Сенбі, 23 Қараша 2024
Қырдағы әңгіме 3913 7 пікір 27 Шілде, 2020 сағат 13:40

«Азаттық аралынан» сабақ алсақ ше?..

Коронавирус індеті басталғалы әлемдегі осы аурумен күрес барысын ғаламтордан қадағалап отырамын. Өзімнің көз жеткізгенім, бұл орайда жақсы нәтижеге қол жеткізген Куба екен.

Халық Денсаулығы Министрлігінің (MinSAP) 25 шілдедегі мәліметінше бұл елде Ковид-19-дың 17 жаңа оқиғасы тіркелген. Ал коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 2495 болса, 2349 науқас (94,2%) жазылып шыққан, 87 адам қайтыс болған.

Қазіргі Қазақстанмен салыстырғанда бұл керемет жетістік екені даусыз. Жалпы Кубада денсаулық сақтау жүйесі барлық санкцияларға, экономикалық қиындықтарға қарамастан жақсы дамыған. Социалистік жүйенің қағидасына сай бұл елде халықтың денсаулығы бірінші орында тұр. Дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше Кубада бала өлімі Латын Америкасы елдері арасында ең төменгі деңгейде.

Тағы бір айтарлығы, Дүние жүзі денсаулық сақтау ұйымы жанынан құрылған коронавирусқа қарсы күрес комиссиясының құрамына әлемнің әр елдерінен 60 маман кіретін болса, соның сегізі Кубадан шақырылғандар. Бұл Куба медицинадағы жетістігін әлемдік деңгейде мойындау емес пе?!

Коронавируспен күрестегі жақсы нәтижеге социалистік жүйенің артықшылықтары ғана емес, адамдардың ұжымшылдық санасы, ұйымшылдық та оң әсер ететін сияқты. Індет жағдайында кубалықтар «Mi salud depende de su responsabilidad, como la suya depende de cuán responsable sea yo» («Менің денсаулығым сенің жауапкершілігіңе байланысты, ал сенің денсаулығың менің қаншалықты жауапты екеніме байланысты») деген қағиданы ұлттық ұран етіп ұстанып отыр.

Біздің елде коронавирустың өршуіне азаматтарда осындай бір-бірінің өміріне деген жауапкершіліктің болмауы ең басты себеп деп ойлаймын. Мен социалистік жүйені дәріптеуден аулақпын, бірақ, қазіргі сананы ақша, қоғамды жеке меншік билеген заманда адамдардың өз қара бастарының мүддесінен аспауы, рухани оқшаулануы, әлеуметтік эгоизм, тасбауырлық, жауапсыздық капиталистік жүйеден алған «құндылықтарымыздың» адами құндылықтармен үйлеспейтінін көрсетіп отыр.

Әрине, Кубаның үлгісін тұтастай бүгінгі қазақ қоғамына көшіре алмаймыз. Бірақ, өзіміз өткен социалистік жүйенің кейбір ұтымды тұстарын пайдалануға, мысалы, денсаулық саласының дәрі-дәрмек өндірісі мен саудасын, жеке меншік фармацевтикалық кәсіпорындарды мемлекет меншігіне ауыстыру, медициналық оқу орындарын, дәрігерлерді даярлау ісін мемлекетке беру, қаржыны орталықтандыруға көшсек бүгінгі мүшкіл ахуалды жақсартуға болар еді.

Біз социализмнен капитализмнің ну орманына енгенде өзгенің қаңсығын таңсық көретін қазақы әдетпен Батыстың жақсысын да, жаманын да құшағымызға бастық. Ал ортақшылдық жүйенің тәжірибеде сыналған ұтымды  тұстарын, болашағы бар «жас нәрестені», шайынды сумен бірге тарих қоқысына төге салдық. Бірақ қателікті әлі де түзеуге болады.

Марат Ермұқанов

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366