Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Абай мұрасы 4038 0 пікір 7 Тамыз, 2020 сағат 13:56

«Ойнақтап толқып, жел гулеп»

(Лермонтовтың «Желкен» өлеңін аударудағы Абайдың аудармашылық шешімі)

Абай аудармаларының басым бөлігі – М.Ю.Лермонтов поэзиясынан. Өзіне жаны жақын, мұраттас, дүниетанымдары да ортақ ақын Лермонтовты қызыға, сүйсіне, беріле оқыған. Сонан соң, көңіліне аса ұнағанын әрі оқырманға керек-ау дегендерін сұрыптап, саралап аударып шыққан. М.Ю.Лермонтов поэзиясын айтқанда, мектепте орыс әдебиеті пәнінен жаттаған «Парус» өлеңі еске түседі.

Белеет парус одинокой,

В тумане моря голубом!..

Что ищет он в стране далекой?

Что кинул он в краю родном…

Абай желкенді «жалау» деп алған. Бірінші шумақты салыстыра талдайық.

Жалғыз жалау жалтылдап,

Тұманды теңіз өрінде.

Жат жерде жүр не тыңдап?

Несі бар туған жерінде?

Лермонтов лирикасында ақ желкен алыстан, тұман арасынан ағараңдап, әзер көрінеді. Тулаған толқыны буырқана соққан асау теңіздің өр мінезі көз алдыға келеді. Ақын оған бізді жақындата түседі. Бір сәт ақ желкенді қайықта жүзіп бара жатқандай күй кешесіз. Ақын осынау әдемі көріністі көзге елестетіп қана қоймай, соған қатысып жүргендей сезімге бөлейді. Уақыт пен кеңістікті теңіз табиғатымен астастыра көркемдікпен бейнелеп, оқырманды қызықтыра тартады. Тұманды көгілдір теңізде ағараңдап, анда-санда бір көрінген жалғыз желкен көзге елестейді. Теңіз көрмеген балалар оны сол кездегі суреттерден, кинолардан елестете еске түсіргенбіз.

Келесі жолдарда романтикалық кейіпкер туған елінен ештене таппағандай әлдене іздеуге шыққанын анықтауға талпынады. Абай оны бернелеп бейнелеген. Жалаумен ұтымды алмастырған. Теңіздің көк түсін айтпаған. Өйткені ақын теңіздің қалыпты күйде болмайтынын, бірде тыншып, тыныш болса, бірде буырқанып алай-дүлей дауылды, жауынды бұлт құрсаған шақтарын есіне салады. Тұманды теңіз төрінде жалтылдаған жалғыз жалау жанарыңызда тұрып қалады. Аудармашы әлгі жалаудың жат жерде жүргеніне, өзінің туған жерінде жалтылдап тұрмағанына қапаланады, қамығады. Тіпті Абай аудармасы Отан, атамекен қадірін айырықша сезінтеді. Жат жер қанша жарылқағанмен, туған Отаннан, атамекеннен аса алсын ба?! Туған жер қашан да қасиетті.

Лермонтовтағы соңғы екі жолды зерттеушілер ұйқастық қайталауға жатқызады. Ұйқастық қайталау өлеңнің аралас ұйқасында не бірыңғай синтаксистік, не лексикалық құрамнан тұрады. Абай мүмкіндігінше оны сақтауға тырысқан. Демек, ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігін, бейнелеу  тәсілдерін бұзбай, қалпында бере білген. Келесі шумақ:

Играют волны – ветер  свищет,

И мачта гнется и скрыпит….

Увы! Он счастия не ищет.

И не от счастия бежит.

Абай аудармасы:

Ойнақтап толқын, жел гулеп,

Майысар діңгек сықырлап.

Ол жүрген жоқ бақ іздеп,

Қашпайды бақтан бойды ұрлап.

Абайдың аудармашылық шеберлігі керемет. Шумақ ұйқасы да ойы да шымыр. Тәржімесі түпнұсқамен теңдес. Аударма тілінде ой да, мағына да тіл көркемдігі де, суреттеу шеберлігінде өзара үйлесіп, үндесуін балама десек, сол баламаның жарқын үлгісі. Лермонтов желкенін жел керген кеменің мачтасын, діңгегін алса, Абай оны тіршілік діңгегіне теліген. Лермонтовта асау теңіздің толқын ойнап, толқып, буырқанған сәті суреттелген. Абай да солай. Лермонтов та жел ызылдап, уілдеп, ысқыра соғып тұрса, Абай гуілдеп деп бір ғана сөзбен бере қойған. Теңіз саяхаты туралы кино көрсеңіз, қатты дауыл кезінде кемені ары-бері шайқалтып теңселтіп, мачта-діңгекті сықырлатып, түбірімен қопарардай, кемені аунатып тастардай көрінеді.

Абай заманында теңіз өмірімен, табиғатымен халқымыз аса таныс болмаған. Айдынды көлде, теңіз жағалауында тіршілік ететін жұрт буырқанған боранды, жауынды-шашынды, дауылды күндердің  қатер-қаупін білгенімен, жалпы жұртқа беймәлім дүние. Кеменің діңгегін сықырлатып, майыстырып тіпті морт сындырып оны жаңқадай алып кететін дауылды суреттеу қандай шеберлік болса, аударылуы да сондай шеберлік. Абайда бұл бейнелеу бар. Келесі екі жол тұтастай сақталған. Лермонтовтағы «Увы!» – «Әттең» деген өкініш Абайда жоқ демесеңіз, ой-мағына ақын шумағымен сәйкес әрі дәл шыққан. Романтикалық кейіпкер бақ іздеп жүрмесе де, кездейсоқ бақ басына келіп қонса, одан қашпайды қайта соны сақтауға құлшынады. Лермонтовтағы үміт пен жігер Абай аудармасында қалыпқа құйылған құймадай қайталанған. Аудармашылық асқан талант деген осы шығар!

«Желкеннің» соңғы шумағы:

Под ним струя светлей лазури,

Над ним луч солнца золотой…

А он, мятежный, просит бури,

Как будто в бурях есть покой!

Абай тәржімесі:

Астында дария – көк  майдан,

Үстінде сәуле – алтын  күн.

Қарашы, ол бүлік, құдайдан,

Сұрайды дауыл күні-түн.

Лермонтовта желкенді қайық жүзген теңіз астында жарқыраған көкшіл ағын бейнеленген, Абай теңіз деп алмағанымен, асты көк майдан яки, түп-тереңіне бойлау қиын, алып дария ұғымында сипаттаған. Майдан – алаң. Яғни, екі шеті көрінбейтін кең арнадағы көк дарияның тынық, тұнық ағыны ойға оралады. Лермонтов шумағында жарқыраған көкшіл теңіз үстінде алтын күн сәулесін төксе, Абай оны айнытпай қайталаған. Үстінде сәуле бейнелеген алтын күн жарқырап тұр. Лермонтовта ол дауылдан бүліншілік, алай-дүлей мінез күтсе, Абай да бұл ой нақты берілген. Яғни, дауыл сұрайтыны, тілейтіні Лермонтовтағы ой айтылса да, Абай оның жаратқаннан күні-түні сұрауын, тілеуін, көңіл қалауын жеткізген. Орысшасында сол дауыл соға қалса ақын  жаны жай тауып, бір жеңілдеп қаларына, бақытына жетуге үміттенсе, Абай Тәңірден рахым күтіп, сеніммен аяқтайды. Романтик ақынның бұл халқына азаттық  аңсаған асыл арманының поэзия тілімен тұспалды берілген жыры. Көреген Абай ақын ойын терең ұғынып, мақсатын аудармада сәтті үндестірген.

Зерттеушілер мұны пейзаждық-символикалық лирика үлгісі деп санайды. Онда түңілу, торығу, жалғыздық сезімі қатер реакциясынан кейінгі жағдайда бостандыққа ұмтылу жырланады деген ұйғарымда.Ақын патша өкіметіне қарсы шыққан бүлікшілерді қолдайды.

Өлеңде «одинокой», «одинокий» – жалғыздық  сын есімі маңызды рөл атқарады. Ол «символдық бейнені ашудың кілті» – деп зерттеушілер түсіндіргендей, Абай Лермонтов өлеңінің  мағынасының түп негізін терең сезінген. Ақын ойының астарын айқын аңғаып, өз түсінігімен талдап, пайымдап, жырдың поэтикалық қуатын арттырып, айтар ойының мәнін ашқан. Егер де желкен патша үстемдігіне қарсы шыққан күрескерлердің үміті мен сенімінің жігерінің рәмізі (символы) болса, Абай оны қысым-қиянат көріп, азапталған миллиондаған адамдардың азаттық, бостандық күткен бернесі –жалау ұғымында ұтымды алған. Осыдан-ақ, Абайдың ақындық-аудармашылық алғырлығын, ойлау әлемінің кеңдігін, таным тереңдігін, сезімталдық, байқағыштық қабілет қуаттылығын пайымдай аласыз. Лермонтов ол «бүлікшіл» дауыл десе, Абай бүлікті алдыға шығарып, дауылды сабақтастырып бір Құдайдың ісі деген ойға келеді. Өршіл орыс ақынының көңіл тереңіндегі төңкеріс күткен астарлы ойын айқындап ашады.

Лермонтовтың «Парус» өлеңі тулаған теңізде желкені жел керген қайықты суреттегенімен, ақын ойы тым алысқа шарықтайды. «Белеет парус одинокий…» А.А.Бестужев-Марлинскийдің «Переяславский князі Андрей» атты 1828 жылы жазылған поэмасының бірінші тарауындағы 19-шы өлеңінде кездеседі екен. Тұманды теңізде ағараңдаған желкенді 1820-1830 жылдары салынған суретінен, акварельден алыпты. Әдемі салынған сурет ақын қиялын толқын тулаған теңізге тартқан. Қиялын самғатып, ғажайып лириканың жазылуына себепкер болған. Өлең 1832 жылы 2 қыркүйекте жазылған.

Өлең аударса, Абай аударсын! Өлеңнің бүкіл болмысына бойлап, ақынның жүрек соғысын, бүлкілдеген қан тамырын, тыныс-демін терең сезінеді, ой-тілегін жете аңғарып, кейде өз көзқарасымен қайта қарап, толықтырып жібереді. Лермонтов өлеңі мен Абайдың аудармасын салыстыра сараптаса, кәдімгі теңіз табиғаты елестейді. Алай-дүлей дауыл соғып буырқанған теңізде қалт-құлт етіп жүзіп жүрген ақ желкенді кішкене кеме ойда тұрады. Дүлей толқынмен арпалысып, арманды жағалауға асыққан өршіл үмітті, батыл ойлы, жігерлі, қайсар, рухты жас бейнесін көргендейсіз. Аман-есен жағалауға жетсе екен деген тәтті тілек толайым тілеуге тұнады. Ғажайып табиғат лирикасының сыршылдығы, сұлулығы да жаныңызды баурап алады. Осы әдемі табиғат лирикасын 1899 жылы Абай еркін аударған. «Парус» өлеңінің тәржімасы туралы: «Лермонтов осы бір ықшамды ғана лирикалық шығармасында қылқалам шеберінің қолынан шыққандай әдемі табиғат суреті мен сыршыл ақынның көңіл тебіренісі әсерлі ұштасқан, Абай Лермонтов өлеңінің мағынасын өзгертпей, өте дәл аударған» деп қортындылайды академик З.АхметовБіз де бұл зерделі пайымдауды құптаймыз. Лермонтовтың осынау сыршылдық пен жан толғанысы қабысқан жыры – поэзияның  өміршең үлгісі. Оқисыз, ойлайсыз, ұлы таланттардың ой-мақсат теңізінде бірге жүзесіз.

Әнуар Тарақов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, ф.ғ.д.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320