Жасандылық және көзбояушылық
...Төбедегі кісі төмендегілерді сілкіп, сілкіп алды. Төмендегілер тірілгендей болған. Бірақ, бәрі жасанды.
ОБЛЫСТЫҢ әкімі бір-екі дәріханаға бас сұқты. Ол келеді деп сөрелерді дәрі-дәрмекке толтырып қойған. Жалғыз жүрген жоқ, жағымпаз блогер, жалтақ журналист, ләббай орынбасарлар ілесе келіпті. Қалған дәріханаларда дәрі жоқ. Жасандылық және көзбояушылық!
...ҚАЛАНЫҢ әкімі көшеде бір данадан маска таратып жүр. Оның жанында да жағымпаз топ. Маска алған адамға "Масканы әкім берді деп айтыңыз" деуді де ұмытпайды. Қайырымдылық емес қарапайым адамды қорлау! Жасандылық және көзбояушылық!
...АУДАННЫҢ әкімі ауылдағы аптекалар бос қалғанда қара көрсетпеген. Жанашыр азаматтар жинаған қаржыға алынған аппараттар ауруханаға жеткенде алқынып ол да жетті. Қасында бір қора жандайшабы, жарқ-жұрқ суретке түсіріп жүрген тілшілері бар. Шекараның ар жағынан өзі көтеріп келгендей дәрігерлерге әлгі аппараттарды маңғаздана тапсырып жатыр. Жасандылық және көзбояушылық!
...Жасанды Шарынның алдында отырып, жасандылық жайлы келген ойлар ғой. Төбедегі кісі төмендегі әкім қараларды кеше қаттырақ сілкіді. Олар енді жасандылық пен көзбояушылықтың көкесін көрсетпесе маған келіңіздер!..
Арман Сқабылұлының жазбасы
Abai.kz