Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3166 0 пікір 6 Желтоқсан, 2011 сағат 22:05

Ардақ Нұрғазыұлы. Евтушенконың естелігі

Ақын және сайқымазақ

 

Ақын және сайқымазақ

 

Көбік сөз көбейген жерде, шын сөздің өзі арзан дүние сияқты қадірсізденіп кетеді. Айталық, «ақын» деген сөзге келейікші. Қазір осы сөздің мағынасын  дәл тауып айту - қиынның қиынына айналды. Бірақ, ұмытшақ болып кетпесек, мұндай жағдай бұрын да болған. Расын айтсам, өз басым бір кезде Е.Евтушенкоға «ақын» деген атты қимайтынмын. Оны «Нитрон бомба және ана» сияқты шығарма жазғанына қарамастан, мықтағанда кеңестік билікпен «ымы-жымы бір», «өлең жазып жүрген сайқымазақ» деп түсінетінмін. Сайқымазақ демекші, 1973 жылы АҚШ-та «XX ғасырдың ақындары» деген тақырыппен өлең жинақ шыққан. Сонда кітап құрастырушылар «Ғасырымыздың 4 ұлы ақыны» деп ағылшын тілінде жазған Т.С.Элиот, У.Йейтс, У.Стивенсондардың қатарына орыс жұртынан таңдап А.Ахматованы қосыпты. Кітапта әйгілі әйел ақынның «Жан Азасы» шығармасымен қатар, «А.Ахматовалардан кейін, Ресейде ақындар қатігез билеушілердің алдында сайқымазақтың рөлін ойнап кетті» деген сөздер де кездеседі. Бұнымен қоймай, 1989 жылы АҚШ-тың Өнер академиясы Е.Евтушенкоға «Құрметті академик» атағын бермек болады. Сонда орыстың Ж.Бродский деген тағы бір ақыны «Кеңес билігінің көңілін көтеретін, жұрттың көзін алдайтын сайқымазақ болған ондай жазғыштарға орын берілген жерде мен қала алмаймын» деп, кезінде өзіне берілген академик атағынан бас тартқаны бар. Дегенмен, мұның бәрі де мәселені шешпесе керек, бастысы маған Е.Евтушенконың төрдегі жалғыз адам бар даусымен сөйлейтін, төменде миллиондаған қарапайым жұрт үнсіз бас шұлғитын қоғамда, биліктің «тіл мен жағына» айналып, айқайлап өлең оқитын болмысы ұнаған жоқ. Ондай пысықтардың дүниесін оқуға уақыт шығарудың өзі артық. Таяуда сол Е.Евтушенконың өзінің өмірбаяндық естелігін оқыдым. 60-жылдардың басында жазылған естелік алдымен батыс елдерінде жарыққа шығып, біраз жұртты шулатқан екен. Орыстар бұл еңбекті 1989 жылы ғана оқи алыпты. Мені қызықтарғаны - өмір бойы ояна алмай кеткен пақырларға қарағанда, Е.Евтушенко өзінің сайқымазақ екенін ертерек түсініпті.

Ақын және әмірші

Ресейді соқа ұстаған кезінде қолына алып, ядролық қаруы бар ірі ел етіп бір-ақ шығарды делінетін Сталиннің өзі де соқа сияқты өмір сүрген. Құйқасы қалың орыс орманын аяусыз жыртқан бұл соқаның алдында орыстың ақын-жазушылары ары мен намысы, азаматтығына қарай екіге жарылып отырыпты. Қатігез әміршілер билеген өзге елдердегі сияқты Ресейде де атам заманнан бері биліктің шашбауын көтергеннен гөрі, халыққа жақын өмір сүретін ақындардың тағдыры ауыр болған.  Пушкин де, Лермонтов та беймезгіл шақта өте жас өмірден өткен. Екі ақынның өліміне де биліктің араласқаны белгілі. Ақындарына қырғидай тиетін дәстүрі бар елді «балшабектер» билеген тұста, қастандықтар бұрынғыға қарағанда бүркемесіз-ақ, ашық жасала беретін болды. Атылып-шабылып кету жәй нәрсеге айналып, жазалау лагерлеріне айдау ешкімді таңқалдырмайтын заман келеді. Айтқанына көніп, айдағанына жүрмегендерді қатігез әмірші темір табанымен мыжып тастап отырған. Ал енді біреулер заманнан ығып, жансауғалап, жалтарып көрген. Олардың дені билеушінің таяғының ұшымен қозғалған сайқымазақтан ары аса алмаған.

1938 жылы жаза лагерінде өлген О.Мандельштамды солардың бір өкілі ретінде атауға әбден болады. «Поэзия деген мәдениетті сезіну» деп жар салған ақынға мәдениеттен жұрдай қоғам өмір сүру құқығын да қимайды. Соқаның енді бір жағынан Маяковскеийді кезіктіресің. «Жырларым! Өлуіңе болады, қатардағы солдат сияқты...» деп жазған ақын ақырында, өзі де солдат сияқты атылып өлген. Естелігінде Е.Евтушенко өзін осы кезеңнің соңғы тұяғы ретінде көрсетеді. Әміршіге бас ұра табынып, одан біртіндеп танып, соңында қатігездіктен жеру барысын жазған. Бұны көрегендік деуге де болатын шығар. Біраз адамдар Кеңес Одағының түбінде бір су түбіне кететінін сол кезде сезген ғой.

«Әр рет халық иін тірескен алаңда күн көсемнің нұр дидарын көргенде, Сталин тура маған қарап күліп тұрғандай сезінетінмін», «Әдемі сақалымен жымиған жүзі сондай мейірімді еді», - деп жазған Е.Евтушенконың алғашқы өлеңінің жарық көруі де әміршімен қатысты болыпты. Жазған өлеңін көтеріп, бозбала жігіт редакцияның біріне барады. Ондағылар «Жас жігіт, мына өлеңіңнің қатарында көсемді мақтаған бір шумақ жоқ қой?» - дейді. «Енді қайтем?» - деп, аңтарылып қалады жас ақын. Сонда редакторлардың бірі «Жә, жүре бер, өзіміз бірдеңе қылармыз!» - дейді. Ертеңінде газетте Е.Евтушенконың бір топ өлеңі жарқ ете қалады. Басын жас ақынның көсемді ағыл-тегіл жырлаған айғай өлеңі бастап тұрады.

Е.Евтушенконың алғашқы жинағы 1952 жылы жарық көріпті. Кітабы шыққан соң жұрт аңысын аңдап, жас ақын баспалап кітап дүкендерін торуылдай бастайды. Бұл туралы «Дүкенде қанша уақыт тұрсам да, кітабымды сатып алған адам болмады, бір жұмысшы бетін ашып көрді де, қайта орнына қойып, сатушыға «Мынау өлең емес, даңғара екен!» - деді. Соны естігенде бетімнен отым шықты», - деп жазады ақын. Осы жылт еткен ұят жас жігітке ой салады. Айнала соғыс тақсыретін тартып арып-ашқан жұрт, көңілсіз көзжанар, қанша жерден жеңістің дәмін татты дегенмен еңсесі көтерілмей қалған халықтың бәсең келбеті жас ақынға енді басқаша көріне бастайды. Ақыры «Оларға біздің лепіріп ұйқастырған өлеңіміздің қажеті жоқ екен» дегенге келеді. Оның орнына жұрттың сүргінге кеткен ақын Н.Кержакиннің «Москва, бітеу қара түн, қатігез әрі озбыр біреу орнында отыр, сүркейлі сұмдықпен бірге тыныстайды, бірақ, ол Пастернактың жырларын түсіне алмайды» деген өлеңін сүйіп оқитынын аңғарады.

Ақын және азаматтық

Әдебиет пен ар сынға түскенде орыстар үнемі Некрасовтың «Ақын болу - өз ісің, азамат болу - парызың» деген аталы сөзін ауызға алады. Айтарға болмаса, дәл біздің бүгінгідей көп нәрсе құнсызданып, ақындар не үшін өлең жазып жүргенін түсінбей қалған шақта, «ақын» атану оңай да, азамат болу қиын шаруаға айналып отыр. Қазіргі ақындарымыз өлеңнің жайынан гөрі, ақшаның жайын көбірек ойлайды. Өлең жазуды - жарысып ақша табудың бір жолы сияқты сезінеді. Сол жолда, тіпті үлкен-кіші демей бет жыртысып бәсекеге түсуге бар. Ал бірақ, тарихтан өлең жазып, миллионер атанған біреуді көргеніміз жоқ. «Өлеңмен ғана өмір сүріпті» деген ақынды да кезіктірген емеспіз. Осылай өлең мен ақшаның қатынасын шатастырғанымыз соншалық, өлеңге ақшаның қажеті жоқ, оны жазған ақынға ғана ақша қажет екенін айыра алмай қалдық. Құлқынымыз үшін ақшаны қажет етпейтін өнердің өзін ақшаның құлына айналдырып жібергенімізді сезбейміз. Әсілінде, поэзия - үлкен жауапкершіліктен тұратын биік рух. Өлеңің керемет болуы мүмкін, бірақ, сол керемет поэзияның артында үлкен рухты адам тұруы - аса маңызды. Егер өлеңді жазған автор сол өлеңге сай өмір сүре алмаса, ол өлең мықтағанда өлеңге жүйрік біреудің сөз ойыны ғана болып шығады. Көп жағдайда жетістікке жеткен ақындардың денінде өлеңі мен өмірі қатар өрілген. Қазір осы түйін бізде мүлде ескерілмейтін болды десек, артық емес. Бүгінде ақындық кәсіпке айналып кетті де, өзінің жоғарыдағы түпкі болмысындағы үлкен жауапкершілік сезімін жоғалтып алды. Ақындық туралы таным құлдырағаннан кейін, өлеңнің өз деңгейіне жете алмайтыны да анық нәрсе. Поэзияны сыйламаған, оны ақшаның құлына айналдырған ақынның өлеңін кім сыйлайды, неге сыйлауға тиіс?! Ақынның бойындағы жауапкершілік сезім туралы Е.Евтушенко естелігінде қарапайым, бірақ өте әсерлі бір әсерін сөз етеді. Бір жолы Б.Пастернактың үйінің шатырын жөндеп берген бір жұмысшы таң атар-атпастан келіп ақынның есігін қағады. Ақынмен жүздескен әлгі адам қойынынан бір шөлмек арақ пен қағазға ораулы шұжық шығарып, «Мен былтыр сіздің үйіңіздің шатырын жөндеп беріп едім. Ол кезде сіздің кім екеніңізді білмеппін. Жұрттан енді естідім. Сіз - ақиқаттың жаршысы екенсіз. Сізбен бірер ауыз тілдесу үшін келіп тұрмын. Бізді жарыққа бастай бергейсіз», - дейді әлгі адам. Б.Пастернактың «Ақын деген желде тербелген мәуелі ағаш сияқты, одан алуан түрлі әуен шығуы мүмкін. Бірақ, ақын қол бастамайды» деген сөзі бар. Соған қарамастан, халықтың ақынды өзіне қандай демеу көретінін жоғарыдағы көріністен анық байқай аламыз. «Күміс дәуір» кезеңінің поэзиясында жаныңның тереңіне бойлайтын өзгеше бір әуенге кезіге бересің. Жеке тұлға мен халықтың арасын жалғаған осы әуен маған зұлмат заманның адам баласына салған өшпес жараның үні болып елестейді. Заман азса, ең бір таза деген құндылықтардың да лас қоқсықтардың тасасында қала беретіні, тіпті сол лас дүниелермен бірге аяққа тапталып кететіні өкінішті, әрине. И.Эденбургтің  XIX ғасырдағы ұлы мұхитқа құлаш ұрған орыс әдебиеті туралы мақтанышпен айта келіп, «Біз (XX ғасырда) соңымызға не қалдыра алдық? Қалдырғанымыз - тек қорлауда өткен өмір жолымыз!» дегенді ашына айтатыны да сондықтан болар.

Өнер және өмір

Естелікте Е.Евтушенко 12 жасында анасымен бірге Қызыл алаңда 250 мың неміс тұтқынын көрген сәті туралы жазады. Арып-ашқан, шаршап-шалдыққан, жүдеп-жадаған, киімденрі алба-жұлба адамдарды көріп тұрғанда, халық та «Өшіккен жұрт тұтқындарға қару көтеретіндер шығып қалар ма екен?!» деп қауіптенеді (Кеңес Одағы жасаған бір кинода тұтқындарға бір әйел өшіге шабуыл жасайтын көрініс бар). «Сол кезде «Жұрт арасынан бір әйел шығып, қорғаушы әскерлерге  «Мені өткізіп жібер» деді, анау оған жол береді. Әйел азып-тозып кетіп бара жатқан неміс тұтқынының біреуіне көтерген дорбасынан бір жапырақ қара нан алып береді. Содан кейін тұрған өзге жұрт та бірден, екіден суырылып шығып тұтқындарға нан, темекі, сол сияқты дүниелерді ұстатып жатты. Бұл кезде олар жау емес, адам еді», - деп жазады Е.Евтушенко. Кино мен өмірдегі көрініс - екі түрлі. Кейде өнер деп жүргенің өмірде орын алған құндылықтардың қолына су құйып та бере алмай қалады. Себебі, тасадағы құндылығынан айрылған өнер - өнер болып жарытпайды. Ол - тек құбылыс қана. Әсілінде, әлгі неміс тұтқынына бірінші болып нан ұстатқан әйелді ақын деу керек. Жаудың тақсіретін бір кісідей тартқан, жауыздықтың не екенін кімнен болса да артық білетін, соған қарамастан, жауын кешіріп, оны өмірге сүйреп, адамдыққа алып келген жан дүние өнерге айналса, одан құдыретті шығарма болмайды. Меніңше, Е.Евтушенко жоғары әуенге толы өлеңімен емес, жоғарыдағы үнсіздікке толы көріністі ерекше есіне сақтап қалғанымен, ақындыққа біртабан жақын барғандай сезіледі.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5398