Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6283 10 пікір 19 Шілде, 2020 сағат 12:01

Империялар қалай құлайды?

Тарихта алып империялар болғанын бес жасар балаға дейін біледі. Құламастай болып, басқа шауып, төске өрлеп, басы барды идіріп, тізесі барды бүктіріп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған талай империя тас-талқан болып күйреген. Сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп, еденге құлаған шыныша шашылып қалған.

Империялардың құлауы көбіне орталықтан емес, шеттен басталады. Мысалы империя қаншалық алып болса, оны басқару соншалықты қиын. Мыңдаған шақырым жердегі басып алған аймақты бағындыру үшін көп ресурс, адам, әскер керек. Онсыз ол бір минут та тұрмауы мүмкін. Уақыт өткен соң дәл сол алыстағы аймақтар бірінші болып бөліне бастайды. Халықтар көтерілісі басталып, қарсылық күшейе береді. Орталық алыстағы адуынды аймақты сабасына түсіру үшін барын салады, сол сәтте тағы бір алыстағы аймақ бұрқ ете қалуы мүмкін. Тарихта ондай мысал көп. Рим, Хулагу империясы, Құбылайдың Юань империясы, Алтын Орда және басқалар. Бөлшектену алыстан басталып, ақыры астанасына дейін жеткен мысалдар жетерлік.

Менің әкем өмірінде КСРО құлайды деп ойламаған болар. Қазір КСРО-ның құлағаны жайлы деректі фильмді көріп жатыр. Менің шешем "Союз нерушимый республик свободных, сплотила навеки Великая Русь" деп әнұран айтқан. Қазір тәуелсіз Қазақстанда күн кешуде. Ғасырларға кететін союзы жоқ, тіпті үш ширек уақыт өмір сүрмей, өліп кетті. КСРО-да көп жылы өткен адамдардан сұрасаңыз, олардың барлығы да "КСРО құлайды деген үш ұйықтасақ та түсімізге енбепті" дейді. Ал қазір үш ұйықтаса да сол КСРО-ны түстерінде де көрмейді. Әрине, КСРО-ның құлауы шеткі аймақтан емес, қордаланған түрлі мәселеден басталды. Дей-тұра жарты әлемді уысында ұстаған держава жалп ете қалды. Бұл факт.

Бүгін міне Ресейдің Қиыр шығысы тулап жатыр. Хабаровск, Владивосток және т.б. Орталық пен бұл аймақтың арасы 5 мың шақырым шығар кемі. Кремльде айтылған әр сөз бұл аймаққа жетем дегенше әр шақырымда адуыны азайып, қарқыны бәсеңдеп келеді. Харизматикалық тұрғыдан. Оның үстіне Еділдің ар жағы мен бер жағындағы орыс әлемі екі түрлі іспеттес. Мәскеу мен Питер бір әлем, қалғаны мүлде басқа планета. Қиыр Шығыс тіпті жат ғалам іспеттес. Орталыққа өкпе-реніші көп екені көрініп тұр. Іштегі қарсылық жылдар бойы жиналыпты. Экономикалық мәселелер, жемқорлық, ұмыт болған тағдырлар мен үзілген үміт жинақталыпты. Оны көкшірейген көздердегі ашудан көруге болады. Әрине, бұл бүгін-ертең Ресей бөлініп, Путин тақтан кескен терекше сұлап түседі дегенді білдірмейді. Тіпті бұл алғышарты да емес шығар. Бірақ өзге елдің аймақтарына сепаратистік дән сеуіп жүрген Пүтекең, өз аймағында да ондайдың мүмкін екенін байқаған шығар.
Ресей империясы тас-талқан болды. КСРО құлады. Ресей Федерациясы ше? Уақыт көрсетеді.

Асхат Қасенғалидың жазбасы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534