Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
46 - сөз 4086 0 пікір 21 Шілде, 2020 сағат 12:55

Бейсанадағы Шәкәрім

Бүгін кімнің туған күні екенін білесіз бе? Салют атып, от шашатын туған күн осы негізі! Бүгін - Ғалым Доскен атты ағамыздың туған күні!!! Анау-мынау емес, алпыс жасқа толып отыр. Осылай десең елдің дені «Ол кім?» деп сұрайды. Сұрайтын да жөні бар. Себебі күллі қазақ ол кісінің ісімен күніге бетпе бет келеді, бірақ түрін ешқашан көрмеген. Атын бәлкім естіді, бәлкім жоқ. Бұ дүниені де пенде түсініп болмайды. Кейде көп заңы кері айналып тұрады. Мысалы: 2001-2006 жылдары «Қазақстан теле-радио корпорациясында» жұмыс істеген қазақ журналистерін жұрт жаппай таниды. Сәуле, Қасым, Болат, Назира, Рақат деп есімдерін елдің бәрі жеті атасын санағандай санап береді. Бірақ оларды осы іске баулыған басшыларын мүлде танымайды. Балтаның басы әу баста қас шебердің қолына түспесе еді, қара темір жерде жатып су тиіп, тот басып шіріп кетер еді дейді суфилер. Сол сияқты бір кездері Қазақстан ТВ арнасы арқылы елге жарық шашқан танымал ТВ жұлдыздардың бәрінің артында осы саланың майталман маманы Ғалым аға тұрғанын санаулы адам біледі. Елдің есінен танып, әліге дейін асқан сағынышпен еске алып, «шіркін, сол кездер-ай! Нағыз қазақы канал еді» деп тамсанып отыратын алтын заманы осылай дүниеге келген.

ЖҰМБАҚ БЕЙНЕ
СССР кезінде «Что? Где? Когда?» деген ТВ хабар болатын. Соны даусы ерекше Ворошилов деген кісі жүргізетін. Соның түрін сол күйі көре алмай кеткем. Перденің артына тығылып алып ойынды қыздырушы еді. Елдің есінде тек даусы қалды. Түрі ешкімнің есінде жоқ. Ғалым аға да сондай кісі. Қазақстанның мәдени кеңістігіне үнемі жан бітіріп, ұдайы жаңа қан жіберіп отырады. Бірақ өзінің қайда отырғанын өмірі біле алмайсың. Бірақ аттап бассаң Ғалым ағаның БОЛМЫСЫНАН өніп шыққан су жаңа мәдени өнім алдыңнан жарқ етіп шыға келеді. Бірден білесің. Сапасына үңілсең астарында «Made by Galim Dosken» деген көрінбейтін жазу тұрады. Адамды түріне қарап емес, ісіне қарап таны деген тәмсілді осы ағамның ісіне қарап түсіндім. Өмірді профессионал деңгейде сүру деген осы әне!

ИДЕЯ АВТОРЫ
Ұмытпасам 2002-ші жыл. Бір күні жұмыста жиналыста отырмыз. Каналдың түсін таңдау туралы талқы басталды. Әр кім әр түсті айтып әлек. Бір кезде сөзді ағаның өзі алды. Біздің канал қоңыр-сары түсті болу керек. Орысша охра золотистый дейді. Қазақ жұртының түпсанасына осы түс әбден сіңген. Алаш баласының көзі осы түске көбірек түссе тарихи жады тез оянады. Сарыарқа деген атау да осымен байланысты. Қазақтың даласы алтын сияқты сап сары боп жатады. Алтайдағы алтын аңдар да осы түспен бірігіп тұр. Сондықтан осы цветке тоқтайық. Ал көкті орыс, жасылды өзбек алып жүре берсін. Бізге Сарыарқаның түсі жетеді деді. Осылайша Қазақстан каналы алтын сияқты жарқырап шыға келді. Мына идея миыма барып цемент сияқты қатты да қалды. 2013 жылы Абзал Құспан «Отбасы хрестоматиясының» бірінші кітабын шығарғанда: «Сәке, кітапқа қандай түс таңдаймыз?» деді. Мен сасқам жоқ. Тура бір кітапқа түс таңдаудың қас шебері құсап, атақты адвокатқа маңғаздана қарап тұрып: көкті нұротанға бер. Жасылды діншілдерге бер. Біздің кітап Сарыарқаның түсін таңдайды. Оны орысша охра золотистый дейді. Қазақтың түпсанасында осы цвет жатыр деп баяғы жиналыста естіп алған әңгімені төгіп-төгіп жібердім. Адвокат аузы ашылып отырып қалды. Мәәә, Сәке, сен просто генисің ғой, гени! Осының бәрін қайдан білесің?-деп қуаныштан талып қалды. Адвокат пақыр идея авторы Ғалым аға екенін қайдан білсін!

МІНЕЗ
Модерн адамның бес қаруы сай болса да жеңіп тұрып жеңіліп қалатын бір сыры бар. Ол - мінездің жетіспеуі. Дұшпандарың тор құрып жан-жақтан қысымға алғанда айбат шекпей беріле салу. Айбат шегіп мінез көрсету көп жағдайда ең шешуші факторға айналады екен. 2005 жылдары қазақ каналының абыройы ғарыштық жылдамдықпен асқақтады. Қазақ тілді орта расымен де ТВ арна ұсынған жарыққа жанталаса ұмтылды. Себебі Ғалым аға кез келген хабарын тек логосқа құрды. Яғни кез келген жобасының ішінде адамды қалың ұйқыдан оп-оңай оятып алатын трансцендентті сәуле жатады. Қазақ жұртының оянбауына аса мүдделі топтың сойылын соғатын арсыз каналдар Ғалым ағаның айналасына ор қаза бастады. Кез келген әдісті арланбай қолданып абыройын төгуге барын салды. Бір күні ана оңбаған каналдың бір операторы каналдың кіре берістегі холына келіп өзінен өзі бүркеніп отырып алмасы бар ма. Сәлден соң әріптестер шантаж жасап жатыр деп дүрлігіп кетті. Сөйтсем ана есалаң өзін өзі тұтқындап, қамап қойыпты. «Мені мына жерде Қазақстан каналының басшысы еріксіз ұстап отыр» деп полиция шақырып, жарты әлемге жар сап отыр. Бәріміз құр қарап тұрдық. Тіпті мұндай кезде не істеу керегін ешкім де ұққан жоқ. Ортадағы басшылар да шарасыз қалды. Полиция келіп ырың-жырың біткен соң Ғалым аға келді. Он шақты жігітті тізіп қойды да әбден ұрысты. Әй, жігіттер, намыс қайда? Ана қаңғыбас оператор не істеп жүр мұнда? Неге айдап шықпайсыңдар? Өз территорияларыңды неге қорғамайсыңдар? Мен сендерге сеніп жүрмін ғой. А, сендердің отырыстарың мынау, түкке тұрмайтын тараканнан қорқып. Не қорқатыны бар? Камераны алдыр. Тікелей эфирге қос. Қолыңда тұр ғой бәрі. Сосын ана жындыдан сұра. Сені мұнда кім ұстап отыр? Бар кет үйіңе деп. Кетпесе айтасың. Есі ауысқан мына бір жынды өзін өзі қамап отыр деп. Соған да бастарың жетпей ме? Енді не болды? Ана ұятсыздар каналдарынан ысқыртып отыр үстімізден. Екінші осындай ынжық мінездеріңді көрмейтін болайын! – деп шығып кетті.
Е, қайсібірін айтайын, жігіттер. Бұл өз көзіммен көрген бір ғана оқиға. Ал ондай құйтырқы шантаждың нешесі болғанын ағаның өзі ғана біледі. Соның бәріне терең білімнен бөлек мығым мінезбен де төтеп берді. Сол мінезі қол астындағы жігіттерге кәдімгідей жұқты бірақ. Шәкірттерінің қай қайсысы да шамасына қарай ұлттық майданда әлі шайқасып жүр.

АЛЫСТЫ КӨЗДЕУ
Менің бір оқымысты қайнім бар. Шет тілінен кітап аударады. Кейде сағаттап сөйлегенде ауыздыға сөз бермейді. Онша-мұншаны менсіне бермейді. Бір білгіш енді тұрған. Өткенде сол телефон толғап, ресми түрде менің бұрынғы басшымды мойындап, шляпасын шешті. Жезде, - деді пақырың даусы дірілдеп. Бүгін мен сіздің Ғалым Доскен деген бастығыңызды толық мойындадым. Мемлекетшіл, ұлт қамын жеген нағыз әулие екен!-деді салтанатты әуезбен. – Ойбай не боп қалды саған аяқ астынан дедім. Сөйтсем Музыка тарихына қатысты сүбелі еңбекті қазақшаға аударыпты. Соның ішінде яхуди жұртының екі мың жыл тентіреп кетіп, ақырында ата қонысына қалай оралғаны туралы да тарихты да оқыпты. Евразия құрлығына шашылып, екі мың жыл езгіде жүрген елде қайбір ес болсын. Барған жұртының ана тілін үйреніп, әупірімдеп жан баққан ғой еврейлер. Көбі цыган құсап тозып кеткен. Кейін ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Еуропада банкир еврейлер көбейеді. Ақша көбейген соң ата қонысқа қайту туралы түрлі идеялар туады. Вейцман деген бір пысық яхудей атажұртқа көшу жайлы концепцияны жасап, туыстарына жаппай тарата бастайды. Бірақ басында бәрі Вейцманды мазақтап күлген. Есің дұрыс па сенің? Ана тілінде сөйлейтін бір де бір еврей қалмады. Кім қай елде қалды, сол елдің тілінде сөйлеп жүр. Олар қалай бірігеді? Бізді біріктіретін иврит тілі атам заманда ұмытылып кеткен. Сондықтан мына далбаса жобаңа уақыт пен ақшаны құр босқа құртпай өнетін тірлікпен айналыс, айналайын деген ғой. Вейцманның үміті үзіліп кетер ме еді кім білсін, егер тағы бір ақылды еврей шыға келмегенде. Музыка тарихын терең білетін бір маман шыға келеді. Ол айтады. Тарыдай шашырап, еңсесі езіліп, үміті үзіліп, болашағы кесіліп, тілінен ажырап, басы біругеден мақұрым қалған біздің халықты ұйытатын бір ғана фактор бар. Соны дереу қолға алу керек. Ол – МУЗЫКА! Музыканы түсінуге тілдің қажеті жоқ. Көңіл болса жетіп жатыр. Ох, дейді Вейцманның жақтастары. Міне, табылған ақыл. Бұрын қалай басымыз жетпеген осыған?! Давай, жинаңдар бүкіл еврейдің өлеңі мен әуенін. Осылайша атам заманғы Забур жырларынан бастап, бүкіл халық әндерін жинап, жаппай насихаттау белең алады. Яһудейлердің түпсанасының терең қатпарында қалып кеткен елдік сана осылайша иләһи әуендер мен халық жырлары арқылы ақырындап тіріле бастайды. Түрлі тілде сөйлейтін бірін бірі мүлде танымайтын, ұқпайтын еврейлер ескі әуендері мен өлеңдерін тыңдағанда еңкілдеп отырып шарап ішіп, еміріне отырып құшақтасып қоштасатын болады. Музыканың күшімен оянған сайын олардың Құдыстағы атажұртқа, Сүлейменнің храмына қайта оралу деген армандары күн санап жалындай береді. Осы арман атам заманда ұмыт қалған иврит тілін қайта тірілтеді. Таяу Шығыстың адам бармайтын тау-тасының арасында қалып кеткен ескі еврей шалдардың аузынан тіл мамандары ескі тілді үйрене бастайды. Тәураттағы ескі сөздерінен жаңа мағына құрап шығады. Осы істің бәріне серпін мен екпін берген күш - діни әуендері мен халық жырлары болатын. Осылайша қарапайым музыкадан басталған жоба ақырында жеңісті мәресіне жетті. 1948 жылдың 14 мамырында Израиль мемлекеті құрылды. Өзінің туы, мемлекеттік тілі бар. Осындай таңғажайып тархты таныған соң Ғалым ағаның алдында басымды идім. Бәсе неге ол кісі мүлде көрінбей тек музыка жинап кетті деп қоямын. Сөйтсем 20-30 жылдық стратегияны ойлап отыр екен ғой. Обшым ел боламыз десек ұлттық музыка мен діни жыр қисса дастандарға өте-мөте мұқият болу керек екен. Жойылған халықты күлдің ішінен жинап алатын күші бар екен бұл музыканың деп сөзін аяқтады. Ойнапсың, сен бала, менің бастығыммен! Бұдан былай жездеңнің қандай адамның қол астында қызметте болғанын бір сәтке де есеңінен шығарушы болма. Понятно?! - дедім. Понятно! - деді қайнім.
Енді түсінікті болған шығар. Ғалым аға 2002 жылдан бері қазақ музыкасын зерттеуге, зерделеуге, архивтеуге мол уақытын арнап келеді. «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың мың әні» деп басталған ТВ жобалары әлі жалғасып жатыр. Қазақстанның ең алыс аймақтарындағы күйші, әнші, жыршының бәрін Алматыға ақша беріп алдырып студияда супер сапамен жазып, дискі етіп шығарып, мәңгіліктің сандығына лақтырып жатыр. «Яссауи» вокалды тобының сапалы әуенін де сол кісінің студиясы сақтап қалды. Не үшін? Себебі анық. Биліктегі маргиналдар қазақ ұлтын құртуға шындап кіріскелі бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл жойқын тасжүрек машинаға қарсы тұру мүмкін емес. Қит етсең шайнап-шайнап өлігіңді түкіре салады. Бірақ олар музыканың алдында ғана дәрменсіз. Бұл мәңгүрттер ана тілімізді құртуға бар күшін салып бағуда. Еврейлер сияқты бірнеше тілде сөйлейтін, бірін бірі мүлде түсінбейтін тарапқа бізді итеріп әкеле жатыр. Бірақ болашақты Алладан басқа кім білген? Бір күні қазақ жұрты да есін жинап ойланар. Әй, бұрынғы елдігіміз қайда деп. Сол кезде табан тірейтін нүкте халық әуендері болмақ. Оны қайдан аласың ол кезде? Ғалым Доскен деген БОЛМЫСТЫҢ алтын қорынан аласың. Ал ол қорды жасап жатқан БОЛМЫСТЫҢ биологиялық жасы алпысқа келді. Бір шетінен қуаныш әрине. Бір шетінен сәл көңілсіздік туғызады. Осы кісі қартаймаса екен, қуаты кемімесе екен, ауру сырқау ол кісіге жоламаса екен, өмір жасы мейлінше ұзақ болса екен деп тілеп отыратын қазақтың бірі осы кісі. Себебі ол кісі қазақ музыкасын әлі жинап біткен жоқ. Екі-үш нотадан тұратын әуен болса да «кейін керек болады» деп дереу дыбысын жаздырып қорға тастай салады. Егер маған ғайыптан тайып Жебірейіл періште келіп: «Шәнжархан, менің қолымда адамды жасартатын таңғажайып элексир бар. Бірақ жалғыз тамшы. Бірақ адамға ішкізесің. Таңда» десе, еш ойланып жатпастан Ғалым ағаға ішкізер едім. Студияда әлі жазылмаған қаншама қазақ музыкасы бар десеңізші. Солар кезек күтіп мөлиіп тұрғанда Ғалым ағамыздың қартаюы ақылға сыйымсыз сияқты көрінеді. Ол кісіге тек жасару керек.

ҰРЛАНҒАН ИДЕЯ
Үкіметте ми жоғын сол кезде анық білгем. Қашан көрсең Ғалым ағадан идея ұрлап күнелтеді таяз министрлер. 2005-2006 жылдары ағамыз «Мәңгілік Қазақстан» деген концепция жасап шықты. Ол идеяны бірінші бізге сіңірді. Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында, КҮН сөнгенше сөнбейміз» деген өлеңін девиз етіп алған. Естеріңде болсын. Мемлекет, ұлт мәңгі тұрғысы келсе мәңгілікке төтеп беретін құндылықтың тұғырына барып бекуі тиіс. Ал, құндылық атаулы тек мәдени кеңістікте өмір сүреді. Мемлекеттің бүкіл қуаты осы мәдени құндылығын қорғауға жұмсалады. Сондықтан басқа-басқа дәл осы мәдени майданда мәңгүрттерге бір қарыс жерді беруші болмаңдар. Қазақтың санасын өркениетке қарай сүйрейтін қандай мәдени өнім бар, соның бәрін жаппай жинаңдар. Сосын ауыз жаппай насихаттаңдар. Қазақ мемлекеті ақыр заман болып, КҮН Алланың әмірімен шығыстан емес, батыстан шыққанда ғана жойылатын болсын. Оған дейін дүние тұрғанша біздің ел де тұруы керек. Міне, Ғалым ағаның қасында жүрсең осындай амбицияға ие боп шыға келесің. Корпорациядағы бүкіл ұжым осыған жабылып жатқанда Ертісбаев деген мәңгүрт шығып бәрін қиратып, күл талқан етіп жіберген. Бір күні қарасам ана шал «Мәңгілік Қазақстан» деген идеяны өз атынан айтып абырой жинап жүр. Бірақ олардың күрескені бар болсын. Бәрін талан-тараж қып ит-рәсуәсін шығарды. Тамаша идея мәңгүрттердің кесірінен нигилизмге ілініп кете барды.

КОРПОРАТИВТІ МҮДДЕ
«Қазақ табиғатынан алауыз. Өмірі басы бірікпейді» деген пікірдің де далбаса екенін, манипуляция екенін, қазақтарды ыдырату үшін түпсанасына кәззаптықпен егілген улы идея екенін сол кезде біліп қойдым. Ұлт ұйысу үшін ұлтқа ТВ арқылы тіл қатып отырған ұлтшыл журналистер жамағаты айрандай боп ұйуы керегін бізге жақсылап ұқтырды. Апта сайын барлық редакторларды жинап алып «КОРПОРАТИВТІ МҮДДЕ» деген дәріс өтті. Кәдімгі үйдегі ата -ананың баласына беретін әдеп сабағы дерсің. Ұжымдағы бір де бір ақпарат тысқа шықпайтын болсын. Бұл біздің екінші үйіміз. Бәріміз бір отбасының балаларымыз. Алауыз болуға болмайды. Бір бірлеріңді осында сынаңдар. Бірақ сыртта тырс еткен теріс ақпарат таратушы болмаңдар. Тіпті әйел, бала-шағаңа да айтпа. Елдің іші осындай ұсақ-түйек әңгіменің кесірінен іріп кетеді. Мысалы дейді де неше түрлі тарихта болған қызық оқиғаларды айтып береді. Басында біз осыған күле қарағанбыз. Олай емес екен. Үйретсе адам үйренеді екен. Ана идея кәдімгідей санаға сіңе бастады. Мінез-құлқы алуан, өздерінше бір бір жұлдыз боп жаман үйренген журналистердің бәрі де КОРПОРАЦИЯ МҮДДЕСІ дегенде тас түйін боп жинала қалатын жағдайға жетті. 2006 жылы сәуір айында Ертісбаев деген мәңгүрт Ғалым ағаны қызметтен кетіргенде осы идеяға адал болған 200-ден аса әріптес бір күнде арыз жазып жұмыстан кетіп қалды. Одан бері 14 жыл өтті. Бірақ сол ұйымшылдық сетінемей әлі тұр. Әріптестер сан-салаға таралып кетсе де бірін бірі қолдап қуаттап отырады. Бірінің жолына бірі кедергі болмайды. Ғалым ағаның құлаққа құйған ауызбіршілік идеясы көкіректе әлі де сайрап тұр. Осыған қарап «е, қазақ алауыз деген гәп екен ғой. Ынтымақ та оқумен, тоқумен, шыңдалумен, шынығумен келетін қалыпты құбылыс екен ғой» деп ғибрат алдым.

ДОСКЕН ІНІМ
2006 жылдың 22 көкек күні түрінен адам тұрмақ аң шошитын мәдениетсіз мәдениет министрі Ғалым Доскенді қызметінен кетірді. Оның арты үлкен дауға ұласты. Ол дау парламентке дейін жетті. Қара орыстар қазақ тілді каналды қиратып құртуға шындап кірісті. Мына бәледен құтылмасақ бүкіл қазақтың сауатын ашып, рухани оятатын түрі бар деп шошып -ақ тұрды. Күш тең еместін. Олар көп. Билік солардың қолында. Олар ақыры жеңді. ТВ арнаға басшы қылып бір арсыз марионеткаларды әкеліп қонжита салды. Осылайша ойсыз, күлегеш, сауықшыл ТВ арна бүкіл жұртты қара балшыққа батыруға біржола кірісті. Міне дәл осындай тарихи сәтте туған жеңгем көкек айында ұл тумасы бар ма! Жігіттің атын кім қоямыз деген мәселе көтерілді. Бәрі бір ауыздан «мына қазақтар мен қараорыстардың теке тіресі есімізден шықпасын. Тарихтың бір аяулы сәті болып есте қалсын. Ұлдың атын Ғалым Доскеннің құрметіне ДОСКЕН деп қояйық» десті. Тамаша есім дестік бәріміз бірауыздан жамырап. Осылайша інімнің аты Доскен боп шыға келді. Құдай қаласа, болашақта «Мәңгілік Қазақстан» деген концепцияны солар жалғастыратын шығар.

БЕЙСАНАДАҒЫ ШӘКӘРІМ
Ғалым аға өзін Абай танушымын деп те айтады. Кейде Абай рухымен әсерлескендей де әсер қалдырады. Бұл әрине миллион қырының бірі ғана. Бірақ маған ол кісі бейсаналы түрде Шәкәрім атаның рухымен өмір сүретін сияқты көрінеді. Неге дейсіз ғой. Себебі:

Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,
Зияным жанға тимесе!

-деп жырлаған еді Шәкәрім атамыз. Атамыздың осы қасиеті байқатпай болмысына сіңіп кеткен сияқты. Әлемді түгел көріп, рухани, мәдени қызықтың ортасында рақаттанып өнегелі өмір сүреді. Бірақ өзін танытуға, білдіруге титтей де ниеті жоқ. Дүниенің қызыл-жасылы миына кіріп те шықпайды. Жыл сайын неше түрлі адаммен істес болады. Осы күнге дейін Ғалым Доскеннен қиянат көрдім, ақымды жеді деген бір пенде көрсем көзім шықсын. Есесіне Ғалым ағаның қолдауымен өсіп- өнген талай мықтымен дастарқандас болдым. Бәрі де дән риза. Мен де ол кісінің қол астында бес жыл істегенде он бес жылға есейіп шықтым. Материалдық жағдайым жақсы болды. Бес жылдың ішінде маған да «Елдік сана» деген ең қасиетті ұғымды «жұқтырып» үлгерді. Ал ондай «дертті» ақшаға сатып ала алмайсың. Бұл дерт – өте қымбат тұрады. Оны Ғалым Доскен сияқты алыптардан ғана «жұқтыра» аласың.

РS: Бұ Шәнжархан неғып бастығының денсаулығын ойлап, қайта-қайта өбектеп кетті деп ойлауы мүмкін кей кісілер. Оның да себебі бар. Кезінде Ғалым ағаның жүйкесінің жұқарып, тезірек қартайып, шашының ағаруына көп себепші болғанның бірі менмін. Себебі ол кезде сұмдық надан едік. Болашақты рационалды жолмен болжау дегеннен мүлде мақұрым болдық. Бұйрықтарын қалай болса солай орындадық. Айтқан идеяларына ілесе алмай далақтап далаға шаптық. Міндетті түрде оқып шығыңдар деп берген кітаптарының жартысынан көбін сол күйі түсінбедік. Мен сияқты шабандардың көзін ашам деп жүріп біраз күшін шашып алды. Жасартатын элексир қолыма түссе ең бірінші сол кісіге апарып берер едім деп отырғанымның бір себебі осы, жігіттер. Мейлі енді элексир табылар иә табылмас, бірақ сіз ауырмай, қартаймай ұзааақ жасаңызшы. Соның өзі бізге қашықтан дух беріп тұрады!

Санжар Керімбайдың жазбасы

Abai.kz

0 пікір