындай оқиғаның орын алғанының өзі ол кезде біздің еркіндікке қол жеткізе қоймағандығымыздан еді. Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыздың ел татулығын сақтаған көреген саясатының арқасында сондағы тірескен казак ағайындарымызбен де тіл табысып кеттік. Оның үстіне ол оқиғаға жол бергендер негізінен сырттан келгендер еді.
- Қазіргі жастар туралы не айтасыз?
- Ел үстіне қайғы бұлты төнбесін, ондай күн туа қалса жастарымыз қазір де бас көтере алады. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз ешуақытта қорқақтық, жасқаншақтық танытпаған. Бұл бізде қаннан келе жатқан қасиет. Жайшылықта ол бұғып жатады да, кезі келгенде бұрқылдап оянады.
- «Қазір бір отбасының әр мүшесі әр түрлі дінге кіріп барады. Бұл ұлт тұтастығына сына қағудың ең оңай жолы» деп жаны ашитын зиялы қауым шырылдап жүр. Сіз не дейсіз?
- Оныңыз рас. Қазір елімізде 43 конфессия бар. Бұл Қазақстан халқы үшін өте көп. Елімізде басқа діндерді айтпағанда, Ислам дінінің бірнеше ағымдары бар. Біз Қазақстан Діни басқармасының бас мүфтиі, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәліұлынан бастап, Имам Ағзам Әбу Ханифа мазғабындамыз. Қазақ халқы әу бастан осы жолда. Дін қазақ халқының дәстүріне ешуақытта қарсылық жасаған емес. Қайта екеуі бірін-бірі толықтырып, адамдарды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеп келді. Қазір кейбір ағымдағылар ұлттық салт-дәстүрімізге қарсы шығуда. Міне, осылардың бәрі өз орнына келу үшін дін туралы заң қабылданды жақында. Өйтпейінше өзге ағым, секта ұрпақты мәңгүрттікке апарады.
- Жастарымыз түрлі дінге өтіп, санасы өзге ағымға ағып кетпеу үшін дін туралы заң қабылдағаннан басқа не істеу керек деп ойлайсыз?
- Әрбір ата-ана өз дініне, салт-дәстүріне берік болып, балаларын қадағалауы тиіс. Тамағын тоқ, көйлегін көк етіп, тәрбиесімен айналыспаса, өз ұрпағы өзіне жат, тіпті дұшпанға айналуы мүмкін. Дінінен, ділінен, тілінен, салт-дәстүрінен айрылған адамды қазақ деп есептеуге болмайды.
- Өз ұрпағыңыз туралы айта кетсеңіз.
- Ұл-қыздарымның бәрі жоғары білімді, намаз оқиды, арақ ішпейді, темекі тартпайды. Той-томалақты, қуанышты оқиғаларды арақсыз өткіземіз. Әрбір отбасы ұлттық салт-дәстүрін сақтаса, ұрпағы да сол жолды таңдары анық. Отбасы бақытты болса, мемлекетіміздің де қанаты қарыштап, әлем алдында рухы биік болмақ.
- Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Базаргүл АҚЫНҚЫЗЫ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.