Құбаш Сағидоллаұлы. Жақсыбеков қорғанысқа жақсылық әкелсе игі…
Сәрсенбі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР қорғаныс министрі қызметіне Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Әділбек Жақсыбеков тағайындалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарулы Күштер командалық құрамына жаңа қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековті таныстыра отырып, оның осы жұмыс учаскесіне қажетті адам болып табылатынын, үлкен ұйымдастырушылық және саяси жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Қорғаныс министрлігі басшылығы мен Қарулы Күштердің командалық құрамы алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткеніндей, мемлекет Қарулы Күштерге әрдайым айрықша назар аударып келеді. Тек 2009 жылы қорғаныс ведомствосының қажеттіліктері үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінді, 3 мыңнан астам әскери қызметші жаңа пәтер алды. Соңғы 10 жылда Қорғаныс министрлігінің 43 офицеріне генерал шені берілді, төрт әскери қызметкер Халық Қаһарманы атағына ие болды. Қарулы Күштер Бас қолбасшысы Қорғаныс министрлігі басшылығы мен командалық құрамның алдына бірқатар нақты міндеттер қойды.
Қазақстан Президенті оның өзіне тапсырылған істі атқара алатынына сенім білдірді және жаңа қорғаныс министріне жүктелген міндеттерді орындауда табыстар тіледі.
Бұл жолы кеткен министр Даниал Ахметовке, жақсы-жаман атқарсын, әдеттегідей бірауыз жылы сөз айтылмағанға ұқсайды. Экс-елші Әділбек Жақсыбеков қиюы қашқан Қорғаныс министрлігіне «өрт сөндіруші» миссиясын атқаруға келген сықылды. Индустрия және сауда министрлігін, Астана қаласын, Президент Әкімшілігін басқарған, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Әділбек Жақсыбеков ауыр салмақтағы саясаткерлердің бірінен саналады. Оның елге қайта оралуы саяси күштердің арасалмағын өзгеріске ұшыратуы мүмкін. Еліміздің жетінші қорғаныс министрі де – бұл салаға басшылыққа келген екінші азаматтық тұлға. Әлемдегі әскери бюджеті орасан зор алпауыт елдердің қорғаныс министрлерін азаматтық тұлғалардан тағайындау кейінгі кездері үрдіске айналған. Мәселен, Ресейдің қазіргі қорғаныс министрі Анатолий Сердюковтың әу бастағы мамандығы – экономист және заңгер. Сауда мен салық саласында жұмыс істеп ысылған Анатолий Сердюков қорғаныс ведомствосының ұшар басына көтерілді. Ал АҚШ-тың қорғаныс министрі Роберт Гейтстің өзі өнер мамандығын бакалавр дәрежесінде бітірген екен. Бұған дейін АҚШ-тың бұрынғы бас барлаушысы қызметін атқарған. Азаматтық қорғаныс министрлеріне басымдық берудің астары жоқ емес. Шамасы, бұл елдер тарихтағы әскери генералдардың қауіпті құпия келісімдерінен сабақ алған болса керек.
Сарапшылар пікірі:
Сейдахмет Құттықадам, саясаттанушы:
– Кезінде шаруаны дөңгелетеді деп мақталған Даниал Ахметов аяқастынан алынып тасталды. Менің естуімше, ол бір жаққа елшілікке кететін көрінеді. Талай ірі қызметтің басын шалған Әділбек Жақсыбеков бұл қызметке уақытша келгенге ұқсайды. Қорғаныс министрлігі ол үшін – өтпелі қызмет, біраз уақыт өткен соң басқа жаққа ауысып кетеді. Финляндия, Швеция сияқты елдерде қорғаныс министрліктерін азаматтық тұлғалар басқарып жүр. Бірақ жағдай басқаша. Азаматтық тұлғалар қорғаныс саласын бақылаушы рөлін атқарады. Бізде Қорғаныс ведомствосына келетін басшы соғыс стратегиясын жете меңгерген кәсіби азамат болуы керек. Бұл жағынан жаңа министрдің тәжірибесі жоққа тән.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Әділбек Жақсыбеков бұған дейін табысты кәсіпкер, шебер ұйымдастырушы ретінде жақсы қырынан көрініп келді. Бұл жағынан оның біліктілігіне сенім артуға болар. Қорғаныс сынды стратегиялық саланы кәсіби генералдар басқарса, жаман болмас еді. Құдайға шүкір, елде генералдар баршылық. Басшы кадрлардың жиі-жиі ауысуы жақсы құбылыс емес. Өркениетті елдердегідей кадр тұрақтылығы қажет. Біз ЖІӨ-нің бір пайызын ғана қорғанысқа жұмсаймыз. Бұл өте аз. Мәселен, іргедегі Өзбекстан – қиындыққа қарамастан, ЖІӨ-нің 5 пайызын, Қытай 7 пайызын қорғанысқа жұмсайды. Мемлекеттің тұғыры – әскер, сарбаздың мәртебесін қайтару керек. Мемлекет аш отырса да, қорғаныстан барын аямағаны жөн.
Қысқаша ақпарат:
Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков 1954 жылғы шілденің 26-сында Қостанай облысы Қарабалық ауданының Бөрлі ауылында туған. 1977 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының экономика факультетін бітірген, 1987 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтында «материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша қайта даярлықтан өтті. Экономика ғылымының кандидаты.
Әр жылдары Парламент Сенатының депутаты, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары, Астана қаласының әкімі, индустрия және сауда министрі, Президент Әкімшілігінің басшысы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары – ҚР Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.
Қазақстан футбол федерациясының президенті.
Құбаш Сағидоллаұлы
«Алаш айнасы» газеті 26 маусым 2009 жыл