Сайлау жыры: Ақ үй мен Киевтің айтысы ушықты...
Соңғы күндері Уашиңтон мен Киев айтысы қыза түсті. Трамп Зеленскийге шүйлігіп, Украинаның президенттік сайлау өткізуі жайлы сөзді қайта қозғаған...
- Украиндерге жаңа, келіссөз жасай алатын лидер таңдауы керек. Зеленскийде көп мәрте келісім жасасу мүмкіндігі болды. Бірақ ол, негесі белгісіз келісім жасаспады. Біз оларға "басқасын ұрсаң да, дизельге тиіспе" дедік. Ал ол дизельді тоқтаусыз соққылады. Бұлай болмайды. Басқасын ұра бер, бірақ дизельге тиіспе, - деді Трамп.
Бұл сөзін Трамп кейін тағы 2 мәрте қайталап: "Біз Украинадағы президент сайлауы деген мәселені майшаммен қарастырамыз", - деді.
Киевтің жауабы көп күттірмеді. Әуелі Украинаның СІМ басшысы Андрей Сибига Трамптың сөзіне жауап берді:
- Президент Зеленский біздің елімізді жай кезде емес, соғыс жүріп жатқан қиын кезеңде басқарып отыр. Бұл соғыс - тәуелсіздік үшін жүріп жатқан соғыс. Еркіндік пен абырой үшін жүріп жатқан соғыс! Зеленский Украина халқының қолдауына ие! Біздің елімізді кім басқаруы керектігін шетелдегілер емес, Украина халқы өзі шешеді. Ал Трамптың Зеленский туралы айтқандары - Зеленскийдің өз міндетін лайықты атқарып жатқанын көрсетеді, - деді.
Онан соң Зеленскийдің өзі де Трампқа жауап берді:
- Президент Трампқа деген бар құрметіммен айтайын - қандай да бір лидерді таңдау - біздің халқымыздың, қоғамымыздың ішкі шаруасы. Иә, біз соғыс жағдайындамыз. Мұндай кезде сайлау өткізу қиынның қиыны. Тіпті, қауіпті іс. Бұл біздің конституциямызға қайшы. Бізде қазір тіпті, сайлау өткізетін жөнді инфрақұрылым да жоқ. Сондықтан, кімді қашан сайлайтынын Украина халқы өзі шешіп алады. Ал шынына келгенде Украина халқы қазір Украина президенті емес, Ресей президенті ауысқанын қалап отыр, - деді.
Осыдан соң Трамп Украина мен Ресей - қос тарап энергетикалық бітімге келгенін хабарлаған. Онысын не Киев, не Мәскеу білмейтін болып шықты. Бірақ, қос тарап та мақұлға көнді.
Ал Axios: “Трамп ұсынған энергетикалық келісім ең алдымен тараптардың МӨЗ-деріне қатысты" екенін жазды. Онда да бұл әңгіме Маямиде аз-кем талқыланған. Тараптар түпкілікті келісімге келмесе де, АҚШ бітімді жариялап жіберген. Кейін қос тарап оған кетәрілік көрсетпеген.
CNN-нің жазуынша: Пентагон мен Ақ үй Киевке біршама тізе батырып жіберген. Осы жексенбіде Украина мен Еуропа елдеріне ресми ескерту жолдаған. АҚШ Киевтен ресейлік МӨЗ-дерді атқыламауды талап еткен. Украина бұл талапты орындамаса, онда АҚШ барлау ақпаратын беруді дереу тоқтатып, Киевке қару сатпайтынын айтқан. Осыдан соң, Киев көнген.
Ал президенттік сайлауға қатысты Зеленский: "Көрейік, егер Ресей майданның барлық шебінде бітімді 60 күн сақтай алатын болса, ұрысты тоқтатар болса президенттік сайлау өткізуге болады. Бірақ, олар сол бітімді сақтай қоюына күмәніміз көп", - деген.
Бүгін Мәскеуден Песков шығып: "Егер Украина сайлау өткіземіз десе, біз ұрысты 1 күнге, сайлау күніне тоқтата тұрамыз", - деді.
Ал енді бұған Трамп не дер екен? Трамп бәріне Киевті айыптап, "Мәскеу бітім қалап отыр" деген еді. Песковтың, Кремльдің мына сөздері бітім қалаған тараптың сөзіне мүлде ұқсамайды...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz