Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8365 15 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 14:00

Індеттің беті қайтты ма? Тоқаев не дейді, Цой ше?

Әлгінде президент Тоқаев Асқар Мамин үкіметіне 2 апта уақыт беріп, елдегі эпидахуалды реттеуді қатаң тапсырғаны естеріңізде болар. Өйтпегенде, Үкімет құрамын өзгертуі мүмкін екенін де ескертті. Міне, осыдан кейін-ақ, ресми ақпараттың реті өзгере бастады. Қазақстанда COVID-19 пандемиясының қаупі сейілді деді ресми ақпарат.

Шынымен солай ма? Індеттің беті қайтты ма? Аз-кем шолу жасадық.

Қазақстан қызыл тізімде

Күні кеше ғана Украина мен Словения Қазақстанды коронавирус індеті өршіп тұрған елдер қатарына қосып, қызыл тізімге енгізді.

Словения

Словения 17 шілдеден бастап ел азаматтары мен туристер үшін шекарасын ашты. Алайда, олар туристер келетін елдерді вирустың қаупі бойынша жасыл, сары, қызыл деңгейге бөлген.

Мәселен, «жасыл тізімдегі» елден келетін туристерге тест тапсыру міндетті емес. Олар карантинге жатқызылмайды екен. Ал «сары тізімдегі» елдерден келген туристер 14 күн карантинге жатқызылады. Бірақ, барлығы емес. Мысалы, Словения азаматтарына карантин шаралары қолданылмайды.  «Қызыл тізімдегі» елдерден келетін туристер, оның ішінде словендер 14 күндік қатаң карантинде болуы тиіс.

Міне, дәл осы қауіптілігі жоғары - «қызыл тізімге» АҚШ пен ТМД-ның бірқатар елдері, соның ішінде Қазақстан да енген.

Украина

Мұндай «қызыл тізімді» Украина билігі де түзіп шыққан екен. Қазақстан ол жерде де «қызыл тізімде». Украинаның Денсаулық сақтау министрлігі «жасыл» және «қызыл» аймақтардың жаңартылған тізімін жуырда ғана жариялады. «Жасыл» аймақтың құрамына: Украина, Швеция, Португалия, Хорватия, Беларусь, Ұлыбритания, Түркия, Словения, Египет және Италия кірген.

Ал «қызыл аймаққа»: Қырғызстан, АҚШ, Израиль, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия, Польша, Франция секілді қауіптілігі жоғары 127 мемлекет енген.

Бұл аймақтардан келген украиндар мен шетелдік туристер 14 күн оқшаулануға жіберіледі. Сондай-ақ, 24 сағат ішінде ПТР тестінен өтуі керек. Яғни, бұл елдер үшін Қазақстан - індет өршіп тұрған, қауіпті елдер қатарында.

Қазақстан коронавирустан әлемде 27 орында

Әлем елдеріндегі коронавирус індетінің таралуы туралы деректерді есептеп отыратын «worldometers.info» сайты бар. Аталған сайттың бүгінгі дерегі бойынша, Қазақстан індет індеген әлем елдерінің ішінде 27 орында тұр екен. Біз бұл көрсеткішпен 1,4 миллиардт адамы бар Қытайды да артта қалдырыппыз (29-орын). Ал, көршілес Қырғызстан – 53, Өзбекстан – 58 сатыда екен. ТМД елдерінің, бұрынғы пост-кеңестік елдердің арасында Ресейден кейінгі екінші орындамыз.

Қазақстандық статистика

«Сoronavirus2020.kz» сайтының бүгінгі ақпараты: Қазақстанда індеттілер саны - 93 820 адам. Қайтыс болғандар - 1058 адам. Жазылып шыққандар - 65 132 адам.

Пневмония белгілері бойынша індеттілер - 5979 адам. Қайтыс болғандар - 51 адам.

Маминнің «жақсы» статисткасы 

Асқар Мамин: Барлық қолдау шараларын көрсету керек

Президент Тоқаевтың Үкіметке 2 апта уақыт белгілеп, қатаң тапсырма бергенін жоғарыда айттық. Шыны керек, осыдан кейін-ақ, Үкіметтен де, оның құрамындағы Денсаулық сақтау министрлігінен де тек жақсы жаңалықтарды еститін болдық. Қараңыз: Үкіметтегі құзырлылардың айтуынша, соңғы екі-үш аптада вирус жұқтырғандар саны жедел азайып, дәрі-дәрмек тапшылығы жойылған екен. Тіпті, жедел-жәрдем қызметіне жүгінетіндердің де саны едәуір азайыпты. Мәселен, Үкімет басшысы Асқар Мамин коронавирустық инфекция тіркелген жағдайлардың тәуліктегі өсім деңгейі 1,2 пайыздан аспайтынын айтады. Сондай-ақ, ауруханаларда да бос орындар көбейген.

Цой: Жағдай жақсарып келеді!

Алексей Цой стал главным в правительстве на время пандемии

Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алесей Цой елдегі коронавирус жағдайы тұрақталып келе жатқанын айтады. Цойдың мәліметінше, республикада коронавирус инфекциясының тіркелу жағдайлары 18 пайызға төмендеген.

«3 тамызда 93 820 науқас тіркеліп, оның 27 597-сі ем алып жатыр. 55 132 адам емделіп шығып, 1 091 адам қайтыс болды. Толықтай алғанда, республика бойынша өткен аптамен салыстырғанда тіркелген жағдайлардың 18 пайызға төмендегені байқалады.

4 апталық карантин кезінде мынадай нәтижеге қол жеткізілді: төсек-орындар 56 пайызға босады. Оның ішінде реанимациялық төсек-орындар 36 пайызға қысқарды. Жазылып шыққандар саны 69,4 пайызға жетті. Жедел жәрдем шақыру, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақыртулар 40 пайызға азайды»,- деді ол.

Сонымен қатар ол вирустың репродуктивтік көрсеткіші 24 пайызға, яғни, 1,2-ден 0,89-ға дейін төмендегенін айтады.

Статистка біріктірілген жоқ!

Естеріңізде болса, 17-шілде күні Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы пневмания мен коронавирус статистикасы біріктірілетінін мәлімдеген болатын. Алайда,  ресми мәлімет берілетін coronavirus2020.kz сайтында пневмониядан қайтыс болған адамдардың саны әлі де бөлек көрсетіледі. Мәселен, соңғы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар саны 93 820 болса, пневманиямен тіркелген науқастар саны 5979 адам болыпты. Егер, статистика шын мәнінде біріккен болса, елімізде аталған індетті жұқтырғандар саны 99 799 адам болуы керек еді. Ал, бұл көрсеткішпен біз әлемдік көрсеткіште Египеттің алдына түсіп кетер едік. Демек, министрліктің бұл жасағаны - статистика біріктіру емес, жай ғана пневманияның дерегін коронавируспен қатар жариялау ғана!

Тоқаев: Індет әлі өршіп тұр!

Из-за несоблюдения карантинных мер увеличивается количество ...

Күні кеше ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында елде вирустың қаупі сейілмегенін жазды.

«Пандемия бүкіл әлемде өршіп тұр. Ол Қазақстанды да айналып өтпеді. Ауру біздің қатарымыздан жүздеген азаматтарды алып кетті. Олардың ішінде жұмысшылар мен зейнеткерлер, қарттар мен жастар, танымал және қарапайым адамдар бар.

Денсаулық сақтау министрлігі мен барлық медициналық мекемелердің басты міндеті – өлім-жітім деңгейін ең төменгі шекке дейін түсіру. Үкімет азаматтардың карантин режимін сақтау жөніндегі шараларды күшейтуге міндетті. Онсыз пандемияға қарсы күресте жеңіске жету мүмкін емес»,- деп жазды.

Түйін. Президент Тоқаев: «Қауіптің беті қайтқан жоқ», - дейді. Министр Цой мен премьер Мамин: «Жағдай жақсарып келеді», - дейді. Осылайша, кезекті рет Ақорда мен Үкіметтің сөздері түйіспей шықты. Үкіметтің статисткасы елдегі эпидахуалдың жақсарып келе жатқанын, індеттің беті қайта бастағанын айтады. «Жақсы сөз жарым ырыс» деген, тегі солай болсын да! Тек айтпағымыз, әлем елдерін әбігерге салған індет Қазақстан Үкіметінің айтқанымен жүріп, айдауына көне қоймас... Күн сайын есеп қылып, түзіліп жатқан статистика, Ақорда жақтағы ақ креслоның қамы үшін емес, шын болсын дейміз. Мұны Президент те меңзеп, айтып отыр.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364