Жұма, 2 Қазан 2026
Абай.tv 465 0 пікір 1 Қазан, 2026 сағат 15:38

Әлемде - соғыс. БҰҰ - дәрменсіз. Бас хатшы кім болады?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Батыс БАҚ-тарының жазуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) кезекті Бас хатшысын сайлау науқаны күрделі саяси тығырыққа тірелген. 

Бас хатшылыққа үміткерлерді іріктеудің алғашқы кезеңдері нәтижесіз аяқталғаннан кейін, халықаралық сарапшылар мен басылымдар өздерінше болжам жасап, жаңа кандидаттардың есімдерін талқылай бастаған. Солардың арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да аты-жөні аталып отыр.

Ұлыбританиялық Guardian не жазды?

Британдық беделді Guardian басылымының 21 қыркүйектегі мақаласында жазылған бойынша: БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде өткен үш жабық дауыс берудің нәтижесінде айқын жеңімпаз анықталмаған. Бастапқы үш бірдей кандидатта да теңдей мүмкіндік болғанымен, ұйым ішіндегі текетірес балама тұлғаларды іздеуге мәжбүрлеген...

Сурет: Сайт скрині.

Ал бейресми тізімдерде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрі Лана Нусейбенің және Венгрияның бұрынғы премьер-министрі Виктор Орбанның да есімдері атала бастаған. Дегенмен, бұл тұлғалардың ешқайсысы ресми түрде кандидат ретінде өтініш бермеген.

Сурет: Сайт скрині.

Күрделі процедура және геосаяси қайшылықтар

БҰҰ Бас хатшысын сайлау ережесі өте қатаң:

1) Үміткерді Қауіпсіздік Кеңесіне мүше 15 елдің кемінде 9-ы қолдауы тиіс.

2) Тұрақты бес мүше - АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытайдың тарапынан бірде-бір вето (қарсылық) болмауы керек.

«Қазіргі таңда әлемдегі геосаяси текетірестің ушығуына байланысты осы уағдаласушы бес елдің ортақ ымыраға келуі бұрын-соңды болмаған деңгейде қиындап отыр», - дейді Батыс басылымдары.

Ел ішінде де «Тоқаев БҰҰ Бас хатшылығына кандидат болуы мүмкін» деген гу-гу әңгіменің тарап жүргеніне де біраз болды. Бұдан бөлек, 13 наурызда Reuters агенттігі дипломатиялық ортадағы дереккөздерге сүйеніп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл лауазымға өз кандидатурасын ұсыну мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.

Тоқаевтың өз ұстанымы қандай?

Қазақстан Президенті халықаралық және отандық басылымдардың бұл болжамдарын бірнеше рет жоққа шығарды:

«Ұсыныстарға қарамастан, Біріккен Ұлттар Ұйымындағы жұмысқа қайта оралатын ниетім жоқ», - деген Қасым-Жомарт Тоқаев («Түркістан» газетіне берген сұхбатында)

Сондай-ақ, 2025 жылғы 3 қаңтарда «Ана тілі» газетіне берген жауабында да Мемлекет басшысы: «Женевадағы тәжірибем маған жетеді», - деп қысқа қайырған болатын. Ал биылғы тамыз айында Тоқаев алдағы президент сайлауына қатысу-қатыспау мәселесіне қатысты нақты шешімін 2027 жылы ашық айтатынын мәлімдеді.

Қалай болғанда да, БҰҰ ішіндегі дағдарыс әлемдік саясатта бейтарап әрі дипломатиялық салмағы бар тұлғаларға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетіп отыр. Алайда, бұл болжамдардың қаншалықты шындыққа айналатыны алдағы уақытта Қауіпсіздік Кеңесінің келіссөздеріне байланысты болмақ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 437
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 682