Түркістан - рухани астана!

(Эссе)
Қолфоны безектеп оның түскі ұйқысын бұзды. Телефонның аржағында арық қыздың сыңсыған даусы өлеусірей естілді.
- Сәлеметсіз?
- Сәлеметпіз.
- Мен Түркістандағы қазақ-түрік университетінің оқытушысымын. Сізді мемлекеттік емтиханға комисия төрағасы болуға шақырсақ деп едік.
- Емтихан уақыты менің жұмыс кестеме сәйкес келсе барайын.
- Сізге ресми шақыру хатын жібереміз.
Оған шақыру хаты келді, бұл хат бойынша төраға болып бару үшін кафедра меңгерушісі, декан, проректор, ректорға қол қойдырып Түркістанға жеткенше бір күндік мемлекеттік емтихан уақыты өтіп кетер, қазір былайғы емтихандар бітіп, мұғалімдердің арқасының тері аздап кепкен шақ, ұшаққа өзі билет алды. Ұшатын арыстанға мініп көкте қалықтап келіп жерге топ етіп түсе қалды. Қасиетті мекеннің нұры жерден көкке көтеріледі, әлде қашан Алланың рахметіне қауышқан әулиенің шарапаты айналасында жатқан хан-сұлтан (өлілерді) қойып жер басып жүрген тірілергеде жетіп тұрғаны анық. Ескі Яассы шаһары бүгінде қазақтың рухани астанасы. Тіл жетпес тыныштыққа шомған Түркістан даласын тек тынымсыз сары жел бұзады.
«Сізді әуе жайдан күтіп аламыз, қонақ үйге орналастырамыз» деген келте хат Алматыдан шықпай жатып оның уатсабына сыңғырлап келіп түскен. Ізінше «еш әуре болмаңыздар, маған ештеңе қажет емес» деп жауап жазды. Ол қалай болады екен, ыңғайсыз болар деген жазуларды тағы оқыды...жауапсыз қалдырды....
Әуе жайдан балдызы күтіп алды. Көлікке отырғаннан Иасин сүресін бастап ішінен оқыды, Қожа Ахмет Яассауи ата кесесінің маңына келіп темір тұлпарды қаңтарып, жаяулап қорғанға інісімен бір Фатиқа, он бір Ықылас оқып әуелде басымыздың тәжі, көзіміздің нұры, екі дүние сардары, адамзаттың асылы, күллі жаратылыстың ардақтысы Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак рухына, әхлібәйттеріне, асхабына, алтын шынжырдағы бақытты жандарға, Қожа Ахмет Яассауи атамыздың ұстазы Арыстан бабқа, осындағы Құл Қожа Ахмет Яассауи атаға, әхлібәйітіне, 21 хан, 8 сұлтан, 51 әулие, 4 абыз, 23 би, 63 батыр, 5 қожа ханым, 5 датқа, 30 игі жақсылардың рухына бағыштап ел-мен жердің амандығын, мұсылман баласының ауыз біршілігін, қазақ ұлысының ынтымағын, мәпелеп бағып өсірген әке-шеше амандығын, аялап отырған ұл-қыздарының тек жақсылығын көруді тілеп ұзақ-ұзақ дұға жасады. Осында жатқан салих құлдарыңның құрметіне дұғамды қабыл ет деп Алладан сұрап, уасила жасады.
Кесенедегілердің көбі тек ұйқыда жатыр, зират етушілердің аяғы еш үзілмейді, Алланың нығметіне шомғандарды мазаламайын деп боз даланың сары желі бұл маңда соғуын тоқтатқан. Мызғымас тыныштық, жанға жайлы энергия оның өне бойын билеп, ит тірліктен алыстатты, сан-сапалақ дүниауи ойларынан сап тиылып рахат күй кешті. Алып кесене сан тарихты ішіне бүгіп қазақ елінің рухани тірегі екенін әйгілеп тұр.
***
Қайын жұртына ат басын тіреді, қайын апасы құдасы келгендей қонақ бөлмесіне мол дастархан дайындапты, қарадай қысылды, "күйеудің орны қашанда самауырдың айналасы, елдің аяқ жағында отырып шыны алу" деп білетін ол мұндай қошеметті іштей қабылдай алмай қатты ыңғайсызданды. Жаңа күйеу болып осы шаңырақты алғаш аттағанда қайын атасы аяқ жақта отырған бұған «төрге шық, сен біздің жалғыз күйеу баласың» деген. Деседе жалғыз өзіне дәл мынадай үлкен дастархан мен артық ылтипаты біраз ыңғайсызданды. Балдызы мен келіні аяғы-аяғына тимей асхана үйде дайындалған сан түрлі ыстық тағамдарды, таудай ет, көлдей сорпаны алдына әкелді. Тамақтан соң бұлар жаңа Түркістанды көруге шықты, адам жақсы көрген адамына өзі жақсы көретін нәрсесін көрсеткенше асығатын әдетімен көлігін зулатып келеді. Әзірет сұлтан кесенесінен өтіп салынған емес, құдды аспаннан өзі түсе қалғандай ығы-жығы, ин тірескен судай жаңа алып ғимараттардың алдына келіп тоқтай қалды.
Әдемі айланба жасанды көл, бетінде қайық жүзіп жүр, сан түрлі бизнес бағытындағы сауда кешендерінің жалтылдаған шырақтары көз жауын алады, даңғаза музика, аяқтың астындағы кішкене қара тастардың ішінде қысылып сыртқа шыққысы келген әйел әншілер сыңсиды. Қаланың қара сақалдыры мен жас өскіндері ұзақ жылдық шығыстық және азиялық қарапайымдылық пен қарамаққа жуас көрінетін тасауфтық жұмсақ мінезден мезі болғандай, басқаларға еліктеп, соларша киініп жүріс–тұрыстарын өзгерте, бір біріне шадыраңдай сөйлеп, ардың-күрдің күй кешеді.Әр кім өз алдына өз ойымен төбе болып ешкімді ешкім тыңдамайды, әне екі қыз жаға жыртысты....бәлкім ащы су ұрттаған болар.... Шылым шеккен жуан құрсақ жігіттер еш мыз бақпай аспандата күліп жақын тұр... Бұрында бұндағы әйелдердің көбісі жаулықтарымен бастарын толық бүркемеседе, жарым-жартылай шаштарын жасыратын қазір мұнда ол буын көрінбейді. Қараңғы түннің өзінде бұл маңға еш маза бермейтін дарақы әуен елдің рухани темпраментін бұзғандай, қол созым жерде қожа Ахмет Яассауи ата кесенесі беймаза күй кешіп мазасызданады.
Әруақ үш түрлі: Ештеңені білмейтін тас қараңғы түнектегілер, күнмен-түнді, келген-кеткенді білетіндер, ал бұнда барлығынан хабардар Алланың нығыметіне бөленген қазақтың игі жақсылары мен жайсаңдары тыныш жата алмай дөңбекшиді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ өз сингармонизіимін бұзған ба?! Осының кесірінен елде ойламаған бір тосын апаттар болмаса екен деп шошынған Түркістан қонағы бұл арадан тез кетуге асықты. Оң қапталындағы әйнек мешіттен азан үні шықты, елмен бірге намазға сап ұстап, имамның артында оның суреті тұрды, ал рухы жер астындағы Яассауи ата мешітінде хатымда отырды. Үлкен алқада қазақтың рухани тау тұлғалары мен өзі күнде айтып жүретін игі жақсылары жайғасыпты... Құлаққа түрпідей тиген әйел әншінің шыңғырған даусы бар аумақты жыңғыртты. Жер бетіндегі намазда, жер астындағы хатымда бітті. Бірақ әйел әншінің үні әлі өшкен жоқ.
Пайғамбарымызға құрмет көрсеткен Османлының ханы Әбдул Хамит Медина қаласына темір жол релісі жақындағанда жұмысшыларына балғаның басына киіз кидіріп дыбысын шығармай шеге қағуға әмір берген, және қала ішіне темір жолды кіргізбей сыртынан тоқтатып әруақтарды ренжітпепті. Француздардың әйел әншілері сыңсып ән салып еркектері жанында отырған өз әйелін тастай салып, бөтен әйелдің белінен қапсыра құшақтап валис билегенін білгенде Османлы ханы «мына билеріңді тоқтатпасаңдар сендерге соғыс ашамын, осының кесірінен адамзатқа үлкен апат келеді» деп елші жіберген екен.
***
Азанмен шай тамағын ішті, балдызының универге апарып қоямын дегеніне «ел жәйін көріп, көше автобусымен барайын» деп үн қатты. Түркістанның ескі қала жағы, ыстық су анадайда аспанға шапшиды, айналасында адамдар азанмен арқаларын суға тосып раххаттанады. Берен-саран әйелдер де кезек күтіп қарап тұр. Баяғыда орыстар алғаш келіп жалаңаштанғанда ол маңды «Жалаңаш» атап қазақтар ұялғаннан ол аймаққа аяқ баспапты, бүгінде басқа жұрт. Асыққан жандар жапа-тармағай тұс-тұстан анталап қоғамдық көлікке мініп жатты, Түркістан драма театрының тұсы, кеше түнде болған қойылымнан тіс жармай жолаушыларды өткізіп салды, ар жағындағы темір жол вагзалының маңы, гудек тарта ышқына тоқтаған темірарба, түтіні будақтаған паравоздар сопа басын ала қашып шолақ релісте зулайды, асыға басып ішке еніп бара жатқан жолаушылар...вогзалдың алды ығы-жығы жеңіл көлікпен сапырылысқан адамдар... Қуаныш базарына жеткенде көлік іші бір босап, лезде қайта толды. Ол универдің алдындағы дастархан аялдамасына келіп түскенде сағат тілі 9:58 ді көрсетті. Қолфоны базардан бері талай рет безілдеді. Қақпадан кіргенде оқу корпусының алдында өзін күтіп тұрған екі апайды көрді. Емтихан басталды. Өзінің жазған оқуылықтарын, мақалаларын тірідей көшіріп сылка көрсетпеген студентердің бітіру жұмыстарын көріп төрағанның көзі шарасынан шыға жазады. Жанында отырған кафедра меңерушісі зерек жан екен, осы жылмен қытай тілі мамандығы жабылып жатыр соңғы түлектер еді.... төраға жұмсақтық танытып бәріне көз жұма қарады. Төрағаны түстендіруге әкелді, бұршақ езіндісін ішкен ол басқа ештеңе аузына салмады. артық әуре қылмады. Таңғалған апайдың біреуі сіз өз қалтаңыздан ұшаққа билет алып келдіңіз, одан күтіп алуға келіспей, қонақ үйге жайғаспадыңыз, емтиханғада көше автбусымен келдіңіз, енді ішкен тамағыңыз мынау бұның сыры неде деп маймөңкелетіп сұрақ қойды. Мен жаңадан универге жұмысқа тұрған жылы бізге мен сияқты бір мұғалім басқа қаладан мемлекеттік емтиханға төраға болып келді, оған келуі үшін барлық құжаттын жасатып ұшақ билетін алып бердік. Келгенде күтіп алдық, тағы басқа барлық жұмысына мен жауапты болдым, әлгі ағай сыздап паңданғанда шыдамың таусылады. Тіпті сөйлескенде кербез тартып танауын көтере адам менсінбей сөйлейді. Ресторанда күттік анау-мынауды жақтырмайды, тамақ тізімін қолына алып, ең қымбат тамақтарға өзі заказ береді. Сол кезде шіркін менде кейін осы кісі сияқты төраға болып бір жерге барсам мүлде керісінше істер едім деп өзіме серт берген едім.
- Ендігі жоспарыңыз қалай, сізге қалай қызмет көрсетсек болады.
- Мен Яассауи ата зерттеу ғылым орталығына, сосын мұражайға барып ертең азанмен Алматыға қайтамын.
- Жақсы, біз ертіп барайық, онда ғылыми зерттеу орталығындағы ғалымдарды танимыз, студентеріміз практикадан өткен сонда, керек десеңіз кесененнің төбесіне шығып Түркістан аймағын көріп көз айдын боласыз.
- Жоқ, өзім барайын, сіздердің де өз шарауларыңыз көп, Кесене үстіне шығуға болмайды, астында адамдар жатыр...
Түркістаннның жаңа қала жағы көне қалаға еш ұқсамайды, мүлде басқа жат ел сияқты. Шіркін осы жаңа қалаға этно қала құрса, қазақтың салтын-дәстүрі жер бетіне паш етіп тұрса, ұлттық тағамдары жайнап тұрған рестрондар ашып қойса, келген адам тамсанып кете алмай айнолсақтап жүрсе, бағасы да аспанға шарықтамай қол жетімді болса....
ғажайып төраға Яассауи ата зерттеу ғылым орталығына бару үшін қоғамдық көлік күтіп әлі тұр.... «Түркістан – рухани астана, оны қастерлеу, тағызым ету парыз. Әулиеге құмет танытып Абылай ханша кесене төбесі көрінгенде аттан түспесек те, әдепті болғанымыз дұрыс» деп күмібірледі.
Нұрхалық Абдырақын
Abai.kz