Жұлдызды жиырма күн
Екінші күн (27 қараша ):
АТАМЕКЕН
Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Сыртқы істер министрлігіне, басқа да мүдделі министрліктер мен ведомстволарға елдің бірлігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін шекаралас мемлекеттермен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеу үдерісін бастауды тапсырды. Өйткені, шекара мәселесін түпкілікті шешкенге дейін кез келген шекаралас мемлекеттің біздің елімізге аумақтық талап қою мүмкіндігі сақталатын еді.
Қазақстан өзімен шектесетін барлық мемлекеттермен мемлекеттік шекарасын халықаралық шарттар негізінде делимитациялау үдерісін ойдағыдай жүзеге асырды, шекарасын шегендеп алды. Бұл - айтуға ғана жеңіл. Газеттің бүгінгі нөмірінде жарияланып отырған мақалалар тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі - мемлекеттік шекарамыз жайында болмақ.
ОТАН МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАДАН БАСТАЛАДЫ
Екінші күн (27 қараша ):
АТАМЕКЕН
Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Сыртқы істер министрлігіне, басқа да мүдделі министрліктер мен ведомстволарға елдің бірлігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін шекаралас мемлекеттермен Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресімдеу үдерісін бастауды тапсырды. Өйткені, шекара мәселесін түпкілікті шешкенге дейін кез келген шекаралас мемлекеттің біздің елімізге аумақтық талап қою мүмкіндігі сақталатын еді.
Қазақстан өзімен шектесетін барлық мемлекеттермен мемлекеттік шекарасын халықаралық шарттар негізінде делимитациялау үдерісін ойдағыдай жүзеге асырды, шекарасын шегендеп алды. Бұл - айтуға ғана жеңіл. Газеттің бүгінгі нөмірінде жарияланып отырған мақалалар тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуттарының бірі - мемлекеттік шекарамыз жайында болмақ.
ОТАН МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАДАН БАСТАЛАДЫ
Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып құрылғаннан бастап халықаралық құқық нормасы мен қағидаларын берік ұстанатынын мәлімдеді. Президент Н.Назарбаев сыртқы саяси бағыттың мынадай бағдарларын белгіледі: «Ең алдымен, біз өз саясатымыздың бейбітшілік сүйгіштік бағытын қолдаймыз және біз әлемдегі бірде-бір мемлекеттің аумағына дәмеленбейміз деп мәлімдейміз. Өз жауапкершілігімізді ұғына отырып, әр әскери қақтығыстың соңы апатты салдарға әкеліп соғатынын түсінеміз:
- Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты мақсаты ретінде бейбітшілікті сақтауды мойындаймыз;
- саяси, экономикалық және басқа мақсаттарға қол жеткізу құралы ретінде соғыс немесе әскери күшпен қауіп төндіруден бас тартамыз;
- құрылған шекаралардың беріктігі, басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидаларын ұстанамыз».
Біздің мемлекетіміздің шекаралық саясаты халықаралық құқық, ұлттық заңнама және әлемдік тәжірибе қағидалары мен нормаларына негізделген. Мемлекеттік шекара заңды бекітілген аумағының шегін айқындайтын сызық ретінде қаралады. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы қазіргі шекарасында біртұтас, қол сұғылмайды және бөлінбейді. Қазақстанның мемлекеттік шекарасын белгілеген және өзгерткен кезде жеке меншік пен ұжымдық қауіпсіздікті, шекаралас мемлекеттермен өзара тиімді және жан-жақты ынтымақтастық мүдделерін, шекара дауларын бейбіт шешу қағидаттарын басшылыққа алады.
Мемлекетаралық шекараны белгілеу екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі - бұл шекараны делимитациялау. Яғни, тиісті шарт бойынша мемлекеттік шекара сызығының өтуін егжей-тегжейлі сипаттап анықтау және сол сызықты картаға түсіру. Екінші кезеңі - бұл шекараны демаркациялау, жергілікті жерде шекараны орнату.
Еліміздің екі ірі держава - Ресей мен Қытайдың арасында орналасуы бұл елдермен шекараның өтуі мәселесіне ерекше мән берді. Сондықтан Қазақстан делегациясы өз көзқарасын берік ұстанды және келіссөздер жүргізуші әріптестерінің ұсыныстары мен дәйектерін құрметпен қабылдап, көрші мемлекеттермен аумақтық дау-дамайлар негізінде болатын түсініспеушілікті болдырмауды қадағалай отырып, жүйелі түрде өз мүдделерін ілгері жылжыта берді. Бұл мәселелерде Қазақстан дипломатиялық қызметі принциптілік пен беріктікті, сындарлылық пен бітімгершілікті үйлестіре білді.
Қазақстанға 1992 жылдан 2005 жылға дейін заманауи құрлықтағы шекараны барлық периметрі бойынша белгілеп алуға мүмкіндік туды. Ел басшылығы ең алдымен Қытай Халық Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы шешім қабылдады. Өйткені, Қазақстан мен Қытай арасында мемлекеттік шекара орнатудың бұрыннан келе жатқан күрделі тарихы бар. Сондай-ақ Қазақстан - Қытай шекарасы үш ғасыр бойына қалыптасып келді. Оның алғашқы құжатты ресімдеуі 140 жылдан астам бұрын басталған, ол кезде Қазақстан Ресей империясының құрамында болған еді. 1860 жылғы Пекин қосымша шарты мен 1864 жылғы Чугучак хаттамасы бұл жұмыстың негізін қалаған. Содан кейін 1881 жылы Петербург шарты бекітілген, бұл үдеріс Орталық Азия шектерінде Ресей - Қытай шекарасы орнауымен аяқталған.
Бұдан кейінгі жылдары шекараны межелеудің құқықтық негізі қалыптасқан және шекара сызығы да негізінен сызылған болатын. Бірақ шарттық құжаттар аяқталмай қалғандықтан, шекара сызығы елеулі өңдеулерден өтті. Бұл шекаралық келісімдерге бірге ұсынылған карталар негізінен ұсақ көлемді болды. Шекара сызығының егжей-тегжейлі сипаттамасы болмады, кейбір жергілікті жерлерде шекара белгілері орнатылмады. Оның үстіне соңғы жүз жылдан астам уақытта екі жақты шекара тексерісі жүргізілмеді. Осыған байланысты ол нақтылауды аса қажет етті.
Нақтылаудың қажеттігі мен мемлекеттік шекара сызығының өтуін белгілеу мынадай жағдайлармен де танылады: ХІХ ғасырдағы Ресей мен Қытай шарттарында шектеудің өту сызығы кейбір учаскелерде белгіленбеген. Демек, мұндай учаскелер Қазақстан мен Қытай шекараларында да кездескен. Сондай-ақ өзен аңғарларында, су тараптарында және т.б. шекара өтетін учаскелерде елеулі өзгерістер болған. Кейбір жерлерде белгісіз себептерден шекара белгілері ауытқыған немесе ол келісілмеген нүктелерде белгіленген.
Кеңестер Одағы тарағаннан кейін геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты ҚХР-мен келіссөздерді жүргізу үшін КСРО үкіметтік делегациясының орнына Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы және Тәжікстан Республикасының біріккен үкіметтік делегациясы құрылды. 1992 жылы қазанда жаңадан құрылған делегация келіссөз үдерісін қайта жандандырды. Бұл салада үлкен дипломатиялық тәжірибесі бар Қытаймен шекараға қатысты келіссөздер жүргізу шешімі сол кезде қабылданған дұрыс шешім екенін айқындады. Біріншіден, Ресей мамандарының көп жылғы тәжірибесін пайдалану қажет болды. Екіншіден, Мәскеуде мұрағат материалдары көп, онсыз шекара мәселесін талқылау мүмкін емес еді.
Қазақстан - Қытай мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық ресімдеу мәселесі екі елдің Мемлекет басшыларының кездесулері барысындағы талқылауларда негізгі тақырып болды. Осылайша жиырма раундты келіссөздер барысында Қазақстан - Қытай мемлекеттік шекара сызығының 90 пайыздан астамы келісілді. Ал шекараның барлық сызығының ұзындығы 1783 шақырымды құрайды. Бұл 1994 жылғы 26 сәуірде Қазақстан мен Қытай елдері басшыларының Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келісімге қол қоюға мүмкіндік берді. Келісім 1995 жылғы 11 қыркүйекте ратификацияланған грамоталар алмасқаннан кейін қолданысқа енгізілді.
Аталған келісімге қол қойылар кезде Қазақстан - Қытай шекараларының екі "даулы" учаскелерінде шекара сызығы өтуі туралы уағдаластыққа қол қойылмаған болатын. Осы екі учаскеде мемлекеттік шекара сызығының өтуі туралы мәселені шешу үшін келісімнің 3-бабы бойынша келіссөздерді жалғастыру қажеттігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен, қол қойылған келісімнің шеңберінен тыс екі учаске - Шағаноба мен Баймырза асулары (Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы) және Сарышілде өзені (Алматы облысының Алакөл ауданы) аудандары қалған еді.
Мәселені шешу жолдарының бәрін зерттеп болғаннан кейін келісілмеген екі «даулы» учаскелерде Қазақстан - Қытай мемлекеттік шекарасы өтуінің лайықты нұсқасы жасалды. Сөйтіп, қол жеткізілген уағдаластықтар Бірлескен хаттама жазбасымен бекітілді және 1996-1997 жылдары 1:50000 көлемді картаға түсірілген. Бұл құжаттар Шағаноба асуы мен Сарышілде өзені аудандарындағы бұрын Қазақстан - Қытай мемлекеттік шекарасындағы келісілмеген учаскелер туралы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қосымша келісімді әзірлеу үшін заңды негіз қызметін атқарды. Аталған келісімге 1998 жылы 4 шілдеде Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминь қол қойды. 1999 жылы 7 сәуірде қолданысқа енгізілген бұл құжат Қазақстан дипломатиясының зор жетістігі болып табылады. Осы жерде атап өтейік, келіссөз басында Қытай тарапы осы екі учаскені толығымен өз өкілеттігінде қалдыруға әбден-ақ тырысып бақты. Олар өте маңызды дәйектер, құжатты деректер мен картографиялық материалдарды мысалға келтірген еді.
Қазақстан - Қытай шекарасының барлық өту сызығы бойынша толық уағдаластыққа қол жеткізудің маңыздылығы мынада: Қазақстанның бүкіл тарихында тұңғыш рет Қытаймен халықаралық деңгейде танылған және заңды ресімделген мемлекеттік шекараға ие болғандығында жатыр. Бұдан кейін тараптар мемлекеттік шекараны толығымен халықаралық-құқықтық ресімдеу мақсатында оны демаркациялауға кірісті. Сөйтіп, 1997-1998 жылдары мемлекеттік шекараға шекара белгілерін орнату үшін тиімді дала жұмыстарын ұйымдастыруға ықпал еткен нормативтік-құқықтық база әзірленді. Ал шекара белгілерін орнату жұмыстары 2001 жылдың соңында аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 1783 шақырым болатын мемлекеттік шекараға 688 шекара белгілері орнатылды. Оның 346-сы Қазақстан, 342-сі Қытай жағында.
Кеңестік дәуірден елімізге мұра болып қалған аумақтық мәселе саяси да, құқықтық та жағынан толығымен дұрыс шешілді деп нық сеніммен айтуға болады. Ең бастысы - біздің мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделері шешілді. Шекара мәселесінің түпкілікті реттелуіне барлық қазақстандық шынайы қуанды деп айтсақ қателеспейміз. Өйткені, бұл әрқашан да Қазақстанның қауіпсіздігі мен игілігі үшін аса маңызды болып табылады.
Шекара мәселесін реттеуде келіссөз үдерісін бастаған және оған басшылық еткен екі мемлекеттің басшылары - Нұрсұлтан Назарбаев пен Цзян Цзэминь болды. Қазақстан мен Қытай басшылары екі жақты ынтымақтастықтың келешегін күңгірттендіруі ықтимал аумақтық мәселені шешу үшін тарихи жауапкершілікті өздеріне жүктеді. Себебі, шекараны реттеуден бас тарту екі жақты қатынастарда күрделі қиындықтар тудыратын еді.
Қазақстан Республикасының Ресеймен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен және Түркіменстанмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау бойынша келіссөздер үдерісі 1999 жылғы қыркүйекте басталды. Келіссөздерді жүргізу арнайы құрылған Қазақстанның үкіметтік делегациясына тапсырылды. Өзара уағдаластыққа сәйкес аталған мемлекеттермен бірге Қазақстан Республикасының шекараларын делимитациялаудағы келіссөздер құқықтық негізі бар мына құжаттар бойынша жүргізілді: 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясы және ТМД-ға мүше мемлекеттер қабылдаған басқа да негізге алынатын құжаттар; тиісті шектес мемлекеттермен бекітілген достық және ынтымақтастық туралы екі жақты шарттар; мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы меморандумдар; КСРО Жоғарғы Кеңесінің, бұрынғы одақтас республикалардың Жоғарғы кеңестерінің жарлықтары мен қаулылары; мемлекеттік өкіметтің өкілетті өкілдері мен шектес мемлекеттер - бұрынғы КСРО республикаларының басқаруымен бекітілген картографиялық материалдар.
Тараптар құжатта айтылған ережелерді өзгерте алмады, ал шекараның құжатына түсірілетін өзгерістер халықаралық құқық нормаларына сәйкес олармен келісіп енгізілді. Күрделі мәселенің бірі - тараптар шекара сызығының бойында тұратын халықтың этностық құрамын, қалыптасқан шаруашылық қызметінің жағдайларын, ұлттық діни нысандар мен зираттарының орналасу орнын, сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қай мемлекеттің азаматтығын алатын еркімен санасуы керек болды. Өйткені, мемлекеттік шекара елді мекендерді, шаруашылық жүргізу нысандарын кесіп өтпеуі керек. Осының өзінен-ақ мемлекеттік шекараны шектес мемлекеттермен делимитациялау жөніндегі келіссөздердің қаншалықты қиын болғанын байқауға болады.
Мамандар әр келіссөз басталар алдында Орталық мемлекеттік мұрағаттағы, министрліктер мен ведомстволардағы, Қазақстанның арнайы мекемелеріндегі құқықтық базалармен және қажетті материалдармен мұқият танысып, әр мемлекетпен келіссөз жүргізудің қағидаттары мен әдістемелерін дайындады. Делегация мүшелері, сондай-ақ жұмыс топтарының өкілдері жергілікті халықпен, қоғамдық ұйымдар басшыларымен ұдайы кездесіп тұрды. Келіссөз үдерістерінің барысы туралы Қазақстан азаматтарын хабардар ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз мәслихаттары мен брифингтер өткізді. Қажет болған жағдайда елді мекендерге барып, шекара алқабының аэроғарыш фотосуреттері түсірілді, басқа да шаралар жүзеге асырылды.
Келіссөздерден кейін шекараның келісілген жобалық сызығы топографиялық картаға түсіріліп, одан соң екі тараптың хаттамалық шешімі бекітілді. Осы карталар бойынша шекараның өту сипаттамасының мәтіні құрылды, ол шекара сызығын делимитациялауды анықтайтын негізгі құжат болып табылады. Шектес мемлекеттердің делегациялары келіссөз үдерісінің соңғы кезеңінде мемлекеттік шекара туралы шарттың жобаларын әзірлеуді жүзеге асырды.
Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша келіссөздер өте күрделі өткенін атап өткен жөн. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы замануи шекараны құру тарихы Кеңестер мемлекеті құрылған кезден басталады. Ал шекараны нақты белгілеу ортаазиялық республикалардың ұлттық межелеуін жүзеге асыру барысында 1924-1925 жылдары бекітілген. Бұл жерде сөз РСФСР мен Өзбек КСР арасындағы шекара сипаттамасы туралы болып отыр. Өйткені, ол кезде Қазақстан Ресейдің құрамында болатын. Шекараны сипаттау 1925 жылғы 9 қарашада РСФСР-дің Бүкілресейлік орталық атқарушы комитеті президиумы мәжілісінің №28 хаттамасының 9-тармақшасының қосымшасында көрсетілген.
Іс жүзінде Қазақстан - Өзбекстан әкімшілік-аумақтық шекарасының құқықтық негізін 1956-1971 жылдардағы құжаттар құрады. Ол тарихтан белгілі. Сол құжаттарда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жер алқаптарын едәуір көп мөлшерде бөлу анық көрініп тұр. Бірақ уағдаласқан тараптар делимитацияны заңды негіз деп қабылдағаннан кейін оларға тексеріс жасауға келмеді. Егер басқаша істесе, 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясының және 1998 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Мызғымас достық туралы шарттың ережелері мен қағидаттары бұзылар еді.
Құқықтық базаның болғанына қарамастан, Қазақстан - Өзбекстан шекарасын делимитациялау үдерісі өте қиын өтті. Өйткені, шекарада күрделі дәрежедегі учаскелер болды. Ол учаскелердің көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарындағы халық көп қоныстанған аумағы бойынша өтеді. Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық шекараның соңғы сипаттамасы белгіленгеннен бері 40 жылдай уақыт өткен екен. Осы кезең ішінде елді мекендерде елеулі өзгерістер туындаған, елді мекендер көбейген, жаңа құрылыстар мен шаруашылық нысандары пайда болған. Шекараның жекелеген учаскелерінде бірлескен шаруашылық жүргізуші нысандар құрылған. Осының бәрі тараптар делегацияларының жергілікті жердегі шынайы жағдайды мұқият зерттеуін қажет етті, мүмкіндігінше қалыптасқан тұрмыс жағдайлары мен шекарадағы халықтың шаруашылықтарын бұзбауға дәйекті шешімдер қабылдауды талап етті.
Жалпы, Қазақстан - Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау жұмысы екі кезеңді қамтыды. Бірінші кезеңде 2001 жылы 16 қарашада Астанада Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан - Өзбекстан мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шарт дайындалды. Құжат қазақ-өзбек мемлекеттік шекара сызығының жалпы ұзындығының 96 пайызының өтуін айқындап берді. Шекара сызығының өтуін сипаттау шығыстан батысқа қарай бағытталды. Екінші кезеңде 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік шекарасының жеке учаскелері туралы шарт дайындалды. Осы шарттың бір бөлігі ретінде қосымша зерттеу үшін қалдырылған үш учаскенің мемлекеттік шекара сызығының өту сипаттамасы мен көлемі 1:25000 және 1:100000 топографиялық картасы жасалды. Қорытындысында Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтын шекара сызығы нақтыланды.
Ал Қазақстан мен Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау мәселелеріне келсек, басында-ақ бұл үдеріс көп уақыт алатыны түсінікті болды. Себебі, екі ел арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын шекара болып табылады және оны делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бірегей құбылыс еді.
Сонымен, 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей президенттері Алматыда ҚР мен РФ арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау туралы хаттамаға қол қойды. Тараптар қажетті шараларды жүзеге асыру үшін Үкіметтік деңгейдегі делегация құрды, олар 1999 жылдың соңында келіссөзге кірісті. Өзара уағдаластық бойынша Қазақстан - Ресей шекарасының өту сызығын сипаттау және оны картаға түсіру батыстан - Волга өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылғы қаңтарда шығыста - Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялаудың бастапқы құқықтық негізі - бұрынғы одақтық республикалар мен КСРО-ның заңнамалық актілері, сондай-ақ тиісті картографиялық материалдар болды. Шекара сызығының сипаттама жобасын дайындау кезінде осы құжаттар пайдаланылды.
Сонымен, 2005 жылғы 18 қаңтарда Мәскеуде екі мемлекет басшылары Қазақстан - Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа қол қойды. Баспасөз мәслихатындағы сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев былай деді: «Біз бәріміз маңызды тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстан - Ресей шекарасын делимитациялау туралы шартқа қол қойылды. Тарихи болып саналатыны, біз бірінші рет шекараны шарттық тәртіппен белгіледік».
Бұл шарт әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекараның өту сызығын анықтайды. Оның ұзындығы - 7591 шақырым. Бұл шекара біздің елдеріміз бен халқымызды айырмайды, ол біріктіреді. Бұл достастық пен тату көршіліктің шекарасы. Біз Қазақстанда делимитациялау туралы шартты біздің елдеріміздің арасындағы сенім белгісі және біздің халықтарымыздың арасындағы мызғымас достық ретінде бағалаймыз. Оның үстіне 2005 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан мен Ресейде бір мезгілде шартты ратификациялау туралы заң қабылданды. Ресей Федерациясының Президенті В.Путиннің 2006 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасына сапары барысында ратификациялық грамоталармен алмасу өтті және осы тарихи құжат қолданысқа енгізілді.
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Қазақстан - Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың қолданысқа енгізілуі Қазақстан Ресубликасы аумақ шектерінің халықаралық-құқықтық ресімделуін заманалық маңызы бар деп айтуға болады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының ТМД-ға қатысушы мемлекеттермен бірге мемлекеттік шекараны демаркациялау үдерісі жүріп жатыр.
Мемлекеттермен мемлекеттік шекараның өту сызығы туралы келіспеушілік болмаса да, демаркация үдерісі кейде күрделі жағдайда өтеді. Оған себеп, ұсақ көлемді делимитациялық карталардан барлық детальдар мен жерлердің бедер ерекшеліктері, шаруашылық нысандары мен басқа да шекараны демаркациялауға қатысты маңызды элементтер өз көрінісін таппаған. Шек қою кезінде туындайтын қолайсыздықты бәсеңдету үшін шекарадағы елді мекендер халқының шаруашылық, гуманитарлық және басқа да мүдделерімен санасуға тура келеді. Шекараның екі жағындағы халықтың мүдделерін шешу үшін көршілермен келісуді қажет етеді және өзара қолайлы шешім табу керек болады.
Қазір іс жүзінде Қазақстанның Түркіменстанмен мемлекеттік шекараны демаркациялауы аяқталды, Қырғызстан және Өзбекстанмен демаркация аяқталуға жақын. Ресей Федерациясымен жұмыс енді ғана басталды. Шекара белгілері Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының аумақтарында орнатылды. Бұл жұмыс Қостанай облысында да басталды.
Вячеслав ҒИЗЗАТОВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекараны демаркациялау жөніндегі үкіметтік делегациясының басшысы, Төтенше және өкілетті елші.