Шымкент қалалық ДСБ экс-басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды
Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігерінің үстінен бюджеттің 52 миллион теңгесін жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабарлаған.
«Шымкент қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Олар S-классты оториноларинголог дәрігердің жұмыс орнына деп сатып алынатын жабдықтардың құнын көтеру арқылы бюджеттің 52 миллион теңге қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.
Өзге ақпараттар ҚР ҚПК 201 бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», - делінген ресми хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Рустам Албаев 14 шілде күні өз еркімен қызметінен кеткені белгілі болған. Ол бұл қызметте тұп-тура 3 ай уақыт жұмыс істеген (14 сәуірден 14 шілдеге дейін...).
Abai.kz